• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
09 Ақпан, 2010

СЕМЕЙЛІКТЕР СЕНІМІ БЕКИ ТҮСТІ

1253 рет
көрсетілді

Семейдің аумақтық құрылымы басқа қалалар­дан біршама өзгеше. О шеті мен бұ шеті 400 ша­қырымға дейін созылып жатса, құрамында 38 елді мекенді қамтитын 16 округ бар. Соған орай, қала әкімі Мейрамхат Айнабековтің өңір тұрғындары арасындағы есебі бір айдан астам уақытқа созылды және де ол күннің суықтығына, жолды әлсін-әлсін жауып тастап отырған бұрқасынға қарамастан, бел­гіленген мерзімінде, сонымен бірге, ұйымшыл­дықпен өткізілді. Ал әкімнің қала тұрғындарының алдындағы есе­бін қаланың 3 жерінде өткізу белгіленген бола­тын. Сондай кездесулер бұған дейін қала орталығы мен қаланың Затон деп аталатын бөлігінде болып өткен-ді. Оларға да жұртшылық көптеп қатысып, өздерін толғандырып келе жатқан сан алуан сұрақтарға тиянақты жауап алды. Ал қала тұрғындарымен соңғы қорытынды кездесу қаланың Жаңасемей бөлігіндегі “Еңлік-Кебек” кинотеатрында өтті. Елбасының Қазақстан халқына биылғы Жолдауынан кейін іле-шала өткі­зілген бұл кездесуде қаланың бүгіні мен болашағы жан-жақты сараланып, талқыланды. Мемлекет басшысы өз жолдауында “Қазақстан-2030” Стратегиясын орындау барысындағы алғашқы 10 жылдықтың оңды өзгерістерін нақты мысалдармен атап көрсеткені баршамызға мәлім. Семейді де ел өмірінен тыс алып қарауға болмайды, деді әкім өз баяндамасында. Шындығында да, өтпелі кезеңнің алғашқы жылдарында мұнда әкімдер жыл сайын дерлік ауысып, қаланың берекесі біршама қашып кеткенімен, уақыт өте келе мұндағы шаруаның бәрі дұрыстала бастады. Өйткені, Ертіс жағасындағы көне қаланың күнделікті жай-күйі Елбасының назарынан бір сәтке де тыс қалған емес. Қала, әсіресе, жылудан тарығып қинала бастаған шақта мемлекет басшысы ел Үкіметіне орын алып отырған осы бір жағдайды сауықтыру мақсатында нақты тапсырма берген болатын. Соңғы 2-3 жылдағы дағдарысты жағдайға қара­мастан, қаланың бойын тіктей бастағаны ең алды­мен сондай нақты қамқорлықтың арқасы десек, екіншіден, бұл қала басшысына да байланысты ма дейміз. Мұны біз ғана емес, қала жұртшылығы былайғы жерде де, есеп беру жиындарында да айтып жүр. Сондай-ақ, оны қала әкімінің есепті баяндамасында молынан келтірілген деректер де айқын айғақтайды. Айталық, есепті мерзім ішінде 82 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. Ал бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 300 миллион теңге артық. Сондай-ақ, экономиканың нақты секторларына инвестиция тарту мақсатында да елеулі жұмыстар атқарылған. Мәселен, өнеркәсіп саласына 12 миллиард теңге инвестиция құйылған. Бұл 2008 жылғы көрсеткіштен 20 пайыз артық. Соның нәтижесінде қала бюджетінің жоспары өзіндік кіріс жөнінен 102 пайыз болып артығымен орындалыпты. Ал жекелеген оңды мысалдарға тоқталатын бол­сақ, өткен жылы мұнда “Беларусь” тракторын құ­растырып шығару өндірісі жолға қойылды. Сөйтіп, жыл ішінде 300-ден астам трактор шығарылды. Мұның сыртында гофроыдыс, жиһаз, медициналық киім тігу, баспа өнімдері мен сусын шығаратын жаңа кәсіпорындар қатарға қосылды. Былғары-мех комбинатында былтыр басталған игілікті шаруа биыл іс жүзіне асырылмақ. Яғни, мұнда Орталық Азия бойынша сапасы өте жоғары тері шығарыла бастайды. Биыл Семейде, сондай-ақ жаңа аяқ киім фабрикасының, дәрі-дәрмек зауытының, кабель өнімдерін шығаратын кәсіпорынның құрылысы жүргізіліп жатыр. Қалада шағын кәсіпкерлікті дамытуға да ерекше көңіл бөлінген. Соның айғағындай, жыл ішінде осы сала бойынша жаңадан 2000-нан астам жұмыс орны ашылған. “Самұрық-Қазына” және “Даму” қор­ла­ры арқылы қаладағы шағын және орта кәсіп­керлікті дамыту мақсатымен жасалған 140 жобаны қаржыландыруға 3,6 миллиард теңге қаржы бөлінді. Осындай жарқын мысалды ауыл шаруашылығы саласынан да байқауға болады. Жыл ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 10 пайызға артса, соның ішінде ет өндіру –14, жүн өндіру –9,9, сүт өндіру 2,2 пайызға көбейген. Сонымен бір­ге, мал мен құс саны артқан. Қалада ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақ­са­тында 50 рет жәрмеңке өткізілген. Оларда қала тұр­ғындарына 300 миллион теңгенің өнімі сатылған. Ет-сүт мәселесін шешу мақсатымен 1000 ірі қараға арналған екі бордақылау алаңы салынған. Мал басын асылдандыру жұмысы да сәтті жүргізілуде. Бройлер құс фабрикасының қуаты да арта түсіп келеді. Қазір де 6 мың тонна құс етін өндіруге қол жеткізілсе, келешекте бұл көрсеткіш 8 мың тоннаға жеткізілмек. “Семейқұс” фабрикасы тарапынан жұмыртқа өндіру мәселесі де өз шешімін тауып келеді. Осындай жарқын мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Әкімнің есепті баяндамасында, сонымен бірге, әлеуметтік және көлік, байланыс салаларындағы қол жеткен жетістіктер нақтылы мысалдармен тілге тиек етілді. Жылу, жарық мәселелері де назардан тыс қалмады. Жылу, жарық демекші, осы мәсе­ле­лер қозғалғанда көз алдыңа еріксіз көлеңкелі көрі­ніс­тер елестейді. Яғни, бұл мәселеде әлі де кем­ші­лік жоқ емес. Әсіресе, биылғыдай табиғат жағ­дай­ын­да семейліктердің жаурап, тоңып қалғанын жа­­сы­руға болмайды. Соның барлығы көмір тапшы­лығынан туындап отырған секілді. Соған орай жер­гі­лікті депутаттардың кезектен тыс соңғы сессия­сын­да облыс тарапына сын да айтылып қалған. Әкім баяндамасынан соң жарыссөзге шыққандар да, сұрақ қойғандар да бұл тақырыпқа оралмай кетпеді. Әкім баяндамасын талқылауға қалалық мәс­лихаттың депутаттары Нұрлан Сыдықов, Рафаил Хазипов, бизнес колледжінің директоры Аман Ті­леу­баев, еңбек ардагері Василий Бабичев және “Абай” журналының бас редакторы, ақын Мұрат­бек Оспанов қатысты. Олар өз сөздерінде АЭС компаниясының жарықты тым қымбаттатып отыр­ғандығына, Семей-Қайнар тас жолын жөндеуге, Семейде қоқыс өңдеу кәсіпорнын салу және спорт кешені мен мешіт құрылысын аяқтау, балалар бақшасын көбейту, сонымен бірге, жылу, ком­му­налдық қызмет, көлік және денсаулық сақтау сала­ларындағы кемшіліктерді жою жөнінде нақтылы шаралар жүзеге асырылуы қажеттілігіне тоқталды. Қала әкімі Мейрамхат Айнабеков өзіне қойыл­ған сұрақтардың бәріне тиянақты жауап қайтарды. Бұл жиынға арнайы келіп қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиын соңында сөз алып, семейліктерді толғандырған мәселелердің бәрі өз ше­­шімін табатындығына сендірді. Соның айғ­ағын­дай, деді ол, облыс тарапынан көмір сатып алуға тиісінше қаржы бөлініп отыр. Ертеңнен бастап 50 мың тонна көмірдің алғашқы бөлігі Семейге жеткізіле бастамақ. Иә, облыс басшысы сендіргеніндей, семейлік­терді алаңдатқан уақытша қиындықтың өз шешімін табатындығына үлкен үміт артамыз. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей. ЖҰМЫС ІСТЕМЕГЕН АДАМ ҒАНА ҚАТЕЛЕСПЕЙДІ Меркі ауданының әкімі Болат Рысмендиев аудандық мәслихат депутаттары мен жұртшылық алдында есеп берді. Оған Жамбыл облысы әкімдігінің аппарат жетекшісі Ғани Сәдібеков қатысты. Шипалы суымен, жанға сая тауымен аты шыққан Меркі санаторийі орналасқан бұл өңірді еліміздің түпкір-түпкірі жақсы біледі десек қателеспейміз. Атына заты сай сол Меркі ауданы бүгінде бұрынғыдан да жақсара түскен. Аудан әкімі есебін осы өңірдегі өнеркәсіптің тыныс-тіршілігінен бастаған. Мысалы, “Меркі қант зауыты” ЖШС өткен жылы 4 мил­лиард теңгенің қызметін көрсетіпті. Өндірісті 6 есеге дейін ұлғайтыпты. “Алкопищепром” серіктестігі болса, 281,5 миллион теңгенің өнімін шы­ғарған. Өз басым Тараз қаласындағы дүкендерде сатушылардан “Меркінің айраны түсті ме?” деп сұрап тұрған тұтынушыларды көптеп кездестіре­тін­мін, міне, сол Меркі ірімшік зауы­ты 404,6 миллион теңгенің өнімін өткеріпті. Сөздің тоқетері, ау­дан өнеркәсібі жыл ішінде барлығы 4 598 887 мың теңгенің өнімін өндірген. Меркі ауданының жері егін ша­руашылығына қолайлы болып келуі­мен де ерекшеленеді. Мұны меркілік диқандар өте тиімді пайдалануға тырысады. Егіс алқаптарын агротех­но­логиялық шараларға сай күтіп-баптауды қамтамасыз ету нәтиже­сінде әр гектардан 7,3 центнерден астық жинаған шаруашылықтар да бар. Бұл өңірдің диқандары ауыс­палы егістікті тиімді пайдаланса, мол өнім алуға болатынын ешкімнен сұрамайды. Бұл – соңғы жылдары іс жүзінде дәлелденген мысал. Со­ның нәтижесінде дәндік жүгері ал­қаптарының әр гектарынан 120-130 центнерден, мақсары дақылының әр гектарынан 18-20 центнерден өнім алынды. Атап айтсақ, “Сыпатай” ЖШС – 200-ге жуық жер иелері мен ұсақ шаруа қожалықтарының егіс алқап­тары мен техникаларын біріктіріп, ірілендіру нәтижесінде қалыптасқан шаруашылық. Жеке машина-трактор паркі бар. Техникалары күзгі, көктемгі, жазғы жұмыстарға сақадай сай және жылма-жыл жаңа тех­ни­калармен толықтырылып отырады. Аталған шаруашылық Алматы қаласындағы “Вита” фирмасымен тиімді келісім-шарт жасасып, олар­дан қытай бұршағы тұқымын және осы дақыл егілетін алқаптарды өң­деуге қажетті арнайы техника алу үшін қомақты қаржы алатын болып келісті. Олардың жасасқан шартына сәйкес “Вита” фирмасы шаруашы­лық­тың өндірген өнімдерін толық көлемде сатып алады және алған не­сие-қаржысы үшін сол өнім есебінен есеп айырысады. Ауданда ауыл шаруашылығы са­ласы да дамып келеді. Өткен жыл­мен салыстырғанда мүйізді ірі қара 1 пай­ызға, қой-ешкі 2 пайызға кө­бейіпті. Бүгінде “Жол картасының” жақ­сылығы туралы айтпау мүмкін емес. Өйткені, тірліктің көбісі осы бағ­дар­ламаның арқасында жүзеге асы­рылды. Мысалы, ауданда 281 жұмыс орны құрылған. Кәсіптік лицейде оқығын 94 адам – құрылысшы, 105 адам – газбен дәнекерлеуші және 61 адам тракторшы мамандықтарын алып шыққан. Білім мен мәдениет салаларының жаңалықтары да мол. Оқушылардың интернатта жатып оқуын ұйым­дас­тыру, көлікпен тегін тасымалдау және жазғы демалыстарын сауық­тыру лагерьлерінде өткізуді қолдау мәселелері жақсы жолға қойылған. Денсаулық сақтау саласында да ілгерілеушілік бар. Аудан орталы­ғын­дағы аурухананың ғимараты 50 мил­лион теңге қаржыға күрделі жөн­деуден өткізіліпті. Алыс ауылдардағы медициналық пункттер де жаңар­тылған. Жыл ішінде жергілікті жердегі жолдарды жөндеу үшін 56 миллион теңге жұмсалып, 426 үй табиғи газ­бен қамтамасыз етіліпті. Ауылдарға телефон байланысын жеткізу де қол­ға алынуда. Есептен соң Меркі ауылының тұр­­ғыны Анна Ландик “Жол кар­тасы” бағдарламасы бойынша атқа­рылған жұмыстарға дән риза екенін айта келіп, әкімнен алдағы уақытта Қант кентіндегі сумен қамтамасыз ету мәселесі мен музыка мектебінің ғи­маратына көңіл аударуды өтінді. Қант кентіндегі жер асты суының кө­терілуі де тұрғындардың көңілін алаң­датып отырғанға ұқсайды. Мы­салы, жер асты суы көктемде кент­тегі орта мектептің спорт залының еденін жарамсыз етіп тастаған. Аудан әкімінің есебін қорытын­дылаған облыс әкімдігінің аппарат жетекшісі Ғ. Сәдібеков облыс әкімі Қ. Бозымбаевтың Меркі ауданында есеп берілгенге дейін келіп, аудан­ның экономикалық және әлеуметтік тыныс-тіршілігімен мұқият таныс­қанына, содан бергі аз ғана уақыт ішін­де облыс басшысы атап көрсет­кен кейбір сын-ескертпелердің түзе­тіліп, бірқатар жұмыстар атқарыл­ғанына тоқталды. Аудан басшы­сының Меркі өзеніне көпір салу үшін бюджеттен тыс қаражат көзін қарастырып, аудан орталығының жұртшылығы үшін сауапты үлкен жұмыс атқарғанын атап өтті. Әлбетте, тау бөктеріндегі таңға­жай­ып өңірде шешімін күткен мәсе­лелер де жоқ емес, бар. Мысалы, ал­да­ғы уақытта Аспара, Аққайнар және Тәтті ауылдарына ауыз су жеткізу мәселесі шешімін табуы тиіс. Білім беру және денсаулық сақтау, бұқаралық спорт салаларында да атқаратын жұмыстар жеткілікті. Қорыта айтқанда, жиынға қа­тыс­қандар аудан әкімі Болат Рыс­мен­диевтің бір жыл ішіндегі жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы. МҰНАЙЛЫ ӨҢІРДІҢ МҰҚТАЖЫ АЗАЙЫП КЕЛЕДІ Мұғалжар ауданының әкімі Серік Шаңғұтовтың Қандыағаш қаласында өткен қорытынды есебіне 200-дей адам жиналды. Ауданда алғаш рет он-лайн режімі іске қосылды. Осының арқасында аудан әкімінің қорытынды есепті кездесуі тікелей эфир арқылы беріліп, оған мәдениет үйіне жиналғандар ғана емес, қандыағаштықтармен бірге, ембіліктер де қатысу мүмкіндігін алды. Есеп туралы алдын-ала құлағдар болған ел аудан әкімінің жеке электронды блогына да сауал мен тілек жолдап үлгеріпті. Сонымен қатар, есепті кездесу кезінде тікелей байланыс желісі жұмыс жасап тұрды. Бұл байланысқа алыс ауылдардың тұрғындары да қосыла алды. Қазіргі уақытта ауданның 46 ауылдық елді мекені телефон байланысы қызметін пайдаланып отыр. Елді мекендерде болған есепті кездесулерінің өзінде ауыл тұр­ғын­дарының аузынан бұрынғыдай арыз-шағым емес, атқарылған жұмыстарға деген ризашылықты естіп келе жат­қан аудан басшысына елдің ықыла­сының түзулігіне негіз де жоқ емес. Бас­қасын былай қойғанда, былтыр­ғы есеп беру жиынында айтылған өз­ек­ті мәселелер толықтай шешімін тап­қан. Бас-аяғын түгендемегеннің өз­інде ауданда айтарлықтай жұмыс ат­қарылған. Аудан әкімінің мәлімдеуінше, ес­епті кезеңде Қандыағаш қаласының су құбырлық желілері ауыстырылса, Ембі қаласының су құбырлық кеше­н­ін қайта жаңғыртуға 186,8 млн. тең­ге бөлініп, жұмыс жүйелі жүргі­зілуде. Ембі қаласында мемлекеттік бағдарлама бойынша 3 тұрғын үй са­лынып, пайдалануға берілген. Осын­дағы бұзылған пошта ғимараты жер­гілікті бюджеттен бөлінген 60 млн. теңгеге күрделі жөнделіп, оған №4 негізгі мектеп орналастырылыпты. Алтынды ауылындағы орта мектеп ғимаратына 7,5 млн. теңге бөлініп, күрделі жөндеуден өткізілген. Ащы­сай, Ақкемер ауылдық округтерінен және Мұғалжар ауылынан балабақ­ша­лар ашылса, Талдысай, Жұрын ауылдарындағы балабақшалар 6,1 млн. теңгеге жиһазбен қамтамасыз етілген. Талдысай ауылдық мәдениет үйі де күрделі жөнделіпті. Сағашилі ау­ылдық кітапханасына 4,2 млн. тең­геге газ құбыры тартылған. Жұрын ауылдық мәдениет үйін күрделі жөн­деуге аудандық бюджеттен 4 млн. теңге бөлінсе, 29,4 млн. теңгеге Абай атындағы, Талдысай орта мектептері және Сергеев негізгі мектебі күрделі жөндеуден өткізіліпті. Жергілікті бюджеттен 130 млн.теңге бөлініп, Қан­дыағаш қаласындағы 4,2 шақы­рым кәріз жүйесі күрделі жөнделген. 153 млн. теңгеге Қандыағаш қала­сы­ның орталық жылу қазандығында соңғы үлгідегі жаңа үш қондырғы орнатылыпты. “Жастық” шағын ауданындағы 5 қабатты 120 пәтерлік №38 “а” үйі жергілікті бюджеттен бөлінген 280 млн. теңгеге қайта қалпына кетіріліп, жылдап кезекте тұрған мемлекеттік қызметкерлер мен әлеуметтік қорғалуға тиіс отбасылары баспаналы болған. 12 млн. теңге қаржы бөлініп, қаладағы “Тәуелсіздік” алаңы жаңғыртылып, “Астана” демалыс алаңы ашылыпты. Дағдарыс кезеңінде де ауданда ілгері жылжудың кілті табылды десе де болғандай. 278 млрд. 200 млн. тең­генің өнеркәсіп өнімдері өнді­рі­ліп, жоспар 113,5 пайызды құрапты. Соның ішінде мұнай өндіру 103,3 пайыз, газ өндіру 103,4 пайыз орын­далған. Осы сала бойынша негізгі капиталға 70 млрд. 53 млн. теңге ин­вестиция тартылса, бұл 2008 жылмен салыстырғанда, 1,5 есеге артық. Мұ­ның өзі жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халықтың әлеуметтік жағ­дайының жақсаруына алғышарт жасағаны сөзсіз. Аудандағы 3 ЖШС, 475 шаруа қожалығы 4 млрд. 290 млн. теңгенің өнімдерін өндірген. Ауданда өнеркәсіптің даму қар­қы­ны да жаман емес екені байқа­лады. Оларға да мысалдар жеткілікті. – Аудандағы өзекті мәселелердің бірі, – деді Серік Шаңғұтов, –тұр­ғын үй-коммуналдық саладағы тұ­рақты жағдайды қамтамасыз ету. Қа­зір бірінші кезекте тұрғындарды са­палы ауыз су, жылу, газ және электр қуатымен қамтамасыз ету міндеттері тұр. Ембі-5 әскери қалашығы, бү­гінгі Жем қаласы жылу жүйелерінің бұрындары қатып қалып, мәселенің республикалық деңгейде де көте­ріл­гені рас болатын. Соңғы екі жылда қаланың сегіз жылу қазандығы жа­ңар­тылып, дизель отынымен жеткі­лікті деңгейде қамтамасыз етілді. Қандыағаш қаласының ауыз су жүйесін қайта құру мақсатында үш жылдық бағдарлама жасалып, жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Ембі қаласының су құбыры кешенін қайта жаңғырту мақ­сатында республикалық бюджеттен 2008-2009 жылдары бөлінген 235 млн. теңге қала сыртындағы 4 шақырымдық Жалпақ нүктесінен тұщы таза су жет­кізуге жұмсалды. Жұрын ауы­лының ауыз су жүйесін қайта құру мақсатында жобалау-сметалық құ­жат­тары дайындалып, құрылыс жұ­мыстарына бюджеттен 2010 жылға 100­ млн., 2011 жылға 96 млн. теңге қаралып отыр. Ембі қаласын толық газдан­ды­ру­дың сметалық-жобалау жұмыстары жасалған. Құмжарған, Бірлік ауыл­да­рын газбен қамтамасыз ету үшін Ақ­төбе облысы әкімдігі және “СНПС Ақтөбемұнайгаз” АҚ ара­сында қабылданған меморандум негізінде АГРС ғимараты және 7,3 шақы­рым­дық газ жеткізу құбыры салынды. – Аудан әкімі биылғы есебін Ақсу ауылынан бастаған болатын. Жылдар бойы мезі еткен ауыз су мәселесін шешуге уәде берген аудан басшысына халық дән риза. Жаз шыға жұмыс басталып, су келетін болады. Облыстан тиісті қаржы бөлуге қолдау жасап отырған облыс әкімі Елеусін Сағындықовқа ал­ғы­сымыз шексіз. Бұл алғыс ақсу­лық­тардың аманаты. Ақсулықтар аудан әкімі С.Шаңғұтовтың есепті жұ­мы­сын жақсы бағалағанын жеткізгім келеді, – деді Ақсу негізгі мекте­бінің директоры М. Есеева. Жұрын ауылының тұрғыны Ш. Бекжанов тікелей байланыс желісі арқылы ауылдың ауыз су мәселесін алға тартты. Бұл мәселе аудан әкі­мі­нің бақылауына алыныпты. Ауыл­дың ауыз су жүйесін қайта құру мақ­сатында сметалық-жобалау құжат­та­ры дайындалып, құрылыс жұмыс­тарына бюджеттен 2010 жылға 100 млн. теңге, 2011 жылға 96 млн. теңге қаралып отыр, деп жауап берді С.Шаңғұтов. “Түйе баласын қарпып сүйеді” дейтін қазақтың ұрпағы емеспіз бе.Әншейінде еш нәрсеге көңілі толмайтындардың өздері жасалған жұмыстарды мойындап, риза бо­лысты. Мұның өзі аудан әкімі Серік Шаңғұтовтың Елбасы саясатын терең ұғынып жұмыс істеп жатқан, халықтың қамын қамдаған басшы екенін көрсетсе керек. Аудан әкімінің есебіне қатысқан облыстық мәслихаттың хатшысы Б. Ордабаев, облыс әкімінің орын­ба­сары А. Дубовенко да осындай ой түйіп қайтқаны даусыз. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы. ТАБЫС ТАРАЗЫЛАНЫП, БОЛАШАҚҚА БОЛЖАМ ЖАСАЛДЫ Қазыналы түбектің қарашаңырағы – Түпқа­ра­ған ауданы тұрақты дамып, Каспий қайраңын иге­рудегі мемлекеттік бағдарламаның бастау алудағы алаңына айналып келеді. Әлемге әйгілі Қашаған кенішінің негізгі өндірістік базасы осы жерде. Соң­ғы жылдары Каспий қойнауының қазақстандық бөлігін игерудің мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, аудан аумағында 90-ға тарта отандық және шет­елдік компания жұмыс жасауда. Олар бұл күн­дері Форт-Шевченкодан бастап Сартасқа дейінгі теңіз жағалауын түгелге дерлік өндірістік аймаққа айналдыру үшін жоба-жоспарлар жасап үлгерген. Осы мақсатпен қазірдің өзінде Аджип ҚКО, Қа­ражанбасмұнай, Бозашыоперейтинг, Энкаиншат, Маерск Ойл, Казморттрансфлот, “Түпқараған” ЖШС, Энка, МакДермотт және басқа компания фи­лиалдары жұмыс жасайды. Мемлекеттік бағдар­ламаны ойдағыдай жүзеге асыру мақсатында “МакДермот” компаниясы темір құрылғылары зауытын, қазақ-итальян бірлескен “Каспиан Оф­фшор индастриз” және “Имстальком” компаниясы да темір құрылғылары зауыттарын салуды қолға алуда. Себебі, Қашаған мұнайын халық игілігіне жарату үшін алдағы төрт-бес жыл ішінде ғана 500-600 мың тонна темір құрылғылары қажет екен. Осы орайда аса қажетті құрылыс материал­дарын да көптеп шығару қажет болмақшы. Оны ойға алған аудан басшылығы жақында “Түпқа­ра­ған” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі “Каспий” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесе отырып, заманауи озық технологиямен жарақтан­ған темір-бетон бұйымдары зауытын пайдалануға беруге қол жеткізді. Енді аудан басшылығы Каспий ӘКК-мен бірлесіп, жел қуатымен жұмыс істейтін электр стансасын салу жобасын іске асырмақшы. Сай­ып келгенде, осы айтылғандар және Үкіме­ті­міздің “Жол картасы” бағдарламасы аудан халқына әлемдік қаржы дағдарысының қатты әсерін тигіз­беді десе болады. Соның нәтижесінде 700-ге тарта адам жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ аудан аума­ғында жұмыс істейтін 20-дан астам шетелдік және отандық мұнай компанияларымен жұмыс орнын қысқартпау, мамандарды қажеттілікке қарай қайта дайындау туралы меморандумға қол қойылуы да өз жемісін берді. Және де осынау қиын кезеңнің өз­ін­де шағын кәсіпкерлікті қолдап, көмек көр­се­туге үлкен мән-маңыз берілгендігін атап айтқан ләзім. Осы ретте ауданда шағын бизнес секто­рын­дағы жұмыспен қамтылғандар саны еңбекке жа­рам­ды адамдардың 30 пайызын құрауын атауға бо­лар. Тағы бір құптарлық жағдай, жеке кәсіп­кер­лер­ге “Лукойл Овсерсиз сервис” ЛТД компания­сы­ның “Арай” әлеуметтік әріптестік бағдарламасы бойынша 30 адамға қайтарымсыз грант берілуі дер едік. Аудандағы “Таушық”, “Қарағантүбек”, “Жай­лау” ауылшаруашылығы серіктестігі және 120-ға тарта шаруа қожалығы егін салу, ет-сүт өндіру, балық аулауда өткен жылғыдан өнімді еңбек етті. Сол қарқынды бәсеңдетпеу бағытында аудан әкімінің өкімімен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің бірлестіктерін құру және оларды дамыту жөніндегі жұмыс тобы құрылып, медиа жоспарлары бекітілді. Бұл – өнеркәсіпті ауданның ауыл шаруашылығы да қатар дами түседі деген сөз. Ол солай болып та отыр. Оған өткен жылғы мал санының өсіп, өнім молая түсуімен қатар, балық өсіретін тоған салу, көкөніс үшін жылыжай салудың қолға алына бастауы дәлел болғандай. Аудан халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағ­дай­лары да жақсара түсті. Тарихы терең қарашаңырақ қала Форт-Шевченконың бас жоспары бекітілді. Сәтін салса, жақын жылдары 30 мың тұрғынға ар­нал­ған жаңа да сәулетті ақшаңқан қала бой кө­тере­­­ді. Ол жоба бойынша қалада шағын аудандар, де­малыс аймақтары, әдемі жағажайлар, комму­налдық тұрғын үйлер, ондаған әлеуметтік нысандар салынады. Таза ауыз су бағдарламасы жүзеге асты. Су тапшылығы болмас үшін қуатты қондырғылы жаңа зауыт салу қолға алынуда. Осы жаңа жыл қарсаңында қала, Баутин, Аташ кенттері “көгілдір отынмен” толықтай қамтылды. Бұл облыс әкімінің іс-қимыл жоспарына сай жүргізіліп жүзеге асқан, ел еңсесін одан әрі көтере түскен елеулі оқиға бол­ғандығын жиналған жұртшылық ризашылықпен әңгімеледі. Денсаулық сақтау, білім беру, экология, аудан жастарының өңірдегі өндіріс орындарына қажетті мамандық алуларын жолға қою, мәдени мұра бағдарламасының мән-маңызы, тарихи тұлғалар рухын құрметтеу аудан әкімінің ой-жоспарында екен. Инвестиция тарту жағы да жоғарылапты. Мердігерлік жұмыстар көлемі де өсіп, оны отандық құрылыс ұйымдары атқарғаны да құптауға тұрарлық құбылыс деуге болады. Осындай ілгерілеу ізденіс пен іскер басшылықтың жемісі екені сөзсіз. Солай болудың өзіндік сыры да бар. Аудан әкімі Серікбай Тұрымов осы ауданда еңбек жолын кәсіпкерлікпен жалғап, ірі компанияны басқарды, одан соң ауданда әкім болды. Одан кейін облыс әкімінің орынбасарлығына жоғарылатылды. Ал осыдан 1,5 жылдай уақыт бұрын аудан тұрғын­да­рының талап-тілегі, қалауымен ауданға қайтадан әкім болды. Бұл күндері ол қадамы үшін өзі де, ау­дан халқы да дән риза. Ал оңды өзгерістер бір­ле­се жасаған жұмыстардың нәтижесі екендігі сөзсіз. Есеп беру жиналысында ауданның 2009 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму жайы, халық көкейіндегі басқа да маңызды мәселелер және алда тұрған міндеттер жан-жақты сөз етілді. Болашаққа бағыт-бағдар түзілді. Жиналыста шығып сөйлеген белгілі кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты “Қарағантүбек” серіктестігінің басшысы Айтбай Шәріпов, біз әңгімеге тартқан басқа да тұрғындар аудан әкімінің өткен жылғы атқарған жұмысына оң баға берді. Басқосуда облыс әкімі Қ.Көшербаев аймақ адамдарының қол жеткізудегі қомақты табыстары, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын асқаралы міндеттер туралы әсерлі әңгімелеп, жиналғандар сауалдарына жауап берді. Жоламан БОШАЛАҚ, Маңғыстау облысы. ЖЫЛЫОЙДЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫ МОЛАЯДЫ Жылыой – өңірдегі ерекше аудан. Мұнда бір ғасырдан астам уақыт бұрын қазақ мұнайының алғашқы тамшысы алынған. Әлемдегі көмірсутегі қоры мол “Теңіз” кеніші де осында. Сол себептен өңір экономикасына инвестиция құюға ниетті шетелдік инвесторлар алдымен Жылыойға бет бұрады. Бұл аудан экономикасының өрлеуіне негіз қалаумен бірге, әлеуметтік ахуалын жақсартуға сеп болып отыр. Жұртшылық алдында есеп берген аудан әкімі Рахметолла Нұғма­новтың айтуынша, өткен жылы 1 триллион 854 миллион теңгенің өнімі өндіріліпті. Сол өнімдер арасынан 23 миллион тонна мұнай, 11 миллиард текше метр газ өндіруге қол жеткенін баса айтқан жөн. Өңірде өндірілген мұнайдың басым бөлігі де осы аудан еншісіне тиеді. Жалпы, ауданда атқарылған жұ­мыстар сан саланы қамтиды. Мә­се­лен, “Жол картасы” бағдарламасын іске асыру 4 бағыт бойынша жүргі­зілген. Алдымен, әлеуметтік жұмыс орнын ұсынатын, сонымен бірге, жас­тар тәжірибесі жүзеге асыры­латын мекемелер тізбесі бекітіліпті. Әлеуметтік жұмыс орындарына 395 адам жіберілсе, жастар тәжірибесі бойынша 152 жас маман қамтылған. Бағдарламаның инвестициялық жобасы шеңберінде аудан орталығы – Құлсары қаласындағы 4 шақырым жолды және электр жүйелерін жөндеуге бөлінген 300 миллион теңге игеріліп, оған 270 жұмыссыз адам тартылыпты. Кәсіби даярлау, біліктілігін арттыру курстарына 1813 адам жіберіліпті. Ауданда жұмыссыздықтың алдын алу шараларының ауқымы кеңей­ге­нін дәйектейтін деректер бар. Өткен жылы 19 рет бос жұмыс орны жәр­меңкесі ұйымдастырылып, 3347 адам тұрақты кәсіпке орналастырылыпты. Мұның сыртында 1030 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылған. Отандық жұмысшылардың еңбек құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету үшін аудан әкімі мен 103 мекеменің кәсіподақ ұйымы ынтымақтастық меморандумына қол қойыпты. Жыл ішінде 2648 жаңа жұмыс орны ашылыпты. Халықтың тұрмысына оң ықпал ететін осындай шаралар қолға алынған ауданда кәсіпкерлік саласы да жақсы дамуда. Қазір осында 4003 шағын кәсіп­­кер­лік нысаны жұмыс жасайды. Олар­дың кәсібін кеңейтуіне қолдау көр­се­тіліп отыр. “Атырау шағын несие­леу орталығы” арқылы 37,8 миллион теңгенің шағын несиесі беріліп, 557 кәсіпкер жұмыстарын нәтижелі жалғастыруға мүмкіндік алыпты. Несие тек шағын кәсіпкерлерге ғана емес, ауыл шаруашылығы сала­сындағы құрылымдарға да тиіп жа­тыр. “Қуан”, “Қайсар” шаруа қожа­лық­тары несие алып, шаруашы­лығын жандандыруға бел буыпты. Ал 13 шаруа қожалығы Жылыой ауылдық тұтыну кооперативіне бірігіп, қи­ын­дықты бірлесе еңсеруге қадам жа­са­ғаны қуантады. Жалпы, жылыойлық кәсіпкерлер екінші деңгейдегі банк­тер арқылы 330,3 миллион теңгенің несиесіне қол жеткізіпті. – Ауданның басты проблемасы – ауыз су. Құлсары қаласын ауыз сумен қамту жүйесін жаңғыртуды оң шешу үшін 3 жылдық бағдарлама қа­былданды. Бұған “Теңізшев­ройл­дың” “Игілік” бағдарламасы арқылы бөлінетін демеушілік қаржысы жаратылғалы отыр. Бұл 45 миллион АҚШ долларын құрайтын қаржы, –деді аудан әкімі Р. Нұғманов. –Был­тыр ауыз су құбырларын жаңғырту жұмыстары басталып, 2 миллиард теңге игерілді. Осы жоба бойынша 170 шақырымнан астам магистралды және қалаішілік су желілері, су айдау стансасы жаңадан салынады. Әкімнің есеп беру жиналысында пікір білдірген “Теңізшевройлдың” өндіріс жөніндегі менеджері Гари Енктің айтуынша, бірлескен кәсіп­ор­ын биыл 80 шақырымдық су желі­сінің құрылысын аяқтамақ. Қазан­дардағы тазарту, хлорлау әдістері еуропалық үлгімен сәйкестендіріледі. Құбыр бойында жоғары қысым сақталады. Міне, осылайша жылы­ой­лықтар “Игілік” бағдарлама­сының игілігін көргелі отыр. Ал “Металлопрокат” ЖШС директоры Қадыржан Құлте­кенов жылына 30 000 тонна өнім шығаратын жаңа зауыттың құрылысы аяқталып қал­ға­нын мәлім етті. Бұл осындағы жал­ғыз инвестициялық жоба бол­ған­мен, жазға таман іске қосы­ла­тын­ды­ғы аудан экономика­сына тың серпін беретіндігі күтілуде. Аталған аудан тұрғындары бұрын қиындық туралы айтудан жалық­пайтын еді. Әсіресе, аудан әкімінің есеп беруінде ауыз су тапшылығы, жы­лудың жоқтығы тілге тиек еті­летін. Биыл бұл мәселелер қозғалған жоқ. Өйткені, аудан әкімі Р. Нұғ­манов айтқандай, қысқы маусым басталғалы бері жылу беру бірде-бір рет тоқтатылмаған. Бірақ “Қаз­Транс­Ойл” кәсіпорнына әлі ха­лықтың тұтынған ауыз суы үшін 6 миллион теңгедей қарызы бар екен. Со­ған қарамастан, халықтың күн­де­лікті тұтынатын су, жарық, газ, жылу секілді коммуналдық мәселелері ше­шімін таба бастағанын құптағаны байқалады. Тек коммуналдық мәсе­ле­лер емес, өзге де салалардың түй­ін­ді тұстарын тарқатуға ұмтылыс бар. Елбасының “100 мектеп, 100 ау­ру­хана” бағдарламасы шеңберінде 600 орындық жаңа мектеп, С.Қа­рабалин атындағы орта мектепке 180 орындық қосымша ғимарат құры­лы­сы пайдалануға берілген. Оқу жы­лының басында 15 мектеп жанынан ашылған 31 шағын орталықта 551 бала мектепке дейінгі дайындыққа тартылыпты. Ал “Ауылға – дип­лом­мен” бағдарламасымен келген 18 жас маманның әрқайсысына 90 мың теңгеден көтермелеу қаржысы беріліп, алаңсыз жұмыс жасауына жағдай жасалып отыр. Аудан әкімінің халық алдындағы есеп беруіне өңір басшысы Бергей Рысқалиев қатысып, әлі де шешімін күткен кей мәселелерді талқыға сал­ды. Алдымен, Елбасы Жолдауында атап көрсетілген агроөнеркәсіп ке­шенін дамыту арқылы азық-түлік қау­іпсіздігін қамтамасыз ету, шетел­дік компаниялардағы қазақстандық үлесті ұлғайту мәселелеріне тоқ­талды. Қоршаған ортаның тазалығы да назарға алынды. Облыс әкімінің айтуына қарағанда, Жылыой ауда­нына 2 миллиард 872 миллион теңге бөлу қарастырылып отыр. Бұл қар­жы Құлсары қаласындағы жолдар мен коллекторларды, бір балабақ­шаның күрделі жөндеуі мен екі мектепке дейінгі тәрбие ошағына қосымша ғимарат, 400 орындық мә­дениет үйінің құрылысын аяқтауға, жарықпен қамтуды жақсартуға жұм­салмақ. Енді осы жұмыстардың сапалы әрі мерзімінде атқарылуына қатаң бақылау қажеттігі сезіледі. Сонымен бірге, ауданда ана мен бала денсаулығын қорғау мәселесі де көңілдегідей емес. Жақсылық жасауға жаны құштар жандар іс тетігін таба алса, қашан да жақ­сы істерге қол жеткізуге бола­тындығына жылыойлықтар иланып отыр. Әкімдер үшін елге жақсылық жасағаннан артық ештеңе болмауы тиіс қой. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы, Жылыой ауданы.