• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
08 Наурыз, 2018

Байтақ әндердің базары тарқағаны ма?

1033 рет
көрсетілді

Телеарнадан «Атамекен» шыр­қалса көңілің асқақтап сала береді. Тас үйдің төрт қабырғасында теледидардан естілген әуен Ескендірдің асқақ дауысымен бірге көңіліңді жасыл жайлауға, асқар тауларға жетелеп, желпініп қаласың.

«Жасыл жайлау, түкті кілем, көк кілем,

Көк кілемде көп аунаймын, көп күлем.

Күннің нұрын, айдың аппақ сәулесін,

Қазағымның махаббаты деп білем». Көгалда өкпесі өшкенше асыр салып, алысып-жұлысқан бала кезіңнен бас­тап қазіргі есейген шағыңа дейінгі өміріңнің бәрін жалқы шумаққа сыйғызып, көңілде қалғып жатқан жып-жылы естеліктің бәрін оятып, жан-жүрегіңді елжіретіп жібермей ме?! Жасыл жайлау, асқар таулар, баяу ескен самал желі, күннің нұры, айдың аппақ сәулесі – бәрі қазағыңның саған, сен сияқты барша перзентіне деген махаббаты. Күн сайынғы күйбің тірлік, телеарналар мен интернет сайттардан төгіліп жатқан топан ақпараттың бәрі сап тыйылады. Көңілің тазарып қалады. Күн сайын басына қоқыс төгіліп, еңсесі аласарып бара жатқан қазағыңның «мәртебесі аспанмен таласқан асқар таулармен» бірге қайта биіктеп кеткендей.

Қадыр Мырза – Әлінің қаламының құдіреті мен Ескендір Хасанғалиевтің композиторлық таланты тоғысқан кезде осындай ғажап ән туғанына қуанасың. Ескендір Хасанғалиевтен басқа біреу бұл әнді дәл солай айта алады дегенге сол сәтте өлсең де сен­бейсің. «Қазақстаным» деген бір сөзі болмаса да, «Атамекен» – патриоттық әннің асқар шыңы екеніне шүбәсіз сенесің. Жарты ғасырға жуық уақыт бұрын шықса да, содан бері шырқалып келе жатса да ескірмеген, ескірмейтін туынды.

Белгілі қаламгер Қали Сәрсенбай «Шал мен шындық» атты кітабында «Ресей теледидары «Широка реканы» неге жиі береді?» деп сауал қойыпты. Сосын:

– Шалқар, байтақ ән. Әннің таби­ғаты, болмысы керемет! Әншісі, орындаушысы қандай десеңші! Зыкина, Толкунова үрдісіндегі әнші. Осы ән айтылғанда ансамбль мүшелерінің бәрі жұтынып, жұлқынып кетеді. Олар түгіл тыңдап отырған сіздің өзіңіз шыдамайсыз. Әннің соншалықты сыры, кереметтігі неде? Онда орыс рухы тұнып тұр. Орыс даласы, өзен-көлі, орман-тоғайы көрінеді, осының бәрі сенікі дейді. Бұдан кейін орыс қалай рухтанбайды?– деп өзі жауап береді. Біздің «Атамекен» де сондай ән, рухтандыратын ән.

Қазақта туған жер, Отан туралы ән­дер аз емес. Тас бұғаудан босамай­ тұр­ған кезде бейресми Әнұранға ай­налған Шәмші мен Жұмекеннің «Менің Қазақстанымы», Ш.Сариев пен Ж.Тұяқбаевтың «Атамекені», ағайынды Абдуллиндер шырқайтын «Туған жер»... Айта берсек, ақында­рымыз бен композиторларымыз па­триоттық әндердің планкасын әлде­қа­шан көтеріп тастаған.

Өкінішке қарай, кейінгі шыққан әндерді тыңдағанда тебірену қиын. «Жаным да қазақ, қаным да қазақ» «Жаса, қазақ, самға қазақ», «Алға қазақ», «Бойымда қазақтың қаны бар» деген тіл ұшынан күштеп суырылып, табан астында құрастырыла салған жауыр тіркес, жеңіл-желпі мадақ, керісінше, жүрегіңізді айнытып жіберуі мүмкін. Қазақы реңк беру үшін домбыраның үнін қосса да, оны басып кететін салдыр-гүлдір дыбыс­тар көңіл қылын шерте алмасы хақ. Мерекелік концерттердің соңында «Атамекен» шырқалған кезде, зал толы халық отырған орнынан еріксіз түрегеліп, Ескендірмен бірге қосыла шырқайды. Ал сіз соңғы жылдардағы әнге көрерменнің солай толқығанын, бәрі бір адамдай қосыла шырқағанын көрдіңіз бе? «Алға, самға, шап...» деген ұрандарына аузын жыбырлатып, қолын сермеуден аспайды-ау.

Ол қалай тебірентсін? Жас әншілер­дің сұхбатын оқып көріңіздер, бә­рі­ бір-бірімен келісіп алғандай «репер­туарында махаббат туралы әндер көбейіп кеткенін, жақын күндері Отан туралы, туған жер туралы 2-3 ән жазғызуды жоспарлап жүргенін айтады. Бәрі жоспарлы. Тойға бару керек, телеарнаға шығу керек, әлеуметтік желіні шулату керек. Арасында Отан туралы ән айтып тұру да артықтық етпейді, ресми концерттерге қатысқанда немесе өзінің жеке концертін өткізгенде керек болып қалады. Ал «Атамекен» сияқты қазақтың мінезіндей, қазақтың даласындай байтақ әндер ондай күйбің тірліктің қалтарысынан тумайды ғой.

Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»