Бұл мақала газеттің «Сөз төркіні» айдары аясында жыл басынан бері жарияланып келе жатқан қазақ классикалық әндерінің бүгінгі күнгі проблемалары жайлы мақаланың жалғасы іспетті. Анықтап айтсақ, онда негізінен мәтіннің жұмбақталуы жайында жазғанбыз. Ендігі сөз әуен, үннің жұмбақталуы жағына ойысты.
Белгілі қоғам қайраткері әрі музыкатанушы, композитор Хасен Қожа-Ахмет өзінің «Қазақ әндері қалай космополиттенді?» деген еңбегінде: «Кезінде А.Затаевичтiң «Қазақ халқының 1000 әнi» жинағымен танысқан Еуропа зиялылары (Луи Арагон): – «Осыншама музыкалық қазына Еуропадағы он халықты қосқанда да табылмайды!» – деп таңғалды емес пе?!» деп жазады. Расында солай. Ал, одан да ғажабы сол 1000 әнде 1000 тағдыр бар еді...
Иә, әрқайсысының тарихы, шынайы өмірде болған оқиғасы бар-тұғын. Әуен сол оқиға, сол тағдырдан туған. Бүгінгідей түнімен күйсандыққа отырып одан-бұдан жұлмалап, екі тактының арасынан аспайтын ит ырғылжың ырғақ емес еді ол әуен! Ең алдымен жүрек толқытып, сезім тербеген, жалыны жанды қинаған әлдебір оқиға бастан өтіп, сол себепті жан мен үннің үйлесімінен әуен шығып, оған көңілдегі сүбелі сөз қосылып, ол тоғыз перне қос ішекпен әдіптеле әуелегенде жансусар жаңа ән келетін өмірге. Тағдырлы ән! Ал оның тарихын да, сөзін де, тағдырын да былай қайыра тұрып тек үні жайлы айтайықшы.
Біз жаңалық ашып отырған жоқпыз, үннің адамның жан дүниесінен, болмысынан хабар беріп тұратынын ғылым дәлелдеген. Тіпті, «үн – адамның жан дүниесінің айнасы» деп те жатады. Қазақ әнінің біз бойлай бермейтін иірімі, тамсандырып қана қоятын тәтті тұсының бір құпиясы осы үнде жатса керек.
«Ұйықтап жатқан жүректі
ән оятар,
Үннің тәтті оралған
мәні оятар»
деді Абай дана. Демек ойлы құлақ тыңдарман сөздің мәні былай тұрсын, үннің мәніне бойлайды екен. Үннің мәнінен оянады екен көңілі! Бұл сірә, қандай үн? Мұны бір ауыз сөзбен түсіндіру мүмкін емес, әрине. Мынадай бір оқиға еске түседі.
Бірде студенттермен шығармашылық кездесу барысында кинорежиссер Дәрежан Өмірбаев «Кардиограмма» фильміндегі Жасұланның анасы рөліндегі актрисаны қалай кездестіргенін баяндап бергені туралы белгілі кинотанушы Нәзира Рахманқызы жазып еді.
Баласын ұрып, ұрыспай-ақ, үнсіз қарым-қатынаспен үндестік тауып қолқанат қылып жұмсап, аз-кем мейірін төгіп еркелетіп те отыратын баяғы әжелердің болмысын көрсете алатын актриса іздеп жүрген ғой. Бір күні вокзалдың күту залында отырған режиссер кенет ту сыртынан естілген әйелдің даусына құлақ түреді. Жүзін, түр-тұлғасын көрмеген қалпы, әлгі рөлді осы адам алып шыға алады деп іштей қатты қуанып кеткен екен. «Бейтаныс әйелдің ерекше мейірімге толы үнінен әжемнің болмысы елестеп ерекше күй кештім» деген екен режиссер.
Сөйтіп, үнінен өзі көрініп тұрған әйелге бұрылады. Басында орамалы бар, ауылдың қарапайым әйелі екен. Бейтаныс еркектің киноға түсу жайлы ұсынысын естігенде «ойбай, ондайым жоқ» деп ат-тонын ала қашады. Режиссер ақыры түсіндіріп, сол әйел «Кардиограмма» фильмінде ананың рөлін сомдайды. Көрген адам білер, керемет сомдайды. Көп сөз де жоқ. Әшейін бар ма, жоқтың айналасында үш-төрт-ақ рет сөйлейді, болды. Бірақ болмысындағы ғажайып тереңдік экранда қапысыз көрініс тауып, көрерменін өзіне ерекше тартады. Бұл не сонда? Үн оның қандай адам екендігінің белгісі екен. Режиссер түсіремін деп армандаған адамның ішкі әлемін үнінен көріп тұр...
Ән туралы, Абай атамыз айтқан «үннің мәні» туралы ойланып жүргенімде осы оқиға ойыма қайта-қайта келе береді. Кейін бір бағдарламада сөйлеген әйгілі диктор Сауық Жақанова апамыздың «мен кісінің кісілігін бір-екі ауыз сөйлегенде үнінен аңғара аламын» деген мазмұндағы сөзін естіп, бір-бірімен қабысып жататын үн мен болмыс туралы ойымды онан сайын нықтай түсіп едім. Радиода ұзақ жылдар дауыстап шығарма оқыған адам шығармадағы небір жағымды, жағымсыз кейіпкерлер образын үнмен бейнелеп, кейін түйсігі әр қандай үндерден адам мінезін тап басып танитын тереңдікке ұласып кете барса керек.
Ендеше шынайы өмірде болған оқиғалар себебінен өмірге ән әкелген бабаларымыздың болмысы сол классикалық әндеріміздің сазы арқылы жетіпті-ау бізге! Ол үнде олардың жан дүниесі, кісілік болмысы жатыр екен ғой! Ғажайып күйші Секен Тұрысбеков қайталап айта беретін Мұхтар Әуезов атамыздың «қазақтың ұяты күйінде ғана қалды» деген сөзінің астар-мәні енді енді түсінікті болғандай. Болмысындағы тереңдік – адамның ішкі үні. Ол тіпті денеден шықты не, домбырадан шықты не, бәрібір екен. Күй адамның ішкі үнін, болмысын домбыраның мүмкіндігі арқылы жеткізу екен ғой. Осы жерде Қадыр Мырза Әлінің бүкіл алаш жатқа айтатын «Нағыз қазақ қазақ емес, Нағыз қазақ – домбыра» деген сөзі ғұлама Әуезовтің ойымен дәлме-дәл түседі. Тіпті Қадыр ақынның тұсындағы қазақ сол домбыра үніндегі болмысы бойындағы қазақ болатын болса онда ақын бұлай айтпас па еді деп те ойлайды екенсің. Осы тұрғыдан түсінсең бұл шумақ нағыз қазақтың асыл болмысы мен биік парасаты домбырада ғана қалды дегенді айтып, ол аса бір мақтанатындай да жағдай емес болып шығады. Шындығында да солай емес пе?
Ал, кеңес өкіметі кезінде қазақтың әсіресе шертпе күйлерін бай-манаптың күйлері деп қатты шектеуге ұшыратқаны, домбырада саусақ басудың қазақы үлгісін өзгертіп жібергені туралы шертпе күйдің саңлағы Жанғали Жүзбай қолмен қойғандай жазып еді. Анығында бұл саусақ басудың өзгеруі күйдің болмысының өзгеруі еді. Онда жоғарыдағы қисынға салсақ бүгінгі домбыраңыздың өзі нағыз қазақ болмай қалады. Шындығында бүгінде күйдің ойы, философиясы, қуаныш-қайғы, өкініш-мұңы секілді негізгі мәйегін ысыра тұрып қанша жылдам тартса сонша өтімді болады, танымал боламыз деген әуесқой күйшілердің әрекетінен-ақ көңілің құлазып сала береді. Сондықтан да «қазір күйді көзбен тыңдайтын болдық» деп күйінеді шын күйшілер. Иә, жылдам тартылатын күйлер бар, бұл жердегі әңгіме басқа. Жас музыкатанушы Рүстем Нұркен бүй дейді: «Музыка ғылымында «дыбыс идеалы» деген термин бар. Яғни, белгілі бір үнді ұлттық деп қабылдау. Қазақта ол – домбыраның қоңыр үні еді. Уақыт өте келе домбыраның ішегі балық аулайтын лескаға ауыстырылса да байырғы үнді сақтап қалғандай болдық. Жиырмасыншы ғасырдың аяғына дейін сақталып келгенімен, жаңа заманмен өзге мәдениеттің ықпалымен жаңа дыбыс та пайда болды. Бүгінгі қазақ ескіше тартатын күйшіні қабылдай алмайды. Өйткені жоғарыда айтылған «дыбыс идеалы» өзгерген. Эстраданың салдыр-гүрсіліне және күй өзінің негізгі мақсатынан айырылғаннан кейін осындай халге түстік. Ал, дыбыс идеалының өзгеруі – тұтас бір ұлттың өзіндік болмысынан айырылу деген сөз». Міне, мәселе қайда жатыр?
Тағы да Хасен Қожа-Ахметтің сөзіне жүгінсек: «Отаршылдар қазақ әуенін бірте-бірте ассимиляциялап жоюды бөтен халықтар (негізінен, еуропалық) музыкасын шексіз мөлшерде насихаттап, қазақ санасына сіңдіру арқылы-ақ жүзеге асыру тәсілін таңдаған. Өкінішке қарай, сол мақсаттарына жетті де» деп жазған болатын.
Біз осылай өзіміздің асылымызды өзгенің жасығына айырбастадық. Керісінше дәл қазіргі уақытта біз беріле тыңдап, құтырына билеп жүрген жасанды музыкадан жалыққан Еуропа елдері өздерінің бұрынғы табиғи музыкасын қайта іздеп, соның сорабын сақтауға тырысып жатыр. Мұны музыка маманы, мәдениеттанушылар індете зерттесе талай дүниенің сыры ашылады. Кейінгі кезде небір шетелдік, әсіресе жапондық қыз-жігіттердің қазақ музыкасына қызығып, әнін айтып, күйін шертуге құмартқаны жөнінде көптеген ақпараттар шыға бастады. Ол баланың қарны ашқанда ойыншығынан жалыққаны секілді шын мәніндегі рухани азыққа ашыққаны. Ұлы даланың, көшпенді халықтың мирасқоры ретінде біздің табиғи музыкамызға табиғи азық-түлікке ұмтылғандай ұмтылатын күн келеді әлі. Талауға, ұрлауға көшеді. Мұндай ұят сіңген, ар мен сүйіспеншілік қатар өрілген, намыс пен рух қайнап жатқан табиғи «өнімді» Ұлы даланы ат тұяғымен кешіп, аң мен құстың, табиғаттың тілін білген даладай халық қана тудыра алады. Ал, біз шетелден қонақтар келсе, өзінің операсын көрсетіп, екі-үш классикалық әндердің жылдамырақ айтатын орындаушысын шақырып әннің бір-бір шумағын айтқызып бет сипаймыз, болды. Егер Еуропаға қонаққа барсақ, олар Ақанның «Маңмаңгерін» айтса көңілге демесең, оны Ерлан Рысқалидың айтқанының жанында күлкілі болып шықпай ма? Сондықтан оларға өз дүниемізді деңгейінде көрсете білсек сол таңсық еді-ау. Баяғы сол қу құлдық сана...
Иә, бүгін бізде елді қалай еліктіреміз деген бір ғана мақсатқа ұлттық музыканы құрбандыққа шалу науқаны жаппай жүруде. «Бір халықты жаулау үшін бірінші музыкасына қара. Құтырынып, билетуге ғана бейім болып тұрса ол халықты жаулау қиын емес, тыңдаған жұрт жыламсырап тұрса, ол елді де жаулау қиын емес, егер музыкасы тыңдағанда ойға жетелейтін ел болса, оны жаулау өте қиын» деген Конфуций қағидасы музыкасы арқылы ұлтын танудың формуласы секілді. Ал, енді ұлы даланы қорғап келген бабаларымыздың болмысын танытар осынау ғажайып құндылығымыздың бүгінгі күйін жан күйдірер күйікті халге түсірдік. Бұл әрине, Конфуций айтқан халдегі өзіміздің де күйіміз. Экрандағы эстрадашылардың сайранынан ел классикалық әндерімізді жеткізіп кеткен небір дүлдүл саңлақтарымыздың есімін, тірілерінің түрін ұмытуға айналды. Сөйтіп эстраданың еркелеріне хат жазып қайраткер бол дейтін халге де жеткен сияқтымыз...
Затаевич жинаған 1000 әннің 34-нің ғана сөзі болған екен. Қалғандарының бәрінің айыл-тұрманын түгендеуге қаншама қайраткер еңбек етті. Соның ішінде қазақ әндерінің текстологиясын зерттеген, соған бүкіл ғұмырын арнаған бір адам болса, ол – Зейнелғабиден Қоспақов. Үлкен музыкатанушы, үлкен ғалым. Ол кісі сол әндердің денінің сөзін орнына қойып шыққан. Одағай сөздерге дейін қойған. Бүкіл ғұмырын осыған арнаған. «Қазір дүниеден өтіп кеткен сол кісінің кітабы баспада жатқанына 10 жылға жуықтап, жақында ғана туған қызының демеуші тауып қузау салуымен енді баспадан шықпақшы», дейді Қоспақов туралы көл-көсір мәліметтер айтқан әнші, зерттеуші Еркін Шүкіман. Мұны біздің ұлттық өнерге, классикалық әндерге деген қазіргі көзқарасымыздың бір ғана көрінісі ретінде алға тартып отырмыз.
Осылайша, қазақтың классикалық әндерін тыңдауға қауқарымыз жетпей қалды. Мәтіндегі қаншама сыр, сазындағы қаншама иірімге ілесе алмай адасып қалдық. Тіпті, соны жеткізушілердің өзінде кемшіліктер жетерлік. Ол да көңіл бөлмеуден шығатын дүние. Әннің қағаздағы мәтіні қалай болады, айтылғанда қалай айтылуы керек екендігі туралы әйгілі ғалым, сөз білгірі Рәбиға Сыздықованың жазған мақаласындағы талаптар туралы кей дәстүрлі әншімін деген жігіттер де біле бермейді. Ғалым Мекемтас Мырзахметтің орыс қарпіне көшкеннен кейінгі қазақтың сөйлеу мәнері қалай өзгеріп кеткені, оны кемшілік деп біліп жүрген қазақтың кемде-кем екендігі туралы айтқаны ұлттық өнерпаздарды да меңдеткен дерт ретінде бөлек айтар әңгіменің арқауы. Үндестік заңдылықтарын ғана сақтап қалмай, ән тарихы мен мазмұнына өзінің жанын сіңдіре жеткізген кешегі Жүсіпбек, Жәнібектердің терең жан әлеміне қарап отырып, әнді шығаруға ғана емес, айтуға да кемел кісілік, алапат адамгершілік, ұлттың жанымен біте қайнаған орасан рух керек екенін аңғарасың. Оны келесі сөздің орайына қалдырайық.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»