• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Қаңтар, 2018

Қазақстан және АҚШ: XXI ғасырдағы кеңейтілген стратегиялық әріптестік

1175 рет
көрсетілді

Президенттер Н.Назарбаев пен Д.Трамптың бірлескен мәлімдемесі

Президент Дональд Трамп АҚШ пен Қазақстан арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті талқылау үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Ақ үйде қабылдады. Президент Н.Назар­баев Президент Д.Трампқа қонақ­жай­лылығы үшін алғысын білдірді және оны келешекте Қазақ­станға сапар­мен келуге шақырды. Екі көш­басшы Қазақстанның тәуелсізді­гін, аумақтық тұтастығын және егемен­дігін, сондай-ақ жаһандық бейбітшілік пен өркендеу ісін ілгерілетудегі рөлін құптады.

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алған кезден бастап Қазақстан мен Құрама Штаттар арасындағы қарым-қатынастардың даму қарқынын мойындай отырып, көшбасшылар саясат пен қауіпсіздік, сауда мен инвестициялар жөніндегі ынтымақтастықты, сондай-ақ екі ел халықтары арасындағы байланыстарды Кеңейтілген стратегиялық әріптестік комиссиясы аясында жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулер өткізу арқылы нығайтуға шешім қабылдады. Екі мемлекеттің басшылары «C5+1» диалогы сияқты өңірлік ынтымақтастық форматтарын пайдалану арқылы Орталық Азиядағы ортақ сын-қатерлерге төтеп беруге дайын екендіктері туралы мәлімдеді. Сондай-ақ болашақта Ауғанстанның «C5+1» жобаларына қатысуын да құптады. Олар Ауғанстандағы шиеленісті бейбіт жолмен реттеуге және өңірдің саяси және экономикалық байланыстарының одан әрі дамуына ықпал ететін бастамаларды ілгерілетуге қол жеткіземіз деп шешті. Екі ел көшбасшылары заң үстемдігі мен адам құқықтарын сақтай отырып, зорлық-зомбылық экстремизмі мен халықаралық терроризмге қарсы тұру үшін ынтымақтастықты тереңдетуге әзір екендіктерін білдірді.

Халықаралық көшбасшылық мұрасы

Президент Д.Трамп БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сі­нің 2017-2018 жылдарға сайланған мүшесі ретіндегі Қазақстанның жаһандық көшбас­шылы­ғын атап өтті. Ол 1992 жылы ядролық арсеналынан өз еркімен бас тарт­қаннан бастап, таратпау ісіне күш салып келе жатқан халық­аралық көшбасшы ретіндегі Қазақ­стан­ның мұрасын және ядролық қауіп­сіздік жөніндегі қазіргі міндетте­мелерін күшейтуін, сондай-ақ хи­миялық қарудың таратылуы мен қол­да­нылуына жол бермеу шараларын күшейтуді жуырда қолдағанын жоғары бағалады. Екі көшбасшы Корей Халық Демократиялық Респуб­ли­касының ядролық және зымырандық бағдарламаларын қоса алғанда, жап­пай қырып-жоятын қарудың заңсыз таралуын айыптады. Екі ел Прези­дент­тері ядролық байыту технология­ларының таралу қаупін азайтуға бағытталған МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкінің таяуда Қазақстанда ашылуын құптады. 

Өңірлік қауіпсіздік

Президент Д.Трамп Ауғанстанға тұрақты логистикалық жәрдем беру мен жол ашу, сондай-ақ гума­ни­тар­лық көмекті күшейтуге үлес қосу арқы­лы АҚШ-тың Оңтүстік Азия жөнін­дегі стратегиясын қолдауға Қазақ­станның берік бейілдігі үшін Пре­зидент Назарбаевқа ризашылы­ғын білдірді. Екі көшбасшы ауған­дардың өз басшылығымен және күш-жігерімен жүретін бейбіт процесс қана Ауғанстанға тұрақтылық пен қа­уіпсіздік әкелетінін растады. Пре­зидент Д.Трамп ауған қауіпсіз­дік күштерін қолдауға арналған Қазақстанның бұған дейінгі қар­жылық жарналарын атап өтті. Президент Назарбаев ауыртпалық­тың әділ бөлінуін мақұлдай отырып, Ауғанстанның қауіпсіздік проб­лемасын шешуге қосымша қол­дау көрсетуге әзір екенін тағы да растады. Ол сондай-ақ Ауған­стан әйелдерінің жағдайын жақсар­туға ерекше назар аудара отырып, АҚШ-пен ынтымақтастық аясын­да азаматтық және құқық қорғау мамандықтары бойынша Қазақ­станда ауғандықтарды даярлау бағдар­ламасын кеңейтуді ұсынды. Екі көш­басшы Ауғанстанның көлік инфра­құ­рылымын дамыту жөніндегі жоба­ларға Қазақстанның қатысуын құпта­ды. Сирияға қатысты, тараптар зорлық-зомбылық шиеленісінің оң шешім табуына қол жеткізуге және БҰҰ қол­дауымен Женева бейбіт процесі ая­сында қақтығысты саяси жол­мен реттеу негізін нығайтуға бағыттал­ған дипломатиялық бастамаларды құптады.

Қорғаныс және қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастық

Екі мемлекеттің көшбас­шылары өңірлік қауіпсіздікті қолдау үшін ынтымақтастық, өзара ықпалдастық, қол жет­кізу және логистикалық маршрут­тарды кеңейтуге арналған бір­қатар келісімдер жасасуға ниет білдіре отырып, қорға­ныс және қауіпсіздік салаларын­дағы екіжақты қарым-қаты­нас­тарды тереңдетуге дайын екен­діктерін мәлімдеді. Екі көш­басшы Қазақстан Республи­касы Қорғаныс министрлігі мен АҚШ Қорғаныс министр­лігі арасындағы әскери ынты­мақ­тас­тықтың төртінші бесжылдық жоспарына қол қойылғанын атап өтті. Президенттер интер­нет арқылы жасалатын элек­трондық коммерция және қыл­мыс қаупіне қарсы жаһандық ынтымақтастыққа негіз болатын Киберқылмыстар тура­лы конвенцияға қосылу­ға Қазақстанның қызығушы­лығын зерделеуге дайын екен­дік­терін айтты. Мұндай көпжақ­ты форматтарға қатысу ха­лық­аралық терроризм мен зорлық-зомбылық экстремизміне қар­сы күресу үшін құқық қор­ғау органдары арасындағы ынты­мақтастық пен ақпарат алмасуды нығайтатын болады.

Экономикалық ынтымақтастықты нығайту

Президент Н.Назарбаев және Президент Д.Трамп екіжақты сауда мен инвестицияларды ұлғайтуға, екі елде де жұмыс орындары мен мүмкіндіктер ашуға бағытталған әділ және өзара тиімді экономикалық әріптестікті ілгерілетуге әзір­ліктерін білдірді. Президент Н.Назарбаев Қазақстан эконо­микасындағы Америка Құрама Штаттарының жетекші инвес­тор ретіндегі рөлін атап өтті. Президент Д.Трамп келе­шек­те халықаралық экономи­калық ұйымдарға қатысудың бұл­жымас шарты болып табылатын, Қазақстан тарапынан Дүниежүзілік сауда ұйымы аясын­дағы міндеттемелерді орын­даудың, әділ еңбек қатынас­тарын қолдаудың, келісімшарт­тардың мызғымастығын қам­тамасыз етудің және зияткер­лік меншік құқықтарын қор­ғаудың маңыздылығын атап өтті. Президент Д.Трамп Қа­зақстанның әртарап­тан­ды­рылған және инновациялық экономиканы дамыту жөніндегі өршіл жоспарларын құптап, АҚШ-тың қаржылық даму инс­титуттарының Қазақстанға инвестициялар тартуға мүд­делі­лігін атап өтті. Екі көш­бас­шы тұрақты әрі қалыпты сауда қатынастарын дамыту үшін заңнамалық шараларды қолдайтындықтарын мəлімдеді жəне Қазақстанға бұл мəртебені беру екіжақты сауда байланыстарын одан əрі нығайтуға жәрдемдесетінін атап өтті. Екі Мемлекет басшылары мұнай-газ, ядролық қаруды таратпау және бейбіт ядролық даму салаларын қоса алғандағы екіжақты энергетикалық ын­тымақ­тас­тық­тың негізгі бағыттарын айқын­дайтын Энергетика сала­сындағы стратегиялық диа­лог деңгейін көтеруді бел­гілеп берді. Көшбасшылар цифр­лы экономика, денсаулық сақтау, коммерциялық авиа­ция, қаржы, банк ісі, ауыл шаруа­шылығы және ғарышты зерттеу салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға дайын екендіктерін білдірді. Пре­зиденттер Ор­та­лық Азия­дағы Сауда және инвестиция­лар жөніндегі негіз­демелік келісімге (TIFA) өздерінің бейілдігін растады және  Ау­ғанстанның болашақта TIFA Кеңесінің кездесулеріне қаты­суын құптады. Қазақстан жә­не Құрама Штаттар Қазақ­стан­дағы қоршаған ортаға төне­тін қауіптерді бағалап, табиғи апат­тар қатерін азайту үшін ғарыш­тық технологияларды пай­далану саласындағы ынты­мақтастықты нығайтуды жос­парлап отыр. Көшбасшылар, сондай-ақ Қазақстан экономикасы үшін қандай да бір оқыс жағдайларды болдырмау мақсатымен санкциялар мәселелері бойынша кеңесіп отыруға ниетті екендіктерін білдірді. Соңында Президент Д.Трамп Н.Назарбаевты Қазақ­станның экономикалық әлеуетін паш еткен, аумағында «Астана» халықаралық қаржы орталығы орналасатын ЭКСПО-2017 көрмесінің табысты өтуімен құттықтады.

Адами өлшем

Президенттер адам капиталын дамытуға деген ұмтылыс екі елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігіне қолдау болатын болашаққа деген инвестициялар екенін мақұлдады. Көшбасшылар екі ел ара­сын­дағы дипломатиялық және консулдық байланыстарды кеңейтуді жөн көрді. Президент Д.Трамп Қазақстанның ағыл­шын тілін меңгеру деңгейін көтеруге бағытталған баста­ма­сын құптап, Қазақстан  мек­тептерінде ағылшын тілін оқыту бағдарламаларын жетілдіру үшін көмектесуге дайын екенін білдірді.   

Америка Құрама Штаттары, Вашингтон қаласы