• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Қаңтар, 2018

Термин мәселесінде түйткіл көп

699 рет
көрсетілді

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында латын әліпбиіне көшу мәселесін – ұлттық санамызды жаңғыртудың келелі міндеттерінің бірі ретінде белгілей отырып, оның қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылым және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты екенін айрықша атап көрсетті. 

Мемлекеттік тілдегі ұлттық заңнама лингвистикасының латын әліпбиіне бейімделуі де лексикалық, терминологиялық жаңа сапалық өзгерістерді қам­титыны белгілі. Сондықтан жаңа әліпбидің қабылдануына катыс­ты ұлттық заңнаманы латын әрпіне көшіру жоспарын қол­ға алу, заңнама терминдерін ұлт­тық тілімізге біржола бейімдеу жұмысын жандандыру қажет.

Мемлекеттік тілді дамытуға жыл сайын қыруар қаржы жұм­салып жатқанына қарамастан, бұл бағыттағы жетістігіміз әлі де ойдағыдай емес. Заңнама тер­мин­­дерін қалыптастыруда, біріз­ді­­л­ікті қамтамасыз етуде нақты тұ­жы­­рымдалған ұстаным жоқ. Атал­­ған салада әркім өз біл­­ген­і­мен жұмыс істеп, заңна­ма­ны қазақ­­ша сөйлетуде бір тер­ми­н­ді әр­түрлі қолданып, заң­дар­ды орын­­дауда күрделі қиын­дық­­тарға ду­шар болып отыр­мыз. Мәселен «дек­ри­минализа­ция» деген тер­миннің өзі елі­міздің заңдарында «қылмыс­тық сипаттан арылту», «қыл­мыс­сыздандыру» деп, Үкімет қау­лы­ларында «қылмыс деп таны­мау», «қылмыстан арылту», «декриминализациялау» деп қол­данылады. Мұндай мысалдар жетіп-артылады.

Қазақ тілінің байлығы, мағы­налық көпнұсқалылығы, сино­нимдік қатарларының кең­дігі көркем әдебиетте мол мүмкін­діктер ашқанымен, өзін­дік ерекше талаптарға сай жасақ­тала­тын заң актілерінде белгілі бір қиын­дықтар туғызып, нормативтік құқық­тық актілерде заң техника­сының тілге қатысты талаптары сақталмай отыр.

Қазіргі заң мәтіндерін аударушылар мен терминологтардың арасында халықаралық терминдерді қазақшалауда сөздердің этимологиясын дұрыс пайдаланбай, оларды бұрмалап, орынсыз пайдалану жиі кездесіп жүр. Олар орыс, ағылшын, неміс және басқа да Еуропаның тілінде жүздеген жылдан бері пайдаланылып келе жатқан сөздердің барлығына қазақша балама іздеп, олардың заңдық-терминдік мағынасын бұзып отыр.

Жедел жүріп жатқан жаһан­дану мен интеграция процес­терінде тілдер де бір-бірімен жа­қын­дай түскенін аңғаруға бола­ды. Бұл жолда термин сөздер­дің ықпалы ерекше. Демек, тер­мин­дерді жан-жақты ғылы­ми-практикалық зерделеуден өткіз­бей, заң мәтіндеріне енгізу­ге жол бермеу керек. Әрбір тер­мин­ді бекітіп, оны заң мәтіні­не енгізбес бұрын жан-жақты ғылыми-прак­тикалық талдаудан өткізген жөн.

Еліміз тәуелсіздікке қол жет­кізгенге дейін, яғни Кеңес Одағы кезеңінде халықаралық терминдер, қысқарған сөздер аударылмай, сол қалпында алынуға тиіс деген бұлжымас қағида болған. Мысалы, право, космос, спут­ник, баланс, стаж, стажер, тағы басқа көптеген сөздер сол қал­пында қолданылатын. Ал тәуел­сіздіктің алғашқы күнінен бас­тап халықаралық терминдерді жап­пай қазақшалау басталып, тілі­мізге еніп жатқан терминдер құ­лаққа түрпідей тиіп, өзіміз әрең түсінетін халге жеттік. Бұл проб­лем­аны Елбасы да кезінде және жуырдағы Жолдауында атап көрсетті.

Демек, Тіл комитеті, Линг­вистика орталығы және басқа да тілмен айналысатын ұйымдар заңдағы терминдерді дұрыстап, бірізділікті қамтамасыз ету мақ­сатында бұрыннан бар сөздік қорға ревизия жасап, олардың арасы­нан талапқа сай келетін нұсқа­ларды қалдыруы керек.

Бұл мәселе депутаттар тарапынан былтыр да көтеріліп, арнайы депутаттық сауал жолданған болатын. Алайда, бүгінге дейін осыған қатысты қандай да бір іс атқарылғанын көріп отырған жоқпыз.

Тілді сақтау, дамыту, оның өзге тілдермен байланы­сын қалып­тастыру тек тіл маман­дарының ғана ісі емес, оған бәріміз де атсалысуымыз керек. Сондықтан біз Үкімет басшы­сы Бақытжан Са­ғын­таевқа депу­тат­тық сауал жолдап, жоғарыда айтылған мә­се­лелерді қайта қарас­тырып, тиісті шешім қабылдауды сұрадық.

Асылбек СМАҒҰЛОВ,

Мәжіліс депутаты