Орталық коммуникациялар қызметінде Мемлекет басшысының 2018 жылдың 10 қаңтарында жарияланған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауындағы кәсіпкерлікті дамытудың басты бағыттарына арналған «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Шара барысында басқарма төрағасы Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген тапсырмалардың маңыздылығын тілге тиек етті.
«Өңдеу өнеркәсібі секторын дамыту, еңбек өнімділігін арттыру және индустрияландырудың инновациялық дамуының қажеттілігіне басымдық берілгені – өзекті әрі уақытында жасалған бағдар. Біз Елбасының Жолдауын егжей-тегжейлі сараптап, өзіміздің жоспарымызды дайындап алдық. Жалпы, кәсіпкерлік төңірегінде айтатын болсақ, еліміздің негізгі саясаттарының бірі нарықтық экономиканы көтеру, орта және шағын бизнестің біздің экономикамызға қосатын үлесін көбейту жұмыстарына тоқталуға болады. Енді соның аясында жасалған жұмыстар жөнінде айтсақ, біздің төңіректе бес әртүрлі сала бар. Олар макроэкономикалық саясат, ақша саясаты, тариф саясаты, төртінші – кәсіпкерліктің құқықтық қорғау мәселесі, бесіншісіне өзіміздің индустриялық саясатымызды жатқызуға болады. Осындай бес саясат бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр», деді ол.
Сонымен қатар жиын барысында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталып, «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні қашан енгізілетін атап өтті.
«Мемлекет басшысы «Атамекен» ҰКП-ның жаппай кәсіпкерлікті дамыту жұмысына жоғары баға берді. Ұлттық палата «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында жүзеге асырылып отырған «Бастау Бизнес» жобасының бастамашысы екені белгілі. 2017 жылы ауылда тұратын 15000 азамат оқытылып, нәтижесінде 3000-нан аса адам өз кәсібін ашты және жұмыс істеп тұрған бизнесін ұлғайта алды. Сондай-ақ біз 2015 жылы «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәнін енгізу туралы ұсыныс жасаған болатынбыз. Білім және ғылым министрлігі оны қолдады. Қазір бұл оқулық дайын деп айтуға болады. Ол 2018 жылдан бастап қанатқақты жоба ретінде, ал 2019 жылдан бастап мектеп бағдарламасына енеді. Бұл пәннің басқа пәндерден айырмашылығы, ол интерактивті түрде оқытылады. Және біз осыған байланысты портал дайындап жатырмыз. Тағы да айтайын, бұл пән дайын, алдағы 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап оқытылады», деді Эльдар Жұмағазиев.
Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»