Мына фото 1889 жылы Дамаскіде түсіріліпті. Жәдігерді Алматыдағы Нұр-Мүбарак университетінің докторанты Қуат Қабдолдаұлы өзінің жеке парақшасына жариялаған еді. Қазір бұл сурет дінаралық татулық пен бірліктің символы ретінде әлемге танымал. Өйткені бейнедегі екі адамның бірі – мұсылман да, екіншісі – христиан. Яғни Абдулла есімді туа да соқыр мұсылман, өзінің досы ергежейлі, әрі сал ауруына шалдыққан христиан Самирді өмір бойы арқалап жүрген.
«Екі жарты – бір бүтін» дегендей көзі көретін Самир шұрық-тесік Дамаск көшелерімен баратын жеріне жету үшін Абдуллаға сүйенсе, оның соқыр досы сол көшелердегі шұңқырларға түсіп кетпеу үшін досы Самирге сүйенген. Яғни Самир досының арқасына отырып алып, жол көрсететін.
Сөйтіп, ергежейлі христиан мен зағип мұсылман бірі-біріне арқа сүйеп, өмірдің қиыншылығына қарсы тұрады. Бір бөлмеде тұрып, бірге жұмыс істейді.Сал христиан ескі Дамаскінің бір кофеханасында «хикая айтушы» болып нәпақа тапса, зағип мұсылман оның қасында пісірілген бұршақ сатып, көппен бірге досының керемет хикаяларын тыңдайтын.
Бір күні дәмі таусылып Самир қайтыс болады. Мұсылман Абдулла жалғыз қалады. Жансерігінен айырылған ол қатты қайғырып, жер бауырлап жатып қапты. Бір аптадан соң ол да о дүниелік болыпты.
Осы екі адамның өмірі жайлы Әл-Азхар университетінің кафедра меңгерушісі, діндар-ғалым Ато әс-Сынбати өзінің бір еңбегінде «бұл екеуінің өмірі біздің барлығымызға адам қандай дінде болсын бір-біріне мұқтаж екенін растайтын үлгі» деп жазыпты.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»