Қазір ортамызда бірімізді біріміз орынсыз қолпаштау, жалпақтап жалған мақтау, кім болса соны қолтығына су бүркіп көтермелеу, орынсыз мадақтау, асыра дәріптеу етек алып бара жатқанын байқаймыз. Неге біз сондай болып барамыз?
Былтыр көктемде Тараздағы М.Х.Дулати атындағы университетте «Ұлттық құндылықтар – ұрпақтар сабақтастығының өзегі» атты облыстық конференция ұйымдастырылды. Жалпы алғанда, конференция тақырыбы, жасалған баяндамалар, пікір қосқандардың ой-өрнектері бір бағыттан табылып, бәрі орынды өтті. Бірақ көпшілікке таратылған бағдарлама жазылған парақшада жиындағы спикерлердің бірі, газеттің бас редакторының орынбасарын айқайлатып «Ұлт анасы» деп жазғаны өте ыңғайсыз болды. Мейлі республикалық газеттің өкілі өз ортасында, әріптестері арасында ерен еңбегімен, қайраткерлігімен, ақыл-пайымымен сыйлы, құрметті болсын. Бірақ «Ұлт анасы» атануға қандай жайы бар? Бұл атақты кім беріпті? Мұнымыз дарақылық емес пе екен?
Біз осы марапатты, неге соншама жанымыз сүйеді? Сәл қызметіміз көтерілсе жөн-жосықсыз мемлекеттік наградалар, атақ алғымыз келіп-ақ тұрады. Саусағыңызды бүгіп санап шығыңызшы, сіз танитындардың қаншасы мемлекеттік мәртебесі жоқ, ведомстволық атақтарға ие екен: «Құрметті мәдениет қызметкері», «Құрметті журналист», «Құрметті энергетик», «Құрметті құрылысшы», «Құрметті теміржолшы», сондай-ақ «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» және сол сияқты, тіпті тізе берсек атақтарынан жаңыласың. Сахнада бір-екі жыл ән айтып, «жұлдыздарға» айналған әншілеріміз де «Еңбек сіңірген қайраткер» немесе «Мәдениет қайраткері» деген атаққа ие болып шыға келеді. Жазушы-қаламгерлер арасында да халықаралық «Алаш» сыйлығының соңғы кезде оңды-солды таратылуы сынға ілікті. Бұл күндері сыйлықтарды атаудан жаңыламыз. Жазушылардың ұзын саны 840-тан асып жығылыпты. Көпшілік арасында танымалы санаулы. Шын жазушы жоқтың қасы, тым ұсақталып кетті. Осы жерде жазушы Әкім Таразидің бір сұхбатында айтқан естелігі еске түсті. Шерағаң екеуі Нью-Йоркке барғанда биік бір заңғар ғимараттың үстіне шыққан ғой. Сол кезде Ә.Тарази төменге көз тастап тұрып: «Шераға, қараңызшы адамдар зау биіктен құмырсқа сияқты кішкентай болып көрінеді екен» дейді. Сонда Шерағамыз: «Мен адамдардың ұсақталғанын көргім келмейді!» депті. Түсінген адамға терең ой салатын сөз емес пе? Қазір көбіміз ұсақталып, жақсы қасиеттерімізден айырылып барамыз деп ойлаймын. Иә, несін айтамыз, қалам ұстағандардың барлығы жазушы болғысы келеді. Бір-екі кітабы шықса, Мемлекеттік сыйлықтан дәмеленеді.
Әртүрлі сыйлықтардың лауреаты дегендерің дәл қазір аз емес. Бәзбіреулері республикамыздың шеңберінен шығып, қатар жатқан мемлекеттердің лауреаттығын «шәпкімен қағып» алып жатыр. Оларға қабаттасып «Облыстың құрметті азаматы», «Ауданның құрметті азаматы» деген атақтар жыл сайын әр өңірде кем дегенде 20-30 адамға беріліп, есімдері мәрмәр тастарға қашалып көз жауыңды алып жарыса тізіліп тұр. Солардың барлығы сол атаққа сай ма?! Тіпті арасында қызметке орналасқандарына 20 жылдан аспағандары да бар. Сол мезгілде олар халқына қандай жақсылық жасап үлгерді? Бәзбіреулері теріс қылықтарымен (мысалы, жемқорлыққа бой беріп) істі болып, сотталып жатқандарын естігенде әлгі мәрмәр тақтаға жазылған есімдерін елден қалай қалқалаймыз? Солардың тізімінің қатарында жүрген ары таза азаматтар өздерін қалай сезінеді екен? Кейбір қалалардағы сондайлардың тізімі жүзден асып, бір тақтай жетпей, қасына қосымша тақтайлар орнатылып жатқанына да куәміз. Ұзынқұлақтан естиміз, әлдебір жеке кәсіпкер «Еліміздің құрметті азаматы» деген төсбелгі шығарыпты. Ақшасын төле де, кеудеңе жылтыраған төсбелгіні қондыр. Әлгідей төсбелгі таққан жан бүкіл әлемнің тұтқасынан ұстап тұрғандай төңірекке паңдана қарайтынын қайтесің.
Ғылыми атақтардан да оза шауып тұрмыз. Әне бір жылы Елбасының Жарлығымен диссертация қорғайтын кеңестер жабылып еді, жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай академиялар мен «академиктер» қаптап кетті. «Ой, шіркіндер-ай! Бұл қазаққа не дауа бар» деп еріксіз ойға кетесіз. Сол «академик» атағы ғылымдағы қандай жетістіктері үшін берілгенін бір Алла біледі. Әлгі академик атанған жанның ғылыми мектебі, шәкірттері, әлем мойындаған елеулі еңбектері (монография, оқулық, оқу құралдары және т.б.) бар ма екен? Оны дәл қазір сұрап жатқан ешкім жоқ. Ақшасын қоғамдық академия қорына, оның кассасына құйып әдемі қатты қағаздың иесі болып шыға келу ешкімді таңғалдырмайды. Тіпті «Е-е жарайды, бір жолын тауып алған екен ғой сабазың, құтты болсын!» деп жүре береді. Тіпті бетке ұстар Ұлттық академияның өзінен береке кеткен тәрізді. Инкубатордан шыққандай шүпірлеген академиктер, құрметті академиктер санынан жаңыласың... Ұлттық ғылымымыздың «кемесі» қай жарқабаққа қай күні соғыларын кім біледі?
Жақында бір таныс профессор «Ресейдің ғылымы мен техникасының еңбек сіңірген қайраткері» деген атақ алдым, құттықта мені...» деді де, ерекше жылтыраған төсбелгісімен куәлік-кітапшасын көрсетті. Жылтырақ темірден жасалған төсбелгі көздің жауын алады. Кітапшасына үңілсем, ел президенті емес, бір қоғамдық ұйым басшысы қол қойып, мөр басыпты. Шынымды айтайын, әлгі танысымның көңілін жықпайын деп еш қарсы сұрақ қоймадым. Өйткені мұндай атақ Мемлекет басшысының өкімімен шығады. Ал мына марапат жолда жүрген көкаттылардың қитұрқы, ақша табу жолындағы алаяқтық іс. Ортамызда осындай «қолдан жасалған» жалған атаққа ие болып мәз болып жүргендер қаншама?
«Академиктер мен құрметті қызметкерлер» саны түнгі аспандағы жымыңдаған сансыз жұлдыздардай жыпырлап өсіп жатыр. Жиналысқа, конференцияға, тіпті тойға барсаң да әлгі таныс, бейтаныс «академиктер» алдыңнан шығады. Ырғалып-жырғалып төрден орын алады, микрофонды алып көсемсіп, әр нәрсенің басын шалып «әңгіме» айтады. Біреуінің сөзінде іліп алар, басқаларға үлгі болар сөз жоқ.
Белгілі жазушы, көсемсөзші Әбіш Кекілбаевтың мына сөздері көз алдыңа көлбеңдеп келе қалғандай болады: «Өмір бойы алысып-жұлысып жүріп пысықайлықпен табылатын өтірік даңқ араға жыл түспей жатып, көшкен жұрттағы күл төккен төмпектей жермен-жексен шөгіп, жұтап шыға келеді». «Өмір-ай. Әттең, не болып барамыз осы біз» дейсің де қоясың...
Ащы болса да шындық, бүгінде қазақтың «ұлы» сөзінен де қасиет кетті. Кім болса да «ұлы» деп төбемізге көтерген жай келді. Халқымыздың «Абыз» деген құдыретті сөзін де төмендетіп жібердік. Кез келгенге жапсырамыз. Онымыз әділдік пе?
Кезекті сайлау маусымы басталғанда қалталылыр біліміне, қабілетіне, түйсігіне қарамай, тоғанды бұзып шыққан қызыл судай жаппай лап беріп, кандидаттыққа тіркеліп, елдің арасын азан-қазан етеді. Кеше танымайтының бүгін алдыңа келіп «Көке, көмектес. Маған сенімді өкіл болыңыз, сізді көпшілік таниды, сыйлайды емес пе?» деп соңғы сөзін айтып, қиылып, қолқа салады. Содан қалай құтыласың? Қиналасың ба... Әрине. Депутат болу да әлгілердің арманы шығар, сірә...
Әр нәрсенің өз орны, жөні, қасиеті бар емес пе? Шетелдік актерлерде, әншілерде, жазушыларда солардың бірі жоқ. Олар еш қызықпайтын сияқты. Халық таңдауы біледі, кімді қолдау керек, кімді қолпаштау керек. Ал біз болсақ атаққұмарлықтан, даурықпа-дақпырттан, көл-көсір етіп өтірік мақтаудан, желбуаз бөспе сөздерден әлі арыла алмай келеміз. Сол жағы өкінішті. Басқа жұртқа күлкі болып сонша не көрінді? Өркениетті, дамыған елдер қатарына қосылсақ деген үміт бар. Ол үшін мінезімізді, көзқарасымызды, психологиямызды, пейілімізді өзгерткеніміз дұрыс емес пе? Қазақ табиғатынан таза, арлы халық емес пе едік? Ойланайық...
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор
ТАРАЗ