Мемлекет басшысының Жолдауы елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін одан әрі жақсартуға бағытталған басты құжат болып есептеледі. Жалпы, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, тұрғын үймен қамтамасыз ету, коммуналдық қызмет көрсету, көлік және байланыс сапасының жақсаруы – өмір сүру деңгейінің басты көрсеткіштері.
Елбасы өзінің Жолдауында әдеттегідей әлеуметтік салаға зор назар аударды. Оның ішінде қоғамның әртүрлі сатылары бар. Ғалымдар, студенттер, оқушылар зейнеткерлер мен жұмыскерлер, қоғамның әр мүшесі болашақта өзінің даму жолдарын осы Жолдаудан айқын көре алатынына сенімдімін. Әрине басты мақсат – дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Бұл айналып келгенде өмірдің сапасын жоғары көтеру болып табылады.
Нұрсұлтан Назарбаев биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында жүзеге асырылуы тиіс 10 міндет айқындалғанын атап өтті. Білім беру саласының қызметкері болғандықтан, бізге адам капиталының жаңа сапасына қатысты жетінші міндет көп ой салып отыр.
Президент барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажеттігін айтады. «Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс. 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажет», дейді Елбасы. Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды, бұл 2021 жылы аяқталатын болады. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар. Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керек болып отыр.
Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің Мониторинг және педагогикалық зерттеулер орталығы өңір мектептерімен тығыз байланыс орнатып, зерттеулер жүргізіп келеді. Орталықтың мақсаты – облысымыздағы 451 мектепке кешенді әдістемелік қолдау көрсету жұмысын үйлестіру, жаңартылған мазмұнда шығарылып жатқан оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарын зерделеу, оқу үрдісін жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға мониторинг жүргізу. Осы мониторинг нәтижесінде келесідей мәлімет жинақталды. Атап айтқанда, бүгінде Жамбыл облысындағы 2 мектептің (Тараз қаласы, №41 гимназия; Т.Рысқұлов ауданы №1 мектеп-лицей) 3-сыныптарында (271 оқушы) жаңа стандартқа сай әзірленген оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендері, оқу жоспарлары мен бағдарламалар сынақтан өткізілуде.
Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 675 мектеп әкімшілігі, 5082 бастауыш және негізгі сыныптарда сабақ беретін педагогтар білім жетілдіру курстарынан өтсе, 556 мұғалім тренерлерді дайындау курстарында білімін жетілдірді. Алайда бұл жеткіліксіз. Осы орайда Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті кешенді жұмыс атқарып жатыр. Атап айтқанда, биылғы 3-курс студенттері 2019 жылы оқу орнын тәмамдап, орта мектептерге жас маман ретінде жаппай үштілді білім беру процесіне кіріскелі тұр. Осыған орай стейкхолдерлердің ұсыныстарын ескере отырып, жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес элективті пәндер оқытылуда.
«Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керек. Бұл – жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты», дейді Президент. Біздің жоғары оқу орнында Дублин дискрипторларына сәйкес модульдік білім беру бағдарламалары енгізілді. Тараз қаласындағы №5 мектеп-гимназиясының базасында эксперименталды-тәжірибелік алаң ашылып, университеттің профессор-оқытушылар құрамы физика, биология, химия, информатика пәндерін тіл мен мазмұнды кіріктіріп оқыту технологиясы бойынша үздіксіз оқыту семинарлары сериясын өткізіп, теориялық-әдістемелік қолдау көрсетілуде. Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіне Германия, Ұлыбритания, Беларусь, Ресейден сарапшы ғалымдар шақырылып, жаратылыстану бағытындағы оқу пәндерін ағылшын тілінде оқытатын мектеп мұғалімдеріне арналған «Тіл мен мазмұнды кіріктіріп оқыту технологиясын (CLIL) қолдану қағидалары» бағытында халықаралық оқыту семинарлар сериясы ұйымдастырылып жатыр. Кембридж университеті және Злинь университетінің ынтымақтастығы аясында «Үштілді білім беру жағдайында тілдік ортаға ену және кіріктірілген оқыту» атты бірлескен жоба CLIL технологиясына негізделіп, 5В011200-«Химия», 5В011400-«Тарих» білім беру бағдарламалары бойынша іске асырылып, бірінші кезеңі аяқталды.
Жолдауда «Жоғары оқу орындары шетелдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және трансұлттық корпорациялармен бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруы қажет» деп айтылғандай, «Қазақстан Республикасында үштілді білім беру саясатын жүзеге асыру аясында орта білім беретін мектептерде пән мен тілді кіріктіре оқыту технологиясын (CLIL) енгізу» жалпы сомасы 41 млн теңге болатын ғылыми-зерттеу жобасы қолға алынды. Жобаға Англияның Кембридж университетінің, Германияның Гамбург университеті мен Чехияның Злинь университетінің ғалымдары қатысатын болады. Жолдауда жоғары білім беру жүйесіне қатысты айтылған міндеттерді орындауға ТарМПУ ұжымы аянбай атсалысады.
Мемлекет басшысы белгілеп берген он кешенді міндетті іс жүзіне асыру мақсатында жұмыла еңбек етіп, бірлігімізді берік, берекемізді баянды ете беру басты парызымыз болмақ.
Дария ҚОЖАМЖАРОВА, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, ҰҒА академигі