Шыңғыс Айтматовтың бір атақты сөзі бар. «Кейіпкерлері балалардікі, идея үлкендердікі» деген. Біз қазір балалар мен жасөспірімдер басылымының төңірегінде осы сөзді ұстанып отырмыз. Бұл нені көрсетеді?
Балалар, жасөспірімдер көркем шығарманы ата-аналарымен бірге отырып оқығаны жақсы. Отбасылық шығармалар әдебиетте жоқтың қасы, жариялау кемшін. Осы бағытта алғашқы қадамдарды да жасадық. Жыл сайын бәйгелер ұйымдастырылып жатыр. Сол бәйгелердің ішінде жеке балаларға арналған шығармаларға сыйлықтар беріле бастады. Осы бәйгелерде жүлде алған поэзия, прозаларды қарасам, бұрынғы және қазіргі балалар жазушылары. Мысал үшін Тынымбай Нұрмағамбетов табиғатынан балалар жазушысы. О бастан балаларға арнап жаза бастаған. Негізінен шығармалары отбасылық дүниелерге келеді. Несіпбек Дәутайұлы шығармалары да – отбасылық. Бір қарасаң идея үлкендердікі, шығарманың өзі, сюжеті балалардікі. Қазір объектісі балалар болып отырған шығармалар өте көп. Былтыр «Рух», «Алтын тобылғы» деген байқауларда бәйге алған жазушылардың көбі – балалар жазушылары. Соған қарағанда қаламгерлердің өздері біліп те, білмей де осылай жазып жатыр.
Ал біздің балалар мен жасөспірімдерге арналған басылымдарға келетін болсақ, қай кезде де, қай заманда да, әлемдегі ең бай жазушылардың көшін балалар жазушылары жасап отыр. Бізде де балалар әдебиеті бай, бақуатты болуы керек. Сосын балалар әдебиетінде талантты шығармашылық адамдар жұмыс істеу керек. «Әдебиет өлсе де, балалар әдебиеті өлмейді» деп едім бірде. Себебі жақында ғана Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың төрағалығымен балалар басылымына қатысты жиналыс болды. Сонда бір айтқан сөзі есімде қалып қойды. «Алыс ауылдағы бір баланың өлеңі жарияланса, ауылда сол күні той болады» деп еді. Оқушылардың, студенттердің қатарында қазір шығармашылықпен айналысатын жастардың қатары көбейіп келе жатыр. Солардың барлығының объектісі – балалар. Олар өздері туралы жазады. Тапсырыспен шығарма жаздыру қиын. Ол жасандылыққа ұрындырады. Күшеншектікке әкеледі. Біз ондай әдістерді де қолданып жатырмыз. Өйткені балалар әдебиетінің процесі тоқтамауы, үнемі жарияланып отыруы керек. Тапсырыспен келген шығармалардың көркемдік сапасы жоғары бола қоймайды. Ол әдебиеттің ішкі жұмысы. Біз 5-10 жыл бұрынғыға қарағанда авторлардан аса мұқтаждық көріп отырған жоқпыз. Қазір көптеген шығармалар келіп жатыр, таңдаулыларын ғана жариялай бастадық. Жаңа жылдан бастап екі нәрсені қолға алып жатырмыз. Мемлекеттік тапсырысқа жеке тармақ енгіздік. Ол – балалардың шығармаларын, балаларға арналған қазақ және шетел әдебиетінің туындыларын жариялау.
Мен үнемі бақылап айтып жүретін нәрсе, жаттауға жеңіл дүниелер азайып бара жатыр. Балабақша, мектептерде кездескен сайын жиі естимін. Мазмұны түсінікті, қарапайым шығармалар жетпейді. Әдебиет күрделеніп бара жатыр. Балалар әдебиеті де. Осы бір тұста мәселе бар. Балаларға арналған шығармалар күрделі болмауы керек. Жаңадан танымы, түсінігі қалыптасып келе жатқан балаларға түсіну қиын. Кеудеден итергендей боламыз.
Қазір әлем танымдық дүниеге бет бұрып жатыр. Бұл дәстүрлі әдебиетімізде өзінің қалпымен келе жатқан нәрсе. Осы бағытта жұмыс істеп, балалар әдебиетінің бүгінгі Бердібегін, Сайынын, Қадырын іздеп жүрміз.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК, «Жас Өркен» ЖШС директоры