Жылдағы дәстүрмен көктемгі егіс науқаны басталатын кез де жақын қалды. Аграрлық сала мамандарын алдымен мазалайтын жайт – жанар-жағармай мәселесі. Мемлекет жыл сайын арзандатылған отын бөліп отырса да, оны жеткізуге келгенде ойламаған жерден проблема туындап жатады. Қазақстан егіншілеріне солярканы жеңілдетілген бағамен тарату схемасын қайта қарауды биыл Мәжіліс депутаттары ұсынып отыр.
Вице-премьер – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің атына жолданған жанар-жағармаймен қамтамасыз ету жайы туралы сауалды Парламенттің кезекті сессиясында бір топ депутат жария етті. Мәжілісмендердің айтуынша, осыған қатысты жыл сайын келіп түсетін арыз-шағымдарда толас жоқ. Тиісті орындарға хабарласып, мәселе көтергеннен шыққан нәтиже де шамалы.
Мәселенің мәнісі мынада: кестеге сәйкес, дизель отыны аймақтарға наурыз айынан бастап жеткізілуі тиіс. Алайда шаруалар оны іс жүзінде тек сәуірдің аяғы мен мамырдың басында бір-ақ алады. Солтүстік облыстар үшін жарамды болғанымен, оңтүстік өңірлер үшін бұл тым кеш. Айталық Қарағанды облысында егін егу науқаны 20 мамырға дейін аяқталуы тиіс. Егістік алаңын алдын ала өңдеу жұмыстары сәуір айында жүргізілуі керек. Сондықтан депутаттар кестені қайта қарауды, жанар-жағармайды жеткізу мерзімін мейлінше ілгерілетуді сұрап отыр.
Екінші мәселе – баға. Жолай қосылатын үстемелер жеңілдетілген отынның бағасын жанар-жағармай құю бекеттеріндегі бағамен бірдей қылады. Мысалы, 2017 жылы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге Қарағанды облысына Павлодар мұнай өңдеу зауытынан әр тоннасына 127 мың теңгеден 19 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Іс жүзінде шаруалар үшін оның бағасы нарықтық бағамен бірдей болып шықты. Оның себебі, біріншіден, отынды бөлетін операторлар тиісті шаруашылықтардан қашықта орналасқан, яғни оны тасу шығынын шаруаның өзі көтереді. Екіншіден, ресми жарияланған бағаға үстемеленетін қосымша алымдар бар.
Мәжіліс депутаттары мысалға келтіргендей, жанар-жағармай жеткізуші оператор былтыр Павлодар мұнай өңдеу зауытынан солярканың әр тоннасын 127 мың теңгеден сатып алды. Литрге шаққанда, әр литрдің бағасы 105 теңгеден болып шықты. Зауыт бағасына темір жол тарифі және басқа да темір жол шығындары, күзет, сақтау қызметкерлеріне төлемдер, компанияның жол шығындары мен жетіспеген қаржы қосылады. Айналып келенде, әр литрдің бағасы 105 теңгеден 126 теңгеге дейін өсіп, нарықтық бағамен бірдей болған. Сонымен қатар Қазақстан фермерлер одағы берген ақпаратқа қарағанда, кейбір операторлар жанар-жағармайды жеткізу шығынына өздері алған несиені төлеу міндетін де қосып қойған.
Осының бәрін ескерген депутаттар Үкіметтен жеңілдетілген жанар-жағармайды операторлар арқылы үйлестіру жүйесін мейлінше жетілдіруді, отынның шаруашылықтарға жеткенше қымбаттап кетпеуін қадағалау амалдарын жасауды сұрап отыр.
Мәжілісмендер сондай-ақ арзандатылған минералды тыңайтқыштарды жеткізу мерзімдерінің де кешеуілдеуіне алаңдаулы. Бұл әрине, ауылшаруашылық дақылдарының түсіміне кері әсерін тигізбей қоймайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселені де назардан тыс қалдырмауы тиіс.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ