«Мен, Бота Аушахманова – облыс орталығының Ш.Шөкин көшесіндегі №145 үйдің тұрғынымын. Пәтерде жылу аз. Бірнеше рет ПИК-ке бардым, олар да шарасыз. Бір ай бойы электрлі батареямен отырмыз. Жылуы жоқ үйде жылуға ақша төлеп отырмыз...». Бұл – облыс әкімдігінің сайтына жазылған шағым хаттардың бірі.
Жуырда облыс әкімдігінде көптен күткен жылу мәселесінің жайы талқыланды. Жылу қайда кетіп жатыр? Тұрғындарды мазалайтын мәселе – осы. Сақылдаған сары аязда облыс әкімінің міндетін атқарушы Ұлан Жазылбек жылу маусымына жауапты орындармен күнделікті жағдайды жіті бақылауға алу керек еді. Алайда облыс әкімінің бірінші орынбасары энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына жауапты болса-дағы бұл мәселеге назар аудармағаны белгілі болды. Сондықтан өңір басшысы Болат Бақауов жұмысқа шығысымен-ақ жылу және электр қуатымен қамту бойынша жедел шаралар қабылдауды тапсырды. Облыс әкімі жиында өзінің жеке блогына тұрғын үйлердегі жылу температурасының төмендеуіне байланысты шағымдар түсіп жатқанын жеткізді.
«Мысалы, Толстой көшесіндегі №82 үйдің тұрғындары пәтердегі температура 14-16 градус деңгейінде ғана тұрғандықтан жылытқыштармен жылынып отырғандарын жазуда. Қалалық тұрғын үй инспекциясы бұл жағдайды білсе де еш әрекет жасамай отыр. Кутузов көшесіндегі 291-ші үйдің тұрғындары аяздың кесірінен лифтінің тоқтап қалу қаупі бар екенін жеткізді. Катаев көшесіндегі №12 үйдің пәтерлеріндегі температура 18 градус», деді Б. Бақауов.
Жылусыз қалған тұрғын үйлер санын әрі қарай тізе беруге болады. Мысалы, Естай, Қамзин, Катаев, Есенәлиев, Бестужев, Шөкин және 2-ші Павлодар аумағындағы Чкалов, Мүткенов, Заслонов көшелері бойындағы үйлердің тұрғындары жазған шағымдарды облыс әкімдігінің ресми сайтынан көруге болады. Бәрінің де айтатыны бір – күн аяз, пәтерлер суық, жылу орталықтары жылуды толық деңгейінде жеткізбеуде.
Былтыр тамыз айында Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі 2017-2018 жылдардағы жылу беру маусымына барлық үй әзір. «Павлодар жылу желілері» ЖШС жылу желілерінің 8,606 шақырымы, яғни 90 пайызына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен бірге №1, №2, №3 жылу беру орталықтарына гидравликалық сынақ өткізді, деп хабарлаған болатын. Жалпы, облыс орталығында 1217 тұрғын үй мен 132 ПИК тіркелген. Егер үйлер жылу маусымына дайын болса, онда облыс әкімі айтқан Катаев көшесіндегі №12 үйде, Ткачев көшесіндегі №9 үйде жылу тораптары бітеліп қалмас еді. Яғни мұнда жылу жүрмегендіктен 18 градустан әрі қарай жылыта алмайды. Жылу желілерінің гидравликалық жылуды көтере алмай отырғаны қаладағы бірқатар пәтерлердің басындағы жағдай.
Жиында «Павлодар жылу желілері» ЖШС бар кінәні пәтер иелері коопертивтеріне итерді. Ал ПИК жетекшілері бар мәселе жылу орталықтарында дейді. Екі арада тұтынушы аң-таң. Айталық, жылу орталықтары пәтерлердің батареяларына 10 жылдан бері жөндеу жүргізілмегендіктен жылу температурасы төмендейтінін айтады. Бірақ қазір екі пәтердің бірінде жаңа батереялар орнатылған, бұл мәселеде ешқандай ақау жоқ. Өйткені солтүстіктің әрбір тұрғыны қыс қаһарында жылу батареясының жарылып, суықта қалғанын қаламайды. Ал қысқа дайындық кезінде жертөлені бірлесе тазалап, жөндеп тұру тұрғындар мойнында болса, ПИК-тер бұл істе белсенділік танытуы қажет.
Расында тұрғындарда қалыптасып қалған әдет пе, жертөленің жағдайымен ісі жоқ. Өз пәтерінің жылы болғанын ғана ойлайтын келте түсінік бар. Сондай-ақ жылу берушілердің айтуынша, тұрғын үйлерге қойылатын жылу есептегіш құралдардың пайдасы аз емес. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі үшін бұл жоспарлы жұмыс. Ал жылу берушілер жылу көп берілсе, шығын да көп жұмсалатынын, есептегіш құрал жылуды үнемдеуге көмектесетінін, үнемделген жылуды қымбат бағаға көрші Ресейге сатуға болатынын айтады.
Былтыр қала әкімдігі «облыс орталығында 914 көп қабатты үйге жылу энергиясын есептейтін құралдар орнатылады. Бұл коммуналдық шығынды 30 пайызға үнемдеуге мүмкіндік береді» деп хабарлады. Тіпті тұрғын үй саласын дамыту қоры мен «Жылу жүйелері» ЖШС және «Авентис Групп» ЖШС арасында үшжақты келісім жасалды. 2018 жылы тағы 210 үйге 386 құрал орнатылып, көрсеткіш 100 пайызға жетеді деді. Жылу энергиясын есептейтін құралдың бағасы – 700 мың теңге. Тұрғындарға бөліп төлеу мүмкіндігі – 42 ай. Бірақ көпқабатты үйлердің 30 пайызға жуық тұрғыны жылу есептейтін құрал орнатудан бас тартты. Тіпті ПИК-тердің көпшілігі өлшеу құралын орнатуға келіспеді. Өйткені аталған құрылғы дұрыс орнатылмаса, жылудың пәтерлерге қалыпты тарауына кедергі келтіретін көрінеді.
Қала әкімі Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, қазір жылыту бағытындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Қалалық тұрғын үй инспекциясы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерімен бірлесе шағым түскен үйлерді аралады. Жылу құбырларының кейбір параметрлері сәйкес келмейтінін көрдік. Бұл ақпарат «Жылу желілері» ЖШС-на берілді. Қазір қоғамдық денсаулықты қорғау басқармасына тексеріс жүргізу туралы тапсырма бердім. Егер жылуды тиісті көлемде жеткізбеу деректері анықталса, ПИК-тер жеткізілмеген жылу бойынша төлемақыны қайта есептетулері керек», дейді шаһар басшысы.
Бірақ 22 қаңтарда №3 жылу орталығы жылу қазандығының қосымша пеші апатты жағдайда жұмысын тоқтатты. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, қосымша қазандықтар іске қосылды. Яғни, пәтерлердің салқын болуы батареядан емес екенін қарапайым халық біледі. Сонымен бірге шағымданған Есенәлиев көшесіндегі №1 үйдегі тұрғындардың айтуынша, жақын жерден бой көтерген сауда үйлері де пәтерлердегі жылудың азаюына себепкер. Әрине, облыс орталығында жаңа құрылыстар көптеп салынып, сауда орталықтары көбейіп келеді. Бірақ бұл орталықтар қайнап тұр. Тіпті едендерінен де жылу шашып тұр. Қызмет көрсету орталықтары да жып-жылы. Ал пәтерлердің жылуы қайда кетеді? Өңірде бұл мәселені зерттеуге қабілетті мамандардың жоқтығы да байқалуда. Таяуда Екібастұз қаласының тұрғындары үйлерге жылудың дұрыс берілмейтіні жөнінде қалалық мәслихатқа шағымданды. Депутаттар «Екібастұз жылу желілері» ЖШС кәсіпорны нысандарында орналасқан жылу насостарының қажетті деңгейде іске қосылмай тұрғанын анықтады. Бірақ жылуға жауапты кәсіпорын басшылары депутаттардың аумаққа рұқсатсыз кіргенін айтып, сотқа беретіндерін жеткізді. Жалпы, жылу мәселесінде тұрғындардың коммуналдық мекемені сотқа беруге де құқы бар екені белгілі.
Қазір қатты аяз. Ал павлодарлық тұрғындар пәтерлерін түрлі тәсілдермен жылытып әлек. Бірі электржылытқыш, бірі желдеткіштің жылы ауасын қосады, тіпті ыстық су құйылған бөтелкелерді пайдаланып жатқандар бар. Бұл – қып-қызыл шығын.
Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан»
авлодар