Жақында интернетті ақтарып отырып, миында сәулесі бар адамды үлкен ойға жетелейтін мағыналы бір дүниеге тап болдым. Онда будда, мұсылман, христиан, соның ішінде католик діндерінің арасындағы айырмашылықтар жайлы айтылған екен.
Қысқаша мағынасы төмендегідей: Будда діні мына дүниені азапқа балайды екен. Оның ілімі бойынша қызықтың бәрі ол дүниеде. Дегенмен, мына дүниеде өмір сүріп, өз борышыңнан құтылуың керек. Сонда ана жаққа барғанда, Құдайдың шапағатына бөленіп жақсы жағдайға тап боласың. Осы қағида бойынша будда дініндегілер бұл дүниеден кеткенде, онша қайғырмай, қиналмай кететін көрінеді. Буддизмнің өмірді азап деп түсініп, адамды тағдырға көнуге тәрбиелейтін ерекшелігін қанаушылар мен басқыншылардың пайдаланғаны Уикипедияда жақсы жазылған. Бабырдың бүкіл Үндістанды жаулап алуының бір сыры осында болса керек.
Католик дініндегілер қызықтың бәрі осы дүниеде деп есептейді. «Сондықтан мына дүниеде қызықтың барлығын армансыз көріп қалуың керек, тіпті қателескен, күнәлі болған жағдайдың өзінде шіркеуге барып, дін иесіне жасаған күнәңді айтып, одан арылуға болады» деп уағыздайды.
Католик дініндегілердің тарихи тұрғыдан байлыққа құмар келетіні, капитал жиғыштығы осыдан барып қалыптасса керек. Біз тарихтан католик дінінің, әсіресе оның протестант тармағының ХVІ-ХVІІ ғасырларда Батыста жаңа оянған буржуазиялық идеологияға өзек ретінде қабылданғандығын білеміз.
Ал мұсылман діні болса, бұл дүниені адамға берілген сынақ деп қабылдайды. «Бұл өмірде таза жүріп, ешкімге қиянатыңды тигізбей, Алланың бар екендігін ұмытпай, сыннан сүрінбей өтсең ғана, ана дүниеде жұмаққа барасың, әйтпесе тозақтың отына күйесің» дейді. Жалпы, бәріміз мұсылман баласы болған соң, оның шарттарын азды-көпті білеміз ғой. Адам қайтыс болып, денесін жер қойнына берер алдында жаназасын шығаратын молда жиналған жұрттан «Марқұмның кімде қандай қарызы бар?», «Жақсы адам ба еді?» деп сұраушы еді ғой. Сөйтсек, бұл сұрақтарда үлкен қағидаттық мән бар екен.
Діндер арасындағы бұл айырмашылықтар бізді үлкен ойға жетеледі. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас» деген адамзаттың данышпаны Абай атамыз. Ендеше, Батыстың байлық жиғыштық, қанағатсыздық, қызық қуғыштық қасиеттері бізге үлгі бола алмаса керек. Бізге, мұсылман баласына Алланың салып берген өз жолы бар. Бірақ онда сауда жасама, байлық жинама, кәсіп қылма деп айтпайды. Тек осының бәрін адал жолмен жүргіз дейді.
Иә, бәріміз де жұмыр басты пендеміз. Пенде болған соң адамға қателесу тән. Бірақ қанағатсыздық, біреудің қақысын жеу, жетімді жылату кешірілмейтін күнәлар екені анық. Ал бізде жеке адамның емес, бүкіл халықтың қақысын жеп отырған адамдар да аз емес қазір. Елімізді кернеп тұрған сыбайлас жемқорлық, капиталды оффшорлы аймақтарға қарай шығаруға тырысушылық фактілерінің жиірек тіркеле бастауы – соның бір айғағы.
Әрине, жемқор да адам. Кешегі ауылдағы қара шаруаның немесе Кеңес Одағы кезінде білім алып, көз ашқан қазақ интеллигенциясы өкілінің баласы. Апас-қапас кезеңде қолайлы қызметте тұрды да, содан байлық жинады. Демек оның идеологиясы түсінікті. «Құдай берді, мен алдым» деп есептейді. Өзін Алланың бергенін пайдаланып, ұрпағының, үрім-бұтағының болашағы үшін еңбек етіп жүрген қамқор әке ретінде қабылдайды. Жиі мешітке барады. Алланың ол байлықты сынақ ретінде беріп отырғандығын еске ала бермейді.
Ендігі мақсат – бала-шағасын, үрім-бұтағын бұл өмірдің жұмағы, заңдары мығым, жетілген қоғам Еуропаға қарай жеткізіп кету. Сол үшін жиған- тергенін сол жаққа қарай шығарып әкетудің жолдарын қарастырып жүр. Әкетіп те жатыр. Бірақ мұның арты қайырлы бола қояр ма екен. Болмайтын секілді. Газеттің экономикалық шолушысы ретінде қазіргі әлемде жүріп жатқан саяси-экономикалық үдерістерді, шамамның келгенінше, жиі бақылап отырамын. Ол жақта бізден, ТМД елдерінен баратын капиталдың аяғына қақпан құрылуда. Әзірге қақпан ашық күйінде. Өйткені байлықтың топырлап баруын тосып отыр. Қақпанның жабылуының идеологиясы қазірдің өзінде әзір. Ол жақтағылар бізден барған капиталдың бәрін арам байлық деп есептейді. Оның үстіне, Батыстың өзінде әлеуметтік тұрғыдан алғанда үлкен саяси-экономикалық өзгерістер күтілуде. Қысқасын айтқанда, байлықты шетке шығарып, сіңіріп кетудің жолы тым бұлыңғыр.
Ендеше, бай болсақ, халқымызбен болайық! Бізге Алланың сызып берген жолы осы. Ол шеңберден шығып кете алмаймыз.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»