Апатты немесе апат алдындағы мектеп ғимараттарында оқу үдерісін жүргізу ұзақ уақытқа дейін жалғаса берсе, күндердің бір күнінде оқушылар мен ұстаздардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан өңірлердегі сәулет-құрылыс бақылау саласының мамандары жыл сайын бұл мәселеге қатысты тиісті техникалық қорытындылар мен сараптамалар жасап отырады. Белгіленген талаптар мен нормативтерге сәйкес жарамсыз деп табылған білім ошақтарын жаңадан салынған нысандар ауыстыруға тиіс.
Айталық осыдан бір жыл бұрынғы, яғни 2017 жылдың қаңтарындағы деректерге сүйенсек, дәл осы кезеңде Ақтөбе облысында төрт мектеп апатты жағдайда жұмыс істепті. Осындай техникалық қорытынды жасалғаннан кейін аталған апатты мектептердің орнына жаңа білім беру ғимараттарын тұрғызу жөнінде шұғыл шешім қабылданды. Соған сәйкес облыс әкімдігі мен білім басқармасы тарапынан Білім және ғылым министрлігіне тиісті құжаттар ұсынылды. Мемлекет тарапынан қажетті қаражат қарастырылып, қысқа мерзім ішінде аймақтағы апатты мектептердің орындарын ауыстыру мүмкіндігі жасалды.
Бұл ретте әрқайсының жай-жапсарына тоқтала кетудің артықшылығы жоқ секілді. Облыстағы апатты мектептердің басында Қандыағаш қаласындағы №1 орта мектебі тұрған еді. Жағдай белгілі болғаннан кейін 600 орынға арналған мектеп құрылысы басталды. Жаңа ғимарат 2017 жылдың 1 қыркүйегі күні пайдалануға берілді. Білім ордасы құрылысына қажетті қаражат Ұлттық қордан бөлінді. Бұдан кейінгі кезекте Мәртөк ауданындағы Родников орта мектебі жөнінде мынандай сөз жүр. Осыдан бір жарым жыл бұрын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Родников ауылына келмей ме?! Осы кезде өңір басшысы ескі мектептің жай-күйіне ерекше назар аударады. Әсіресе оқу ордасының тең жартысы пайдаланылмай бос тұрғанын көріп таң қалады. Бұларың қалай деп мектеп директорына сауал қойса, ол нақты жауап бере алмай күмілжи беріпті. Өйткені олар алғашқыда мектептің бос бөлігі апатты жағдайда екенін жасырғысы келгенге ұқсайды. «Ауруын жасырған өледі» дегендей, сәлден соң бәрі де ашық айтылып, көп кешікпей жаңа мектеп құрылысы басталып кетеді. Аталған ауылдағы 320 орындық мектептің құрылысына да қаражат Ұлттық қордан бөлінген. Мектеп құрылысы небәрі сегіз айдың ішінде аяқталғаны үлкен мерей болды. Жаңа білім ордасы 2017 жылдың 30 желтоқсаны күні жаңа жыл қарсаңында іске қосылғанына куәміз.
Жаңа білім шаңырағының пайдалануға берілуі арқылы апатты мектептердің мәселесі түбегейлі шешімін тапты. Сондай-ақ оқушыларға бүгінгі жоғары талаптар мен стандарттарға сай сапалы білім алуына жағдай туды. Жаңа нысандардағы оқу кабинеттерінің бәрі де соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталған. Кітапхана мен асхана жұмыс істейді. Сондай-ақ спорт пен шеберхана залдары да жеткіншектер игілігіне берілген.
Ал қалған екі апатты күйдегі мектептің жай-күйі жөнінде не деуге болады? Бұған қатысты өз ой-пікірін Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева былайша жеткізді.
– Бұл екі мектептің мәселесі биыл толықтай шешімін табады. Қазір Мұғалжар ауданына қарасты Сағашилі ауылында ора мектептің құрылысы қызу қарқынмен жүргізілуде. Ғимарат 320 оқушыға арналған. Жобаның жалпы құны – 779 миллион теңге. Ал соңғы апатты жағдайдағы мектептің мәселесіне келсек, Мұғалжар ауданындағы Құмжарған ауылында 60 орындық негізгі мектептің құрылысын бастау белгіленді. Жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын жобаның құны 295 миллион теңгені құрайды.
Ақтөбе – өз аумағына Еуропаның екі мемлекеті сыйып кететін іргелі өңір. Тұрғындар саны да жыл сайын еселеп өсіп келеді. Мұндай сындарлы кезеңде өңірдің шалғай ауылдары мен елді мекендеріндегі шағын жинақтаушы мектептердің жай-күйі қандай деңгейде екен деген орынды сауал туындайды. Бұл ретте облыстық білім басқармасында жаңа құрылыстар салу мен мектептерді оңтайландыру жөнінде 2020 жылға дейінгі жоспар жасалған. Осы ауқымдағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді деуге толық негіз бар.
Айталық 2018 жылдың басындағы деректер мен көрсеткіштерге көз салсақ, облыс аумағында саман мен қамыстан және ағаштан салынған 50 шағын мектеп бар екеніне көзіміз жетеді. Кіші және шағын мектептердің саны облыста былтыр 65 болғанын ескерсек, ескі мектептерді жою мен ауыстыру ісінде жүйелілік пен жітілік бар екеніне бірден көз жеткізе аламыз. Яғни жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ескі мектептер саны бір жылдан астам уақыттың ішінде 15 бірлікке төмендеген. Сондай-ақ соңғы екі-үш жылдың ішінде жергілікті бюджет есебінен 1290 орындық он мектеп пайдалануға берілді. Оның бәрі дерлік ескі және апатты жағдайдағы ауыл мектептері.
Ауыл мектептерін жаңғырту ісінде биыл белгіленген жобалар мен жоспарлар да қомақты. Бұл кезде ескі мектептердің орнына жергілікті бюджет қаражаты есебінен 9 жаңа мектеп бой көтермек.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы