• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Ақпан, 2018

Қостанайда көл түбінен танк пен трактор табылды

673 рет
көрсетілді

Қостанай өңірінде көл көп. Тың көтерілген жылдардан кейін соның біразы құрғап кеткен. Шоқанның Құсмұрынындағы атақты Құсмұрын көлі де қазір өлі көлдер қатарына жатады. Осы Құсмұрыннан соғыс кезінде және одан кейінгі жылдары балық ауланып, Ресейдің өндірісті қалаларына жіберіліп тұрған екен. «Құсмұрын көліне танк батып кеткен» дегенді ұзынқұлақтан естігеніміз бар. Алайда қазір сол уақыттың көзкөрген куәларын табу оңай емес. Бірақ аға буын өкілдерінен естігенін ұмытпайтын құймақұлақ жандар сол төңіректен табылды. Құсмұрынға жиырмашақты шақырым жерде орналасқан Новопавлов ауылының тұрғыны Александр Линкевич Құсмұрын көлінен балық тасуға танк әкелінгенін, бірақ батып кеткен трактор екенін айтты.  

– Соғыс жылдары Құсмұрын көлінен тонналап балық ауланыпты. Оны қаптап Челябіге жіберетін болған. Сонда тасымал үшін танкті де пайдаланыпты. Бірақ Құсмұрынға батып кеткен трактор екенін естігенмін. Бұл оқиға соғыстан кейінгі тың көтеру жылдары болса керек. Қыс айларында мұз ойылып кетіп, трактор суға кеткен. Оны шығарып алатын күш қайда ол кезде? Трактор сол күйінше су астында жатыр, қазір батпаққа батып кеткен, – дейді Александр Алексеевич.

Ауыл тұрғыны осылай десе де, негізі Құсмұрын көліне батқан танк екенін айтатындар да бар. Ал бұл оқиға жалғыз емес екен. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Білім министрі, хал­қымыздың маңдайалды ұлда­рының бірі Шайсұлтан Шаях­метов туралы оның ағасы Шәйіт Молдахметовтің «Өнегелі өмір» атты естелік кітабында да көлге батқан танк туралы жазылады. Шәйіт ақсақал Науыр­зым өңіріндегі соғыс жә­не одан кейінгі жылдардың ауыр тұр­мысын суреттейді.

«Ол кезде көлдерде балық көп болды. Ауланған балықтар қы­сы-жазы Ресейдің өндірісті қала­ларына жіберіліп жататын. Жазда ауланған балықтарды қақтап, тұздап, тұз сіңгенін кептіріп, шөп киттегендей киттеп, оларды қос моторлы, төрт моторлы ұшаққа тиеп, жаз бойы жөнелтетін. Сонда «бұларды ішке жіберіп жатыр» дейді. «Іш» дегенді кейін білдік, ол Ресейдің Челябі, Магнитогор қалалары екен. Қыста балық мұздың астымен тартылады. Тартылған балықтар сол қалпымен қыстай пушкалары алынып тасталған «Т-34» деген соғыс танктері сүйреткен темір шанамен тасы­лып әкетіледі. Осындай үлкен шана сүйреткен танктің біреуі 1946 жылдың қысында Науыр­зым қорығындағы Сарымойын көліне батып кеткені бар. Қыс­та төте жолмен жүріп жете қоямыз дегенде мұз ойылып, көлге жартылай батып кеткен. Шығарып алуға әрекеттенгенмен еш нәтиже болмады», деп жазады автор. Осы естелікте айтыл­ғанына қарағанда, Құсмұрын көлінен балық аулауға да танкті пайдалануы, тіпті суға батқан танк болуы да әбден мүмкін. Өйт­кені кеңестік танктер Қос­танай облысымен шекаралас Челябі қаласындағы зауыттан шығарылғаны белгілі. 

Қамысты ауданындағы Алтын­сарин ауылының сыртын­дағы көлде де тың көтеру кезінде «ДТ-54» тракторы суға кет­кен екен. Осындағы «Алтын­сарино» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінің директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Борис Князевтің бастамасымен ауыл адамдары сол тракторды 40 жылдан кейін көлдің түбінен қазып алады. Бұл трактор тың жерлерді көтеру жылдары алғашқы борозда салған техниканың бірі, нағыз «ардагер» екен. 

– Трактордың тек орындығы ғана бүлінген, қалған жері сап-сау. Тіпті қазір алқапқа шығар­саң, жер жыртуға толық жарайды. Біз оны техника паркіне әкеліп, жуып, бояп, музейге қойдық, – дейді Борис Павлович. 

Этнограф Ағытай Ибраги­мовтің айтуынша, сонау Тор­ғай­дағы жағасында Ахмет Бай­тұрсынұлы өскен Ақкөл көлінің түбінде де бір машина жатса керек. Бұлар бізге мәлімі ғана. Ал техника жұтқанын біз білмейтін көлдер қанша екен десейші?..

Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ