• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Медицина 24 Қаңтар, 2018

Салық кодексінде электронды саудаға қандай жеңілдіктер қарастырылған?

815 рет
көрсетілді

Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексіндегі бірқатар жаңашылдықтар еліміздегі интернет-саудаға да ықпалын тигізбек. Ендігі уақытта электронды сауда-саттық қалай жүргізіледі? Осы кәсіппен айналысатындарға Салық кодексінде қандай жеңілдіктер қарастырылған? Бұл туралы Қаржы вице-министрі Қанат БАЕДІЛОВ баяндап берді. 

– Қанат Ескендірұлы, Қазақстанда электронды сауда-саттық бірте-бірте қа­р­қын алып келеді. Бүгінгі таңда мем­ле­кет кәсіпкерліктің осы түріне қызы­ғу­шылық танытып отыр деуге бола ма?

– Соңғы он жылда әлемдік тех­но­логиялардың қарқынды дамуы интернет-кеңістікте сауда желілерінің бір-бірі­мен үй­лесім тауып, өзара ықпал­да­суы­на өте жақсы жағдай ту­ғыз­ды. Бұл сауда-саттық про­це­сіне қатысушылардың бар­лы­ғына – сатушыларға да сатып алу­шыларға да үлкен мүм­кін­дік берді. Бүгінде интер­нет-дүкендер әлемнің бар­лық өркениетті елдерінде сату мүм­кіндіктерін барынша кеңейтуге және сатып алу белсенділігін барынша арттыруға жол ашып отыр. Атап айтқанда, интернет-дүкендерде ғана бір мезгілде орасан зор көлемдегі тауар туралы толық ақпарат алуға, артық күш пен қаражат жұмсамай-ақ қолайлы тауарды таңдауға және түймешікті бір рет басып сатып алуға болады. Бұл адамдардың қымбат уақытын үнемдейтіні тағы бар. 

Ұлы Жібек жолының бойында жатқан ел үшін дүниежүзілік интернет-саудадан тыс қалу кешірілмейтін қате болар еді. Бүгінгі таңда Қазақстан үшін элек­тронды сауда – қазіргі за­ман­ның талабы, дамудың жа­ңа деңгейі, әлемнің ең жақсы дамы­ған елдерінің қатарына ену, халықаралық аренада неғұрлым жоғары деңгейіне қол жеткізу. Сол себепті электронды сауданы дамыту мемлекет қызметінің басым бағыттарының біріне айналды. Мемлекет бас­шысы Н.Назарбаев «Қазақстанның үшін­ші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабі­леттілік» атты Қазақстан халқына Жол­д­ауында салық органдарына электронды саудаға салық салу мәселелерін пысықтауды тапсырды, осы іске жіті назар аудару керек екен­дігін айтты. Ал са­лық­тық ын­таландыру бизнестегі кез келген бағыт­ты дамыту үшін ең пәрменді құрал­д­ардың бірі болып табылатыны белгілі.

– Бірнеше жыл бұрын тауарды виртуалды әлемде сату «көлеңкелі экономиканың» бір бөлігі саналғаны есімізде. Ал жаңа Салық кодексі сау­даны интернет арқылы жүр­гізетін кәсіпкерлерді нақты қандай жолдармен ынталандыруы мүмкін?

– Фискалды алаңнан тыс жұмыс істейтіндердің барлығы – көлеңкелі экономика. Бірақ қазір Қаржы министрлігі салық төлеушілермен өзара қарым-қатынастың жаңа моделіне көше бастады. Уақыт талабы бойынша ендігі уақытта салық органдары жазалаушы бақы­лаушыдан гөрі кеңес беру­шінің рөлінде болуы керек. Біздің міндетіміз – кәсіпкерге қажетті барлық ақпаратты беру, олардың заң аясында жұмыс істеуіне барынша ың­ғай­лы жағдай жасау. Осыған байланыс­ты мемлекет қолма-қол ақшасыз есеп айы­рысу түрлерін дамытуды жолға қоя бас­­т­ады. Бұл бір жағынан кәсіпкерлерге мем­­лекет назарында қала отырып, заңды табысын алуға, халық­аралық сауда нары­ғына қаты­с­ушы болуға мүмкіндік бере­­ді. Екінші жағынан осылай қолма-қол ақ­ша­сыз төлем кө­лең­келі айналым көлемін азай­туға ықпал етеді. 

Осыны назарға ала отырып, жаңа Салық кодексінде 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап интернет-дүкен немесе ин­тернет-алаң арқылы өз қыз­­метін жүзеге асыратын кәсіп­­кер­лерге салықтық жеңіл­діктер қарастырылды. Атап айт­қан­да, заңды тұлғалар – корпо­ратив­тік табыс салығын, ал жеке кәсіпкерлер жеке табыс салы­ғын төлеуден босатылады.

– Яғни сауданы интернет ар­қылы жүр­гізетін бизнесмендер осы салық түр­лерін төлеуден толығымен босатыла ма? 

– Өте дұрыс айтып отырсыз. Бірақ олар өздеріне жүктелген үш түрлі міндетті шартты орын­дауға тиіс. Біріншіден, тауар үшін есеп айырысу қолма-қол ақшасыз тәсілімен жүргізілуі керек. Екіншіден, сатып алушымен шарт онлайн-режімде жасалуы қажет. Үшіншіден, кәсіпкердің жеке жеткізу қызметі болуға тиіс, не болмаса ол тасымалдау­мен, жіберумен, жеткізумен айна­лысатын адаммен шарт жасасуы керек. Осылайша біз бизнес­ке интернет-алаң арқылы заңды жұмыс істеуге мүмкіндік береміз. Егер сатушы сайтта көрсетілген тауарға сәйкес кел­мей­тін тауар жеткізген болса, сатып алушы­лардың да мүдделерін қорғаймыз. 

Интернет-сатушылар үшін ең маңызды тұсын атап өтейін. Са­лықтың осы түрінен босату егер жеке тұлғалардың элек­трон­ды сауданы жүзеге асы­ру­дан тапқан кіріс көлемі шаруа­шы­­лық жүргізу субъекті­сінің жыл­дық жиынтық табысы­ның кем дегенде 90 %-ын құрған жағ­­дай­­да ғана жүзеге асырылады. 

Жаңа Салық кодексінде патент негі­зінде арнайы салық режімінде жұмыс істеп жатқан жеке кәсіпкерлер үшін жеке табыс салығының мөлшерлемесін төмендету көзделгенін атап айту керек. Егер салық төлеуші сауда саласында қолма-қол ақшасыз есеп айырысу арқылы жұмыс істесе, онда табыс салығының мөлшерлемесі екі есе, екіден бір пайызға дейін төмендетіледі. 

– Электронды саудамен шұғылда­натын кәсіпкер сіз айтып отырған жеңілдіктерді пайдалану үшін арнайы есепке тұруы керек пе?

– Ең алдымен адам жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркеуде тұруы керек. Содан кейін кіріс органдары­на тауарларды электронды сату сияқты қызмет түрін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде жұмыс бастағаны туралы хабарлама жібереді. Кәсіпкер Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс­тер комитетінің порталында (kgd.gov.kz) тіркелгеннен кейін есеп беру түрін өзі таңдайды. Ол әрбір ресімделген мәміле туралы күн сайынғы электронды шот-фактуралардың үзіндісі болуы мүмкін. Сол сияқты мәміле­лер туралы мәліметтер өзге р­е­жімде де ұсыны­лады. Оны заң­ды тұлғалар тоқсан сайын, ал жеке кәсіпкерлер жыл сайын береді.

Ал тауар үшін жасалған төлем туралы ақпаратты тіке­лей банктер немесе өзге қаржы ұйым­дары беретін бола­ды. Тауар­ды тасымалдау және жет­кізу бойынша мәлі­мет­терді Мемлекеттік кірістер коми­те­ті­нің сұрау салуы бойын­ша тиісті субъекті ұсынуы мүмкін.

– Электронды сауда сала­сындағы қыз­метті бастағаны туралы хабарлама беру тәртібі туралы айтып өтсеңіз?

– Хабарламаны жеке кәсіп­кердің тұрғылықты жері, заңды тұлғаның тіркелу орны бо­йынша мемлекеттік кірістер бас­қармасына беруге болады. Кейіннен «е-лицензиялау» мем­лекеттік дерекқоры арқылы электронды хабарлама беруге мүмкіндік ұсынылуға тиіс.

– Электронды сауданың бірқа­тар бөлігі әлі де «көлең­кеде» қалуы мүмкін деп болжауға бола ма? Салық қыз­меттері осы мәселені қалай жетіл­дірмек? 

– Жаңа айтып өткенімдей, біздің мін­детіміз – бизнестің заңды алаңда жұмыс істеуіне көмектесу. Сондықтан басты назарды түсіндіру жұмыстарына бағыт­тап отырмыз. Әрине егер кәсіпкер заң бұзу­ды және салық төлеуден жал­таруды жал­­­ғас­­тыратын болса, онда елі­міз­дің заңна­масына сәйкес жауапкершілікке тартылады.

– Тағы бір маңызды мәсе­леге тоқ­тала кетейік. Қазақ­стан азаматы тауарды шет­елдік интернет-дүкен­дерден сатып алса, салық төлеуге тиіс пе?

– Ол жағы тауарды қандай мақсатта сатып алғанымен байланысты. Егер сатып алушы жеке мақсатта сатып алған бол­са, онда кәсіпкер ретінде тір­ке­луге және салық төлеуге мін­­детті емес. Ал импорттық тауар ко­ммерциялық мақсатта, яғ­ни одан әрі қайта сату үшін алынса, онда сатып алушы тауарды сату­дан түскен кірістен жеке табыс са­лығын төлеуге міндетті болады. 

Осы мүмкіндікті пайдаланып, интернетте тауар сатып алатын қазақстан­дықтарға мына мәселені айтқым келе­ді. Кез келген уақытта Қазақстан Рес­пуб­ликасының Қаржы ми­нистрлігі Мем­­лекеттік кіріс­тер комитетінің порта­лы­на (kgd.gov.kz) кіріп, қан­дай да бір интер­нет-сатушы­ның заңды түрде жұмыс істей­­тіндердің тізімінде бар-жоғын тек­се­ру­л­еріңізге болады. Бәріміз бірлесіп кеңе­се отырып, интернет-сауданың өрке­ниет­ті және заңды нарығын құрайық. Сол ар­қылы елімізді әлемнің ең дамыған ел­дері­нің қатарына бір қадам болса да жақындатамыз. 

Әңгімелескен Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»