Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына сәйкес, өткен ғасырларда ел теңдігін аңсап, соның жолында бар ғұмырын сарп еткен ардақты бабаларымыздың есімдерін жария ету біздің борышымыз.
Елімізге белгілі қоғам қайраткері, атақты ғалым Мырзатай Жолдасбековтің «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Асылдар неге еленбейді?» деген мақаласында атақты Досжан хазіреттің рухын ұлықтау туралы кемелді ойы баршамыздың санамызға қозғау салғаны сөзсіз.
Тарихымызды зерделеп қарасақ, сонау Ресейдің патшалық заманында, қазақ халқының бостандығынан туындайтын жер мен дін мәселесін көтерген, көкірегі ояу, заманының зиялы өкілдері болғаны белгілі. Солардың ішінде Жұмағали Ербатырұлын айтпасқа болмайды.
Жұмағали атамыз Ақтөбе облысының Байғанин ауданы, Доңызтау елді мекенінде шамамен 1880 жылдардың ортасында, ишан Ербатырдың отбасында дүниеге келген. Жастайынан діндар әкесінен араб тілінен сауат ашқан жас бала ер жеткен соң, әкесінің ықпалымен Араб еліндегі «Әл-Асқария» медресесінде ислам діні жөнінде жоғары деңгейде білім алып, араб, парсы және басқа да бірнеше тілдерді меңгерген.
Бір айта кететін жайт, араб еліндегі оқуын тәмамдаған ол уақытында елге қайта алмаған. Оған себеп, елдегі әкесі қайтыс болып, оқытқан жердің қаражатын төлеуге мүмкіндік болмағандықтан, сондағы арабтың медресесінде қызметке қалған. Сол кезде жоғарыдағы М.Жолдасбеков айтып отырған Досжан хазірет Меккеге қажылыққа барған сапарында Жұмағалиды жолықтырып, оның қарызын өтеп, өзімен бірге елге алып келген. Келісім бойынша, Шибұлақ (Шилі) деген жердегі хазіреттің медресесінде Жұмағали мүдәрис-ұстаз болып, шәкірттерді оқытумен айналысқан.
Медреседе қызметте жүріп, сонда Досжан хазіреттің ризашылығымен, оның Ұммагүлсім атты қызына үйленіп, Жиенғали атты ұлды болған. Кейіннен атасы Досжан хазіреттің батасын алып, көптен армандап жүрген туған жері Доңызтауға отбасымен оралған. Тасқабақ атты жерде жаңадан мешіт салдырып, ислам дінін уағыздап, тұрғындарды имандылыққа, адалдыққа, бірлікке үгіттеп, ауыл балаларын оқытумен айналысқан.
ХХ ғасырдың басында патшалық Ресейдің қазақтың шұрайлы жерлерін күшпен басып алу саясатына қарсы елдің қамын ойлап, халықтың дінін, салт-дәстүрін, жерін сақтап қалу мақсатында басына түскен қатерге қарамастан күреске түскендердің ішінде Жұмағали Ербатырұлы да болған.
1905 жылы Орал,Торғай облыстарындағы Кіші жүз қазақтарының атынан заңгер Бақытжан Қаратаевтың басшылығымен, барлығы 22 адам, соның ішінде, Доңызтау-Аққолқа болыстығынан молда Жұмағали Ербатырұлы патша өкіметіне жазбаша құзырхат жолдап, дін және жер мәселелерін нақты көтерген. Онда қазақтарға жасалып жатқан зорлық-зомбылықты тоқтатып, «Қазақ халқының қолына – «жер мәңгілік, өзінікі – деп заңды құжат берілсін» – деп талап еткен. Сонымен қатар отаршылдық ниетпен қазақ жеріне орыстарды қоныстандырып, жергілікті халықты христиан дініне үгіттеп, мұсылман мешіттері мен мектептеріне тыйым салу туралы патшаның 1868 жылғы «Далалық ережесінің» тәртіптерін бұзуды сұраған. Осындай әлеуметтік маңызы зор істің барысында Жұмағали Ербатырұлы заңгер Б.Қаратаев бастаған делегациямен бірге Санкт-Петербургке барған. Онда белгілі генерал Ғұбайдолла Жәңгіровтің жәрдемімен делегация басшысы Б.Қаратаев орыс патшасының қабылдауында болып, құзырхатта көрсетілген халқымыздың мұң-мұқтажын жеткізген.
Ғасырлар бойы бабаларымызға арман болған бостандық елімізге тәуелсіздігімен бірге келіп, қазақтың бұлжымайтын жері айқындалып, мұсылман қауымына ислам дінінің өркендеуіне мешіттер мен медреселердің есіктері айқара ашылуда. Осы бейбіт өмірде сонау қиын-қыстау заманда халқымыздың еркін болашағын аңсап, саналы ғұмырын арнаған діндар Жұмағали Ербатырұлы ишанның қайраткерлік ерен еңбегі елеусіз қалмайтынына сенімдіміз.
Елубай ЖҰМАБАЕВ
Ақтөбе