• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Үкімет 13 Ақпан, 2018

Бүгін Үкімет отырысында қандай мәселелер талқыланды?

334 рет
көрсетілді

Биылғы жылдың қаңтарында ішкі жалпы өнімнің өсімі 4,0 пайызды құрады. Өткен жылғы қаңтарда ол 2,4 пайызды көрсеткен еді. Яғни, 2017 жылғы экономикалық дамудың жоғары серпіні биылғы жылдың басында да орнықты сақталып отыр. Бұл туралы кеше Үкімет отырысында айтылды.

Өсім қарқыны сақталды

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық дамудың алдын-ала қорытындылары жарияланған болатын. Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменовтің хабарлауынша, инфляция жылдың басынан бері 0,6 пайызды құраған, бұл инфляциялық таргеттеу тәртібіне өткеннен кейінгі ең төменгі көрсеткіш болып табылады. Жылдық мәнде – 6,8 пайыз.

Жылдың алғашқы айында елдің халықаралық резевтері 1,1 пайызға, яғни 90,1 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайды, оның ішінде алтын-валюта резервтері 31,7 млрд АҚШ долларына дейін жеткен. Сонымен қатар мұнай өндірудің 7,0 пайызға, газдың 7,2 пайызға және темір рудасының 3,8 пайызға өсуі есебінен кен өндіру өнеркәсібінде өндіріс көлемі 4,5 пайызға ұлғайған.

«Ауыл шаруашылығында өсу 3,7 пайызды құрады. Өсімдік шаруашылығындағы шығарылым 2016 жылғы денгейде сақталды, сонымен қатар мал шаруашылығындағы өнім өндірісі 3,9 пайызға артты», деді министр. Сондай-ақ ол саудада 7,5 пайыз деңгейінде елеулі өсу тіркелгенін, бұл көбіне көтерме кәсіпорындар көлемінің артуымен байланысты болғанын атап өтті.

«Инвестициялардың өсуі елдегі экономикалық белсенділікті қамтамасыз ететін жағымды шарттардың бірі. 2018 жылғы қаңтарда негізгі капиталға салынған инвестициялар 65,4 пайызға өсті. Айтарлықтай өсу «ПертоҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС Шымкент мұнай өңдеу зауытында жаңғырту және реконструкциялаумен, Теңіз кен орнында үшінші буын зауытының құрылысымен, сондай-ақ Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнайды тереңдетіп өңдеу кешенін салумен негізделген», деді Т.Сүлейменов.

Тапсырмалар тиянақталды

Алқалы жиында сондай-ақ өткен жұмадағы кеңейтілген отырыста Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды. Үкімет мүшелері тапсырмаларды орындау жөніндегі жоспарларымен бөлісті. Бұл ретте Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменовтің мәлімдеуінше, салық саясатын іске асыру шаралары 2025 жылға дейін ІЖӨ-ге түсетін салық түсімдерін 25 пайызға дейін жеткізуді қамтамасыз етуі тиіс. Бұдан өзге, мемлекеттік қарыздар деңгейі ерекше бақылауға алынатын болады. Аталған мәселені шешу үшін министрлік 2018 жылдың соңына дейін Ұлттық қор тұжырымдамасына қарыз индикаторлары есебінен Үкіметтің ішкі қарызын алып тастау тұрғысынан өзгерістер енгізу жөнінде жұмыс жүргізеді.

«Елдегі кәсіпорындардың бәсекеге қабілетті өндірісі мен экспорттық әлеуетін одан әрі арттыру мақсатында Инвестициялар және даму министрлігімен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе отырып, осы бағытта мемлекеттік қолдауды талдау шаралары жүргізіледі. Оның қорытындысы бойынша бәсекеге қабілетті экспорттық өнімдер шығаратын «Ұлттық чемпиондар» санын көбейту үшін қызметтер алгоритмі мен шараларды іске асыру бойынша ұсыныстар жасалады», деді Т.Сүлейменов.

Сондай-ақ жүргізіліп жатқан құрылымдық реформалар аясында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Индустрияландыру және экономикалық өсу» бағытын іске асыруға тұрақты бақылау жүргізілмек.

Министрлік сондай-ақ Жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асыруды жалғастырады. Аталған бағытта іске асырылып жатқан жұмысты бағалау мақсатында биыл жалпы экономика, мемлекеттік бюджет пен бизнеске жекешелендіру әсерін есепке ала отырып талдау жасалатын болады.

Қаржы министрі Б.Сұлтанов Елбасы тапсырмасына сәйкес биыл 28 ақпанда министрлік сынақ режімінде «Астана-1» ақпараттық жүйесін іске қосатынын жеткізді. Толық ауқымды іске қосу сәуір айына жоспарланған.

«Кедендік рәсімдерден өту және электронды өзара әрекеттесуді жалғастыру кезінде «Бір терезе» қағидатын енгізу үшін ASYCER платформасында тоғыз рұқсат құжатын автоматтандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл сондай-ақ ЮНКТАД жүйесінің платформасында да жүзеге асырылуда», деді министр. Сондай-ақ Б.Сұлтанов аталған рұқсат құжаттары бойынша тиісті модульдерді пайдалануға беру 2018 жылдың 1 қазанына дейін жоспарланып отырғанын, бұл үшін жүйені тестілеу режімінде мамыр айында іске қосатынын атап өтті. «Астана-1» жүйесі «E-лицензиялау» мемлекеттік деректер базасымен біріктіріледі.

 «Сонымен қатар «ИТП» ДКҚ, «IBM» және «PWC»-мен ынтымақтастықта блокчейн-технологияларды пайдалану арқылы ҚҚС басқарудың жаңа әдістерін енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жылдың тамыз айында жаңа ақпараттық жүйенің прототипін енгізу жоспарланып отыр», деді Қаржы министрі. Айтуынша, 2017 жылы салықтық және кедендік тексерулердің саны 45 пайызға қысқартылды.

Елдің мемлекеттік қарызына қатысты, Қаржы министрлігінің басшысы АХҚО биржасында Euroclear жүйесі арқылы еурооблигацияларды теңгеде шығару жоспарланып отырғанын айтты. Бұдан өзге, қарыз алу көздерін әртараптандыру мақсатында исламдық сукук облигацияларын шығару көзделген.

Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек өз кезегінде биыл индустрияландыру бағдарламасы аясында экспортқа бағытталған секторларды ынталандыру мен еңбек өнімділігін арттыруға баса назар аудара отырып, өңдеу өнеркәсібін қолдауға ерекше көңіл бөлінетінін айтты. Ж.Қасымбектің айтуынша, биыл ІЖӨ құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру үшін қажетті жүйелік шаралар қабылданады. Индустрияландыру картасы аясында жаңа жобаларды іске қосу жалғасын табады.

«Биыл біз құны 1 трлн теңге болатын 150-ге жуық жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Мұнда 15 мың тұрақты жұмыс орны ашылады», деді министр.

2018 жылы ИДМ цифрлы технологиялардың мүмкіндігін көрсету алаңдарына айналатын жеті модельді цифрлы фабрикалардың аудиті бойынша жұмысты бастамақ. Сонымен қатар жүйе құраушы кен-металлургия кәсіпорындарында Индустрия 4.0. технологиясын енгізу жобалары іске асырылады. Биыл цифрландыруды нүктелік ынталандыруға қатысты кейбір қолдау шаралары ішінара қайта қаралады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында жүктелген тапсырмаларға сәйкес, жыл соңына дейін «цифрлы дәуір» өнеркәсібінің қалыптасуына бағытталған Индустрияландырудың үшінші бесжылдығы тұжырымдамасы әзірленеді.

«Жалпы, жоспарланған іс-шараларды іске асыру 2018 жылы өңделген экспорттың құндық көлемінің өсімін 10,3 пайызға, өңдеу өнеркәсібінің еңбек өнімділігін 6 пайызға, өңдеу өнеркәсібі негізгі капиталының 1 трлн теңгеге дейін өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді Ж.Қасымбек. Сонымен қатар биылғы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасын одан әрі іске асыру тетіктері қайта қаралады.

Үкімет отырысында бұдан әрі Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың, Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой мен Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановтың баяндамалары тыңдалды. Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов те есеп берді.

Баяндамалар тыңдалған соң Үкімет басшысы қозғалған мәселелер Президенттің ерекше бақылауында екенін айтып, Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге жұмыс жоспарының жобасын жұмаға дейінгі мерзімде Үкіметке енгізуді тапсырды.

Шымкент агломерациясы аумағы анықталды

Шымкент агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы қаралды. «Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясында Астана, Алматы және Шымкент, Ақтөбе қалаларында агломерацияларды дамыту бойынша стратегиялық қажеттіліктерді белгіледі. Осыған байланысты өңір аумағының өсімін басқару үшін Шымкент агломерациясының аумақтарын дамытудың өңіраралық схемасы әзірленді. Агломерацияның ықпал ету аймағында Шымкент – орталық қаласы, Арыс қалалық әкімдігі мен облыстың жеті ауданының бөліктері кіреді. Олар: Бәйдібек, Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам, Сарыағаш, Төле би және Түлкібас. Халық санының 2030 жылға қарай 2,3 миллионға ұлғаятынын ескере отырып, агломерацияның көші-қон ағымдарын реттеу қажет», деді жобаны таныстырған Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек. Министрдің айтуынша, негізгі жоспарлау кіндіктері бойынша Сарыағаш, Арыс және Тұрар Рысқұлов секілді ірі елді мекендері базасында контрмагнит қалаларды қалыптастыру ұсынылады. «Өндіргіш күштерді дамытудың ұсынылған шаралары өңірдің экономикалық негізін трансформациялауға, қызмет көрсету саласын, агломерацияның көліктік-логистикалық және туристік әлеуетін дамытуға бағытталған. 2030 жылға қарай фармацевтика, мұнай, химия, металлургия, құрылыс индустриясы, ғылым, сауда және қызмет көрсету салалары дамитын болады. Өңдеу өнеркәсібі 5 есеге ұлғаяды. Ауылшаруашылық кооперациялары мен агроөнеркәсіптік кешеннің дамуы мал шаруашылығының жалпы өнім көлемін төрт есеге, және өсімдік шаруашылығының жалпы өнім көлемін бес есеге арттыруға ықпал етеді», деді министр. Ж.Қасымбек сондай-ақ көліктік жүйені дамыту үшін Шымкент қаласының Оңтүстік, Шығыс және Солтүстік бөліктерінде үш айналма жолды, қаланың сыртқы айналмадағы 118 шақырымын жөндеуді, Сарыағаш қаласының айналма жолы мен облыстық және аудандық маңыздағы 720 шақырым жолды жөндеуді ұсынды. Ұсыныстардың арасында «Шымкент-2» темір жолы мен Шымкентті айналып өтетін 43 шақырымдық темір жол салу жұмысы да бар. Сонымен қатар Арыс вокзалын жөндеудің маңғыздылығы туып отыр. Министр сондай-ақ Шымкент қаласы мен Сарыағаш ауданында 2020 жылға дейін екі көліктік-логистикалық орталық құру маңызды екенін айтады. Министр өзге де әлеуметтік, инновациялық, экологиялық бағыттардағы біршама ұсыныстарды айта келе Үкімет басшысынан жобаны қолдауды сұрады. «Бұл іс-шаралар қызмет көрсету саласын жақсартып, қаланың көліктік-экспорттық әлеуетін арттыра түсер еді. Жоспар барлық мемлекеттік органдармен, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен келісілді. Жобаны қолдауыңызды сұраймын», деді министр. Бұл мәселе бойынша жиында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары А.Мамин, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев сөйледі. Талқылау қорытындысында Шымкент агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы қабылданды.

Динара БІТІК, «Егемен Қазақстан»