• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Қаңтар, 2018

Жанғали Жүзбай: Мұнымыз Микеланджелоны түзеткенмен барабар

1231 рет
көрсетілді

Бүгінгі еркін ақпараттық кеңістігімізде сан алуан жағдайға түсіп, өз күйінен айырылып бара жатқан күй өнері туралы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, белгілі күйші Жанғали Жүзбай өз пікірін ортаға салды.

– Жанғали аға, бәріміз куә болып жүр­гендей о бас­та­ғы домбыраның жасал­ған материалына, қоңыр үніне, ішек­терінің мүмкін­дік­теріне, бір сөзбен айтқан­да, тұтас табиғатына жат зырылдауықтай шап­шаң екпін пайда болды. Зуылдаған техникаға ие домбырашылар қаптап кетті. Мұндай күй ырғағы өз алдына мә­селе ретінде тарихымызда осыдан жарты ғасыр бұрын айтыла бастапты. Құрманғазы мен Динадай күй алыптарының шығармашылығын алғашқы боп зерттеген академик А.Жұ­банов 60-жылдар соңында өзі­нің «Күй жайы толғантады» мақа­ласында «...қазіргі күйшілердің орын­даған күйлерінің бәрі шапшаң, бәрі асығыс. Музыка – өмір айнасы дейміз. Өмірде ылғи жүгіріп жү­ре­міз бе? Біз күйшілердің ылғи ізденіп жүруін, өз шеберліктерін жетілдіре түсуін қадағаламаймыз. Көбіне олар гастрольде болып, бүгін мында тартқан күйін ертең анда тартып жүре береді. Репертуар жұпынылығы, бірін-бірі қайталау осыдан туады. Күйшілердің шеберлік мәселесіне бас-көз боп, ақыл айтып отыратын адам жоқ. Әр күйші өзі би, өзі төре. Бірсарындылықтың етек алып кетуінің басты сыры осындай», деп жазған екен.

– Бұл мәселе шәкірт пен ұстаз арасындағы далалық байтақ институт жойылғанда басталды. Қазақ үшін күй тек қана музыкалық туынды емес еді, күйдің тартылу салты, әдебі, ортасы, уақи-шежіресі, шығарушының әлқиссасы бар біртұтас жоралық мазмұндас өнер болатын. Әлбетте осындай тұлғаларды халық «күй қонған» деп қадірлеген, рухи абыз деңгейіне көтерген. Шәкірттері де соған сай ізет пен құрметтен айнымаған. Кеңестік кезеңде ғасырлар бойы ұлт ұранына айналған күйшілік дәстүрі өзгерді, ноталық сауаттандыру науқаны басталды, орыс балалайкасының методикасы енді... Ендігі жерде байырғы далалық аудиторияны кәсіби сахна (эстрада) ауыстырды. Оның үлгісі ретінде орыс режиссурасы туындағанын өзіңіз де білесіз ғой. Осының бәрі жаңа күйшілердің мәнеріне орасан нұқсан келтірді, күйдің ішкі мазмұнынан орындалу пафосы артық мадақталды. Ахмет Жұбанов атамыз күйінбегенде қайтсін. Ғұмыры аз болмағанда тыйым салар ма еді, кім білсін?!

Консерваторияда Ахмет Жұбанов­тан «Ұстаздардың ұстазы» деген ілтипатқа ие болған профессор Құбыш Мұхитов та осы төңіректес әңгімелерді көп айтушы еді. «Қайран, шешем» Құрманғазының анасына деген сүт махаббаты, бұл білген жанға «ана туралы жыр» ғой, оны шапшаңдатуға болмайды, орташа екпінде тартыңдар» дейтін, дәл қазір осыны оқыған ме­нің замандастарым Құбыш ағаның өсиеттерін естеріне түсіріп төмен қарап, қызарақтап отырған болар... Сол сияқты шебер күйші Қали Жантілеуовтің орындауында «Адайды», «Терісқақпайды» тыңдаңызшы, екпіні орта, бұны біз түпнұсқа деп қабылдаймыз ғой, се­бе­бі ол Құрманғазының ізбасары атақ­ты Мәменнің шәкірті. Динаның өз орындауындағы күйлері де қазіргідей емес, бәрі орта екпінмен сазбен тартылады. Бұрынғы күйшінің бәрі ұлттық музыкамыздың «қоңыр» аталған тембридеалына сай дыбыспен орындаған секілді. Осы мәселені кезінде өнер­танушы Жұмагелді Нәжімеденов те көтерген болатын, ол кісі де дүниеден өтіп кетті.

– Қазіргі біздің басымыздан кешіп отырған жайт Еуропа академиялық музыка тарихында болған мынадай бір дағдарысты еске түсіреді. Ха­лық­тың ең сүйікті өнерінің бірі­не ай­­налған опера (опера seria) ХVIII ­ғасырдың алғашқы жартысын­да «костюмді концерт» деген жәбірлі атауға ие болады. Өйткені бұл кезең­де композиторға өз дауыс техника­сын, дауыс мүмкіндіктерін көрсетуге арнал­ған виртуозды пассаждар, фиоритуралары бар арияларды жазуды талап ететін әншілер культі пай­да болған еді. Сөйтіп опера сахнасын­дағы әншілер драматургиядан алыс­тап, драмалық мазмұнға тәуелсіз, бір-бірімен қисынсыз, байланыссыз ариялар тізбегін орындайды. Сахнада неге жүргенін ұмытып, өзара дауыс техникасын көрсететін, тартыс алаңына айналған операға көрермен қызығушылығы болмай қалады. Міне, техника қуалағандар өнерді осындай күйзеліске әкелген.

– Менің ойымша орындаушылық шеберлікті «техника» деп ұғу дом­бы­раға кейіннен енген термин, орын­даушылық техника тек қана әб­жіл шертуді айқындамайды, сабырлы шертіспен де кемел техниканы көрсетуге болады. «Домбыра ойнау» да кейіннен пайда болған тіркес, орыстың «играть» дегені домбыра методикасына кіріп «тарту, «толғау», «шерту» деген төлтума сөздерімізді ығыстырды. Қазір де осы сөзге әуезе болатындар, қолданатындар бар. «Техника» – шартты ұғым. Мысалы, Тәттімбеттің «Көкейкестісінің» техникасы өте ауыр. Дәулеткерейдің «Жіге­рін» өз ырғағында тарта алатындар қазір де кемде-кем. Музыка қай ғасырда туса да еш жерін өзгертпей, сол қалпында орындауды талап етеді, себебі онда сол дәуірдің кезеңдік ақпа­раттары, мелодиялық, ырғақтық дәстүрі сақталған. И.Бахтың органдық шығармалары, А.Вивальдидің «Жыл мезгілдері», М.Огинскийдің «Полонезі»,  т.б. әлі күнге дейін өз екпі­нін бір өзгерт­кен жоқ. Қазіргі органшылар мен пиани­ношылардың орындау техникасы сөз жоқ, анағұрлым өсіп кетті, сол Бах шығармаларын бірнеше есе жылдам тартуға мүмкіндіктері жетер еді. Бірақ еуропалықтар еш уақытта ондай өрескелдікке барған емес. Керек болса шығарманың тоны (тональность) да өзгермейді. Бұл әр заманның музыкалық мәдениетіне деген еуропалықтардың құрметі! Автор­ға, сол кезеңнің тарихи-мәдени ахуа­лын сезіну, жанрды түсіну және композитордың қолтаңбасын тану басты мұрат. Оларды бізден танымы төмен ұлт деп айта алмаспыз. Ал бізде туындының мелодиялық мәтінін, табиғатын тәрк ету, автордың қолының табы қалған қағысты өзгерту деген әдет тыйылмай отыр. Жаңа айтып өткендей, бүгінгі орындаушылардың «Қайран, шешем» күйін тыңдап отырып, шамамен 170 жылдай бұрын болған Құрманғазының анасымен қоштасу сәтін, оның жан дүниесіндегі толқынысын, ана мен бала арасындағы сүт махаббатты сезіне, түйсіне аламыз ба?

– Жоқ, бүгінгі орындаушылар күйдің туған кезеңін ескере бермейді.

– Біз күй атасы Құрманғазыны «түзе­тіп» жүргенімізді байқамай қа­лып­пыз. Ақсүйек Дәулеткерей мен сері Тәттімбетті де «жетілдіріп» жүр­міз бүгінде. Ұят та болса мынадай әңгімені қозғайын. Белгілі ғалым, өнертанушы, бұл күнде марқұм болған Базаралы Мүптекеев «Мәңгілік сарын» атты күй антологиясын құрастыру барысында болған бір жайды күйініп әңгімелеуші еді. Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған Динаның күйлерін антологияға кіргізу кезінде беделді күйшілеріміз қарсы болыпты. Айтатын уәждері «Дина ескіше тартқан, оның оркестрге өңделген, кейінгі орындаушылар жаңартқан, жетілдірген нұсқаларын ғана жіберу керек, ұят болады...». Әрине антологияны шығаруға жетекшілік еткен топтың («Ел» про­дю­серлік орталығы) қажырының ар­қасында ғана Дина күйлерінің толық күйтабағы халқымен қайта қауышты. Шертпе күйде де осындай жағдайлар өте көп болған. Мағауия Хамзинге ұстаз болған Арқаның Аққызы мен Әпике Әбеновалардың шертісін көркемдік кеңес жаратпай, радиоға жас күйшілердің шерткендерін жаздырған да замандар болған, соның салдары әлі күнге дейін шертпе күй дәстүріне тиіп жүр. Сондықтан өз заманында Бөкей Ордасында өзімен шендесетін күйші көрмеген, Құрманғазының батасын алған Динаның мүлкіне құрметіміз бен шексіз ілтипатымыз болуы керек, сонда ғана Дина мектебі ұрпаққа жалғасады. Қазіргі кезде Динаның мәнерінде күй толғайтын бірде-бір адам қалмады десе де болады. Айтолқын Тоқтағанова ғана ептеп Динаның дауылын келтіре алады. Осы сұхбатты оқып отырып «Мен де Динаша тартып жүрмін, мені атауды ұмытқаны несі?» деп өкпе айтатындар болса тәңір жарылқасын, тілектеспіз ғой. Қали Жантілеуовтің мәнерін білетін Шәміл Әбілтай мен Абдулхамит Райымбергенов қана қалды. Рыспай Ғабдиев мәнері де сирек естіледі. Ұлы дүниенің алдында есті ұрпақ тізе бүгіп, тәкаппар басын исе игі. Күй де поэтикалық мазмұндағы туынды, білгенге. Күйдің табиғаты – өлең. Махамбеттің өлеңдерін қазіргі ақындар көзқарасымен жұпыны, тілінің көркемдігі нашар, әдебиет тео­риясы талабына сай емес деп, бүгінгі ақындарға түзеттірсек не болады? Дина да Махамбет секілді домбыраның жырауы. «Сен туғыздың ұлы Абай жүз ақынды, жүз ақын жүр бір сені туғыза алмай» деп Қадыр Мырзалиев айтқандай, Динаның үлгісі мың күйшіге өнеге болды, ал мың күйші оның бір қағысына да бойлай алмай жүр ғой.

Салыстырмалы түрде айтсақ, бұрынғы күйшілеріміздің туындылары қазіргі замандағы күйшілердің шығарғандарынан әлдеқайда көркем, композициясы мейлінше кемел, көшірмеден ада, төлтума екені даусыз. Ал енді орындаушылық өнердің кейінгіге жалғасуы күрделі үрдіс. Әр аймақтың, күйшінің үлгісі ешқашан жойылмауы керек, оларды көздің қарашығындай сақтау біздің қасиетті міндетіміз болып табылады. Көршіміз орыстарды, еуропалықтарды алып қарайықшы, олар ғасырлар бұрын жеткен живописін, музыкасын «же­тіл­дір­мейді», қайта сол қалпында сақтайды! Күй де сурет, білгенге. Өзіңіз ойлаңызшы, бүгінгі италиялық портретистер жиылып, «Мона Лизаның кемшілігі бар екен, өркениетті заманауи сурет өнерінің талабымен сәйкеспей тұр, мұны компьютермен өңдеп бояуын қанықтырайық», деп шешіп, Микеланджелоның картиналарын түзетсе не болмақ? Біз осындай «Микеланджелоны түзеткенмен» барабар сорақылықты күнде ұшырастырып жүрміз. Біз өзі қазаққа берген табиғаттың сыйы – күйшілік дәстүрімізді сыртқы күштерден, керек болса өзімізден де қорғауымыз керек. Нағыз шедеврге уақыт әмірін жүргізбейді. Болашақта күйлердің, жырлар мен әндеріміздің түпнұсқасын тыңдағанда сүйсінетін, кейінгі жылдардағы «редакцияланған» «жөнделген», «толықтырылған» «сан­ға қосылған» дыбысжазбаларды қайта зерделеп, біздердің бүгінгі сәби-то­пас қылығымызға күлетін ұрпақ та туар. Бәлкім, олар біздің осы надан­дығымызды кешірер. Әрине бола­шақ азат ұрпақтың өнерлілері өнер тарихының күнгейін де, көлеңкесін де аямай ақтаратынына, жүйелейтініне сене беріңіз.

– Республикалық, ай­мақ­­тық дом­бырашылар кон­курстары жиі ұйымдас­тырылады. Талай лауреаттар шығып жатыр. Бірақ олардың басым бөлігі «заман талабындай» боп кеткен шапшаң орындайтындар легінде жүр. Қазақ өнері қазір кәсіби шебер әрі талантты, ойлы әрі ізденімпаз ұрпаққа зәру. Мұндай өнер додаларының деңгейі туралы не айтар едіңіз?

– Меніңше, атадан дарыған күйшілік­ті ешқашан конкурс анықтамайды. Күйшілік додадан бұйырған бір жапы­рақ марапат қағаз емес, жүрекке қо­нақ­тайтын өнер. Қазіргі лауреаттық – нәпақасын ұстаздықтан тауып жүрген мұғалімнің бір күндік қуанышы ғана. Жүлдеден жүлде қоймаған талай балаларды білемін, қазір қолдарынан күй қашқан, өздері балдырған кезінен дақпыртқа дағдыланып, бүгінгі күні ортаңқол күйші де бола алмай пұшайман боп жүргендер жетеді. Мұның түпкі себебі – күй сайыстары талабының кем­шіндігі, дәстүрлі күйшілікте діттеген мақсаттың болмауы деп түсінемін. Бізде­гі күй конкурстарының шарты мен бағдарламасы кеңестік кезеңдегі түрімен қалып қойған, сондықтан оны әлемдік талаптарға сай өзгертетін уақыт келген сияқты. Мысалы, дәл қазір батыс Еуропа, орыс композиторларының күрделі формадағы шығармаларын күй конкурсының бағдарламасына кіргізуге кәсіби зәрулік, сахналық сұраныс бар ма? Әлде қазақ композитор­ларының шығармалары деңгейсіз бе? Құдайға шүкір, Айтқали Жайымов, Ермұрат Үсеновтердің домбыраға жаз­ған концерттері әлгі «жұпыны пере­ложениелерді» он орап алады. Жас сазгерлердің де тамаша туындылары бар. Осы бір кембағал әдет, балалайка мәдениетінің сарқыншағы кеңестік заманнан қалмай әлі келе жатқаны өкінішті. Осыдан шұғыл тыйылуымыз керек. Керек болса үлгі ретінде халықаралық деңгейдегі ішекті аспаптар сайысын алуға әбден болады. Әлемдік сырнай чемпионатының бағдарламасы да тәуір. Мәселен, біз­дің сайыстарды «қара қылды қақ жаруға» келгенде, Ресейдің Чайковский атындағы конкурсымен салыстыруға болмайды. Ол конкурстың деңгейі, талабы, мақсаты басқа. Олардың мақсаты хас музыкантты тауып, орыс ұлтының өнерін өркендету, насихаттаушылар шерігін толықтыру ғой. Ал біздің күй сайыстарының мақсаты кеудесінде дарыны бар талапкерді анықтап, оны ұлт өнерінің додасына қосуға бағытталмаған. Менің сөзіме осы жақында ғана өткен «Мен қазақпын» телевизиялық мега жобасы дәлел бола алады. Себебі күйшілер арасынан ха­лық таңдаған өнерпаз Ардақ Елеусіз шын мәнінде қазақы күйшілік жолға лайық жорғалығын көрсетті, көрдік, Аллаға шүкір деп көзімізді шыладық.

– Жанғали аға, біздегі күйшілік өнердің болашағы жайлы қандай ой-пікіріңізді қосар едіңіз?

– Ашығын айтайын, күй қасиетті өнер, сондықтан ол қандай мәдени зұлматты бастан кешсе де жойылмайды. Бірақ ата-бабадан мұраға қалған асылымызды тиісінше бағалап жүргеніміз жоқ. Халқымыздың күйге деген талғамы бұзылса оған бірінші жауапты күйшілер қауымы екенін ұмытпауымыз керек. Мойындауға қиын болса да айтайын, өзімнің де күй алдындағы бейшаралығым шаш етектен, көп жерде тәуекелге бара алмадым, айтатын кезде айтпадым, қорқақ болдым, үнсіз қалған кездерім көп. «Адамды заман илемек» деген Абай. Егер күйші той күйттеген халтурщик болса, оған тыңдарманның жазығы нешік? Өзің сүймеген өнер кісіге нендей өнеге болмақ? Жалпы, дәстүрлі орындаушылық деңгей күн сайын түсіп барады, бұл өз кезегінде кәсіби білім беру сапасын да сынайтын проблема. Арнайы музыкалық білім беретін оқу орындарының мұғалімдері, менің әріптестерімнің қасиетті домбыра алдындағы жауапсыздығы шектен шығып барады, себебі талғамға да, болашаққа да, шәкіртке де жауап­ты біздерміз. Қоғамның даңғазаға, шоуға ынталанып, домбыра тыңдаудан алшақтап бара жатқаны бізді күй киесі ұрғандығынан деп ойлаймын. Сондықтан біздің «көзін шел басқан, кеудесіне нан піскен», тәкаппар домбырашы қауымға түбінде бір тәубе керек-ақ.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұран болған заманда қайта түлеген сұңқардай ұлттық намысымызды оятып, бір серпілмесек бізге серт. Ұлттық намыс жоқ жерде өнер өрге баспайды. Намыссыз ел тілінен де, дінінен де, күйінен де айырылатыны тарихтан белгілі. «Жойылған ұлттар» деп физикалық тұрғыда өлгендерді айтпайды, рухани болмысынан мүлдем айырылғандарды айтады. Әлемде «жойылған ұлттар» деп ЮНЕСКО тізімдеген миллеттердің бәрі нәсіл ретінде тірі, дін аман, түгел, аман-сау бақуат тұрмыс кешіп жүр, алайда олар өзгеге жұтылған, ассимиляцияланған «өлімтіктер тобыры» боп саналады, ұлт ретінде есепте жоқ. Осының ең бірінші себебі – «өзін – қор, өзгені – зор» көргеннен екені түсінікті. Ұлттық өнер өкілі болу үшін ұлтын шексіз сүйе­тін ұлы махаббат керек. Алдыңғы буын ағаларымыз – Қали, Жаппас, Ма­ғауия, Төлеген, кеше ғана арамыз­дан кеткен Әзидолла, Рыспай, Қар­шыға, Тұяқтардың өмірі, азаматтық болмысы, ұлттық күй өнеріне деген сүйіспеншілігі мен адалдығы бізге үлгі ғибрат болуы керек. Өнерпаз қа­сие­тін рулық-тайпалық түсінікпен бағалайтындарды да көргенмін, этюд, гам­мамен қысқа күнде қырық машық жасаса да ешқайсына күйшілік дарыған жоқ, себебі сол, ұлттық сана ұяламаған кеудеге ешқашан күй сәулесі түспейді, осы орайда «күйдің кепиеті ұрады» деген баба сөзге амалсыз сенеді екен­сің. Санамызды тазаласақ қана таза өнер, таза рух болады. Ғасырлар бойы кең-байтақ даламызды сақтап қал­ған бабаларымыздың рухы ұлтқа деген махаббатқа, намысқа кенен бол­ған, сондықтан олар өлмейтін ұлы күйлер тудырған, орда-империяшыл сезім­дегі «Ақсақ құлан», «Саймақтың Сарыөзені», «Сарыжайлау», «Қос мүйіз­ді Ескендір», «Кішкентай», «Сары­­арқа» сияқты көркем күйлер бола­­шақта біздің ұрпаққа да жұғысты несіп болса екен. Дегендей бұлыңғыр ар­ман ғана бар, көкіректе.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Бақыт ТҰРМАҒАМБЕТОВА,

өнертану ғылымдарының кандидаты, музыкатанушы