Белгілі бард әнші Табылды Досымовтың ұлы Аяш Абылдың «Тұңғыш рет» өнер кеші «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының камералық залында өтті.
Ел есінде қазақтың тұңғыш бард ақыны ретінде құрметпен аталатын Табылды Досымовтың әндері мен гитарамен салған қоңыр үні қандай әсерлі де мәнді болса, оның шығармашылығына қанық халқы үшін де бұл өнердің орны қашанда қымбат болып қала бермек. Қазіргі таңда әншінің музыкалық мұрасын жинақтап, артында қалған рухани мол қазынасын халқына қалтқысыз жеткізуде тың жанрдың жанашырлары ауқымды жұмыстар атқаруда. Замана тынысын гитараның үніне қосып жеткізетін дарын иесі бұған дейін ұлтымызда болмаған деседі. Ақын Мұқағали Мақатаевтың «Ұнатамын мен сені» өлеңінің мәтініне жазылған Табылдының әні жырмен жымдаса қабысып, жүрек түбіне ұялаған еді.
Әкеге махаббат пен сағыныш сазы Абылдың әр сөзінен, өнерге өрлене қанат қағысынан сезіліп тұрды. Жүрегінің тұсына жақын ұстаған сайын гитара үні шағаладай шарықтап, әке мен баланың, қос арманның дауысы көкжиекте талмай қалықтап, көңілге шуақ себеледі.
Кешті өнер иесі Абыл Табылдыұлының өзі жүргізіп отырды. «Мен қазақпын», «Биіктік», «Ұнатамын мен сені», «Күнекей қыз», «Бірақ, бірақ...», «Астана», «Кешіріңдерші, адамдар», «Сәйгүлік», «Табылдың әні», «Қазақ едім дегенше», «Астананың аруы»... тағы басқа әндердің әуеніне тебіренген көпшілік әр әнге қошемет білдіріп, ұзақ қол соғып отырды.
Қазақ ұлттық ән өнерінің өркендеуіне қызмет етіп жүрген жанашырлар Қорабай Есенов, Елена Әбдіхалықова, Әлімбек Келдібай, Ержан Сағынбаев, Сейіл Аяғанның өнері де жұртшылықты бір серпілтіп тастады. Кеш соңында Табылды Досымов атындағы қордың директоры, ұлттық өнердің қолдаушысы Бижан Қалмағамбетов пен Табылды Досымовтың жары, Абылдың анасы Қарлығаш Басарқызы сөз сөйледі. «Тұңғыш рет» өнер кеші Аяш Табылдыұлының елорда тойына, Астананың 20 жылдық мерекесіне тартуы болып табылады.
Қаршыға КҮЛЕН