• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 20 Ақпан, 2018

Шотан батыр

5620 рет
көрсетілді

Қазақ халқының тағдырын шеш­кен осы шайқаста Ұлы жүз бен Орта жүздің батырлары Өтеген, Сәмен, Қойкелді, Сауырық, Хан­гелді, Бөгенбай, Жәнібек, Қабан­бай, Жауғашармен бірге, Кіші жүз қо­лын Тама Есет, шекті Тайлан, адай батыры Шотан, тағы да басқа ба­тырлары басқарып, үлкен ерлік көрсетті.

Қазақтың Атыраудан Алтайға дейін созылып жатқан кең байтақ даласына кімдер көз алайтпады десеңші! Әсіресе қалмақ-жоңғар шапқыншылығы үлкен қасірет, қайғы әкелді.

Ел басына қилы-қилы қиын кезең туғанда жоңғарлармен шай­қас­та қасиетті қазақ жерін қа­сық­тай қаны қалғанша қорғаған ха­лық батырларының бірі – Шотан Назарұлы.

Шотан – 1705 жылы Әзіреттің Алатауының Қазығұртқа қараған бет­кейін жайлаған адайдың бел­гілі биі және батыры Назардың ша­ңы­рағында дүниеге келген. Шотан­ның әкесі Назар 1684 жылдардың шамасында туған, әрі би, әрі батыр, халқының алдында үлкен беделге ие болған тұлға.

Әкесінің әділдігі мен көре­ген­дігі бала Шотанға дариды. Оның жас­тық шағы жоңғардың бейбіт жат­қан қазақ еліне шабуыл жасауы- мен тұспа-тұс келеді. Шотанның ерлігі ерте танылады.

1723 жылдың ерте көктемінде Сыбан-Раптанның жүз мыңнан астам мұздай қаруланған әскері қазақ еліне баса көктеп кіреді. Әбілқайыр қалмақ қолымен Қаратаудың Сұғындық асуында кез­деседі. Осы соғыста Шотан өзі­нің ерекше ерлігімен көзге түс­кен болатын. Соғысты алыс­тан бақылап тұрған Әбілқайыр ас­тында жүйткіген шұбар аты бар, өте жылдам қимылдайтын бір жігіттің қалмақтың ұйыққан ортасына қойып кетіп, жайратып шығып жүргенін көріп және артындағы бес жүздей нө­ке­рі­нің одан екі елі қалмай жауға үл­кен шығын келтіріп, жапырып бара жатқанына қуанып, қасын­дағылардан сұрағанда, қа­сын­да тұрған Мырзатай: «Ол Назар ағаның баласы Шотан ғой, үл­кен ұрысқа бірінші кіруі», дей­ді. Сонда Әбілқайыр: «Бірінші соғы­сып тұрғаны мынадай болса, бұдан кейінгі соғыстарда аман болса қалмақтарға жіберген Алланың жаналғышы десейші!» – деп басын шайқап күліп, ризалығын білдіреді.

1729 жылдың мамыр айында қазіргі Жамбыл облысы, Қордай ауданының Отар алқабынан көр­ші Алматы облысының Күрті жеріне дейін жалғасқан Аңырақай шай­қасы біріккен қазақ қолының жоң­ғар басқыншыларына қарсы жүз жылдық азаттық соғысында бетбұрыс жасаған ең ірі жеңіс.

Қазақ халқының тағдырын шеш­кен осы шайқаста Ұлы жүз бен Орта жүздің батырлары Өтеген, Сәмен, Қойкелді, Сауырық, Хан­гелді, Бөгенбай, Жәнібек, Қабан­бай, Жауғашармен бірге, Кіші жүз қо­лын Тама Есет, шекті Тайлан, адай батыры Шотан, тағы да басқа ба­тырлары басқарып, үлкен ерлік көрсетті.

1730 жылғы соғыста да Шотан ерек­ше көзге түседі. Қалмақтар тау шатқалында бекініп алып, қазақ қолы жазық далада, күннің ас­ты­на қалған жерде Шотанның ақы­лымен жауды жеңіп шығады. 1754 жылдың басында Абылай үш жүздің біріккен құрылтайын шақырады.

Кеңестің белгілеуі бойынша қазақ қолы мамыр айының ортасында Аягөз өзеніне – Ақшәуліге жиналуға сөз байласады. Бұл со­ғыс­та бес мың қолды бастап Ера­лы сұлтан мен Шотан келеді. Абы­лай әскербасыларымен жиын өт­кізіп, жауға үш бағытта аттанатын болады. Хан жасағын қосып, Абылайдың өзі жүреді. Соғыс бас­талғанда Абылай мен Ералы сұл­тан азғантай нөкерлерімен биіктеу жер­ге шығып, соғыстың барысын бақылай бастайды.

Шотан бастаған топтың жоң­ғарды қынаша жайпауы – хан мен сұлтанның назарын бірден ауда­рды. Абылай Шотанға садақ­тан атылып жатқан жебелер мен мылтық оқтарының бірде-біреуі дарымай, сілтеніп жатқан шоқ­пар мен айбалтаның тимей жат­қанына таңғалғаны сондай: «Мына Шотан батыр құдіреттің өзі екен ғой, тусаң ту!», депті. Шотанның оққа­ға­рының бар екен­ді­гіне, қасиетті батыр екен­ді­гіне Абылайдың көзі жетіпті. Шотанның қолы қалмақтарды тұтас­тай қор­шауға алғанда қал­мақ­тар ақ жалау көтеріп, бас сауғасын сұрапты. Сонда Абылай: «Жауды жеңген сіз, билік жеңген адамдікі, сондықтан шешімді өздеріңіз қабылдаңыздар», дейді.

«Егер олай десеңіз, қалмақ­тар­дан бұдан былай қазаққа қол көтермейміз деген антын алып, қару-жарақтарын алып, өздеріне екі адамға бір ат-көліктен беріп, ел­деріне қайтарамыз және елін кө­шіріп, жоңғар қақпасынан әрі кететін болады» – депті сонда Шотан ер. Шотанның керемет ер­лі­гіне және оның қанқұмар емес­тігіне, үлкен ақылдылығына Абылай іштей разы болады.

Шотан есімі жоңғарларға қарсы соғыста ғана емес, Ресейге қарсы ұлт-азаттық көтерілісте де аталады. Шотан батыр туралы деректерді Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев «Дуадақ қонған боз төбе» кітабында: «Ұлтымыздың әуел­гі атақонысын түгел иемденіп, тү­гел сақтап қалу жолындағы жан­қи­ярлық күресте Шотан да, Досан да, олардың үзеңгілестерін де айтпай кетуге болмайтын тұлғалар.

Ел бүтіндігі мен тұтастығы ең басты құндылыққа айналып тұрған қазіргідей заманда жер тұтастығы жолында жан салып, жан берген, өз тұсындағы қазақ қау­ы­мының қабырғалы қай­рат­кері бола білген ат­пал арыс­тарға бүгінгі тәуел­сіз ұрпақтың тәу ете бас июі әбден сүйінішті», деп те­бі­рене жазды.

Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның кезінде Маңғыстауға адай елін бастап келген батыр­лар­дың басында Шотан тұр.

Алғашқы кездерде қазақ­тардың келіп қоныстануын жақ­тырмаған түрікмен ағайын­дардың ішін­дегі пейілі тарлары Хиуа хан­дығына қазақ босқындары келіп, рұқсатсыз жер-суымызды ба­сып алып, иеле­ніп жатыр деп хабар жеткізіпті. Осыған бай­ланысты Хиуа ханы келіп, қоныс­т­анып жатқан ауыл­дар­­ды шұғыл көшіруге, егер қар­­сы­лық жасаса түгелдей қырып тас­тауға тапсырма беріп, Бектұрлы деген батырын бес жүздік жа­сақпен жібереді. Азғантай жа­са­ғымен жауды күтіп алған Шотан жекпе-жекте Бектұрлы баты­р­ын өлтіріп, қалғандары жеңі­ліп, еліне қашыпты. Одан кейін Маң­ғыс­тауды жайлап отырған түрік­мен Аннасейіттің ауылын Еділ-Жайық арасындағы торғауыттар тұтқиылдан шауып, көптеген адамдарын тұтқын етіп, дүние-мүлік, малдарын олжалап кеткен жерінен Шотан жасағын шұғыл ұйымдастырып, жауды тал­қандап, тұтқын болып бара жат­қан түрікмен ағайындарды мал-мүлкімен аман алып қалады. Шотан батыр бастаған адамдар Хиуа ханы Нәдіршахтың салған салығын төлеуден бас тартып, сол үшін Хиуа ханына қарайтын түрік­мендердің басшылары Оғыл­ша, Сейітқұтылықтармен соғы­сып, оларды жекпе-жекте өлтіріп, жасақтарына тимей, Нәдіршахқа салық төлеудің қажеті жоқ екенін түсіндіріп, таратып жіберген. Міне, осы кезден бастап, біршама уақытқа дейін Маңғыстаудағы түрікмендер мен қазақтар арасында тыныштық орнаған.

Шотан жүрек жұтқан батыр­лы­ғымен қатар, елге ақыл айтып, жөн сілтейтін ел ағасы бола білген. Ол барлық соғыста да қолына түс­кен тұтқындарды өлтірмеген, соғыс­палық, дос-жаран, туыс бола­лық деп елдеріне қайтарып отыр­ған. Ағайындар арасында туындайтын түсінісбестіктер мен дау­лы жағдайлардың талайына әділетті билік айтып, татуластырып жіберген.

Ерлігімен есімі аңызға айнал­ған Шотан Назарұлының өмірі мен батырлығын тарихи тұғырда жан-жақты зерттеп, қалам тартып жүрген зиялы жандардың бірі – Бектұр Төлеуғалиев ағамыз болып саналады. Кезінде лау­азым­­ды қызметтер атқарып, Маң­ғыстау облысының экономикасы мен мәдениетінің, әлеуметтік жағ­дай­ы­ның өркендеуіне өзіндік үлес қос­қан ел ағасы көп ізденіп, Шотан батыр туралы «Бас сардар» атты деректі роман жазып, оқырман қауым оны жылы қабылдады.

«Шотан батыр» қорының директоры, Әлібек Дүйсен және айтулы қордың құрылтайшысы Мұратбек Сардарбеков бастаған маң­ғыстаулық ағайындар, Шотан батырдың тұлпарының тұяғы тиген жер – Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы, Шотан батыр тауына арнайы ат басын бұрғанда қатты тебіренді. Арада 300 жыл өтсе де жергілікті халық жоңғар-қалмақ шапқыншылығы кезінде үлкен ерлік көрсеткен Шотан Назарұлының есімін ұмыт­пай, қастерлеп келеді. Ауылдың маңайында Шотан батырдың атымен аталатын өзен бар. Алдағы уақытта осы маңайға Шотан батыр­дың белгі-құлпытасы орна­тылмақ.

– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру» мақаласында қилы-қилы заманда елдің басын ұстаған, қазақтың бірлігі мен ынтымағын сақтап, рухын көтере білген хандардың, билердің, батырлардың жаны жақсы, жайсаң бабаларымыздың ұрпаққа ұран болған үлгілі істеріне үлкен баға берді. 360-тан астам әулие мен абыздардың қасиетті мекеніне ай­нал­ған қасиетті Маңғыстау же­рінде ел басына қилы-қилы заман туғанда қазақтың кең байтақ жерін үлкен ерлікпен қорғаған Шотан батыр бастаған батырларды ұлықтауда, бүгінгі жас ұрпаққа үлгі етіп, отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәр­биелеуде елеулі жұмыстар ат­қа­рып келеді. Жақында облыс ор­та­лығы Ақтау қаласында Шотан батыр атындағы аллея ашылмақ, – дейді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов.

2005 жылы Ақтау қаласында Шотан батырдың 300 жылдығы республика дәрежесінде кеңінен аталып өтіп, Маңғыстау ауданының қарашаңырағы болып саналатын Тұщыбұлақ елді мекенінде үлкен көшеге бас сардардың аты берілді.

Осыдан он екі жыл бұрын Маңғыстау жерінде өзіндік орны бар Шотан батырға еңселі ескер­т­кіш қою мәселесі сол кездегі облыс басшылығы мен қалың жұрт­шы­лықтың қолдауына ие болды. Игі бастама ел ордасы – Астанадан да өз жалғасын тапқандай еді. Бірақ өкінішке қарай, уақыт өте ескерткіш орнату мәселесі қағаз жүзінде қалып қойды.

Дегенмен, игіліктің ерте-кеші жоқ. Шотан батырдың ескерткіші Ақтау қаласының көрнекті, көрікті жерінен бой көтеріп жатса – нұр үстіне нұр болар еді. Сөз орайы келгенде айта кететін бір жай – Ақтау қаласында Қазақстанның Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери теңіз институты бар. Осы жоғары оқу орнына неге Шотан батырдың атын бермеске?

Иә, ер есімі ешқашан да өл­мей­ді, ол ел жадында, халық жү­ре­­гінде. Осының бәрі – қазақ хал­қының ынтымағы мен бірлігі, бір­тұтастығы үшін қажет. Халқы үшін отқа да, суға да түскен Шотан батырдай ерлердің есімін ардақтап, ұлықтай отырып, елімізді шексіз сүйетін, қорғай білетін жастарға патриоттық тәлім-тәрбие, асқақ рух береміз.

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК, жазушы, Халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясының директоры

АЛМАТЫ