Кеше Сенаттағы Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева бастаған комитет мүшелері Ақкөлдегі «Республикалық ғарыштық байланыс орталығында» болып, мекеменің жай-күйімен танысты.
Астанадан 100 шақырым қашықта орналасқан «KazSat» сериясындағы ғарыш аппараттарын үздіксіз басқаруға, бақылауға және белгіленген техникалық және ұшу көрсеткіштерін ұстап отыруға арналған бұл орталық 2005 жылы пайдалануға берілген. Сенаторлар алдымен бөлімдерді аралап кешеннің техникалық жабдықталуын тамашалады. «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» акционерлік қоғамы мамандарының кәсіби даярлық деңгейімен танысты. Шара аясында ұшуды басқару орталығы мен «KazSat-2», «KazSat-3» ғарыш аппараттарымен байланысқа мониторинг жүргізу орталығының техникалық жабдықталу жағдайы талқыланды.
Сондай-ақ орталықтың мәжіліс залында ұйымдастырылған дөңгелек үстелде қазіргі кезде елімізде мемлекеттің бекітілген байланыс арналарына қажеттілігін толықтай қанағаттандыруға қабілетті «KazSat» толыққанды ғарыштық байланыс жүйесі құрылып, тиімді пайдаланылып жатқаны айтылды. Жиынға төрағалық еткен Дариға Назарбаева өз сөзінде кешен қызметін «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасымен өзара үйлестіре отырып, маңызды жобаларды қолға алу қажеттігін айтты. Сонымен қатар «РҒБО» АҚ алдындағы цифрландыру және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қамтамасыз ету бойынша маңызды міндеттерді де нақтылады.
Отырысқа қатысушыларды кешеннің тыныс-тіршілігі мен тиімділігі тұрғысынан хабардар еткен Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Марат Нұрғожин мен Аэроғарыш комитетінің төрағасы Еркін Шаймағамбетов және «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ президенті Виктор Лефтер мен вице-президент Бауыржан Құдабаев депутаттардың сауалдарына жауап берді.
Жылдың алғашқы күніндегі жағдай бойынша «KazSat» сериялы екі ғарыш аппараттарының сыйымдылығының орташа жүктеуі 70 пайызды құрағанын сөз еткен В.Лефтер бұл әлемдік тәжірибеде жақсы көрсеткіш болып табылатындығын алға тартты. «Өйткені әрбір ғарыш аппаратын коммерциялық жүктеу әдетте барлық ресурстың 75-80 пайызынан аспайды. «KazSat» ғарыштық спутниктік байланыс (ҒСБ) пайдаланған уақыттан бастап қызметтер импортын алмастыруды 34 млрд теңгеден астам сомаға қамтамасыз етті», деді В.Лефтер.
Оның түсіндіруінше, бүгінде «РҒБО» АҚ қолданыстағы спутниктік байланыс желілерінің үздіксіз жұмыс жасауы мен оларды одан әрі дамыту мақсатында «KazSat» байланыс және хабар тарату спутниктерінің қазақстандық ұлттық топтамасын көбейту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Айта кетейік, «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ «KazSat» ғарыштық байланыс жүйесінің ұлттық операторы болып табылады және 14 жылдан бері телекоммуникациялық операторларды, ұлттық компанияларды және холдингтерді, мемлекеттік органдар мен жеке ұйымдарды цифрлы телерадио хабар тарату, Интернет желісіне кең жолақты қолжетімділік, деректерді беру және корпоративтік спутниктік байланыс желілері қызметтерін ұсыну үшін тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп келеді. Ал «KazSat» ҒСБ екі «KazSat-2» және «KazSat-3» байланыс және хабар тарату аппараттарынан тұрады. «KazSat-2» ғарыш аппараты 2011 жылы 16 шілдеде геостационарлық орбитаға ұшырылса, «KazSat-3» ғарыш аппараты 2014 жылдың 28 сәуірінде ұшырылды. Екі спутник те бір-бірінен ешбір кем емес, есесіне кейбір техникалық параметрлер бойынша шетелдік ғарыш аппараттарынан асып түседі. Бүгінге дейін бұл екі жоба өзін-өзі толық ақтады және қазіргі күні тек әлеуметтік-экономикалық пайда ғана емес, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік міндеттерді жүзеге асыруға ықпал етуде. Мысалы, транспондерлік сыйымдылықты жалдау бойынша қызметтер импортының көлемін азайту, еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бекітілген спутниктік байланыс арналарына қажеттілігін қанағаттандыру, цифрлы теңсіздікті жою, сондай-ақ телекоммуникациялық технологияларды серпінді дамыту сынды жұмыстардың реттелуіне жүйелі түрде қатыстырылуда.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»