Мен жыл басында туған республикамның туын төбемізде асқақ желбіретіп, айбынды әнұранын асқақ шырқаған Азия ойындарының Астанада өткен ашылу салтанатына қатысып қайтқан едім. Шатырының астына 30 мың көрермен сыйып кетерлік «Астана-Арена» тәрізді жабық стадиондар әлемде санаулы-ақ деседі. Десе дегендей, стадион ішіне енсең, осы заманғы сәулет өнерінің озық үлгісімен шаңырақ көтерген жабық ғимарат көңіліңді көкке көтеріп, ғажап бір толқынысты сезімге жетелейді.
30 мың көрермен дүрк көтеріліп, бәрі бірдей қосылып Қазақстанның әнұранын шырқағанда тұла бойың шымырлап, көкірегіңе отты сезім кептеліп, қос жанарыңа мөлт-мөлт етіп жас тіреледі екен. Мен нақ осындай сезім әлдиінде болдым. Қазақстан атты қасиетті елде туғаныма тәубе айтып, оның осындай ұлы тойын ұлықтау бақытына ие болған көптің бірі екендігін сезіне алу сәтімді ғұмырымның ең бір елеулі де еңселі тұсы деп есептедім.
VII Қысқы Азия спорт ойындарын өткізу құрметіне ие болған Қазақстан осы жолы тарихында көріп, білмеген мәртебелі биік табысты еншілеп, спортшыларымыз мол олжа салды. Қазақ елі тағы бір әлем тарихының алдында еңсесін биіктеткен ғажап мүмкіндікке ие болды.
Күні кеше ғана 56 мемлекеттің басын қосып, ЕҚЫҰ-ның он бір жыл бойы тоқырап қалған жұмысын қайра тірілтіп, салиқалы саммит өткіздік. Мәртебелі жиында сөз алған әр мемлекеттің көсем серкелері адамзат қауымдастығы аса қажетсініп отырған осы басқосудың бастауында тұра білген Қазақстанға, оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясаткерлігіне, салиқалы ой иесі екендігіне, бүгіні мен келешегін шебер шендестіре алар данагөй көсемдігіне бірауыздан ден қойды. Оған біз куә, тарих куә!
Олай болса, туған халқының қамын ойлап, бізге мәлім-беймәлім саяси жағдайлардың алды-артын ораған соқтықпалы соқпақтарынан соны жол тауып, сол жолда сүрінбей, жаңылмай жанкештілікпен тәуелсіздігіміздің 20 жылына сау-саламат жеткізген бірден-бір тұлғаның Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екендігін мойындауға міндеттіміз.
«Ел болса ер туғызбай тұра алмайды!» Бұл – аксиома. Сол шындықтың шырай берер тұсын сонау Тұран жұртынан қалған жыртыстай бүгінгі әрі дана, әрі бала, әрі мәрт, әрі нәмәрт, нелер ұлы тұлғалардың тал бесігі болған алтын құрсақты Қазақ елі, қазақ халқы екендігін ескермеске бола ма? Тарихтың тулаған толқындарына бірде шым батып, бірде құлшына құлаш ұрып, бірде ескеріліп, бірде ескерілмей, бірде жолынан қағылып, бірде төрінен сырылып келген қаймана қазақ Абылай тұсындағы аз ғана уақыт ерлік пен серіліктің, еркіндік пен еркеліктің кезеңінен өтті. Одан кейінгі көрген қазақтың құқайы ордан шықса сорға, сордан шықса қайра келіп орға жығылған сорлының халін кешті. Бұл бұралаң бұлталақ жолда да біздің мұң оранып, зар кешкен тарихымыздың қанды да шаңды ізі жатыр.
Әр тарихи құбылыс пен жағдаяттың (ситуацияның) өзіне ғана тән тағылымы болмақ. Қазақ елі мен жұртына осыдан жиырма жыл бұрын бақыт құсы болып қонған Азаттық, Бостандық, Тәуелсіздік тағылымын әркім әрқалай тұспалдап, әр түрлі түсінетіндігі заңдылық. Бірақ, меніңше, «ақ түйенің қарны жарылды» дейтін ақжарылқап кезең тарих-ананың құрсағында тым көп жатып, зарықтырған, көп тостырып торықтырған, өмірге ай маңдайы жарқырап келер сәтін күтінгені ақиқат еді. Ол сан ғасыр қызыл тобық қар кешіп, қызыл аяқ жар кешкен бабалар мен аталардың арман-аңсары еді. Ақ жаулықты әжелер мен аналарымыздың түнде алдына алып сәбиін тербеткен әлди-әніне айналды, күндіз күйзеліс күрсінісі мол жүрек тұсына шемен болып байланды сол азаттық.
Сол сәруәрлі сәт туды. Қазақстан тәуелсіздігін әлемге жария етті. Ендігі бағыт-бағдар қандай болмақ, келешекке кешікпей аттанып кетерде қазақ көш-керуенінің бұйдасын кімге сеніп беруге болады деген жолайрық күй кештік. Оны да тарлан тарих бекерге шығармайды. Осы сындарлы сәтте жасынан металлургтер пешінде құрышпен бірге біте қайнасып, бойы да, ойы да болат болып бекінген қазақтың бір ұлы тұлға биіктеткен. Ол бүгінгі Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев еді.
Жаңа істі бастап кету оңай болмады. Кеңес берушілер де, даңғылдан тұйыққа жол сілтеушілер де жеткілікті еді. Солардың біразы жас елді жалпасынан түсіріп, шексіз байлыққа мелдектесек деген залымдық пиғылда болғандығы жасырын емес. Әсіресе, ел экономикасының еселенер тұсы – ауыл шаруашылығын реформалауда қия жарда қисық басқан тұсымыз да аз болмады. Сол қисынсыздық зардабы көбінесе қазақ ауылдарына ауыр жүк артып кетті. Бірқатары батпан жүкті көтере алмай шатқаяқтай тұралап, тәйкесінен түсті. Шаруашылықты шашып алдық. Енді ғана ес жия бастағандаймыз. Денсаулық сақтау, білім беру, ғылымды өркендетіп, оны ел игілігіне жегу мәселелерінің үңілер тұзы азшылық етпейді.
Дей тұрсақ та Тәуелсіз ел іргесін бекемдеп, экономикасын еселеп, әлеуметтік даму сатылары биіктеп, хал-ахуал ауаны жақсара түскендігін дос түгілі дұшпанымыз мойындай бастады. Әрине, бұл арада диферамба айтып, жарамсақ мадақ, қисынсыз мақтау айтудың қажеті жоқ, әрі мен оның адамы емеспін.
Республика Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биыл да әдеттегідей Қазақстан халқына кезекті Жолдауын арнағаны белгілі. Маған бұл Жолдау өзінің салиқалы салмағымен, сұңғатты сипатымен, еліне алаң, жанашыр көңілдің көкжиегін аңдатқан ақылмандығымен ерекшеленгендей көрінді.
Мен Жолдауды түгел сүзіп, көкірек көңілімнен өткізгеніммен, онымды тегіс тізбелеп, баға беруден аулақпын. Екі ғана мәселеге назар аударсам деймін. Соның бірі де бірегейі мемлекеттік тіл – ана тіліміз хақында.
Сөз жоқ, ана тілімізге алаң көңіл әлі де күпті сезімнен ада-күде арылып болды дей алмаймыз. Бұл төңіректе айтылған, айтылып келген, айтыла бермек әңгіме әуейі жауырлы шиырға айналып болды. Сондағы айтатынымыз тілдің дамымауына Президент, Үкімет, Парламент кінәлі деген солақай сыннан әрі аспайды. Өз бойындағы кемшілік кінә мен күнәні құдайға құлата сөйлейтін қазақ бұл жолы да тіл мәселесіне өзінің қатысы жоқ, сырт бақылаушы рөлінде тұрып келеді. Бұл – аса өкінішті жағдай. Тап осындай пиғылды халықтың тілі қалай дамып, өркен жаяды.
Осыдан екі жыл бұрын Қадыр ақын Көкшетауға келгенде: «Балаларым өлеңдерімді оқымайды, немерелеріммен ана тілімде сөйлесе алмайтын халге жеттім», деп жанарына жас алғаны есте. Бұл ақынның трагедиясы ғана емес, тұтас қоғам тұтқасы – қазақтың қайғысы ғой.
Президент өз Жолдауында: «Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын (басқа ұлт өкілдерін қоса деп түсіндік – Т.Қ.) 80 пайызға дейін жеткізу», деп атап көрсетті. Міне, тіл мәселесінде Елбасы алдымызға нақтылы осындай міндет жүктеп отыр. Бұл – хан-қара, басшы-қосшыға тікелей қатысты, менікі-сенікі демейтін аса абыройлы да ауыр міндет. Абыройлылығы – міндет орындалуымен өлшенсе, ауырлығы сол міндет орындалар ма деген екіұшты күдік.
Ендеше, келіңіздер ағайын! Жұмылайық, жүрекке жүрек, білекке білек, тілекке тілек қоса қимыл көрсетейік. Өйткені, сырттан келіп «Әй, тіліңнің неге көсегесін көгертпей жатырсың», деп ешкім мүсіркемейді, қамқор да болмайды.
Жолдаудағы екінші мәселе мал шаруашылығына қатысты болып отыр. Жер асты шикізатын өндіруді дендей игерген республика қалай десек те аграрлы ел екендігін естен шығаруға тиіс емес. Астық, мал өнімдерінсіз еш ілгері баса алмасымыз айдан анық.
«Ауыл жылы» атанған кезеңдер артта қалды, одан ауылдың көсегесі көгеріп кете алмады, тізелеген қалпы тік тұра алар емес. Ендеше, бұл бағытта ойланар, ойластырып шешер мәселе бар екені анық.
Жолдауда: «Аграрлық секторда мал шаруашылығын дамыту жөнінде бұрын-соңды болып көрмеген жоба жүзеге асырылады», деп шегелей келіп: «2016 жылдың өзінде ет экспорты 60 мың тоннаға жетеді, мұның құны 4 миллион тонна бидай экспортына тең», дегенге назар аударылған. Оның үстіне мал шаруашылығын дамыту барысында елімізде қосымша 20 мыңнан астам ауылдастарымызға жұмыс орны ашылмақ екен.
Міне, мені ерекше қызықтырған екі мәселенің әужайы жалпы ел өмірінің бүгінінен де ертеңіне деген алаң көңілімізді орнықтырып, жарқын болашаққа деген сенім сипатын тереңдете түскендей болды.
Бүгінде кез келген қазақстандық өз үміті мен келешегін ел басшысының сарабдал саясаткерлігіне, ел мүддесін бәрінен де, өз орынтағынан да биік қоя білер салиқалылығына, тұйықтан алып шығар данагөй көсемдігіне, тағы басқа да асыл қасиеттеріне тәуелді қарастырады. Бұл заңды да.
Осы орайда тап қазіргі таңда әлем танып, мойындаған, ірі саясаткерлермен иықтаса алар кімің бар дегенде, ойға алдымен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев есімі оралары ақиқат. Ендеше, атқарылған істі уақыт өлшемімен шендестірмей, оның пайым-парқын парасат биігімен деңгейлес қарасақ, жүзеге асқан істеріміз бен қол жеткен табыстарымыз, сыртқы саясаттағы бедел-абыройымыз бүгінгі Президент басшылығы тұсында жүзеге асқандығын көңілге медет санағанымыз жөн болмақ.
Егер елін шашау шығармай, береке-бірлікте ұстаса, көршілес республикалардай қанды қасапқа ұрындырмаса, ел бірлігін, дінге төзімділікті достық, келісім аясында шешіп беріп отырса, жер-көктен жаңа тұлға іздеудің қисыны бар ма. 46 конфессия мен 130-дан астам этностың ортақ ордасы Қазақстан емес пе.
Тарихта 20-30 жыл ел басқарған тұлғалар аз емес. Өзінің ғаламат табыстарымен әлем назарын аударған оймақтай ғана Сингапур мемлекеті өз өркендеуіне 31 жыл басшылық жасаған ұлы реформатор Ли Куан Юдің арқасында жеткендігін кім білмейді. Немесе 1981-2003 жылдар аралығында Малайзия мемлекетіне ауысымсыз басшылық жасаған Махатхир Мохаммад жүргізіп келген ішкі-сыртқы сындарлы саясаты нәтижесінде айтулы экономикалық қарыштауларды қамтамасыз ете білді. АҚШ тарихында қатарынан төрт рет президент болып сайланған Франклин Делано Рузвельт есімі оның елі үшін атқарған сандаған еңбектерін айтпағанда, америка халқын ұлы депрессиядан аман алып шыққан көреген көсем ретінде бағаланғандығына тарих куә!
«Өз еліңде пайғамбар жоқ» дейтін езу тарттырар қасаң қағида бар. Әр ел өз Ғайсасы мен Мұхаммедін тудыра берсе, онда пайғамбарлықтың қадір-қасиеті қайда қалмақ. Ал қазақстандықтар Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев есімімен мақтана алады әрі Қазақстанды бұл есімнен бөле қарау тарихқа қиянат.
Төлеген ҚАЖЫБАЙ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жазушы.
Көкшетау.