Зейнелғабиден ибн Әміре әл-Жауари әл-Омскауи – (ол өз шығармаларына осылай арабша мәнерде қол қоятын болған) бұл Зейнелғабиден Әміреұлы, жауар руынан, Омбы қаласынан шыққан дегенді білдіреді. Дегенмен, шындығына келсек көшпелі рудың жағрафиялық аумағы бұдан әлдеқайда кең еді: яғни тек Омбы төңірегіне ғана емес, бұрынғы Көкшетау облысының аумағына дейін ұласатындықтан, ең оңтүстігіндегі қоныстарының бірі Сиыршы ауылы болатын. Бұл ауылдың орны қазіргі Дәуіт стансасы тұрған жер, Зейнелғабиден де осында мәңгілік мекен тапқан.
Зейнелғабиден әл-Жауари Уфа қаласындағы «Ғалия» жоғары діни оқу орнында білім алады. Сол кезеңде Ресейде бұл медресе мұсылмандарға арналған ең беделді оқу орны болатын, мұнда ислам рухына тәрбиелеумен қатар, өзге дүнияуи білімге: физикаға, философияға және басқа да ғылымдарға мән беретін еді.
Медресені бітірген соң 1916 жылы Зейнелғабиден өз қаржысына туған ауылы Сиыршыда мектеп ашады, ондағы оқу қазақ және орыс тілдерінде жүргендіктен, казақ-орыс мектебі деп аталады. Бұл да «Ғалия» медресесін бітіруші түлектердің дәстүрі еді. Орыс тілін оқып үйренуді ол қазақтардың әлемдік өркениетке кірігу құралы деп санап, басым бағыт ретінде мән береді.
Мектеп небәрі төрт жыл ғана өмір сүргеніне қарамастан, осы өңірдегі халыққа білім беру ісінде айқын із қалдырды. Белгілі қоғам және саясат қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың 1916 жылы осы мектептің мұғалімі болуы да қызықты дерек. Зейнелғабиден әл-Жауаридің ағартушылық ісі нағыз самғау шағында кілт үзілді, 1920 жылы шығармашылық қарымы тебіндеген 37 жасында ол өмірден өтті (жалғыз баласы Ануар соғыстан қайтпады).
Зейнелғабиден әл-Жауаридің ең маңызды туындысы – 1909 жылы Уфа қаласында басылған «Насихат Қазақия» кітабы. Еңбекте автор қазақ халқының идеологиялық, педагогикалық және әлеуметтік проблемаларын ашып көрсете отырып, бір жағынан, өз білімінің энциклопедиялық сипатын танытады, ал екінші жағынан, әрбір баяндалатын тақырып ауқымының кәсіби білімдік маңызын да көрсетеді. Ол сонымен қатар сол замандағы озық ойлы қайраткерлердің басты мінбері саналатын қазақтың алғашқы қоғамдық-саяси журналы «Айқаптың» (1911-1915 жылдары Троицк қаласында шығып тұрған) белсенді тілшілерінің бірі болды. Оның тағы бірнеше туындыларын қуғын-сүргін жылдары, туыстары темір сандыққа салып, қабірінің жанына, турасын айтқанда, «жерлеген» екен. Бұл жәдігер заттар қазіргі күнге дейін табылмай отыр.
Зейнелғабиденнің әкесі Әміре қажы Қазақстанның солтүстік өңіріне белгілі тұлға, болыс болған әрі өз тұсындағы дәулетті адамдардың бірі екен. Өз руының жерін басып өтетін Батыс Сібір темір жолы құрылысын салу ісіне үлкен үлес қосқан. Әміре қажы мұсылмандар үшін қасиетті орынға екі рет сапарлайды, алайда тағдыр оған екінші сапарынан аман-есен оралуды жазбаған екен, Мекке қаласында дүниеден өтіп, сонда жерленеді. Ол туралы жарқын естеліктер күні бүгінге дейін сақталған: Омбы облысындағы Москален ауданында «Әміре сайы» («Балка Амре») атты жер бар.
Зейнелғабиденнің кітабын оқи отырып, осы бір тұлғаның ішкі еркіндігіне, тіпті сол заманның жаһандық проблемаларын беделді тұлғалар алдында ешқандай бүгежектеп қорқусыз қарастырған өжеттігіне қайран қаласың. Ондағы сараптауларының тереңдігі, ұсыныстарының барынша уақытылы қойылуы, ойлау ауқымының кеңдігі және де өз халқының қайғы-қасіреті мен тағдыры үшін жауапкершілігіне разы боласың. Сол толғамдардың авторы әлі отызға да толмаған жас екендігін білгенде бұл таңданыс бұрынғыдан да арта түсетіні анық.
Тіпті ақыр соңында, автордың тілі, жазу стилінің өзі сұлулығымен, байлығымен, әсерлілігі және бейнелілігімен таңғалдырады. Арада қаншама жылдар өтсе де осы бір біртуар адамның ізгілікті мақсаты бәз-баяғы қалпымен жүрекке тура жететіндей. Сондықтан да бұл еңбектің оқырманды бейжай қалдыруы, игі әсер етпеуі мүмкін емес.
Әйгілі түркітанушы ғалым М.Мырзахметов Зейнелғабиден әлЖауаридің Абай тұлғасын заманының ұлы ойшылы ретінде тану ісіне қандай баға жеткісіз үлес қосқанын атап көрсеткен болатын. Мұхтар Әуезовтің өзі де «Насихат Қазақия» кітабына оң пікір берген. Ұлы адамдардың ғылым, өнер, жалпы мәдениеттің қай саласында болсын, қандай бір ұлы іс тындырғанынан гөрі, әдетте, оны сондай дәрежеде мойындатып танытуға қол жеткізудегі жолының барынша күрделі болатынына тарих куә.
Зейнелғабиден әл-Жауари өз кітабында сол кезең үшін білім алуды өзекті міндет ретінде қарастыра отырып, мектепте оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруға барынша көңіл бөледі. Мұнымен қатар, қазіргі күні көпке белгілі, ол кез үшін өзекті болған сыныптық сабақ жүйесін ұйымдастыру сияқты дидактиканың бастауларын насихаттайды, оның еңбектерінде классикалық педагогикалық ұстанымдарды тиянақтап бекітетін көптеген идеялар кездеседі және олар қазіргі күнде де өте өзекті болып сезіледі. Мысалы, ол былай деп жазады: «Бала табиғатын ескерместен, өзінің орашолақ әрекеттерімен жеті-сегіз жастағы баланың әлі жетіле қоймаған жанын іс жүзінде зорлыққа ұшыратады». Бұл неге табиғатқа икемділік қағидаты болмасқа? Оның тілдерді оқыту жөніндегі ұсынысы да біздің тілдерді оқыту бойынша қазіргі саясатымызбен сәйкес келеді. Алайда біз бұл жағдайға тек ХХІ ғасыр шегінде ғана жетсек, ол бұл идеяны ХХ ғасырдың басында-ақ айтқан екен.
Мектепте оқытуды ұйымдастыру бойынша оның өзге де өсиеттері мен насихаттары, мұғалім тұлғасына деген көзқарасы, балаларға деген құрметіне қарап біз Зейнелғабиден әл-Жауари шын мәнісіндегі ұлы гуманист, патриот және ағартушы болды деп айта алсақ керек.
Оның сөздері Абай және Ы.Алтынсарин сөздерімен үндес. Бұл, мүмкін, олардың бір дәуірде өмір сүріп, өз дәуірінің көкейкесті мәселесіне үн қатуларына, ең бастысы, олардың терең мазмұнды болуына байланысты болса керек. Оның тілді оқытуға қатысты пайымы да таңдандырады, мұнда ол осы заманғы дидактикалық жағдайды алдын ала болжап қана қоймай, сонымен бірге бұларды этникалық сипаттағы проблемалармен қоса интернационализм рухында алып қарастыра алған. Автор саяси құрылысқа және демократиялық институтқа қатысты сұрақтарға да бірегей ойларын білдіреді.
Зейнелғабиден әл-Жауаридің шығармалары туралы ұзақ уақыт бойы жақ ашпауға тура келді. Зейнелғабиден ибн Әміре әл-Жауаридің орысша-қазақша мектебі әлдеқашан жоғалған, Сиыршы ауылы да жер бетінен өшкен, тек көне зират қана бұл жерде бір заманда ауыл болғанын еске салып тұр.
Бірақ оның кітаптары қалды, ұрпақтан ұрпаққа толқындай ұласып игілікті ықпал жасаушы ізгілікті істері қалды. Қазақ КСР Жұмысшы-шаруалар инспекциясының алғашқы басшыларының бірі болған, 1937 жылы ату жазасына ұшыраған Хабиболла Әмрин, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Ғайнетдин Мұсабаев, халыққа білім берудің негізін қалаушылардың бірі, Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген мұғалім Сабыр Мәліковтер сияқты, өзінің ұлы ұстазының адамгершілігі мен ісіне деген жауапкершілігін лайықты деңгейде жалғастырған шәкірттері қалды.
Тұрсынбек МӘЛІКОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің физика және математика кафедрасының профессоры