К.Станиславскийдің әйгілі жүйесінде «кейіпкержандылық өнері» және «кейіпкерсындылық өнері» деген терминдер бар. Қазақ киносындағы жасалып жатқан көп дүниелер осы анықтаманың соңғысы іспеттес. Қандай ұлттық кейіпкер болсын образының ішіне ендеп кіре алмайды, тек сырт бейнесін кейіптейді. Ханы «хан сынды», қарасы «қара сынды», баласы «бала сынды», данасы «дана сынды». Жан жоқ. Характер жоқ. Түйсіну жоқ. Себебі, бұл бейнелер (ұлттық бейнелер) авторға (режиссерге) таныс емес. Сырт келбеті ғана елес береді. Онда да бірлі-жарым орыстілді авторлардың түсірілім, жазба картиналары арқылы ғана. Сол арқылы долбарлап кейіптей береді. Тарихи фильм болса, алқа-қотан отырғызып, кеңес құрғызады, атқа мінгізеді, қымыз ішкізеді, қамшы ұстап, сақалдарын саумалатып, ыңырантып кеңес бастатқызады. Қайта-қайта аттарын кісінеткізіп, қыздарын жарқабаққа отырғызып ән салдырады. Заманауи фильм жасаса, тіпті сорақы, тіпті мемлекетіңді, ұлтыңды танымай дүдәмал күй кешесіз.
Ж.Аймауытовтың «Күнекейдің жазығы» атты повесін еске түсірейікші. Сондағы қазақ қоғамы. Тұрмысы. Танымы. Етіңізге жақын көйлек, жаныңызға жақын кейіпкерлер міне, сонда. Сондағы жалғыз қызының ұзатылу тойына жалғыз қой таба алмағанында шаруасы жоқ, бар тірлікті еті тірі әйеліне итеріп салып, кешкі астан кейін от басында омалып қалған Күнекейдің қамсыз әкесі мен ынжық ағасының бейнелері мен Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» повесіндегі жалқау, шала сауатты әкенің образының бояуы қандай қанық!
М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы кесек-кесек образдарды былай қойғанда, қиямпұрыс Қиясбайдың бейнесі қандай? Ұлттық типаждар ғой бұлар. Бұл бейнелер неге бүгінгі қазақ киноларында бедерленбеген? Бұл мінез ғой? Мінезсіз шынайы (ұлттық) бейне туа ма? Болмаса, Жүсіпбектің «Қартқожа» повесіндегі «көн шалбары құйрығына қатқан, таң атпай бүрсеңдеп, күзгі жабағы жүні қалып кеткен тоқтыдай сирағы сидиған» бала молда бейнесі ше? Ғаламат сурет емес пе? Бұл суретті қашан танитын боламыз? Болмаса, мұрнынан сорасы ағып, отбасына күншілік жерден боранға ұшып дән тасыған әкесінің бейнесі ше? Бұл әкенің ғана емес, заманның бейнесі емес пе? Бұларды оқымай, танымай қалай қазақты тануға болады? Қалай халқымыздың қасіретін тануға болады? Осыларды алдымен өз көкірегімізге қотарып алмай, киномыздағы ұлттық кейіпкерлеріміздің көкіректеріне жан құя аламыз ба?
Қазақ әдебиетіндегі қатталған, сұрыпталған, жоғарыда біз бетін қалқып, шет жағасын ғана шалған типтік бейнелер галереясын жоғалтуымыз – ұлтымызды жоғалтумен бірдей. Ол бейнелер кинотуындыларда бояуын көшірмей көрініс табуға тиісті. Себебі түсінікті, әрине, ұлттық киноөнімі бейнелерінің ұлттық бояуы қанық болмай, туынды ұлттық дүние деп танылмайды. Ал жас ұрпақ өзінің типтік бейнелерін танымай, ұлтын танымайды! Кейіпкерін сүймей, елін сүймейді!
Әлем киносындағы мойны озық, шығармалардың да дені әдеби негізге ие, ұлттық колоритке бай. А.Тарковский орыстың ғана емес, шеберлігімен, өзіндік қолтаңбасымен әлемді мойындатқан режиссер екендігіне ешкімнің дауы жоқ болар. Кино сан түрлі өнердің синтезі дегенді мойындағысы келмей, кинотуындының өзіндік тілін іздеп, шарқ ұрған ғұлама «Уақыттың таңбалануы» деп аталатын киноның жүйесіне негізделген еркін еңбек жазды. Бұл еңбегінде автор кино өнерін әдебиеттен де, театрдан да, живописьтен де, музыкадан да азат, дербес өнер ретінде қарастырып, соңында мүмкін кино өнері – уақыттың есте қалуы – таңбалануы болар деген ой тастайды. А.Тарковский ол ойының дәлелі ретінде осыдан жүз жылдан аса уақыт бұрын түсірілген ағайынды Люмьерлердің «Пойыздың келуі» картинасын мысал қылады. Ешқандай боямасыз, ойынсыз, шындыққа негізделу арқылы ғана эффект берер картина. Яғни мұндағы негіз – шынайылықта. Тарихи бояуда. Бүгінгі күн ертең тарихқа айналады. Ал біздің бояуымыздың түсі қандай? Біз уақытты таңбалап жүрміз бе, жоқ, әлде арзан водевиль құрап, тарихтың бетін шимайлап жүрміз бе?
Жә, дейік. Сол әдебиетті кинодан бөлуге лайықты талпыныс жасаған А.Тарковскийдің фильм жасаудағы сүйенері – туған ұлтының өрнегі жатқан әдебиет еді. Оның ең алғаш 1962 жылы түсіріліп, сол жылы Венеция кинофестивалінде «Алтын арыстанмен» марапатталған «Иванның балалық шағы» фильмі жазушы В.Богомоловтың «Иван» повесінің желісімен жасалған-тын.
Кейінгі жылдардың өзінде азуын айға білеген «А» класындағы кинофестивальдерінің жеңімпаз фильмдері әдебиеттен алыс қонбаған. Мысалы, 2011 жылы Венеция кинофестивалінде «Алтын аюды» ұтып алған ресейлік А.Сокуровтың «Фауст» фильмі Гетенің осы аттас поэтикалық драмасының бірінші бөлімі негізінде жасалса, 2012 жылы Берлин кинофестивалінде «Алтын аюды» қанжығасына байлаған ағайынды итальяндық режиссерлер Паоло мен Витторн Тавианилердің «Цезарь өлуге тиіс» фильмінің негізінде Уильям Шекспирдің «Юлий Цезарь» драмасы жатыр еді.
Менің неше көрсем де жалықпайтын, шыншылдығымен жан баурайтын, кішкентай шаруа адамдарының қатпарлы өмірін қарапайым зерделей көрсеткен бір фильмім бар. Ол – даңқты қытай режиссері Чжан Имоудың «Цю Цзюй сотқа береді» туындысы. Бұл фильм 1992 жылы Венеция кинофестивалінде «Алтын аюды» жеңіп алған еді. Фильмдегі кейіпкерлердің шынайылығы олардың типтік ерекшеліктерінің айқындығында еді. Өзің күнде оқып, көріп, кездестіріп жүрген қарапайым ауыл тұрғындарының бейнелері бар мұнда. Бір қарағанда Дулат Исабеков, Тынымбай Нұрмағанбетов, Сұлтанәлі Балғабаев пен Мархабат Байғұт шығармалары кейіпкерлерінің құлық-әрекеттері де шаң бергендей болады. Зерттей келе, жаныма жақын осы туындының да негізі әдебиет екенін білдім. Қытай жазушысы Чен Юаньбиннің «Вань отбасындағы ауыртпалық» новелласы жобасымен жасалыпты. Әрине, әдебиетте кескінделген тамырлы, анық бейнелер экранда нанымды көрінбек.
Тізе берсең көп енді. Біздің бай қазақ әдебиеті де әлем назарын өзіне аударар кинотуындыларға негіз болуға әбден лайық. Сөзім қуатты шығуы үшін бір дәлел келтірейін. 2007 жылы Халықаралық Еуразия кинофестивалі аясында Берлин кинофестивалі жүлдегерлерінің көрсетілімі болды. Оның қатарында сол жылғы «Алтын аюдың» иегері, қытай режиссері Ван Цюананның «Туйдың ұзатылу тойы» атты дүниежүзі киносыншыларының ықыласына бөленген шығармасы бар екен. Сол фильмді көруге аңсарым ауды. Қатты қызықтым. Оған бір себеп, жақсыны көрмекке деп даңқты шығармаға деген қызығушылық болса, екінші себеп, алдында ғана фестиваль бағдарламасын парақтап отырып, осы фильмнің қысқаша мазмұнын оқыған едім: Алыс моңғол жерінде бір отбасы қой бағады екен. Отағасы әлдеқалай жағдайда мертігіп жатып қалады да, малға қарау машақаты түгелімен Туй атты келіншегінің мойнына артылады. Оған үйдегі екі баланы қосыңыз. Отағасы шаруаға жарамай, арып-ашып, тұрмысы тарылған Туй күйеуі мен екі баласын асырау үшін келісіммен басқа бір күйеуге шықпаққа бел байлайды. Міне, осы тосын сюжет мені фильмді көрмей-ақ баурап алған еді.
Сол уақытта ақыры көре алмадым ол фильмді. Білмеймін неге екенін, әйтеуір ыңғайы келмеді. Бірақ сюжеті көкірегімде жатталып қалды. Арада бір-екі жыл өткен соң Бейімбет Майлиннің шығармаларын парақтап отырып, өзім «мектепте оқытты ғой» деп аттап кете беретін «Күлпаш» атты әңгімесіне назарым түсті. Оқыдым. Сосын таңқалдым. Мен оны мектепте оқыдым деп малданып жүрсем, оқулыққа арналып ықшамдаған ба, әлде басқалай ойлары болды ма, Күлпаштың төнген ашаршылықтан күйеуі мен баласын асырау үшін көрші ауылдағы әйелі өлген ауқатты адамға күйеуге шығатын тұсы кесіліп алынып тасталған екен ғой. Сосын, әрине, шығарма қуатынан, жаныңды дүр сілкіндірер сюжеттік бұрылыстан адаланып, ашаршылықтың қорқынышты бір суреті ғана болып қалған.
Мені ерекше таңқалдырғаны – «Күлпаш» пен «Туйдың ұзату тойы» фильмі сюжетінің ғажап ұқсастығы еді.
Сосын фильмнің өзін де көруге тура келді. Сол. Сол сюжет. Сол оқиға. Тек дәуірі басқа. Кейіпкерлері өзге.
Сосын Бейімбеттің ұлылығына қуандым. Осындай әлемдік деңгейде үздік шыққан фильмнің желісі біздің қазақ топырағында баяғыда-ақ «шимайланып» тасталғанына шаттандым. Сосын біздің әдебиеттің еш елдің өнер туындыларынан артық болмаса, кем түспейтініне көзім жетіп масайрадым. Масайдым.
Сосын өкіндім...
Данияр САЛАМАТ, драматург, режиссер