• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Ақпан, 2018

Павлодарда «Сағым жылдар» әжелер ансамблі құрылды

1542 рет
көрсетілді

Облыс орталығындағы Қ.Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталығында құрылған  әжелер ансамблі «Сағым жылдар» деп аталады. Ансамбль құрамында ән салатын әжелер өткен жылдар әндерін әуелетіп, қайта оралмас  жастық шақтың сағымдай бұлдыраған күндерін  есіңізге салады. 

­­­­

Ансамбль атауын әжелер өздері таң­даған. Әнші Мәдина Ералиева орындаған «Сағындым, сағым жылдар» дейтін әнмен ансамбльдің аталуында мән бар. Айналып келген адамның бүкіл өмірі сағыныштан тұрады ғой. Әннің  өзі де, сөзі де сол сағыныштың сазды ирім­дері.  

Ол әнді шырқап жатқан әже­лердің жүздері жарқын, жандары жас. Әрқайсы салиқалы ұрпақ өсіріп, шө­бере сүйіп отырған ұлағатты аналар. Өмір­лері де, көңілдері де хош. Бірақ жүректері сағым жылдарын сағынады, дейді  ансамбльдің музыкалық  жетек­шісі Қазигүл Батырханқызы. 

Ансамбльдің  үлкені Бақытжамал  әже Елеукенқызы  71 жаста  екен. Ал зейнет жасына жеткен Қазигүл Батыр­ханқызы, Любовь Нұрғазинова апалар бұрынғы салық қызметкерлері,  Манат Батталқызы кітапханашы, Раушан Мейрамова медбике, Кенже Құсайынова есеп­ші, Роза Ахметова ағылшын тілі пәні­нің мұғалімі, Қарлығаш Маутина  же­ке кәсіпкер, Жібек Қабылкенова поли­ция бөлімінде қызмет жасапты. Әжелер ансамблінің көркемдік жетек­шісі Гайнутдин Ташимов.

Әжелердің сондай-ақ бір бойынан бірнеше өнерді байқауға болады. Ән-қор­жындарынан сырлы саз төгілсе, үйле­ріндегі сандық, кебежелерінен түрлі қолөнер бұйымдарын кездесті­ресіз. Осылардың арасында облыстық, қалалық деңгейде өткізілген барлық мәдени шараларға белсенді қатысады.  Әже­лердің  «Сағым жылдар»  ансамблін облыс орталығындағы Қарттар үйі, «Денсаулық», «Ардагер» санаторийлері асы­ға күтеді. 

«Зағип және мүмкіндіктері шектеулі жандар үшін де жиі-жиі қайырымдылық концерттерін өткіземіз.  Бізбен қосылып ән айтып, көңілдері шарықтап,бір жасап қалады. Сағым жылдар – әр жүректе жүр. Ән айтып қана қоймай, бауырсақ, құрт-ірімшік, қымыз, қоспа сияқты ұлт­тық тағамдардан ауыз тигізіп, шашу шашып, тыңдаушылардың ықыластарына бөленеміз», дейді  Бақытжамал әже. 

Сон­дай-ақ аталмыш ансамбль – об­лыс­тық «Ертіс» телеарнасындағы «Салт-дәстүр» бағдарламасының тұ­рақ­ты қонақтары. Бағдарламада бо­лашақ жастарға қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері жайлы келелі кеңестер айтып отырады. Әсем әнді әжелерді сонымен қатар Г.Потанин, Бұқар жырау атындағы му­зей­дің, қалалық, облыстық кітапха­наларындағы жастар үнемі кездесуге шақырып отырады.

«Біздің орталықта  мектеп жасын­дағы балаларға арналған үйірмелер  жұмыс істейді. Әжелердің сахнаға, мерекелерге, кездесулерге киіп баратын ұлттық киімдерінің өрнектері өз қолдарымен жасалған. Іші әнге, сырты сәнге толған әжелер ансамблін құрудағы мақсатымыз – жастар да дәстүрлі халық әндерін естіп, олар да салт-дәстүр, ұлттық қолөнердің бай мұрасымен жақын танысса деген тілек», дейді орталық   директоры Алма  Арынова.

Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» ПАВЛОДАР