• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Медицина 15 Ақпан, 2018

Кеншілер кентіндегі қуаныш

808 рет
көрсетілді

Майқайың кенті Баянауыл ауданына қарайды. Айналасы толы өндіріс орындары. Кентте қазір 9044 адам тұрса, оның ішінде 3 мыңға жуығы Монғолиядан көшіп келген ағайындар. Былтыр кентте 129 сәби дүниеге келіпті. Оңтүстіктен қоныс аударған 4 отбасына үй беріліп, жұмысқа орналасқан.

Мұндағы өндіріс орындары кентке қамқор, жүйе құрау­шы кәсіпорындар саналады. Кент­­тің жылу құбыры сумен жаб­дықтайтын Екібастұз – Май­­қайың аралығындағы су та­ратқыш, кент ішілік су та­рат­қыш құбырлары уақыт­ша се­німгерлік басқаруға «Май­қай­ын Алтын» АҚ-қа берілген. Кәріз жүйелерімен «Аухал» ЖШС жұмыс жүргізуде. Жуырда Майқайыңда «Нұрбөбек» ба­ла­бақшасы ашылды. Оның құ­ры­лысын мердігер «Б-АДК» серік­тес­тігі жүргізді.

Балабақша меңгерушісі Роза Ғалымжанованың айту­ынша, ата-аналардың дені «Май­қайың Алтын» АҚ кен байыту комбинатында, басқа да кеніштерде еңбек етеді. Сон­дықтан кеншілер отбасы ерекше қуанышты. Енді 110 бала жас ерекшеліктеріне қарай 6 топ­қа бөлініп тәрбиеленеді. Мила­на, Арсений, Ярослав сияқ­ты балалар да қазақ тіліндегі топ­тарға келіпті. Бүлдіршіндер ара­сында Гүлзар Мухаммад, Юсуф Хасанұлы деген тегі пә­кіс­тандық бала да бар. Гүл­зар­дың әкесі Раза Хасанның ма­ман­дығы дәрігер-хирург, Пә­к­іс­танда тұрады. Ал анасы Эль­мира Рахметқызы Керегетас ке­ні­шінде қызмет етеді. Анасы мен әкесі Қарағандыда танысып, отбасын құрған екен. Бала­ба­қ­шаға әзербайжан баласы Ман­сұр да келіпті.

Мұнда оқу және тәрбие жұ­мыс­тары мемлекеттік тілде жүр­гі­зіледі. Ағылшын тілі бойынша Гүлмира Қамаш, орыс тілінен Айдана Съезқызы сабақ береді. Балабақшадағы 24 педагогтың ішінде 15 арнау­лы орта, 8 жоғары білім­ді педагог бар. Жал­пы, қыз­мет­кер­лер саны – 51. Оның 43-і Майқайың кентінің Жұмыс­пен қамту орталығынан жібе­ріл­ген. Балаларға барлық жағ­дай жасалған. Бейімдеу, ден­сау­лықтарын түзету, дамыту, логопед, үйірме, психолог кабинеттері бар. Алдағы уақытта шахмат, қолөнер, би, сурет үйірмелерін ашу жоспарлануда.

Негізгі бағытымыз –  баланың жеке тұлға ретінде дамуына ти­імді жағдай туғызу. Оқу-тәр­бие үдерісінде ақпараттық тех­нологияны (компьютерлік, му­ль­тимедиялық құрал) пай­да­­­ланамыз. Ақпараттық тех­­­но­ло­гияның мақсаты тәр­би­е­­ле­­ну­шілердің зейінін, білім-білік дағдыларын қалыптастыру, ақыл-ойын дамытуға көмектесу, – дейді Роза Дәулетқызы.

Балабақшаға облыс әкімі Болат Бақауовтың атынан му­зы­калық кешен сыйға бері­ліп­ті. Кіш­кентай Кәусар Бауыр­бек­қызы аталған құрылғымен ән орындап берді.

Жалпы, кеншілер кентінде 245 бала баратын 3 балабақша жұ­­мыс істейді. Балалар өнер мек­тебінде 177 оқушы білім алса, «Жасыбай» балалар спорт мектебінің филиалында 11 жаттықтырушы 312 баланы спортқа баулуда. Кентте «Кен­ші» мәдени-сау­ық­тыру ор­талығы бар. Би­ыл «Дип­лом­мен – ауылға!» бағ­­­дар­ламасымен келген жас ма­ман­дармен мектептер де то­лығып отыр.

 

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы,

Майқайың кенті

Суретті түсірген Әсел ӘЛІМҚЫЗЫ