РУМФЫНИЯДА ЗҚҚ ОРНЫҒАДЫ
Өткен бейсенбіде Румыния президенті Траян Бэсеску елдің қорғаныс жөніндегі жоғарғы кеңесі өз аумағында АҚШ-тың зымыранға қарсы қорғаныс (ЗҚҚ) қондырғыларын орналастыру жөніндегі ұсынысын қабылдағанын жариялады. АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Филипп Кроулидің айтуынша, аталмыш қондырғылар Қара теңіз акваториясында да орналастырылуы мүмкін. Оның түсіндіруінше, олар Ресейге емес, Иранға қарсы бағытталмақ.
ГЭС-ТІ ХАЛЫҚ ҚАРЖЫСЫНА САЛМАҚ
Тәжікстанда салынып жатқан Рогун су электр стансасы халықтан жинаған ақшамен қаржыландырмақ болып отыр. Қаңтардың басында басталған шараға байланысты бір айға жуық мерзімде халыққа 700 миллион самани, яғни 160 миллион доллардай ГЭС акциясы сатылыпты. Осынау ГЭС салынып бітсе, бұл ел электр энергиясы тапшылығынан біржола құтылмақ. Құрылыс кешегі КСРО кезінде басталып, аяқсыз қалған. Жақында оны салуға Ресей де уәде беріп еді, олар да тайқып кетті. Ел басшылығы енді халыққа қол жайып отыр. Бірақ сол халықта да күй жоқ. Талай тәжік азаматтары күнкөрістің қамымен шетел асып кеткен. Олардан қаржы сұрау да қиын. Басқадай амал қалмаған соң үкімет соған барып отыр.
БҰРЫНҒЫНЫ ҚАЗІРГІСІ КІНӘЛАЙДЫ
Словакияның премьер-министрі және “Бағыт социал-демократия” партияның көсемі Роберт Фицо өзінен бұрынғы премьер “Демократиялық партияның” көсемі Микулаша Дзуринданы жемқорлықпен айналысты деп айыптады. Айыптағанда, қылмыстарының түрін түстеп, нақты фактілерді келтіреді. Ал Дзуринда өз атына айтылған айыптарды мойындамағанмен, алдағы парламент сайлауына қатыспайтынын мәлімдеді. Рас, оны айыптаудан қорыққандықтан емес, сайлау науқаны кезінде өз партиясын жамандауға жол бермес үшін деп түсіндірді.
ШЕЙІТТЕРДІҢ ЖОЛЫНДА ШЕЙІТ БОЛҒАН
Ирак астанасының шет жағында Кербала қаласына қарай Мұхаммед пайғамбардың немересі Хусейннің әруағына мінәжат етуге бара жатқандардың маңында жасалған лаңкестік әрекеттен 54 адам қаза тауып, 120 адам жарақат алыпты. Әдетте Хусейннің өліміне арналған 40 күндік аза тұтудан кейін Арбаин мерекесі өтеді. Биыл бұл мереке 15 ақпанда болмақ. Ол шараға қарсылар да бар. Лаңкестік әрекет – соның бір көрінісі. Мереке кезінде Кербалада жұрт тыныштығын 25 мың құқық қорғау қызметкерлері күзетпек.
НӘПАҚАСЫН СЫРТТАН ІЗДЕЙДІ
Шетел ақпарат құралдарының хабарлауына қарағанда, Қырғыз Республикасында 800 мыңдай адам жұмыс іздеп шет елдерге кеткен көрінеді. Халқы аз қырғыз елі үшін бұл тым көп. Бұрнағы жылы қырғыз мигранттары туған еліне 1,2 миллиард доллар қаржы аударыпты. Бұл Қырғызстанның ішкі жалпы өнімінің 27 пайызын құрайды екен. Соған қарағанда, елде қалғандардың өндірген өнімі де, тапқан табысы да мардымсыз екенін аңғару қиын емес. Әрине, елде жағдай жақсы болса, ешкім де сырттан нәпақа іздемейтіні белгілі.
ЖҮГЕРІДЕН ЖҮРЕК АЙНИДЫ
Бір тамақты күнде жей берсе, адам одан шығады. Ал жұғымсыздау тамақ одан да жаман. КХДР-да адамдардың негізгі тамағы жүгері болып отыр. Мұны ел көсемі Ким Чен Ирдің өзі мойындап, алдағы уақытта оны бидай және күрішпен алмастыруды жоспарлап отырғандарын елдің бас басылымы “Родонг Синмун” хабарлады. Көп жерде түсімі мол жүгері – малға жем-азық. Оны басқа дақылмен алмастыру да оңай бола қоймас. Онсыз да бұл елдің халқы азық-түлік жетімсіздігінен көп қиналып, шеттен көмек сұрайды.
ПИКАССОНЫҢ БІР СУРЕТІ – 13 МИЛЛИОН ДОЛЛАР
Лондонда өткен импрессионистер мен модернистердің шығармалары аукционында Пабло Пикассоның және оның жолын қуушылардың картиналарына сұраныс күшті болды. Пикассоның кездейсоқ көрсе кей адамның үрейін ұшыратындай “Әйелдің басы (Жаклин)” картинасы 13 миллион долларға бағаланған. Алғашқы ұсыныс бағасы 5-6 миллиондай екен. Голланд суретшісі Кеса ван Донгеннің 1910-1911 жылдарда жазған “Сыған қызы” картинасы 11 миллион 284 мың долларға бағаланыпты.
Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.