• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Ақпан, 2018

СҚО әкімі есеп берді

361 рет
көрсетілді

Бұл – аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың тұрғындар алдындағы алғашқы есебі. Баяндамада қол жеткен жетістіктер қамтылумен қатар Елбасы алға қойған талаптардан туындайтын міндеттер де айқындалды.

Облыс әкімі алдымен барлық дең­гейдегі әкімдердің есептеріне 45 мыңнан астам адам қатысып, 2 мыңға жуық өті­ніш пен ұсыныс түскенін, оның басым бөлігі абаттандыру, тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылығы, жол, сапалы ауыз су секілді аса маңызды әлеуметтік мәсе­ле­лерге арналғанын жет­кізді. А­т­қару­шы органдардың сая­си ұйым­­дар­мен, үкіметтік емес бірлес­тіктер­мен жұ­мы­ла атқарған жүйелі жұмыс­тарының нәти­­жесінде билікке деген сенімнің нығая түскені байқалады. Былтыр ауыл­шаруа­шылық өнімдерінің көлемі 2,3 па­йызға өсіп, 510,6 миллиард теңгеден асып түскен. Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы сыртқы сауда айналымы 50,4 миллион долларға жеткен. Еңбек өнім­ділігін түбегейлі арттыру, өңделген ауыл­­шаруа­шылық өнімдерінің экспортын ұл­ғайту аграрлық саясаттың басым бағыты болып қала береді. Экономикалық жағынан табысты дақылдар көлемін көбейту, астық өндірісін әртараптандыру жер­­мен түбегейлі айналысуды қажет ете­ді. Қарапайым арифметикалық есепке жү­гінсек, өткен жылы майлы дақылдар алқабы 40 пайызға молайып, 715 мың гектарды құраса, биыл бір миллион гектарға жеткізу жоспарланған. Сонда бюджетке 60-70 миллиард теңге қосымша кіріс құйылады.

 Өңірде АӨК-ті қарқынды дамытудың мүмкіндіктері көп. Бұл орайда озық технологияларды қолданудың, ауылшаруашылық техникаларының паркін жаңартудың маңызы зор. Биыл 32,2 миллиард теңгеге 1310 бірлік жаңа техника мен жабдықтар сатып алынбақ. Өсімдік шаруашылығына 16,3 миллиард теңге демеуқаржы қарастырылған. Еңбек өнімділігін арттыру және шығындарды азайту бағытында ауыл шаруашылығын цифрландырудың алатын орны ерекше. Оны озық шаруашылықтардың тәжірибесі көрсетіп жүр. Мәселен, «АгроСтрим» ЖШС-мен бірлесіп «Атамекен» компаниясы шаруашылықтарының негізінде барлық техникалардың жұмысын жос­парлау, минералды тыңайтқыштарды енгізу, өсімдік қорғау тәсілін қолдану, астық қозғалысын есепке алу, фотобейне есептер мен кәсіпорындардағы әрбір дақыл­дың өзіндік құнын анықтау жұмыс­тарын автоматтандыратын модульді қанат­қақты жоба іске қосылды. Бұл элемент­терді мал шаруашылығына енгізу сауыл­ған сүт мөлшері, дәрі-дәрмектің қажет­тілігі мен оны беру, жемдеу уақыты сияқ­ты көрсеткіштерді нақты бағамдауға мүм­кін­дік береді. Алқаптарға спутник арқы­лы мониторинг жүргізу, дрондарды қол­дану, жануарларға электронды чип тағу сияқ­ты оң мысалдар көптеп саналады. «Атамекен» компаниясында соңғы 4 жылда дақылдардың жиын-терім көлемі 262,3 мың тоннадан 495 мың тоннаға дейін, ал табыс 6,4 миллиард теңгеден 20 миллиард теңгеге дейін өскен.

 АӨК-тегі маңызды бағыттардың бірі – ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу. Оның үлесі облыстың өңдеу өнеркәсібінің 60 пайыздан астамын құрағанмен, сыртқы нарыққа шығару жайы түбегейлі бетбұрысты талап етеді. Сүт өңдеу кәсіпорындарына тереңдете өңделген өнімдер шығару үшін 838 500 мың теңге демеуқаржы төленгенін ескерсек, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың қайтарымын күту заңды. 2016-2020 жылдарға арналған ауыл- шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібін дамытудың жол картасы аясында шетке шығарылатын отандық өнімдердің сапасын жақсарту, импорт үлесін азайту жолдары нақтыланды. Ол бойынша 35 миллиард теңгенің 19 инвестициялық жобасы жүзеге асырылып, 509 тұрақты жұмыс орны құрылады.

 Баяндамашы көлік пен логистика, құрылыс секторы сияқты дәстүрлі салаларды дамытуға да ерекше мән берілетінін, өнеркәсіп саласында 476 кәсіпорын жұмыс істеп тұрғанын, олардың 40-ы өткен жылы ашылғанын тілге тиек етті. Алайда, өнеркәсіп кәсіпорындарында еңбек ететін12 мыңға жуық адамның орташа айлық еңбекақысы 106 мың теңге мөлшерінде. Республика бойынша орташа деңгейдің 50 пайызын ғана құрайтыны ойландыруы тиіс. Машина жасау кәсіпорындарының тапсырыстар портфелі 16 пайызға артып, 42,7 миллиард теңгеге жетсе, басым үлесі темір жол және мұнай-газ кешендеріне тиесілі. Петропавл ауыр машина жасау, С.Киров атындағы зауыттардың өндірісті одан әрі жаңғырту, еңбек өнімділігін 2 есеге ұлғайту, қорға­ныспен қатар азаматтық өнімдердің түр­лерін көбейту тәжірибелері үлгі алуға тұрарлық. Тұтастай алғанда, өнеркәсіп кәсіпорындарын жаңғырту жұмыстарына 6,5 миллиард теңге мөлшерінде қаржы жұмсалып, қанатқақты жобалар іске асы­рылды. Мәселен, «ЗИКСТО» АҚ 80 фут­тық контейнер тасымалдағыштың жаңа моделін игерді. «Казнефтегазмаш» АҚ энер­­ге­тика саласының кәсіпорындары үшін ыс­ыр­маның жаңа түрлерін шығаруды бастады.

 Индустрияландырудың алғашқы бесжылдығында 32 миллиард теңгенің жобасы іске қосылды. Екінші бесжылдықтың соңғы үш жылында озық жобаларға жұмсалатын инвестиция сомасы 67 миллиард теңге болды. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары екі есе ұлғайды. Аталмыш бағдарламаларды өндіріске енгізу 700-ден астам жұмыс орнын ашуға және 16 миллиард теңге инвестиция тартуға септігін тигізді. Лего-кірпіш, сип-панель, жылдам дайындалатын тамақ өнімдері секілді жаңа өндіріс орындары пайда болды, деді аймақ басшысы. Швейцарияның «ТЕТРА ПАК» қондырғысымен жабдықталған «Маслодел» сүт өңдеу зауыты тәулігіне 300 тоннаға дейін сүт өңдей алады. Жылдық өндірістік қуаты – 40 мың тонна. Бүгінде Қазақстандағы сүт өнеркәсібі көшбасшыларының бірі саналады.

Кәсіпкерлікті қолдау картасы шең­берінде жүзеге асырылатын бағдар­ламалар ішінде полипропилен жәшігін, қайың шпонын шығару, қайталама поли­мерлерді өңдеу сияқты жобалар бар. Облыста шығарыла­тын өнімдер Қазақ­станның барлық аймақтары­на дерлік жеткізіледі. Шетелдерге та­мақ өнімдерінің, көлік құралдарының, аспаптар мен аппараттардың бірнеше түрлері экспортталады. Кәсіпорындардың экспорт көлемі 147,8 миллион долларды құрап, 10 пайызға жуық өсуі стратегиялық таңдаудың дұрыстығын көрсетеді. Алда Қытайдың Хубэй провинциясындағы қуатты компанияның қатысуымен индуст­риялық аймақ құру міндеті тұр. Жұмысы тоқтап қалған кәсіпорындарды іске қосу басты назарға алынады. Жол картасы шең­берінде соңғы үш жыл ішінде 19 өнді­ріс орны қалпына келтірілді.

 Қ.Ақсақалов қолайлы инвестиция­лық ахуал қалыптастыра отырып қаржы тартудың ілкімді жолдарына да тоқталып өтті. Былтыр 188,9 миллиард теңге инвес­тиция құйылып, өңір елімізде төртінші орынға тұрақтаған. Инвестиция бюджет қаражатынан емес, жеке салымдардың есебінен өсуі тиістілігі, негізгі басымдықты ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп иеле­нетіні, басқа салаларды да қамту қажеттігі атап көрсетілді.

 Облыстың экономикалық дамуында көлік-логистикалық инфрақұрылымның маңызы айтарлықтай мәнге ие. Тек соңғы 2 жылдың ішінде салаға инвестиция 3 есе көп құйылып, шекара аймақтарында, автожолдарда құрылыс пен жөндеу жұмыстарында кешенді шаралар атқарылды. 200 шақырым жол қалпына келтірілді. «Петропавл – Ресей Федерациясының шекарасы» тас­жолын жаңарту жұмыстары келесі жылы аяқталады. Дегенмен, жергілікті маңыз­дағы жолдардың 60 пайыздан астамы әлі қанағаттандырмайды. Осы жағы ескеріліп, биыл 10,8 миллиард теңге қарастырылған.

Баяндамашы өз сөзінде ауыл тұрғын­дарының өмір сүру деңгейін жақсарту, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру, таза ауызсумен, жайлы баспанамен қамтамасыз ету әлжуаз топтарды әлуметтік қорғау мәселелері ұдайы назарда ұсталатынын бөле-жара айтты.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы