Оқта-текте, анда-санда болса-дағы, кең-байтақ еліңіздің жағрапиялық жарғақ картасына қарап қоятын шығарсыз. Ұланбеліңіз Жамбыл облысының жартысына жуығын алып жатқан Мойынқұмның Сарыарқаға ұласар тұсында тұр ғой. Атының өзі жүрегіңізді шым еткізер. Ұланбел.
Ұланбел мен Ұрбұлақтың арасы төрт жүз шақырымнан асады. Далалы, жоталы-жонды, қырқа-қыратты, таулы-тасты, шөл-шөлейтті жерлермен жүру керек-дүр. Ұрбұлағыңыз – Оңтүстік Қазақстан облысындағы, Балықтысу бойындағы кішкентай ғана ауыл. Ақсу-Жабағылы қорығына жалғасып жатқан Ұрбұлақ тауы бар. Шымкенттен шығысқа қарата қара жолмен жүрсеңіз де, пойызға мініп кетіп бара жатсаңыз да, Тескентаудың тепсеңінде жайылған жылқыларды байқар едіңіз. Оймақтай ғана көл айдыны айнадайын жалтырап көрінер. Міне, сол көлдің айналасындағы ойдым-ойдым бидай, арпа, мақсары егістіктеріне қызығарсыз. Жаз бен күзде, әрине. Қыстыгүні қарлы боран ұлып кеп-кеп бергенде, Қарақшы деп аталатын атырапты танымай қаласыз.
Мархабат БАЙҒҰТ.
Биылғы қыс бұл өңірде көктемнің басы немесе күздің соңы секілді боп тұрыпты. Алматы – Ташкент тас жолының бір бүйірінде, елсіздеу тұста еңселі үй зораяды. Қора-қопсы қараяды. Мая-мая шөбі, қыруар техникасы тізіледі. Жақындағанда “Жібек жолы” кафесін көресіз. Тұрсынбек пен Тұрсынкүлдің “патшалығы” осында.
Елу үшінші жылдың ерте көктемінде Ұрбұлақ ауылына Мойынқұмның Ұланбелінен Мұсабай деген кісі келіпті. “Оу, ағай-е-ен, жерлерің тар екен. Адамдарың бар екен. Жұмыстарың аз екен. Мойынқұмда мал көп, жер де жетіп-артылады. Еңбекқорлықтан ерінбейтіндерің болса, жүріңдер”, – деп шақырыпты. Осы Тұрсынбегіңіз сонда он бес жасар балатұғын. Әкесі Сартай нартәуекел деп, Мойынқұмға тартты да кетті. Салт басы емес, әрине. Отбасымен бірге. Ұланбелден бір-ақ шыққан сөйтіп. Ұрбұлақта көп адамның, олардың арасында Сартайдың да тұрмыстары жүдеу-жадау еді. Балалар қара нанды да жарытып жей алмайтын кезтұғын. Ұланбелде бұларға шыр біте бастаған. Үйелмелі-сүйелмелі екі інісі мектеп бітіріп, оқуға түсті. Тұрсынбек әкесімен бірге малда қала берген. Қоңданысып-жонданыса түскен. Денсаулығы мықты. Шабандоз атанды. Қыздар қызығып жүрді. Күндердің күнінде екі ту биені бірдей сатқан Сартай соқталдай ұлының уысына ақшаны толтыра салып, бүй деді-ай:
– Келінді күнгей жақтан таңдап таппағыңды тілеймін. Жіп тағуыңа Түлкібас стансасындағы нағашыларың көмектесер. Сөзді әбден пісіріп, уәдесін алып қайт. Жүдә бар ғой, келінді бірден әкелсең де, дайынбыз.
Түлкібас стансасының төменгі жағында нағашылары тұратын. Әке сәлемін жеткізді. Тілек-талабын түсіндірді. Нағашы жеңгелері жасы кәмелетке жеткен, сегізіншіні “төрттікпен” тәмамдағалы тымпиып қана қалқоз тірлігін тындыратын Тұрсынкүлмен таныстырды. Теміржол вокзалында екі-үш рет қыдырысты. Буфеттен шай-пай ішісті. Акация ағашы қоршаған теміржолшылар клубынан кинофильм көрісті. Бір-бірінің қолдарынан қалтырай ұстасып, дірілдей уағдаласты. Болды. Бітті. Тұрсынбек Тұрсынкүлге үйленетінін мәлімдеді.
Ол жылдары сырға тағу салты жоқ. Құда түсу қатты айыпталатын. Комсомолша танысып, сәбеттік жастарға тән тікелей жолмен қосылмақ құпталатын. Ондай рәсімдердің ретін келтіре алмаған алаш жігіттері алып қашудан артық әдіс таппай аласұратын. Тұрсынбек те Тұрсынкүлді алып қашты. Түлкібастан Таразға дейін таксилетті. Отыз сом төледі. Тараздан (ол кезде Жамбыл ғой) Ұланбелге дейін ұшақпен жетті. АН-2 дейтін қанаттары қос қабат, қаракөк шегіртке сынды көлік қой. Ұланбел – “Мойынқұм” сапқозының орталығытұғын. Ұшақтан түскен жас келінді Шу өзенінің майда толқыны қатты толқытты. Тойды “бешір” дейтін. Тұрсынбек пен Тұрсынкүлдің “бешірлері” күшті өткен. Бұл 1962 жыл еді.
Бір аптадан кейін-ақ келінмін, жаңа түстім деп сызылып отырмай, Тұрсынкүліңіз мал шаруашылығының бел ортасында жүрді. “Мойынқұм” кеңшарының жүз он мыңдай қаракөл қойы, мыңғырған жылқысы бартұғын. Малшылар Мойынқұмнан Сарыарқаға қарата бес жүз шақырымға дейін көшіп кете баратын. Мамырда жылжып жетіп, қазанның қара суығына ұрынбай, қайта оралар еді. Осылайша он-он бес жыл өтті де кетті. Тұрсынкүл бастап, балалары қостап, бие сауатын. Кеңшардың жоспары бар. “Өзің коммуниссің, үш айда жиырма тонна сүт өткізесің. Бие сүті”, – дейді. Сапқоздың алпыс-жетпіс биесін байлайды. “Қаражал” кенішіне әр литрін жиырма бес тиыннан өткізеді. Кеңшар директоры: “Бізге жоспар орындалса болды. Ақшасын өзің ала бер, коммунист жолдас”, – дейді. Балалар ынталана түседі. Бір маусымда бес-алты мың сом жиналады. “Жигулидің” құны ғой. Қымызды екі жүз литрлік сабаға ашытатын. Күніне үш жүзден бес жүз литрге дейін жеткізіп жүрді. Сабаның астына тобылғы төсейсіз. Сабаны, былайша айтқанда месті жылқы терісінен әзірлейсіз. Ыстай берсеңіз, майлаудан ерінбесеңіз, сабаңыздың сапасы күшейе түсер.
Алпыс сегізінші жылдың жазында Сартай ақсақал ауылына қайта көшкен. Зейнеткерлікке шыққан. Ұрбұлақты сағынған. Ұланбелде Тұрсынбек пен Тұрсынкүл бала-шағасымен қалған.
Жиырма жыл жылқы бағып, “Қаражал” кенішін, қала берді Ұланбел жұртын қымызға қарық қылған Тұрсынбек пен Тұрсынкүл 1993 жылы Ұрбұлаққа оралуға бел буған. Ұланбел мен Ұрбұлақтың арасындағы төрт жүз шақырымнан астам жермен сегіз күн жүріп, жылқымен бірге жылжып, тоғызыншы күні Ұрбұлаққа жеткен. Тұрсынбегіңіз. Жанында, әрине, ұланбелдік достары болды. Бір қора жылқыны жайып айдап жеткізді. Ал қой мен қара мал мәшинемен жіберілген.
Ішінде торы биелері, ақбоз аттары, құнан-дөнендері, ала тайларына дейін бар бір қора жылқыны, бірер мәшине қой мен сиырды көрген жұрт қатты таңырқасты. Іштарлық деген қиын дә-ә-ә. Ұрбұлақ пен Балықты ауылдары мұндай байлықты білмеген. Көрмеген.
Тұрсынбек Ұланбелден әкелген жылқысын Ұрбұлақ тауына айдап апарды. Кең далада емін-еркін жайылатын жарықтықтар тақырға айналған таудан тасырқап, ойға ойысады. Біресе Келтемашаттың жоңышқаларына, біресе, Балықтының бидайына түседі. Күзетшілер күн көрсетпеске кетісті. Егістіктерге түссін-түспесін, тістерін қайрап кеп, тепсінеді де тұрады. Тұрсекең біраз қылқұйрықты Қарабұлақ базарына айдады. Қойды да, сиырды да саудалады. Ақшаның шып-шырғасын шығармай, техника жинауға кірісті. Егін шаруашылығына икемделмесе, болмайтынға айналды. “К-700”-ден бастады. Алғаш біреуін, кейіннен екіншісін алды. Комбайн тапты. Сеялка, соқа, мала салар мәшине... Дәнекерлейтін аппаратқа дейін. Жер иемденбектің азабын айтсаңызшы. “Сен бұл жаққа еңбек сіңірмеген адамсың”, – дейді ғой мұндағылар. “Сонда мен, немене, аспаннан түсіппін бе?” – дейді Тұрсынбек. “Бекер кеппіз ғой”, – деп бұрқылдайды биенің бауырындағы Тұрсынкүл. Балалары да шу ете қалады. “Көке! Апа! Неге келдік?!” деседі. Көп нәрсені көрді. Көп нәрсеге көнді. Жылқы мүлде кеміп кетті. Бірақ биелерді сақтаған. Мақсары, бидай, жоңышқа, арпа өсірмекке үйреністі. Бейнеттен қашпасаңыз, тірліктің көзін таппақтан жалықпасаңыз, еріншектік дейтін шайтанды мойныңызға мінгізбесеңіз, бәрін де жеңуге болатыны белгілі. Әрине, әкім-қараларға біраз-біраз бірдеңе беруге тура келді. Аудандағысына да, ауылдағысына да. Алматы – Ташкент трассасына тиіп тұрғандықтан, байлыққа оп-оңай батып жатқандай көріп, тегіннен-тегін қымыз ішіп, ет-пет жеп, тісін шұқып кеткісі келетіндер күрт көбейген. Тұрсынбек пен Тұрсынкүл ондайларды тәртіпке тез түсірді. Бала-шағаны, келіндерін соған үйретті. Нарық заманы. Бейнет қатты. Ен-тегін жатқан ештеңе жоқ. “Қатты” десті. “Пейілдері тарылыпты” десті. Мейлі.
Жиырма жеті жасар Әмірдің қазасы ата-анаға аса ауыр тиген. Жұбанатындары – ұлдарының артында қалған Диас пен Жібек еді. Бүгінде олар Алматыда оқып жүр. Ұрбұлақ пен Қарақшы маңайын жайлаған жекеменшік өндірістік кооператив “Әмір” деп аталады. Жетпісшақты жылқы, үш жүзден аса қой, жүзден аса ірі қара. Екі жүз гектардан аса егістік жер. Екі бірдей “К-700”, үш “Беларусь”, төрт “ДТ-75”, тағысын-тағы техникасы жеткілікті. Бүгінде Тұрсынбек Сартайұлының өндірістік кооперативі анау Абай ауылы мен мынау Ұрбұлақтың, бүйірдегі Бесата қыстағы жерлерінің біразын игеріп, жеке шаруаларға көмектесер халге жеткен. Қарақшы тегістігінде, қара жолдың бойында, жоғарыда жазғанымыздай, еңселі үй, қора-қопсы, кафе бар. Балықты ауылынан немістердің төрт үйін түгел сатып алған. Ұлдары Байбол мен Асхат келіндерімен бірге осында. Заңгер мамандығын алған Тимур мен бизнесмен Әбдір Алматыда. Әбдірлері Ресей мен Қытайға жиі баратын іскерлердің, қалталылардың қатарында. Қыздары Зылиқа Таразда, Қарлығаш Түлкібаста. Бәрі үйлі-жайлы, ұлды-қызды, өсіп-өніп, өркендеп жатыр. “Аллаға шүкіршілік, жиырмадан аса немереміз өсіп келеді, көбейе берсін”, – дейді Тұрсынкүл жеңгей. Тұрсынбек пен Тұрсынкүл құрған “Әмір” өндірістік кооперативінде жазда жиырма адам жұмыс істейді. Өздерінің өрен-жарандарынан басқа. Жеті жүз гектар егістікті солар күтіп-баптайды. Егеді, өсіреді, өнім жинайды. Төрт малшы тұрақты түрде жылқы мен қойға жауапты. Айлық жалақылары елу мың теңгеден кем емес. Малшылардың жекеменшік малына шектеу жоқ. Қанша болса да қосып баға береді. “Қайта бізге жақсы, малым өсіп жатыр деп, менің малыма да жанашырлықпен қарайды”, – дейді Тұрсынбек.
Қазір малшы Базарбай әйелі Бибайшамен және ұлы Нұрболмен бірге қора жақтағы үйде тұрады. Қой мен жылқы солардың жауапкершілігінде. Биелерді де солар сауады. “Жібек жолы” кафесін жалға берген. Біраз жылдан бері. Жазда жүз литр қымыз өткізеді. Кафеге. Күніне. Әнуар Жаналиев дейтін өзбек жігіті, әйелі Кәмила мен қыздары Жәмила үшеуі кафені жап-жақсы ұстап келеді. “Жібек жолы”, әсіресе, құдалық өткізбекке өте-мөте қолайлы. Қымыз ашытуға Тұрсынкүл жеңгеміз жетекшілік жасайды. Келіндері Зере шебер қымызшыға айналған. Бала-шаға, немерелері де күбі пісіп, қымыз баптаудан бой тартпас.
“Әмір” өндіріс кооперативіне, оның жетекшісі, жасы жетпістен асып үлгерген Тұрсынбек Сартайұлына сенім арта түскен. Баяғыдағыдай біртүрлі, жақтырмай, іштарлықпен, түсінбей, тіксіне қарайтындар азайған. “Әлі де кедергілер көп қой, – дейді Тұрсекең миығын мысқыл түртіп. – Бірде ауданнан бірер бастықтар келді. Абай ауылында бес мың гектар жер бос жатыр, бес жыл бойы ешкім егін екпеген, игеруге қалайсыздар дегенді айтты. Алдымен байқап көретінімізді білдіріп, жүз елу гектарға бидай септірдім. Кооперативке кіргісі келетіндердің қағаздарын алып, ауданға бардым. Сөйтсем, әділет басқармасында әділеттілік кем екен. Әуре-сарсаңға салды да қойды. Ақша бер дегенді ашық айтады-ай сабаздар. Сонымен, жер толық игерілмей қалды. Қарапайым шаруалар қиналды. Енді субаренда құқығы әділет басқармаларынан алынып, әкімдіктерге өтіп жатыр ғой, жеңілдейтін шығар...”
Кафеге бұрылмай, үйлеріне тікелей тартқандарды онша жаратпай ма, қайдам, Тұрсекеңдер салқындау секілді көрінген. Кейін білдік, Тұрсынбек пен Тұрсынкүл Балықтыдан үдере көшкен төрт немістен сатып алып, қайта жөндеп, кеңейтіп-көркейткен үй-жайларындағы моншаға түсіп қайтпаққа жиналып жатыр екен. Жолдан қайырылған сіздің тілшіңізді сәл-пәл жақтырыңқырамай қалғаны содан болса керек. Біраздан соң барып шешілісті. Екеуі де.
...Тұрсынбек түсінде ылғи да Ұланбелден Ұрбұлаққа қарата жылқы жайып, көшіп келе жатады екен. Тұрсынкүл түсінде Түлкібас стансасындағы акация ағашы қоршаған теміржолшылар клубында кино көріп отырып, жылқышы жігіттің қолын ұстай бере, ұялғанынан оянып кететін көрінеді.
Мархабат БАЙҒҰТ.