Гендерлік саясатты тиімді жүргізу арқылы әйел құқығын қорғау, отбасылық-демографиялық мәселелерді шешу жолдары демократиялық қоғамда өз жалғасын тауып келеді. Қоғамдық сананың кертартпалығын жеңу үрдісі де бүгінгі таңда саясаттың ықпалымен жүзеге асырылып жатыр. Бұл жөніндегі нақты іс-шаралар әлем бойынша да, еліміздің даму жүйесінде де дұрыс жолға қойылған. Мәселен, еліміздің Еуропада қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етудегі жалпыұлттық жобамызда да гендерлік саясатты нығайтудың ерекшеліктері қамтылған. Жуырда ғана Елбасының халыққа арнаған “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында атап көрсеткеніндей, ел дамуының басты арқа сүйері серпінді индустрилизация мен адам капиталының бәсекеге қабілеттілігі болып табылады. Инновациялық экономиканы қалыптастыруда жоғары білімді әрі парасатты мүмкіндікке ие әйелдер қауымының қосар үлесінің маңыздылығы және басқа да Қазақстан әйелдерінің әлеуметтік-экономикалық, саяси белсенділікті арттыру мәселелері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықованың қатысуымен “ҚазАқпарат” ұлттық ақпарат агенттігінің баспасөз орталығында болып өткен басқосуда талқыланды.
Баспасөз мәслихатына, сондай-ақ Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары А.Ғалымова, Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті А.Соловьева, Қазақстанның кәсіпкер әйелдер одағының төрайымы М.Қазбекова және басқа да қоғамдық белсенділігі жоғары нәзік жандар қатысты.
Мәслихат барысында сөз сөйлеген министр Г.Әбдіхалықова 2010 жылдың басы Қазақстан үшін ерекше кең ауқымды, мазмұнды оқиғаларға толы болғандығын атап өтті. Оның ең бастысы – Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі екендігін баса айтты. “Біздің елдің ТМД, Азия және бүкіл әлемдегі түркітілдес қауымдастығының ішінен алғашқы болып, сонау Атлантикадан Тынық мұхитқа дейін жайғасқан 56 мемлекеттің басын біріктіріп отырған беделді халықаралық ұйымға төрағалық етуі, әрине, барлық қазақстандықтар үшін мақтаныш және үлкен жауапкершілік. Сонымен қатар, Президенттің бастамасымен ХХІ ғасырдың жаңа он жылдығын бастадық. Бұл республикамыздың дамуындағы өте маңызды кезең болатыны анық”, деді министр.
Министр, сондай-ақ қазақстандық қоғамның демократиялануын әрмен қарай жетілдіру, әйелдердің құқығы мен гендерлік теңдігін жан-жақты қорғау мен тиімді қолдау және халықаралық қарым-қатынастарды кеңейту мақсатында Қазақстан әйелдері коалициясы құрылып отырғандығын айтты. Билік құрылымы мен қоғамдық ұйымдардың мұрындық болуымен құрылған аталмыш коалицияның алға қойған ұстанымдары да айқын болмақ. Қоғамдағы әйелдердің барлық коммерциялық емес ұйымдары, бизнес өкілдері, әйел саясаткерлер мүше бола алатын коалиция өз алдына ерлер мен әйелдердің құқықтары мен бостандықтары және мүмкіндіктерінің тең болуы, қызмет көрсету саласы әртүрлі әйелдер ұйымына тең дәрежеде ілтипатпен қарау, әйелдердің өзге де ұйымдармен ынтымақтаса жұмыс істеуі сынды міндеттерді қойып отыр.
Баспасөз мәслихаты соңында Қазақстан Іскер әйелдер қауымдастығының президенті Р.Сәрсембаева еліміздегі жеке кәсіпкерлік секторының 80 пайызы әйелдердің үлесінде екендігіне тоқталды. Болашақта әйелдер жеке кәсіпкерлігін одан әрмен жетілдірудің жолдарын да қарастыру керектігін атап өтті.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.
ҚАЗҰУ-ДЫҢ ЖАҢА СЕРПІНІ
Жақында Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық аккредитациялық орталығы тұңғыш рет халықаралық үлгі бойынша жоғары оқу орындары аккредитациясының қорытындысын шығарды. Отандық оқу орындарының ішінде ұлттық аккредитацияны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті алғашқы болып сәтті өткізді.
Институционалды аккредитация – университтің өзін-өзі бағалауы мен жоо қызметінің сыртқы бақылауы негізінде жүргізілетін Болон үдерісі аясындағы міндетті шара. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бұл шараны белгілі ғалым, Ресейдің федералды аккредитациялық орталығының жетекшісі Владимир Наводновтың басшылығымен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық аккредитациялық орталығы жүргізді.
Тәуелсіз комиссия жетекші оқу орны қызметінің барлық саласымен жан-жақты танысып, оны ұлттық саясатқа және халықаралық стандарттарға, сонымен қатар елдің әлеуметтік-экономикалық, ғылым-білім мен мәдени дамуына сай келеді, миссиясы, міндеті мен мақсаты жақсы қалыптасқан деген қорытындыға келді.
Одан өзге шетелдік және отандық жоо-ы, академиялық қоғамдастық пен қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен құралған сарапшылар тобы ғылыми ізденістердің жоғары деңгейін, білім сапасын, университет кампусының дамуын, сонымен қатар студенттердің оқуы мен тұрмысы жағдайының жақсы екендігін атап өтті. Алматыдағы университеттік интернет-орталықтың үлгісімен танысқан соң, тәуелсіз сарапшылар ақпараттық технологияларды енгізуде білім ордасының озық құрал-жарақ техникамен жақсы жабдықталғандығын баса айтты.
Ұлттық аккредитациялық орталық аккредитациялық комитеті 3 ақпан күні Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінінің кеңейтілген отырысында соңғы қорытынды шешімін шығарды. Онда Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Бақытжан Жұмағұловқа институционалды аккредитацияның сәтті өткендігі туралы бірінші сертификатты тапсырды.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.
САҒЫНЫШТЫ ЖЫЛДАРҒА САЯХАТ
Қаламы жүйрік, қиялы ұшқыр журналистер өз еңбектерін бұлдамағанымен, оқырмандар жылы қабылдайтыны даусыз. Оны кездесу кештерінен көріп жүрміз. Жерлестерінің алдында 40 жылға жуық журналистік еңбегіне арналған “Сағыныш жылдарға саяхат” тақырыбындағы кездесуде айтылған ой-пікір Жұмаш ағаның өткен өміріне берілген бағаны қалыңдата түсті.
Еңбек жолын механизаторлықтан бастаған ол кейіннен Қастек ауылындағы жастар ұйымына жетекші болып, алғырлығымен көзге түседі. Қаламгерлік еңбегі Жамбыл аудандық “Атамекен” газетінде әдеби қызметкерліктен сүрлеу салса, бұдан кейін Алматы Жоғары партия мектебін тәмамдағаннан соң, 1972 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін облыстық “Жетісу” газетінде жемісті еңбек еткенін айтуға болады. Осы үнжарияда 8 жыл бөлім меңгерушісі, 14 жыл жауапты хатшы, 8 жыл бас редактордың орынбасары болып ұжымды басқару мен жас журналистерге қамқорлық жасау үлкен кәсіби біліктілікті талап еткені даусыз.
Байырғы журналист Жұмаш Арғынбайұлы – өмір тынысына құлақ түрген, дәуір дүрсілін дөп басқан және оның қыры мен сырын жан-жақты әсерлі жазудан жалықпаған адам. Бұл жәйттер аудан әкімі Махаббат Бигелдиевтің сөзінде жан-жақты айтылды. Зейнеткерлікке шықса да еңбектен қол үзбеген Жұмаш аға бүгінде Халықаралық журналистика академиясының құрметті академигі атанып, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті журналистика кафедрасында оқытушылық қызметін жемісті жалғастыруда.
Кеште Алматы облысы әкімінің кеңесшісі Кеңесбек Демешов облыстық мәслихаттың шешімімен “Алматы облысының Құрметті азаматы” атағын тапсырып, сый-сияпат жасады. Сонымен қатар Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Еділ Әбуұлы, “Қазақ газеттері” серіктестігінің бас директоры – редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин, “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы және “Жетісу” газетінің жауапты хатшысы Нүсіпбай Әбдірахым, тай-құлындай тебісіп бірге өскен бауырлары – экономика ғылымдарының докторы Марат Нұриев, заң ғылымдарының докторы Арықбай Ағыбаев, “Егемен Қазақстандағы” қарындасы Гүлзейнеп Сәдірқызы, тағы басқалар да құттықтауларын жеткізіп, қаламгерге салт-дәстүрімізбен шапан жапса, ауылдан түлеп ұшқан бір топ бауырлары “темір тұлпар” мінгізді.
Аудан өнерпаздары – жыршы-термеші Ермек Шаштайұлы, әншілер Гүлжан Дүйсенова, Айман-Шолпан Дәуітова, Гүлнәр Ноғайбаева, тағы басқалардың өнерлері халықтың көңілінен шықты. Әріптес інісі, ақын Манарбек Ізбасаров қаламгердің сағынышты жылдарға саяхат жасаған арнау-жырын оқып, кештің сән-салтанатын арттырды. Біртоға, әсте асып-тасуды білмейтін қарт журналистің халқымен кездесуінде адами биік қасиеті тағы бір қырынан ашылып, мерейленді.
Қаламгер баспадан жаңа шыққан кітабын той шашуы ретінде оқырманға ұсынды.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.