Бүгінгі күні Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі цифрлы технологияларды жұмыс барысында белсенді түрде қолдануда. Себебі мұндай технологиялар халыққа қызмет көрсету процесін бұрынғыдан да қолжетімді, жеңіл және айқын ете түседі. Банктің клиенттерге ұсынып отырған цифрлы сервистері азаматтардың уақытын айтарлықтай үнемдеп, бөлімшеге бармай-ақ, қашықтан банк операцияларын жүргізуге мүмкіндік береді.
Мәселен, цифрлы технологияларды қолдану арқылы банк тұрғын үй құрылыс жинағы туралы келісімшартты ашу уақытын 5 есе қысқартуға қол жеткізе алды (бұрын бұл 30 минут уақытты алатын, қазір 7 минутқа дейін азайды). Бұдан бөлек несие өтінімін қарастыру да 1,5 күнге дейін қысқарды (бұрынғыға қарағанда 4,5 есе аз).
Бұл заманауи технологияларды қолдануға қатысты шағын мысал ғана. Ауқымды жобалар туралы келесіні айтуға болады.
2017 жылдың күзінде ҚТҚЖБ бірегей сервисін, атап айтқанда, Baspana.kz жылжымайтын мүлік порталын іске қосты. Тұңғыш рет мемлекеттік бағдарламалар аясында салынатын тұрғын үйлердің барлығы бір жерге біріктірілді. Бұл жай ғана ақпараттық сайт емес, бұл – қызмет көрсету порталы. Мұнда елде қандай тұрғын үй кешендерінің салынып жатқаны туралы мәліметтерді біліп қана қоймай, мемлекеттік бағдарламаға қатысуға өтініш беруге, осыдан кейін жобаға қатысушы сатып алғысы келетін нақты бір пәтерді таңдаудан бастап мемлекеттік бағдарлама бойынша заем ресімдеуге дейінгі барлық кезеңдерден өтіп шығуға болады.
Қазіргі уақытта порталда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының аясында әкімдіктер және «Бәйтерек девелопмент» компаниясы салған немесе салып жатқан 200-ден астам нысан туралы ақпарат бар.
Бұдан бөлек Baspana.kz порталында қазір банктің «Өз үйім» атты жеке бағдарламасына кіретін нысандар жайында мәліметтер енгізілуде. Келесі кезең ретінде порталда ҚТҚЖБ арқылы сатылатын нарықтағы барлық жаңа үйлер туралы ақпаратты жариялау жоспарланып отыр.
Бүгінгі күні банкте кеңесшілердің әлеуметтік желісі толыққанды жұмыс істеп жатыр. Ол ҚТҚЖБ-ның штаттан тыс агенттеріне банк қызметіне қызығушылық білдірген адамның жұмыс орнына немесе үйіне барып, қашықтан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі депозитін ашуға мүмкіндік береді. Ол үшін кеңесшіге интернетке қосылған планшет жеткілікті. Осы жылдан бастап банк кеңесшілері қашықтан салымдарды біріктіру, шотты басқа адамның атына аудару, сондай-ақ несие алу үшін клиенттен өтініш қабылдау сияқты қызметтерді де атқара алатын болатын.
Сонымен қатар банкте төлем қабылдаудың балама жолдарының толыққанды жүйесі жолға қойылған. Осының арқасында клиенттер басқа банктердің интернет-банкингі, электронды төлем жүйелері, Қазпошта, ұялы байланыс операторлары сияқты өздеріне ыңғайлы әдістермен депозит толықтырып, заем ақысын өтей алады. Барлығы 20-дан астам балама төлем жолы бар. Банк олардың бәрін тиімді қолдануда. Мысал ретінде келесі статистиканы қарастыруға болады: 2016 жылы 621 мың онлайн-төлем жүргізілген, ал 2017 жылдың қорытындысы бойынша аталған көрсеткіш 1 248 288-ге жетті. Яғни банк клиенттері жүргізетін төлемдердің шамамен 35%-ы осы балама төлем әдістері арқылы аударылады.
ҚТҚЖБ жеке интернет-банкингін де дамыту үстінде. Қазір бұл сервисті 300 мыңдай адам пайдаланады, олардың бір бөлігі – мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысатын салымшылар. Шот толықтырудан бөлек интернет-банкинг клиентке онлайн-режімде салым мен сыйақы көлемін, бағалау көрсеткішін бақылап отыруға, банк бөлімшелеріне бару үшін кезекке жазылуға, пулға қатысу үшін өтініш беруге мүмкіндік туғызады.
Осы жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бейнебанкинг атты бірегей сервисті дамытуды жалғастырады. Клиенттер бұл қызметтің көмегімен бейнебайланыс арқылы банк менеджеріне хабарласып, қашықтан кеңес ала алады.
Қазіргі уақытта бейнебанкинг Алматы және Орал қалаларындағы бөлімшелерде тестілеуден өтуде. Алдағы уақытта банк екі типтегі бейнебанкингті қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр. Олардың бір түрі банк бөлімшелерінде, ал екіншісі сайтта орналастырылады. Бейнебанкинг арқылы болашақта депозит және несие бойынша кеңес; жаңа келісімшарт ашу; шот бойынша көшірме алу; постдепозиттік операциялар; анықтама ресімдеу қызметтерін алуға болады.
2018 жылы ҚТҚЖБ «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына белсенді түрде қатысады. Банк ақпараттық жүйелерін аттестациялап, барлық мемлекеттік мәліметтер базаларына қосылуды жоспарлап отыр. Осының арқасында клиенттерден сұралатын құжаттар мен анықтамалар саны азаяды, қызмет көрсету, оның ішінде заем беру бойынша шешім қабылдау уақыты қысқарады.
Ләззат ИБРАГИМОВА, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы
АЛМАТЫ