Өмір өзгерістен тұрады. Қазақстан Республикасының Президенті латын графикасына көшу туралы тәуелсіздік алған күннен бастап ойлап, оны жүзеге асыру жолдарын қарастырды. Бірақ Қазақстандағы экономикалық, демографиялық жағдай тосын шешім қабылдауға мүмкіндік бермеді. Сондықтан да өмірді терең танитын, әлемдік саясаттың ішкі иірімдерін жақсы білетін болғандықтан, Н.Ә.Назарбаев: «Кімге күш көрсетеміз? Жан-жақты көршілермен қырғи-қабақ болып ертеңгі күні елімізді үлкен-үлкен ұлттарға, елдерге қарсы қойып талан-таражға түсірсек, тіл тұрмақ бас қайғы болады. Шыдау керек. Көпірден өтетін уақыт онша көп емес. Бір он бес-жиырма жыл уақыт керек», – деп еді «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайында. Президент айтқандай, содан бері 26 жыл өтті. Қазақстан әлем мойындаған мемлекетке айналды. Өз мемлекетінде өзі азшылықта болған қазақ халқының үлес салмағы 65 пайыздан асып жығылды. Ұлттық жаңғыру жүріп жатты.
Латын графикасына көшу мәселесін Елбасы өз Жолдауларында жария етіп, қоғамдық ойдың талқысына салды. Міне, осылай жаһандық үдерістерді саралай келіп, Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында күдік ойдың бұлтын сейілтті. Латын графикасына көшу Қазақстанның стратегиялық бағдарламасының құрамдас бөлігіне айналды. Латын қарпіне көшу қазақ, орыс, ағылшын тілдерін қатар меңгеруге мүмкіндік беретіні сараланды.
Үстіміздегі жылы қаңтар айында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды. Міне, өміршең Жолдауда латын графикасына Президент тағы да ерекше мән берді. Мән беріп қана қоймай мақсатын шегелеп түсіндіріп берді. Латын графикасына көшкен жағдайда Қазақстан жастары үш тілді қатар меңгеруі, орыс тілді мектептер үшін қазақ тілін игерудің озық әдістемесі жасалады. Жаңа терминологияны жетілдіре отырып, қазақ тілін халықаралық деңгейге көтеру міндеті латын әліпбиін енгізу арқылы жүзеге асырылады.
Міне, осындай асқаралы міндеттерді жүзеге асыру мемлекеттік ғана емес, ұлттық мәселе болып табылады. Мұның бәрі Елбасының 2017 жылғы 26 қазандағы № 569 Жарлығымен бекітіліп, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы жарияланды. Латын қарпіне көшуді жүзеге асыру үшін ұлттық комиссия құрылды. Оны Үкімет басшысы Б.Сағынтаев басқарып отыр.
Осылай 9 апострофтан тұратын 32 әріп бекітілген болатын. Президент осы әліпбиді негізге ала отырып, қоғам тезіне салып, оны оңтайлы негізде жетілдіруді тапсырған-ды. Елбасы айтқандай, «Әлемде ешбір ел өзінің жаңа әліпбиін бүкіл халық болып осылайша талқылаған емес». 300-ден астам ұсыныс екшелген болатын.
Латын графикасына көшу қоғамда үлкен қызығушылық туғызды. Тілшілер ғана емес, математика, ақпараттандыру, білім саласының ірі мамандары өз пікірлерін бұқаралық ақпарат құралдарына жариялап жатты.
Пікірталас негізінен апострофтар төңірегінде өрбіді. Мысалы: «Әже, шай ішуге келіңіз» сөйлемін алғашқы қабылданған әліпбидегі әріптермен беретін болсақ, «A’je, s’a’i’ is’y’ge kelin’iz» болады. Біріншіден, қатар келген бірнеше апострофты әріптерден құралған сөздерде, ондағы дәйекшелердің қай әріпке қатыстылығын анықтау қиын. Соның әсерінен сөзді бір қарап тануда қиыншылықтар туады. Екіншіден, сөздерді жазу барысында екі есе уақыттың жұмсалуы да тиімсіз. Аталған сөйлемдегі 3 әріптен тұратын «Әже» сөзін латын графикасында жазу үшін пернетақтадан 4 пернені, «Шәй» сөзі үшін 6 пернені басуға тура келеді.
Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Президент қоғамдық ой-сананың оңтайлы тұстарын жүрек елегінен өткізе білді. Осылай «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына өзгеріс енгізілді.
Латын әліпбиінің жаңа редакциясы қоғамда қалыптасқан екіұшты пікірдің нүктесін қойды. Енді апостроф тоғыздан алтыға түсті. Ескі нұсқадағыдай апостроф әріптің оң шекесіне емес, төбесіне қойылды. Бұл көз сүріндіретін үтірлерді азайтып қана қоймай, оның жазылу сұлулығын қамтамасыз етті. Оқуға жеңіл етіп жасалған.
Мұнда алғашқы әліпбидегі апострофпен берілген 9 әріпке құрылымдық өзгеріс енгізілген. Негізгі төл әріптер Ә, Ғ, Ң, Ө, Ү дыбыстары және У дыбысы төбесіне ноқат қою арқылы, ал Ш мен Ч дыбыстары диграф (екі әріптің қосарлануы) негізінде берілген. Сондай-ақ алғашқы нұсқадағы созыңқы И мен қысқа Й берудегі дәйекше алынып тасталған.
Жаңа нұсқаның тиімдірек екендігін байқауға болады. Біріншіден, апостроф үшін бөлек перне басылмайды. Ноқат қойылатын төл әріптер Ә, Ғ, Ң, Ө, Ү дыбыстары және У дыбысы пернетақтаға жаңа перне ретінде енгізілетін болады. Демек, бір әріп бір пернені басумен ғана беріліп, уақытты үнемдеуге ықпал етеді. Екіншіден, оқу барысында сөзді құрап тұрған әріптерді анық ажыратуға және бір қарап тануға мүмкіндік туады. Төл дыбыстарды қосымша перне етіп енгізу үрдісі латын графикасын қолданатын елдердің барлығына дерлік тән деп айтуға болады (Испания, Франция, Түркия, Вьетнам, т.б.). Сол себептен, төл 6 әріпті пернетақтаға сыйғызуға әбден болады деп ойлаймын. Осы тұста, бүгінге дейін қолданылып келген кириллер графикасы негізіндегі қазақ пернетақтасындағы қосымша перне саны – 9 екендігін еске алайық.
Үшіншіден, Ш мен Ч дыбыстарының диграфпен беру өте орынды шешім деп білемін. Себебі, бұл техника елімізде үшінші тіл болып, мектеп кезінен үйретіліп келе жатқан ағылшын тілінің грамматикасынан жете таныс.
Ендігі мәселе бір таңбамен берілетін ұзын және қысқа И және І дыбысы жөнінде болмақ. Мұнда да аталған әріптердің сөз ішінде қолданылуы, семантикасы арқылы қандай дыбыс болып тұрғанын ажыратуға болады деп ойлаймын. Мұны одан әрі жетілдіру, халыққа насихаттау, түсіндіруде тілшілерге, фонетика, синтаксис салалары ғалымдарына салмақ түспек.
Қорыта келе, қабылданған жаңа латын графикасы бүгінгі қоғам талабына жауап бере алады, қазақ тілінің икемділігін арттырады, оны меңгеруші өзге тіл иелеріне ыңғайлы бола түседі деген пікір білдіргім келеді.
Ендігі міндет пікірталасты қойып, латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиін батыл түрде күнделікті өмірге енгізуді бастау керек. Оны жүзеге асырудың кезең-кезеңдерін де Елбасы айқындап берген. Міне, ұлттық сананы рухани жаңғыртудың айқын жолы – латын графикасы екенін зердеде ұстап қана қоймай, бір кісідей жүзеге асыруға тырысуымыз керек. Сонда ғана «қазақстандықтар бірыңғай ұлтқа айналады». Міне, басты бағыт, міне ұлттық бірлік осында.
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, академик