Алматыда Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыруға арналған қалалық актив жиналысында Бауыржан Байбек «Алматыны дамытудың 50 драйвер жобасы» бастамасының қолға алынғандығын мәлімдеді.
Қала әкімі Жолдаудағы экономикалық өсім мен азаматтардың тұрмыстық жағдайын жақсарту, адами капиталды дамыту, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру сынды үш маңызды мәселені шешуді алға міндет етіп қойғанын атап өтті.
«Елбасының биылғы Жолдауында белгіленген 10 нақты міндет еліміздің әлемдік төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінде жаңа технологиялық дамудан қалыс қалмаудың негізгі тетіктері саналады. Жаһанданудың түрлі сын-қатерлерін ұтымды еңсеріп қана қоймай, жаңа технологияларды қоғам өмірінде тиімді пайдалана білу жеңімпаздар қатарынан табылудың даңғыл жолы. Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асырудың жобалық қағидасы бойынша біз эконономиканың одан әрі дамуын және қала келбетінің оң өзгерісін қамтамасыз ететін «Алматыны дамытудың 50 драйвер жобасы» туралы бастаманы қолға алдық. Әрбір жоба бойынша нақтылы мерзімдер, орындаушылар мен ресурстар анықталды. Әлеуметтік саладағы жобалар саны –30%, көлік саласында – төрттен бірі, энергетика мен абаттандыру бойынша 10% болып отыр. Бұлардың барлығы жобаның мақсаттары мен міндеттеріне сай келеді, сондықтан оларды міндетті түрде жүзеге асыру қажет», деген Б.Байбек 50 драйвердің ішіндегі маңыздысы – құны 180 миллиард теңгелік 41 жоба іске асырылып жатқан Индустриялық аймақты дамыту екеніне тоқталды. Жобаларды жүзеге асыру барысында экспортқа бейімделу, импортты алмастыру, қала экологиясы мен қауіпсіздігі үшін өндірісті қала сыртына шығару мәселелеріне жете назар аударылатынын айтқан қала басшысы Елбасы тапсырмасы бойынша қала меншігіне берілген соң «Алматы» АЭА болып қайта құрылатын «Алатау» инновациялық технологиялар паркі де бір драйверге айналатынын жеткізді. Әлеуетті салалар тізімін кеңейту жоспарланып, фармацевтика, өндірістік қорғаныс, машина жасау салалары бойынша жобалар қолға алынбақ.
«Мемлекет басшысы кәсіпорындардың энергияны тиімді әрі үнемді жұмсауына, қуат өндірушілердің экологиялық тұрғыда таза әрі тиімді жұмыс істеуіне қатысты талаптарды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ шағын және орта бизнесті көптеп тарта отырып, тұрмыстық қатты қалдықтарды жою және қайта өңдеудің заманға сай әдістері бойынша нақты шешімдер қабылдауға қатысты нақты тапсырмалар берілді. Біз қазірден-ақ «жасыл энергетикаға» көшу бойынша жұмыстар жүргізе бастадық», деді қала әкімі.
Ол бүгінде жеке сектордың 96 пайызы газға көшірілгенін, жыл аяғына дейін толық газбен қамтамасыз етілетінін, 2021 жылы Алматы агломерациясы аймағындағы 4 мың жеке үй газдандырылатынын айта келіп, ЖЭО-1 жаңғыртылып жатқанын, тозығы жеткен қазандықтардың орнына құны 35 млрд теңгеден асатын жаңа газ қазандықтары орнатылатынын, қазіргі уақытта «Самұрық-Энергомен» бірге ЖЭО-2 газға көшіруге қатысты техникалық экономикалық негіздеме жасалып жатқанын мәлімдеді.
Қала тұрғындарын қуантатын тағы бір жаңалық – экологиялық қоғамдық көліктердің көбейетіндігі. Қала әкімінің айтуынша, қазірдің өзінде автопарктердің 60 пайызы газбен жүретін автобустар мен троллейбустарға көшкен, 30 пайызы жаңартылған, 2 жаңа метро бекеті салынуда. Биыл мемлекет-жекеменшік әріптестігі қағидасы бойынша жеңіл рельсті көліктер құрылысы жобасын қолға алу жоспарланыпты.
Мегаполис басшысы қала экономикасын дамытуда көлік-логистикалық инфрақұрылымды одан әрі жаңғыртудың маңызы зор екеніне тоқталды. Жүзеге асырылып жатқан ауқымды БАКАД жобасы Алматыны «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жүйесіне енгізіп, қаланың көлік жүктемесін 10 пайызға азайтады. Әуежайды жаңғырту да осы бағытты дамытуға ықпал етеді.
Қаладағы 38 жоғары оқу орнының ғылыми және білім беру әлеуеті инновация мен жаңа технологиялар мәселелерін шешуге жұмсалуы тиіс екенін де баса айтқан әкім «Алматыны дамытудың 50 драйвер жобасы» бастамасына екі жаңа халықаралық мектеп құрылысы да енгенін, Оқушылар сарайы базасында кәсіпкерлік негіздеріне үйрететін бизнес-инкубатор құрылатынын мәлімдеді.
«Адами капиталды дамытудың басты көрінісі – ұлт денсаулығы. Сондықтан аурудың алдын алуға жете назар аударылуы тиіс. Бұл ең алдымен, бастапқы диагностиканы дамыту және саламатты өмір салтын насихаттау. Межелеп отырған драйверлерді іске асыру үшін алдағы үш жылда онкологиялық орталық, қазақ-жапон диагностикалық орталығы, ЭКО орталығы бар перзентхана, MountSinai халықаралық госпиталі сияқты 4 ірі медициналық нысан салынады», деген қала әкімі Жолдауды жүзеге асыруда цифрландыру көріністері мен Smartcity жобасының маңызына да тоқталып өтті.
Бүгінде Алматы – цифрландыру бойынша Қазақстан қалалары арасында көшбасшы, IT-өнімдер бойынша қала үлесі 50 пайызға жеткен. Smartcity аясында қауіпсіздік, селдің алдын алу мониторингі, қоғамдық көлік, білім беру және денсаулық сақтау салаларында цифрлы жобалар жүзеге асырыла бастаған.
Актив жиналысында Алматыны дамыту орталығының басшысы Жанна Төлегенова Индустрия 4.0 мен қазірдің өзінде жүзеге аса бастаған Смарт-Алматы жобалары туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, қанатқақты режімде CISCO халықаралық компаниясымен бірігіп интеллектуалдық көлік жүйесі қолға алынып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, қоғамдық қауіпсіздік, денсаулық сақтау, білім беру, мемлекеттік қызмет көрсету салаларында смарт-жобалар сәтті түрде іске асырыла бастаған.
Өз кезегінде №71 мектеп-лицей директоры С.Кулик Президенттің халыққа арнаған Жолдауындағы басты міндеттің бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру екенін тілге тиек ете келе, «Әрине басқа графикаға көшкен кезде міндетті түрде тіл жаңарады. Ең алдымен, бұл заманауи технологиялар мен коммуникацияларды енгізуге, ХХІ ғасырдағы ғылым мен білім жүйелеріне қатысты болмақ. Латын графикасы барлық қолданыста мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырады. Лингвистердің айтуынша, осы жағдайда жаңа терминдерді, өзге сөздерді қазақ тіліне енгізу проблемасы жойылып, біз өз фонетикамызға барынша жақындайтын боламыз. Ал бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айқын көрсетіліп, Президент Жолдауында айтылғандай, Қазақстанның әлемдік білім кеңістігіне енуі болып табылады», деді.
Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ