Егемен Қазақстан» газетінің 2018 жылғы 5 ақпандағы нөмірінің «Парламент» бетінде Мәжіліс депутаты, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің Мәдениет және спорт министріне жолдаған сауалы жарияланған еді. Онда депутат Қарағандыдағы Әлия Молдағұлова атындағы облыстық спортқа бейім балаларға арналған мектеп-интернаттың мәселелерін көтерген. Осы спорт мектебін бітірген түлектердің көбі аз қамтылған отбасылардан шыққандықтан ЖОО-ға түсе алмайды, ал спорттық шеберліктерін кейінгі жастарға үйретейін десе, дипломдары жоқ. Сондықтан спорттан орнын таба алмай, басқа салаларға кетіп жатыр. Осы мәселені шешу үшін спорттық мектепті колледжге айналдыру керек, сонда оқу орнын бітірген балалар әрі қарай оқымаса да спорттан қол үзбей жаттықтырушы, нұсқаушы сияқты қызметтерге тұра алар еді. Серік Сәпиев өзінің сауалында осындай мәселе көтеріп, бұл ұсынысты Мәжілістегі тағы бір Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина да қолдаған.
Міне, осы сауалға Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлынан жуырда төмендегідей жауап келді:
«Мәдениет және спорт министрлігі сіздердің әр облыста мектеп-интернат-колледж ашу туралы сауалдарыңызды қарап, келесіні хабарлайды. Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың 2018 жылғы 3 қаңтардағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған интернат-колледждерінің үлгісі бойынша облыстық спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттарды қайта құруды ұйымдастыру және Атырау, Қостанай, Маңғыстау облыстарында, Астана қаласында аталған білім беру ұйымдарын ашу туралы тапсырмасын орындау және ортаңғы буындағы жаттықтырушылар кадрларын тиімді пайдалану мақсатында министрлік 2018 жылғы 16 қаңтардағы бұйрығымен оларды қайта ұйымдастыру жөнінде комиссия құрды.
Қазір Ақтөбе облысы әкімдігінің Есет батыр атындағы спорт мектеп-интернатын «Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» деп өзгерту туралы қаулысы бекітілді. Бүгінгі күні онда «жаттықтырушы – оқытушы» мамандығын даярлау бойынша бір топ жасақталып, студенттер білім алып жатыр.
Қызылорда облысында әкімдіктің қаулысына сәйкес, Жалаңтөс Баһадүр атындағы облыстық спорт мектеп-интернатын олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі ретінде қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Павлодар, Ақмола облыстары мен Алматы қаласында да осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Батыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облыстарында бұл жұмыстар енді қолға алынуда. Ал Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстары бұл істі алдағы уақытта қарастыратындығын хабарлайды» делінген жауапта.
Сөйтіп, Ә.Молдағұлова атындағы спорт мектеп-интернаты енді спорттық колледж болып қайта құрылып, бітірген түлектеріне орта деңгейдегі маман куәлігін қоса тапсыратын болады. Бұл алыс аудандардан келіп, оқып жатқан аз қамтылған отбасылар балаларының ауылдарына барып спорттық нұсқаушы, жаттықтырушы болуына ыңғайлы жағдай туғызары сөзсіз. Сол игілікті іске Мәжіліс депутаттары да елеулі үлес қосқаны көрініп тұр.
Дайындаған
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»