Түркиядағы Мұстафа Ататүрік бастаған ұлт-азаттық көтерілісі кезінде «Алыстағы бауырыма» деп зар жылаған Мағжан жыры түрік пен қазақ қайғысының астасқан ауыр хәлін суреттейтін. Араға ұзақ уақыт салып, түрік шайыры да Мағжанға жауап жазып, ақын өлеңдерін түрік тіліне түгел аударады. Фейзуллах Будак Мағжан туралы үш кітап жазып, қазақ ақынының насихатшысына айналған. Биыл туғанына 125 жыл толатын Мағжан жырын түрік халқына таныстырып, табыстырып жүрген ақынмен сұхбаттасқан едік.
– Араға 83 жыл салып, Мағжан Жұмабаевтың «Алыстағы бауырыма» өлеңіне жауап жаздыңыз. Түрік халқының тағдырына алаңдаған Мағжан жырымен қашан танысып едіңіз?
– 1995 жылдың басында Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-түрік университетіне Түркия жағынан проректор болып тағайындалдым. Түркістанға келіп, жұмысыма кіріскен алғашқы күндердің бірінде Есім хан алаңындағы ректораттың үлкен залында бір жиналыс болды. Жұмыстың қауырттығына байланысты, жиынға кешігіп барған едім. Залға кіргенімде Түркиядан келген жас мұғалім бір керемет өлең оқып тұр екен. Қазақстанға келердің алдында қазақшаны жақсылап үйренгенмін. Сондықтан оқылған өлеңнің әр сөзін анық түсіндім және ол сөздер менің жүрегімді қатты толқытты. Бұл өлеңде менің жас күнімнен сеніп келген идеяларым, өз ойларым жүргендей етене жақындықты сездім.
Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой, Тамаша Түркістандай жерде туған Түріктің Тәңірі берген несібі ғой.
Ертеде Түркістанды Тұран дескен, Тұранда ер түрігім туып-өскен. Тұранның тарихы бар толқымалы, Басынан көп тамаша күндер кешкен.
Өлеңді бастан-аяқ тебіреніп, сүйінішпен тыңдадым. Өлеңнің ортасынан бастап тыңдағандықтан, авторын біле алмай отырдым. Кеш соңында өлең оқыған мұғалімнің жанына барып, кімнің өлеңі екенін сұрадым. Мағжан Жұмабаевпен алғаш сол кезде танысқан едім. Жас ұстаз Мағжан туралы магистрлік диссертация қорғаған екен. Оқып шықтым. Содан кейін Мағжанның өмір жолымен, өлеңімен тереңірек таныса бастадым.
– Мағжанның 120 жылдық мерейтойына ақынға арнап фильм түсірдіңіздер. Мағжан өлеңдерін аудардыңыз. Түркі халықтарының бір-біріне деген құрметі бұдан кейін де жалғаса береді. Түрік бауырларымыз Мағжан жырын қалай қабылдады?
– Түркияда жиырма жылдан бері үздіксіз Мағжанға арналған ғылыми конференциялар өтіп келеді. Сонда ақынның өмірінен, өлеңінен хабардар болған түрік жұрты, ақынның «Алыстағы бауырыма» өлеңін естігенде көзіне жас алмағандары сирек болады. 83 жылдан кейін мен Мағжанға жауап жаздым. Мағжанды Түркияда таныту үшін үш кітап жаздым. Ол өлеңнің жазылу тарихы былай еді.
Бірде бір жиында қазақ студенті «Мағжанның «Алыстағы бауырыма» өлеңіне жауап жазылды ма?» деп сұрады. Не жоқ, не иә деп айтарымды білмей, ыңғайсызданып, жазылар деген едім күмілжіп. Содан бастап Мағжанға («Алыстағы бауырыма») жауап іздеп, шарқ ұруда болатынмын. Ақырында түн жарымнан өтіп, үйдегі бар жан ұйқыға жатқаннан кейін, кішкене жұмыс бөлмесінің орнына үлкен залды таңдап, бар жарықты жағып, үлкен тамақ үстелінің жанындағы орындықтардың біреуіне жайғастым. Сол сәтте жан дүниемді нұрға бөлеп тұрған ұлы сезімге сай жарық әрі кең ортада болғым келген еді. Сондықтан да үлкен залды лайық көріп, бар жарықты жағып қойдым.
Мағжан Жұмабаевтың түрік ұлт-азаттық күресі үшін сексен жыл бұрын жазған өлеңін алдыма қойып, жауап жаза бастадым. Жыр жолдары адам сенбес түрде, дәл бір бұрыннан жазылып-сызылып, жадымда жатталған өлең секілді қағаз бетіне төгілуде еді. Еш бөгелместен, тегіс жазық жерде ағып жатқан ағын су секілді жүректен құйылып жатқан жауаптың соңғы шумағының ақырғы нүктесіне жеткенде бір сәт жүрегім тоқтап қалғандай сезіндім.
Басымнан өткеріп жатқан бұл қандай хәл, неткен күй еді? 17-18 жасымда (яғни 33-34 жыл бұрын) жыр жазуды ойға алып, қалам тартқан бірнеше өлеңімнен басқа ешқандай еңбегім жоқ болатын. Сонда бұл қалай болды? Бір сәт Мағжанның рухы келіп, маған бұйрық беріп, бұларды жаздырды ма деген ойға келіп, іркіліп қалдым. Содан кейін жазғандарымды бастан-аяқ қайта-қайта оқып шықтым. Иә, бұлардың барлығы көп жылдардан бері Мағжан өлеңін әр оқыған сайын іштей түйген сезімдерімнің қағаз бетіне түскен көрінісі еді. Бұл – бүгін күні бойы барша ой-сезімімді, бүкіл жан дүниемді жаулап алып, санамда бірте-бірте айқындала түскен мөлдір жыр тамшылары, жүрекжарды ізгі ойлар еді. Жауабы әр оқыған сайын терезені ашып тастап немесе балконға шығып, бүкіл Анкара аспанын зор дауыспен күркіреткім келген еді.
Бірақ мұны жасай алмай, қайта келіп, өлең мен оның жауабын қайталап оқи бастадым. Қызық бір күйге түскен едім. Кейде көкірегім жарылып, жүрегім сыртқа атылардай тулап, кейде терезеден өзімді бос кеңістікке тастап жіберіп, бейнебір құс секілді қалықтап ұшып кетердей күй кешуде болатынмын. Бірақ осы ой-сезімдермен іштей алысып жатқанда Мағжанның өлеңі мен жауабымды, әр оқыған сайын тура бір алғаш рет оқып жатқандай толқып-тебіреніп, бас алмастан оқи бердім...
– Өзіңізге Мағжан несімен қымбат, оның ақындық қуатын қалай бағалайсыз?
– Мағжан өлеңдеріндегі рухани күш тамырын тереңге тартып, түркілердің Түркістан аймағында хандықтар мен тайпалық одақтарға бөлінбей тұрған дәуірлерінен бастау алып жатыр. Мағжан отарланған қазақ даласында дүниеге келіп, бүкіл ғұмырын езгі мен қанауға түскен қоғамда өткізуіне қарамастан, оның рухы мен арманы тәуелсіз Түрік қағанатының кең жазира даласында қанат қағып, өлеңдері осындай қайнар көзден нәр алған. Мағжан Жұмабаев – көне түркі топырағында жат жерліктер ұстанған отарлау саясаты салдарынан ұзақ жылдар бойы бөлініп бөлшектенген бір халықтың жүйелі түрде қазақ, қырғыз, өзбек секілді ұлттарға топтастырылуына қарсы наразылығын білдіріп, жалынды өлеңдерінде қайсарлықпен ортақ түркі аты мен ортақ түркі болмысын әлемге танытқан парасатты ойшылдардың бірі. Оның өлеңдеріндегі ұлттың аты – ТҮРКІ, Отанның аты – ТҮРКІСТАН еді. Мағжан – менің Алтайдағы жүрегім.
– Мағжан мен түрік ұлтшылдарында ортақ қасиет бар ма?
– Мағжан Жұмабаев сөз етіп отырған түркі халқы оның өз көңіліндей кең-байтақ территорияда өмір сүруде, ал ақын жүрегі болса ұлы түркі әлемінің барлық жерінде соғып тұр. Мағжан өзіндік қырымен сол жылдары Анадолыда: «Түріктерге Түркия да, Түркістан да емес отан, Отан — ұлы және мәңгілік өлке Тұран» деп жырлаған ақын Зия Гөкалппен бір жолды, бір мақсатты ұстанғанын көрсетеді.
Мағжанның ұлт ұғымы туралы жазған өлеңдеріндегі құдіретті ой оның тек әдеби көркем күшінен ғана емес, сонымен қатар өзіне және ұлтына деген үлкен сенімінен, ұлтының бойындағы ұлы күштен нәр алып жатыр. «Мен» деп өзін емес, түркі халқын меңзеген «Мен кім?» деген өлеңінде Мағжан халқының ұлттық болмысын былай сипаттайды:
«Көкте күнмін, көпке нұрым шашамын, Көңілге алсам, қазір ғарышқа ұшамын. Шеті, түбі жоқ теңізбін қара-көк, Еркемін – толқып, шалқып, тасамын».
Мағжан өлеңдеріндегі бұл сарын сол жылдары Анадолы көгінде күркіреген дәл осындай бір айбынды үнді еріксіз еске салады. Бұл шумақтар ұлттық мәселе тұрғысында Мағжанмен бір көзқараста болған, Мағжан секілді дархан жүректен нәр алған Мехмет Акиф Ерсойдың:
«Мен ежелден азатпын, еркін алға басармын, Шынжырлап құрған торына дұшпанның өзін асармын. Буырқанған селдей боп, бөгеттерден арқырап, Қоршаған тауды қопарып, байтаққа сыймай тасармын» деген өлең жолдары бар.
– Алашорда қайраткерлері туралы түркі халқы біле ме?
– Әрине, Алашорда Үкіметі және Алаш қайраткерлері хақында түркі халқы, әсіресе түркі зиялылары өте жақсы біледі. Олар туралы біздің елде жария көрген еңбектер өте көп.
– Қазіргі қазақ ақындарынан кімдерді жақсы көріп оқисыз?
– Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шахановты жақсы білемін, етене таныспын. Өткен жылы Анкарада Олжастың 80 жылдық мерейтойында жүрек сөзімді айтып, өлеңдерін оқып бердім.
– Түркі жастары әдебиетке қызыға ма? Түркиядағы әдебиеттің хәлі қалай?
– Бұл мәселеде Қазақстан және басқа да түркі милеттерінің жағдайы Түркиядан бір дәреже жоғары деп айтсам, ең әділ сөз болады.
– Әдебиет деген, өлең деген не сіз үшін?
– Әдебиет деген, өлең деген: пікіріңді жақсылықпен, эстетикамен айту өнері. Қарапайым жұрт айтатын сөзді қарабайыр сөзбен емес, көркем сөзбен айтса, әдебиет – сол.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»