Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматын енгізу және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды формализациялау шаралары туралы баяндады.
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек көрсетіле бастады. Осы бағытта соңғы үш жылда әлеуметтік көмек түрін сапалы қамтамасыз ету бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылды. 2017 жылдың төртінші тоқсанында атаулы көмекке мұқтаж жандарды уақытылы анықтау және олармен әлеуметтік келісімшарттар жасау жұмыстары басталды.
«Бүгінгі таңда 105 мыңнан астам отбасы әлеуметтік келісімшартқа қол қойды. Олардың басым бөлігіне ақшалай көмек, сондай-ақ, жұмысқа орналасуларына жәрдем көрсетіледі», — деді Тамара Дүйсенова.
Жергілікті атқарушы органдардың кестесіне сәйкес, қаңтар айында шамамен 49 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады.
Мемлекет басшысы халыққа жыл сайынғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының аясында өз-өзін жұмыспен қамтыған адамдар мәселесі бойынша еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмысын сынға алды. Осыған орай, ҚР Үкіметінің өткен отырысында Бақытжан Сағынтаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды формализациялау барысы туралы баяндауды тапсырған болатын.
Осылайша, Үкімет отырысында Тамара Дүйсенова Қазақстанда жұмыспен қамтылғандардың төрттен бір бөлігін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар құрайтынын хабарлады.
«Еліміздегі өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық ауыспалы кезеңнің нәтижесі. 1991 жылдан бастап 2001 жылға дейінгі аралықта кәсіпорындардың жаппай жабылуы мен жұмыс орындарын қысқарту нәтижесінде өз бетінше жұмыспен қамтылғандар саны 327 мыңнан 2,8 млн адамға дейін өсті», — деді Тамара Дүйсенова.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар санының өсуі жұмыспен қамтудың бірқатар бағдарламаларын жүзеге асыру арқылы, сондай-ақ елдегі экономикалық жағдайдың жақсаруы нәтижесінде тоқтатылды.
Соңғы 7 жылда өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны жарты миллионға азайған, ал олардың экономикалық белсенді халық санындағы үлесі 31%-дан 26%-ға дейін өсті. Бірақ бұл, министрдің айтуынша, көлеңкелі экономика, бейресми жұмыспен қамту, табыстың жасырылуы және әлеуметтік қорғалмаумен тікелей байланысты өте жоғарғы көрсеткіш.
«Осы мәселелерді шешу үшін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге дайындық барысында өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты формализациялау жұмысы жүргізіліп, бүгінде жалғастырылып жатыр. 2017 жылы азаматтардың мәртебесін салыстырып тексеру жүргізілді, аула бойынша тексеріс іске асырылды және орталық мемлекеттік органдардың қатысуымен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың еңбек қатынастарын ресімдеу жұмыстары басталды», — деді министр Т. Дүйсенова.
Осылайша, бір жылдан аз уақыт ішінде бұған дейін мәртебесі болмаған 5,7 млн адамнан 3 млн-ға жуық адамның мәртебесі анықталып, ресми ресімделді. Қалған 2,7 млн адам:
1,2 млн — бейресми жұмыспен айналысатындар (МЗЖ жоқ, ЖК ретінде тіркелмеген), оларды заңдастыру үшін заңнамаға түзетулер енгізу қажет;
1,5 млн адам — өнімді жұмыспен айналысуға тартуға тиісті өздігінен нәтижесіз жұмыс істейтіндер мен жұмыссыздар.
Нәтижелерден көретініміз, басты міндет — жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 2,7 млн емес, тек 1,5 млн адамды қамту қажет.
Бүгінде облыс әкімдері өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды формализациялаудың өңірлік жол карталары мен оларға жұмысқа орналасуға жәрдемдесудің кешенді жоспарларын әзірлеп, бекітті. Биыл жұмыспен қамту әлеуетімен 743 мың жұмыс орны анықталды.
Қатысушылардың көпшілігі Өнімді жұмыспен қамту және аумақтарды дамыту бағдарламаларына тартылады. Олардың жартысынан көбі тұрақты жұмыс орындарына жіберіледі. Қалғандары — субсидияланатын жұмыс орындарына және талап етілетін мамандықтар бойынша оқытуға жіберіледі.
Еңбекпен қамту мониторингі нақты уақыт режимінде, жобалар жүзеге асырылып жатқан кез-келген елді мекенде Еңбекпен қамтудың электронды картасы арқылы жүргізіледі.
Тамара Дүйсенова экономиканың нақты секторында және қызмет көрсету саласында жаңа жұмыс орындарын ашу, сондай-ақ жұмыспен қамту секторын цифрландыру арқылы жұмыспен қамтудың өсуіне қол жеткізуге болатынын айтты. Осыған байланысты, министрлік табысы жылына 24 еселі ЕТЖ-дан төмен өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарды тіркеу тәртібін жеңілдетуді жоспарлап отыр. Көп арналы негізге Бірыңғай тіркеу жүйесін электронды форматта енгізу ұсынылады.
Бұдан өзге, жыл басынан бері барлық өңірлерге қосылған электронды еңбек биржасын толығымен пайдалану, Электронды еңбек келісімшарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесін енгізу, сондай-ақ жұмыспен қамтудың жеке агенттіктерін тарту арқылы еңбекпен қамту желісін кеңейту жоспарланып отыр.
Жаңа форматтағы АӘК енгізу және өңірлерде өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды ресімдеу саласындағы жағдай туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж. Түймебаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов, Алматы облысының әкімі А. Баталов баяндады.
Мәселені қарау қорытындысын шығара отырып, Премьер-Министр Елбасы Жолдауында өзін-өзі жұмыспен қамтыған халыққа қатысты айтылған сын-ескертпелер — барлығы үшін соңғы ескерту екенін атап өтті. Бақытжан Сағынтаев барлық ұсыныстарды кешенді түрде ай сайынғы негізде қарастыруды, сондай-ақ, 2018 жылы еңбек және халықты жұмыспен қамту саласын цифрландыру жұмыстарын аяқтауды тапсырды.