Қоғам қайраткері Бектенбай Қосыновтың туғанына 100 жыл
Мына тынымсыз тіршілікте білетіндер алдынан қия өтпейтін, айтқанына құлақ түретін жандар болады. Сондай жандар қатарындағы Жетісу жұртшылығы құрметтейтін еңбек ардагері Едіген Жүнісбеков аға хабарласып, марқұм, қоғам қайраткері Бектенбай Іліпбайұлының туғанына 100 жыл толатынын еске салды. Ағаның қарапайымдылығы мен биік адамгершілігі жайлы үлкендерден естігендерім ойға оралды. Жазу үшін мұрағаттарды жинастырып, ұлтым деп туған азаматтың өмір дерегіне назар аудардым. Жақын жүріп, араласқан жандармен пікірлесуіме тура келді. Бәрі де ыстық ықылас білдірді.
Әсіресе, Алматы облысының құрметті азаматы, көп жыл партия қызметінде басшылықта жүріп Бектенбай Іліпбайұлының кісілігі мен кішілігіне, қамқорлығына бөленген Тастан Тоқсейітовтің пікірі ерекше әсер қалдырды. Ұзын бойлы, үнемі денесін тік ұстап, жеке пікірін қалыптастырған, көпірме сөзден аулақ аға бұл жолы да салмақты ой өрбітті.
– Бектенбай аға жайлы айту маған қиын емес. Ол кісімен отыз жасқа толмаған кезімде таныстым. Қасында көп жүрдім. Бір-ақ ағаның кісілігі мен биік адамгершілігінің бар қырын түгел қамтуым мүмкін емес. Осы орайда ертеде өткен грек философы Диогеннің мына бір қасиетін айтайын. Ол күндіз-түні қолына шырақ алып, адамдардың жүзіне үңіле қарауды әдетіне айналдырыпты. Көргендер таңданысын жасырмаған.
– Сен не іздеп жүрсің? – деген ғой.
– Адам іздеп жүрмін.
– Айналаңның бәрі адамдар емес пе?
– Жоқ олар көпшілік қой. Нағыз адам ілуде біреу, – деп жауап беріпті.
Міне, сондай ілуде бір кездесетін адам Бектенбай Іліпбайұлы Қосынов ағамыз десем артық айтпағаным. Сабырмен сөйлейтін жан тағы да өткен жылдарын қимастықпен жымия еске алды.
– Өмір жолымда көп тамаша жандармен кездестім. Олардың ішінде менің келешегіме үлкен әсер еткен, тәрбиелеп, жоғары қызмет сатыларына жетелеген Бектенбай аға. Маған айтқан ақылы өмірлік ұстанымыма айналып, осы уақытқа дейін қиын-қыстау жерлерден өтіп, еліме, халқыма адал қызмет етуіме даңғыл жол салғанын айту парыз.
Бектенбай аға үлкен жүректі, елге тек жақсылық ойлайтын, рулық, тайпалық бөлістерден жоғары тұрған, мемлекеттік дәрежедегі ірі тұлға еді. Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Мұқан Төлебаев, Ілияс Омаров, Евгений Брусиловский, Құдыс Қожамияровтармен достық, жолдастық қарым-қатынаста болды. Олардың шаңырақастылық қуаныштарының құрметті қонағы, сыйлы сырластарының бірі болғанын көзбен көрдім. Және олар да Бекең үйінде жиі болатын. Сол кезде айтылған әңгімелердің әрқайсысы бір кісіге өмірлік сабақ болардай тағылымды еді.
Ұлтымыздың біртуар ұлы Дінмұхаммед Қонаев ол кісімен әрдайым санасып, ағаның көзқарасына мән берген, қолдап, жылы әріптестік қатынаста болса, қазақтың дарынды ұлдарының қатарындағы Асанбай Асқаров Бекеңнің ұсыныстары мен өтініштерін екі етпегенін де біліп өстік.
Ағаны 1962 жылдан бажасы Хасен Рамазанұлы Қаубасовтың қызына үйленгенінен бергі жылдардағы қарым-қатынас та есімнен кетпейді. Зухра шешеміз бізді туған балаларынан кем көрген жоқ. Бүгінгі күнге дейін, жасымыз келсе де сол кісілерден көрген жақсылығымызды ұмытпаймыз. Ағаның өткен өмір жолының баршаға үлгі-өнеге болуына Зухра тәтемнің еңбегі зор. Үлкен шаңырақтың есігі әсте жабылмайтын, дастарқаны жиылмайтын. Көпшіл болатын. Соның арқасында үлгілі отбасы атанып, бүкіл туған-туыстарының ғана емес, өзін танитындардың ақылшысы, жөн сілтеушісі, қамқоршысы болды. Сондықтан болар ағаның Азаты да келешегінен үлкен үміт күттірген азамат болып өсіп келе жатқанда, мына фәни өмірден ерте озды. Алланың жазуына не шара. «Орнында бар оңалар» деген тәмсілді медеу етіп, артында қалғандарға өмір берсін, деп тілейміз.
Аға тірі болғанда жүзге келер еді. Жүзге жетпей кетсе де жүз жасайтынын ісімен дәлелдеп, соңына өшпес із қалдырған тақуа жан. Азамат есімі ешқашан ұмытылмайды. Көне үнділердің ұғымында кешірілмейтін «ұмытшақтар» төртеу екен. Олар – ұстазын ұмытқан шәкірт, үйленген соң ата-анасын ұмытқан ұл, мақсатына жеткен соң өзіне көмек жасағандарды ұмытқандар мен дертінен айыққан соң өзін емдеген дәрігерді ұмытқандар, деген.
Бектенбай аға осы күні ел таныған азаматтардың көбіне ұстаз, әкесіндей қамқор, өсу жолында жетектеген жебеуші, әрі қысылғанда қолұшын беріп, ем болардай ақылын жанашырлықпен, дәрігердің дәруіндей дарыта білген азамат. Ендеше, ол кісіні ұмыту – кешірілмес күнә деп білемін, деген Тастан ағаның үлкен тебіреніспен ортаға салған әңгімесі сыйластықтың жібек жібін кейде мезгілсіз үзіп алатын сәттерімізге сабақ болатындай әсер қалдырды.
Иә, елін сүюдің, қызметті жауапкершілікпен атқарудың үлгісі болған азамат 1911 жылы бұрынғы Қаскелең, қазіргі Қарасай ауданындағы Әйтей ауылында өмірге келген. Мектеп-интернатта сауатын ашқан жас өзі өмір сүрген қоғамның тыныс-тіршілігін түсініп, оқуда үздік білімімен танылыпты. Және жоғары сенім жүктеліп, 18 жасқа жаңа толғанда Іле аудандық комсомол комитетінің хатшысы болып сайланады. Көп ұзамай Алматы облыстық партия комитетінің шешімімен Лепсі аудандық жер қатынастары бөлімінің бастығына тағайындалса, 1934 жылы Мәскеудегі Шығыс еңбекшілері Коммунистік университетіне жолдама алады. Атпал азаматтың білім шыңына құлаш ұрып, нәрінен армансыз сусындаған кезі осы сәтте басталып, жалғасқанын көреміз.
1938 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің І сессиясында қызметтегі жауапкершілігі мен білгірлігі ескеріліп, Қазақ КСР Халкомы жанындағы өнер бөлімінің бастығы болып сайланады. Осы лауазымда еңбек еткен Бектенбай Іліпбайұлы мәдениетіміздің өркендеуіне өзіндік қолтаңбасын қалдыруға бар күш-жігерін, білімін жұмсайды. Ұлы Отан соғысы басталар алдында ол Өскемен қалалық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарған. Сұрапыл соғыс жылдарында да халықтың қиындықты жеңіп, жеңісті жақындатуға өзіндік үлесін қосуға басшылық жасағаны мұрағаттарда жинақталыпты.
1951 – 1955 жылдары Алматыдағы Фрунзе аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып еңбек етсе, бұған дейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті ұйымдастыру бөлімі кадрлар секторына жетекшілік жасаған. Осындай кездері ол айналасына жақсы, іскер адамдарды топтастырып, олардың өсуіне, қалыптасуына бірден бір себепкер болғанын бүгінде білетіндер ұмытпай, риза пейілмен айтады.
Бектенбай Қосынов Алматы қалалық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, Алматы қалалық партия комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарған тұста да оның шапағатын көріп, тәлім-тәрбиесін алғандар аз емес екен.
Үлкенге іні, кішіге аға болып, соңына өшпес із қалдырған Бектенбай аға 1961 – 1979 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы марапаттау бөлімін басқарыпты. Үлкен жүректі, айналасына нұр-шуағын төккен азаматтың жақсылығын ұмытпағандар мен балалары Төребек, Алмас, немересі Мәлік асыл азаматтың аруағын қастерлеп, 100 жылдығын атап өтуді міндет санап, сауапты істі бастап отыр.
Ілуде бір кездесетін, жақсы адамның үлгісі болған азамат, қоғам қайраткері Бектенбай ағаның жарқын бейнесі білетіндердің жадында осылай жаңғырды.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.