• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Қаңтар, 2018

Электронды пішімдегі квота диқанның көңілін көншіте алды ма?

1081 рет
көрсетілді

Тарих қойнауына кеткен 2017 жыл біздің диқаншы қауым үшін табыссыз болмады. Еліміз бойынша 15,3 миллион тонна астық жиналып, оның өнімділігі орташа есеппен алғанда гектарына 13,4 центнерден айналды. Қамба астыққа толып, қырманның басында ән шалқып, ең бастысы диқанның жағасы жайлауда деп асқақтатуға да болушы еді. Бірақ... 

Былтырғы күздің орта тұ­сынан бастап Қазақ­стан­­дағы астық нары­ғы­­ның басына қою бұлт үйі­ріл­ді. Кө­­ліктің жылжымалы құ­рам атаулысының жетіс­пеу­ші­лігінен астық пен ұнды экс­портқа шығарудың өзі мұң болғаны аздай-ақ, тіпті өнім­­ді ел ішіндегі межелі жер­лер­ге тасымалдау ісінде де ір­кілістерге жол берілді. Шұ­­ғыл шара қабылдамаса, іс­­тің арты на­сырға шабуы да ықтимал еді: қам­ба то­лы ал­тын дән күні ертең құн­­сыз­данып, шаруаны зиянға бел­шеден батырар күн туған.

Жағдай осылайша қа­лып­­тас­­қан кезде еліміздің ми­нистр­лер кабинеті, амал жоқ, ө­т­кен жылдың жел­тоқсан айында фермер­лер­ден үкімет­тік қор және ұлт­тық қор қар­жысы есебінен 2 миллион тонна астық сатып алу жө­нін­де шешім қа­былдаған бо­латын. Бұл жер­де мемле­кет ас­­тықты қо­сымша сатып алу ісін то­лықтай элек­тронды пі­­шімде жүзеге асы­руға бел бу­­ды. Сатып алу­ды ұйым­дас­­тырушы «Ақпа­рат­­тық-есеп­тік орталық» АҚ әр тон­­наның бағасын 42 мың тең­­­­ге бойынша квота арқылы үлес­­­тірді.

Мұның алдында Қазақ­стан­ның фер­мер­лер ода­ғы бірнеше ай бойы Үкі­мет­тің құлақ етін жеп, 2018 жыл­ғы егін науқа­ны­на дай­ын­дық үшін қар­жы қа­жет­ті­гін ай­тып, аграршылардың жағ­дай­ын жеңілдетуді сұ­ра­ған бо­латын.

Бұдан бөлек, отандық өн­дірушілердің алдынан бас­қа да проблемалар кесе-көл­денең шықты. Мәселен, өт­кен жылы Ресей мемлекеті ре­корд­тық дең­гейдегі ас­тық жи­нады да, біз­дің елімізді сол­түс­тік­­тегі көр­ші­міздің арзан өнімі тасқын су­дай басып қала жаздады. 

Мұның үстіне отандық астық нары­ғын­дағы негізгі ой­ын­шы санатын­дағы «Аз­ық-түлік келі­сімшарт кор­­­по­­рациясы» ҰК ас­тық­ты ой­­дағыдай бағамен сатып ала­­тын қаржы көзін таба алмай, әр тоннаның бағасын 42 мың теңгеден 39 мың теңгеге дей­ін түсіруге мәжбүр бол­ды. Әл­бетте, мұндай баға фер­мер­лер­дің көңілінен шық­па­ған еді. Өйткені жо­ғарыда айтқан факторлар жиынтығы ас­тық бағасының әр тоннаға шаққандағы на­рық­тық құ­нының 36-37 мың теңгеге құл­дырауына алып келген бо­латын.

Ал енді, Қарағанды облы­сына келетін болсақ, «Азық-тү­лік келісімшарт кор­­по­ра­ция­сы» жергілікті аг­­ра­ршыларға қар­­жы­лық демеу көрсету үшін өңір­ден 109 мың тонна астық сатып алды. Жалпы, квота ел бой­ын­ша әрбір өңірдегі егіс ал­қабына байланысты үлес­ті­рілді. Қарағанды облысына бұйырған квотаның есебі мынадай болды: былтыр өңірде 629,3 мың гектарға астық егіліп, орташа есеппен әр гектардан 10 центнерден өнім алынған болатын. Яғни, облыс егістігіне қарай өзіне тиесілі үлесін алды.

Электронды квота жүйесі демекші, астық сатқысы келген диқанның әр­бір қадамы тайға таңба бас­қандай етіп жа­зы­­лып қойған. Әуелі ол Ха­лыққа қы­з­мет көр­сету ор­та­лы­ғы­нан электронды ци­фр­­­лы қолтаңба алып, со­ның көмегімен minagro.kz. порталына тіркеледі. Сонан соң, астығын қабылдау беке­тіне тапсырып, ол жерде өнім сапа және сан сараптамасынан өткеннен кейін диқанның қолына үш күннің ішінде астықтың электронды қол­­хаты ти­еді. Міне осыдан кей­ін фер­мер әлгі электронды қол­­таң­баны жүйеге енгізіп, өзі­нің шаруашылығына бөлінген кво­­таның есептеулі мөлшеріне сай өнімін сата алады. Яғни сау­сақ­тың ұшымен-ақ бар шаруа әп-сәт­те шешіп тастайды.

Жалпы, бұл шешім қабылд­ан­ған соң ел ішінде са­тып алу ісін­де сыбайлас жем­қорлық си­пат­тағы іс-әре­кеттер орын алуы әб­­ден мүмкін деген қау­іп­тің бол­­­ғаны рас еді. Нақ­ты­рақ айтар болсақ, бәзбір пы­сы­қайлар рес­ей­лік ас­тық­ты ар­зан бағамен са­­тып алып, «Азық-түлік ке­лі­­сімша­рт корпорациясына» өз­­де­­­ріне тиімді бағамен өт­кі­зіп жі­беруі ықтимал деген пі­кір­лер де айтылып қалып жатты. Мәсе­лен, ресейлік астықтың әр тоннасын 32-35 мың теңгеден алып, сатар бол­са, онда әлгі жылпостар әрбір тоннадан 8-10 мың теңге пайда көрер еді...

Осыны ескерген Үкі­мет астық­ты сатып алуды «Ақ­парат­тық-есептік ор­та­лық» АҚ-ның жүйе­сін пай­­да­ла­нып, толықтай элек­трон­ды пішімде өткізуге ше­шім қа­былдаған болатын. Ал мұн­дай формат фер­мер мен «Азық-түлік келісімшарт кор­­порациясы» өкілінің жең ұшынан жал­ғасуына мүм­кіндік бермей, сыбайлас жемқорлық тәуекелін мүл­дем жоққа шығарды.

Әлбетте, ел Үкіметінің фер­мерлердің қамын жеп, осын­дай қадамға барғаны әл­сіз немесе шағын шаруа­шы­лықтарға майдай жаққа­ны­мен, тәбеті жоғары «шор­­тандардың» көңілін то­лық­­қанды көншіте алмауы да мүм­кін. Десе де, бұл әре­кет­тің ас­тарынан елімізде ау­ыл ша­руа­шы­лығы саласына де­ген қам­қор­лықтың уақыт оз­ған сайын әлеу­ет арттырып келе жат­қа­нын бай­қауға болады. 

Елбасы Нұрсұлтан Назар­ба­­евтың жуырдағы «Төр­тін­ші өнер­кәсіптік революция жағ­дай­ындағы дамудың жаңа мүм­кін­діктері» атты Қазақстан хал­қы­на Жол­дау­ында «Біз егін егіп, дән­ді дақылдарды өсіруді үй­­рендік. Оны мақтан тұ­та­­мыз. Алайда қазір ол жет­­кіліксіз», деді. Рас-ау, ашық аспан астында, қам­ба­­­ларда тау-тау болып үйіл­ген ас­тықты жөндемді ба­ғаға са­та ал­­­масақ, көлік саласының ме­­шеу­­­лігінен сырт елдерге шы­ға­ратын мүм­кін­дік болма­са, қыл аяғы алынған мол өнімді түр­­­лі қажетке жарата алар өн­ді­­ріс дұрыс жол­ға қойылмаса, түп­­тің түбінде тақырға отырып қа­ла­тын диқан байғұс қой. Ал ол болса – аграрлық сектордың се­нім­ді тірегінің бірі емес пе?! 

Қайрат ӘБІЛДА, «Егемен Қазақстан»