• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 23 Ақпан, 2018

Кітаптар да адамдар сияқты...

706 рет
көрсетілді

Олардың да тағдыры, мінезі болады. Кітаптар да құрсаққа түскен сәбидей миға бітеді. Күн сайын жетіледі. Толғатасың, өбектейсің, азабы да бар... Айы-күні келгенде жарыққа шығады.

Ойды ой қозғайды. Осы уақытқа дейін біздің бабала­ры­­мыздың жазба мұраларына қатысты ауызша айтылып неме­се биттің қабығындай кітап­ша­мен шектелген қыпшақ жазба мұралары шын мәнінде аса бай тарихқа ие екені аян. Сонау 2003 жылы «Қыпшақ жазба мұ­ралары» деген құнды зерттеу жарық көрген-ді.

Майда әріптермен терілген, 1084 беттен тұратын алғашқы томның салмағы сенсеңіздер – 3,5 кило тартқан еді. Осынау құнды еңбектің авторы ғылыми ортада жанкешті еңбекқорлығымен абыройға бөленген отандасымыз, филология ғылымдарының докторы Александр Гаркавец болатын. Тағдырдың талай тепері­шін бастан өткеріп, тарих­тың қатпарларында көмескіленіп қалып кеткен түркі халық­та­ры­ның түрлі болжамды жазба тарихы ғылымға адал берілген осы бір оқымыстының арқасында анық деректер дәйектелген-ді. Сонымен бір ғасырларда Алтай мен Дунайға дейінгі аралықта салтанат құрған біздің ата-бабаларымыздың тілі және оның жазба тарихы туралы Александр Гаркавецпен бүкпесіз сырласа отырып: – Қазір кітап бастырып шы­ғару таңсық емес, қолына қа­лам ұстаған екінің бірі ойына келгенін іске асырып, кітап жазып жатқанына сіз ғалым ретінде қалай қарайсыз? – деп қалдым.

– Меніңше, өте дұрыс. Ата-баба, әке-шешелерін ұлықтап, жазба мұра жасап жатқандарды барынша құптаймын. Мысалы армян әріптерімен жазылған қыпшақ жазба мұраларында бір жігіт сонау бір ғасырларда «Пәлен айдың пәлен күнінде мен үйлендім…» деп бастап, өзінің тойын суреттеп шығады. Сол жазбаларға қарап, сол замандағы олардың тұрмыс-тіршілігі, қай зат қалай аталғанын анықтауға болады. Бес ғасырдан кейін тарихта белгісіз бір пенденің жазғандары біз үшін алтын әріп­термен жазылған ұлы мұраға айналған жоқ па?! Қалай жазылса да кітаптар жазыла берсін, рухани байлық молая берсін. Уақыт керегін өзі екшеп алады.

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ