• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Білім 22 Ақпан, 2018

Латын әліпбиі қиындық тудырмауы тиіс

722 рет
көрсетілді

"Алдымен қазақ тіліне негізделген латын графикасы Парламенттің төрінде тал­қы­ланды. Оны жұрт қолдады. Көп бо­лып ақылдасқан істің түбі баянды. Дегенмен оның да көптеген кемшілігі болған еді. Ха­лық оны демократиялық үрдіспен кеңінен тал­қылады. Содан мамандар әліпбиді қай­тадан қарады",- дейді Мырзатай Жолдасбеков.

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, мемлекет және қоғам қайраткері:

Бұл әліпбимен қазақ тілінің мамандары айналысуы керек. Бұл – мамандар ше­шетін мәселе... Елбасы мүмкіндік жасап, ха­лықпен талқылады. Нәтижесінде, өткен жылдың қазанында бұл әліпби бекітілді. Дегенмен оның да кемшіліктері болды. Ноқаты көбейіп кетті. Тіпті кейде бір сөздің өзінде 7 ноқат пайда болды. Бұл мәселе жан-жақты талқыланды. Мамандар мәселеге араласып, кеше ғана Елбасының 2017 жылы 26 қазанда шыққан Жарлығына өзгерістер енгізілді. Халқымыздың ұстанатын латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі пайда болды. Ақылдасқан істің түбі баянды болады деп айтып отырғанымыз сол.

Ғарифолла ЕСІМ, академик:

– Кез келген істің өзіндік бейімделу процесі болады. Мәселен мен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде бүгіннен бастап тегімді, әкемнің атын, өз атымды, жақын адамдарды латын гра­фикасында жазуды қарқынды түрде бас­тамақпын. Өйткені бейімделу деген дәл осылай басталады. Кез келген ұйым, кез келген адам бейімделе бастауы қажет.

Онда тұрған қандай қиындық бар? Бұл әріптердің барлығы белгіленген, бар­ша­мызға аян. Мен өзім неміс, ағылшын тіл­де­рін оқығанмын. Бұл топтағы тілдердің бар­лығы маған, ал жастарға тіпті белгілі. Жас­тар бір-бірімен латын әліпбиінде хат жазы­сады. Бұл еш қиындық тудырмайды. Бе­йімделу қажет, безінудің реті жоқ, дағ­дылану керек.

Бейбіт МАМРАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Әрбір бастаманы жүзеге асырудың лайықты мерзімі болады. Яғни пісіп-же­тіл­меген қадамдарды жария етіп, қолданысқа енгізу дұрыс емес деп ойлаймын. Осы орайда нақты қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіруге тоқталсақ, біз терең саралап әбден дайындықпен келдік. Осы игі істі мүмкіндіктер мен қоғамның пікірін біріктіріп барып, жүзеге асырудамыз. Сондықтан еліміз үшін бұл сәтті іс деп бағалаймын. Әрине бұл атқарылған көп жұмыстың жемісті нәтижесі. Себебі алғашқы берілген жобаға қарағанда ыңғайланып қалғанын байқап отырмын. Ең бастысы, қолданыс аясын кеңейту үшін ел тұрғындары жаттығуы керек. Жалпы, бұдан сескенудің қажеті жоқ. Ел халқы ауқымды әрі терең талқылау бол­ғанын жақсы біледі, сондықтан жетілдіру жұмыстары да дұрыс бағытта болды.

1929-1940 жылдар аралығында латын графикасында шыққан кітаптар менің жеке кітапханамда бар. Біздің ата-анамыз кезінде сол кітаптарды оқыған. Сондықтан бізде еш­қан­дай қиындық болмайды деп ойлаймын.