Академик Көпмағамбет Елемесов өзінің жеке қасиеттерінің, жігерлі еңбегі мен күш-қайратының арқасында мол ғылыми табысқа жеткен адам. Өзінің сексен жасында да ол Қазақстанның прогрессивті ғалымдарының сапында бола отырып, инновациялық дамыған заманмен қатар алға басып келеді.
Көпмағамбет Елемесұлы туғанынан бастап тағдыр сынағына түсті. Қызылорда облысы Қазалы ауданының Жанкент (Жаңакент) және Қаукей ауылдарынан шыққан, репрессияға ұшыраған отбасының ұлы 1938 жылдың 8 ақпанында ата-бабасының Отанынан алыс жердегі Түрікменстанның Мары уалаятында дүниеге келді. Балалық шағы ауыр соғыс жылдарына сәйкес келді және кішкентай кезінен бастап дәнді дақылдарды жинау мен астық бастыруда жұмыс істеді, мал бақты және атқарған аса ауыр еңбегіне қарамастан, мектепте жақсы оқыды, білімге ұмтылды. Жеті жылдық мектепті аяқтағаннан кейін 1953 жылы Көпмағамбет Елемесұлы Байрамалы қаласындағы ауылшаруашылық техникумына оқуға түсіп, оны аяқтағаннан кейін агроном-егінші мамандығына ие болады. Одан кейін мақта өсіретін колхозда бригадир болып, кейін әскери бөлімде жұмыс істейді.
Содан 1962 жылы ол Одақтың алдыңғы қатарлы мемлекеттік асыл тұқымды мал зауыттарының бірі – «Равнинаға» ферма зоотехнигі болып ауысады. Мұнда қаракөл қойларымен селекциялық тұқымдарды асылдандыру тәжірибесімен алғаш рет танысады. Өндірістен қол үзбей Көпмағамбет Елемесұлы 1965 жылы Ашхабад қаласындағы Түрікмен ауылшаруашылық институтының зоотехникалық факультетін үздік оқып бітірді.
1966 жылы тарихи Отаны – Қазақстанға қайтып келген Көпекеңнің өмірінде жаңа кезең басталады. Шымкент облысындағы Созақ ауданының «Тасты» қаракөл қой совхозының аға зоотехнигі болып жұмысқа орналасады.
Болашақ ғалым Елемесовтің алғашқы қадамдары Бетпақдала шөлінде қатал климат аймағында басталады. Сол уақытта халықаралық елтірі аукциондарына талап етілген елтірілік қаракөл қойлары тұқымын асылдандыру жоспарын жасап және сол жоспарды белсенділікпен өндіріске енгізе бастады. Шаруашылық табыстылығының көрсеткіші болып табылатын бірінші сұрыпты қаракөл елтірісінің шығуы арта түседі. Жас зоотехниктің еңбегі лайықты бағаланды. Жұмысында қол жеткізген табыстарынан рухтанған ол бұрынғы арманын жүзеге асырып, 1968 жылы К.И.Скрябин атындағы Мәскеу ветеринария академиясының қой шаруашылығы кафедрасының күндізгі аспирантурасына оқуға түседі.
Жас аспиранттың ғылыми жетекшісі қаракөл өндірісі ғылымның негізін қалаушылардың бірі, академик Вадим Юдин болады. Ол болашақ ғалымның диссертациялық жұмыс тақырыбын мақұлдайды және оның эксперименттік бөлігін «Тасты» совхозында өткізуді ұсынады. Бұл уақыттар жас ғалымның ғылыми қызметіндегі ең жемісті жылдар болды. Диссертациялық жұмыс бойынша зерттеулер өндіріске белсенді түрде енгізіледі және бұрын болмаған нәтижелер бере бастайды. 1972 жылы Мәскеу ветеринария академиясының зоотехникалық факультетінің Ғылыми кеңесінде ізденуші К.Елемесовтің диссертациялық жұмысының ресми оппоненттері, саланың белгілі ғалымдары, профессор И.Дьячков, С.Попков және Ғылыми кеңестің барлық мүшелері ізденушінің диссертациялық жұмысын жоғары бағалап, оған ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін беру үшін бірауыздан дауыс берді. Кандидаттық диссертацияны сәтті қорғау КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінің Апробациялық комиссиясының тексеруімен аяқталады. Комиссия «Тасты» совхозын қаракөл қойының қабырғалы елтірілік типін өсіру бойынша мемлекеттік асыл тұқымды мал зауыты категориясына ауыстырды да, болашағы зор ғалымды Шымкент қаласындағы Қазақ қаракөл ғылыми-зерттеу институтына аға ғылыми қызметкер етіп жібереді.
«Бір жолы Қазақ қаракөл ҒЗИ директоры Геннадий Попов өзіне шақырып, «Задарья» мемлекеттік асыл тұқымды мал зауыты – институттың эксперименталды шаруашылығының директоры етіп мені ұсынатындығын айтты. Мен өз келісімімді бердім. Біршама уақыт өткеннен кейін мені облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бойынша хатшысы Аймұхан Тілесов шақырып: «Сіз ғылымды да білесіз, шаруашылықтардағы практикалық жұмыс тәжірибеңіз де бар, сол үшін мен сізге артта қалған шаруашылықтарға барып экономикасын көтеруді ұсынамын. Жұмысты қалай ұйымдастыру керек, шаруашылық экономикасын қалай көтеру керек екендігі туралы өз білімдеріңізді, қабілеттеріңізді көрсетіңіз, өндіріске алдыңғы қатарлы технологияны ендіріңіз. Сол үшін сізге Қызылқұм ауданының (қазіргі Отырар) «Шәуілдір» совхозының директоры лауазымын ұсынамыз деді», деп еске алады Көпекең.
Осылайша, 1977 жылдың 5 наурызынан бастап Көпмағамбет Елемесұлы Шымкент облысының Қызылқұм ауданының «Шәуілдір» қаракөл қой совхозының директоры болды. Оның басшылығымен бұрынғы шығынды шаруашылық облыстың алдыңғы қатарлы және табысты совхоздарының біріне айналды. Төрт жылдың ішінде қой басы екі есе өсіп, 55 мыңға, ал дәнді дақылдар мен жүгерінің өнімділігі гектарына 60 центнерге дейін жетеді. Әрине, тұқымдық жұмысқа ерекше назар аударылады. Асыл тұқымды қой отарлары қалыптасады, соның арқасында шаруашылық қара қаракөл қойларының елтірілік типті тұқымын өсіру мәртебесіне ие болады.
Кейін Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Асқаровтың ұсынысы бойынша К.Елемесовті «Казглавкаракуль» бас басқармасының басшысы етіп тағайындайды. Басқармадағы жұмыс жылдарында ол қаракөл қойларының саны мен өнімділігінің өсуіне жағдай жасады (сәйкесінше жыл басында 6,3 млн бас пен 2,4 млн елтірі), бұл жағдай осы көрсеткіштер бойынша республикамыздың әлемде алыңғы орынға шығуына мүмкіндік берді.
Қазақстанның сапалы қаракөлі халықаралық нарықты қызықтырды және толыққанды серіктестікке қол жеткізу үшін менеджмент пен маркетинг заңдарын игеру қажет болды. К.Елемесов өзінің дүниетанымын толығымен өзгерткен Англия, Франция, АҚШ, Сингапур, Испания және Германия университеттерінде жаңаша білім алған алғашқылардың қатарында болды.
1988 жылы К.Елемесовтің бастамасымен «Казглавкаракуль» «Қазруноқаракөл» АҚ-қа айналды, оған жүнді алғашқы өңдеу бойынша тағы үш – Семей, Жамбыл және Ақтөбе фабрикалары кірді. Көпмағамбет Елемесұлы осы қоғамның президенті болып бекітілді. Жиналған тәжірибе оған жүнді алғашқы өңдеудің қазақстандық фабрикаларын жаңғыртуға мүмкіндік берді. Семей, Ақтөбе және Тараздың фабрикалары биязы және қылшық жүнді жартылай фабрикаттар мен дайын бұйымдарға дейін өңдейтін француз және неміс фирмаларының технологиялық желілерінде жұмыс істей бастады.
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы профессор Қазақ КСР Министрлер Кеңесі сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Ұлттық ғылым академиясының академигі өз елінен тыс жерлерде де кең танымал болған жануарлар генетикасы, селекциясы және мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу мәселелеріне арналған 220-дан астам ғылыми еңбек, монографияларын, оқу құралдарын жариялаған.
Академик К.Елемесов шаруашылыққа пайдалы белгілерді индекстеу арқылы, сонымен бірге генетиканың ДНҚ полиморфизмін және оның микросателлиттерін зерттеуге негізделген геномды селекциялау арқылы малдың тұқымдық құндылығын бағалаудың жаңа моделін сүтті мал шаруашылығы тәжірибесіне ендіре отырып, республиканың мал шаруашылығының өнімділігін арттыруға үлкен үлес қосты және әлі де тер төге бермек.
Сүндет КӘРІМОВ