Б.Ізмұхамбетов өз есебінде әлеуметтік-экономикалық тұрғыда өңірде шешімін тапқан мәселелерді байыппен баяндап берді. Жылдағыдай емес, есептің Елбасының дәстүрлі Жолдауынан кейін өткізіліп отырғаны өткенді жан-жақты саралап, алдағы міндеттерді батыл әрі айқын түрде іске асыруға алғышарт қалайтынын атап көрсетті. Алдымен айтарымыз, өңір экономикасын дамытудағы басым бағыттарды белгілей білген облыс басшысының мерейі қашанда биік болмақ. Ақжайық өңірі үшін ол машина жасау өнеркәсібі болып табылады.
ІС ПЕН СӨЗДІҢ БІРЛІГІ
Атап айтарлық мәселе, оралдық машина жасаушылардың әлемдік дағдарыс туғызған қуатты толқынға төтеп бере білгендігі. Сөйтіп, осы сыни кезеңнің өзінде еңбек өнімділігі төмендеген жоқ. Керісінше, пайыздық өсіммен алғанда оның өсу көрсеткіші орын алды. Мұндағы кәсіпорындар Елбасы қойған индустрияландыру талабына сәйкес сыртқы және ішкі нарықтағы сұранысқа ие, сонымен бірге бәсекеге қабілетті жаңа өнім түрлерін игере бастады. Мұндағы техникалық қондырғылар жаңа инновациялық талаптарға сәйкес жабдықталған. Бұл Елбасының биылғы Жолдауындағы басты талаптардың бірі екені белгілі.
Сондай-ақ, Ақжайық – кеме жасау өндірісі дамыған өлке. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалана білуіміз керек. Облыста іске асып жатқан инвестициялық жобалар жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына мүмкіндіктер туғызды, деп түйін жасады облыс басшысы. Облыстағы инвестициялық жобалар тізбегінде ауыл шаруашылығындағы шикізаттық емес секторды дамытуға тікелей облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов тарапынан нақты іс-шаралар белгіленді. Әрі бұл жобалар өткен жылы іске асты. Соның нәтижесінде аталған уақыт аралығында әлемдік стандарттарға сай ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорындары іске қосылды.
Өз кезегінде олар өсімдік майын шығаратын зауыт, диірмен кешендері, дәнді-дақылдар өңдейтін цехтар, мал сою комбинаттары, жылыжайлар, көкөніс қоймалары болып табылады. Осы арқылы өңір экономикасын әртараптандыру бағытында соңғы екі жылдың ішінде айтралықтай іс тындырылды. Бұл республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында басым бағыттардың бірі ретінде белгіленгені мәлім.
– Биылғы жылы Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері Кедендік одағы құрылды, – деді бұдан әрі Бақтықожа Салахатдинұлы. – Бұл бізге экспортқа бейімделген сапалы өнім шығаруды міндеттейді. Сондықтан биылғы іске асырылатын жобаларға осы талап биігінен қарап отырмыз. Осы мақсатта таяуда Орал өңірінде Қазақстандағы ең ірі мал бордақылау кешені құрылысы аяқталмақ. Сонымен бірге, Қазақстанда тұңғыш рет ешкі сүтін өңдейтін өндіріс орны іске қосылмақ.
Соңғы екі жылда Ақжайық өңірінде елді мекендерді газбен қамту ісінде тындырылған қомақты істерді де облыс әкімінің тікелей іс-қимылымен байланыстыруға әбден болады. Б.Ізмұхамбетов өз есебінде алдағы жылдары облыс аумағын толық газдандыру бағдарламасы жүзеге асатынын мәлімдеді. Батыс Қазақстан облысына әкім болып тағайындалған екі жыл алты ай уақыттың ішінде сөзі мен ісінің арасында алшақтық болып көрмеген басшының бұл уәдесі де толық орындалатынына күмән жоқ. Егер 2007 жылы облыстағы ауыл тұрғындарын газбен қамту деңгейі небәрі 27 пайыз құраған болса, атқарылған жұмыстардың ауқымдылығын осыдан-ақ аңғара беріңіз.
Бұдан әрі Бақтықожа Салахатдинұлы облыстағы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және бұқаралық спортты дамыту салаларында атқарылаған істерге тоқталып, алда тұрған міндеттерді атап көсретті. Бұл – озық оқу технологияларын қолдану, халықаралық білім стандарттарын жедел түрде енгізу, деді ол. Сонымен бірге, халықты әлеуметтік тұрғыдан қамту ісіндегі мәселелерге жан-жақты тоқталған әкім жұмыссыз ретіндегі тіркелгендердің 60 пайыздан астамы әйелдер, 12 пайызы жастар екеніне айрықша назар аударып, бұл жұмыстарды жүйелірек жүргізу қажеттігін мәлімдеді.
Елбасы өзінің биылғы Жолдауында құқық қорғау жүйесін реформалау қажеттілігін атап көрсеткені белгілі. Осы міндеттерге орай өз есебінде облыс әкімі нақты көрсеткіштер мен салыстырмалы цифрларды алға тартты. Деректерге сүйенсек, облыс аумағындағы қылмыс деңгейі өткен жылмен салыстырғанда біршама төмен. Бірақ мұның өзі бізге арқаны кеңге салу дегенді білдірмейді. Өйткені, Елбасы атап көрсеткендей, “Құқық қорғау органыны қызметінің басты өлшемі сандық көрсеткіштер емес, жұмыс сапасы болуға тиіс”. Бұл істе бізге ойластырып шешетін мәселелер жеткілікті. Сондықтан мен осы ақпан айында облыстағы құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде арнайы кеңес өткізуді ойластырып отырмын, деді Бақтықожа Салахатдинұлы.
Облыс басшысы өз есебінде биылғы Жолдауда Елбасы белгілеп берген қағидаттарды іске асыруға бәріміз бірдей жұмыла кірісуіміз керек деген тұжырым жасады.
Сонымен, кеше Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов өңір тұрғындарына өз есебін берді. Осы есеп жөнінде ел не деді?
Валентина Лилекова, Бөрлі ауданындағы №5 орта мектептің директоры:
– Мен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовті осы өңірге, оның тұрғындарына жаны ашитын, оның мұң-мұқтаждарына ортақтаса білетін басшы деп есептеймін. Бұл пікіріме оның тұрғындар мүддесі үшін бюджеттен тыс қаражат көздерін тартуға әркез назар аударатыны дәлел. Нақтырақ айтқанда, назар аударып қана қоймайды. Бұл мәселеде табандылық көрсетіп бастаған ісінің нәтижелі болуына қол жеткізіп жүр.
Менің ойымша, республикадағы облыс басшылары қызметін бағалаудың бір критерийі олардың өңірге қаншалықты мөлшерде инвестиция тарта білгені болуы керек. Осындай өлшем дұрыс болады деп ойлаймын. Бұл мәселеде Бақтықожа Салахатдинұлының еңбегі мол деп санаймын. Сонымен бірге, ол кісінің тікелей араласуымен Қарашығанақ жобасына қатысушы компаниялардың өңірдегі әлеуметтік жобаларға бөлетін қаражатының мөлшері екі есеге ұлғайды.
Қайдар Қощанов, Орал қаласындағы “Болашақ” ЖШС-нің директоры, Орал қалалық мәслихатының депутаты.
– Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов “Жол картасы” бағдарламасын іске асыруда үлкен тындырымдылық танытты. Осы бағдарлама бойынша облыстың түкпір-түкпірінде жүздеген, мыңдаған қосымша жұмыс орындары ашылды. Аудандар мен елді мекендер абаттандырылды. Ондағы әлеуметтік-тұрмыстық нысандарға күрделі жөндеулер жүргізілді. Осы ұлан-ғайыр істердің басты ұйымдастырушысы да, басты үйлестірушісі де Бақтықожа Салахатдинұлы болды деп сеніммен айта аламын. Сонымен бірге, облыс басшысының жеке басының қарапайымдылығы да өзгелер үшін үлгі-өнеге боларлықтай. “Ұлық болсаң, кішік бол” демей ме халқымыз.
Сергей Погодин, Орал қаласындағы №1 музыка мектебінің директоры, Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:
– Облыс басшысы көпэтносты Ақжайық өңірінде ауызбіршілік пен татулықтың және өзара түсіністіктің одан әрі тереңдеуіне әркез бастамашы болып келеді. Сонымен бірге ол этномәдени орталықтардың қызметіне де жан-жақты қолдау көрсетіп жүр. Мен осы сәтті пайдаланып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі жөнінде айтқым келеді. Менің ойымша, қазақ тілін дамыту қазақстандық отаншылдыққа тәрбиелеудің басты бір жолы ретінде қарастырылуы керек. Жаңа менің алдымда әкімнің есебі жөнінде пікір білдірген Қайдар Қощанов мырза облыс басшысының мемлекеттік тілді дамытуға қосқан жеке үлгісі жөнінде айтты. Бұл – құптауға тұрарлық пікір. Мемлекеттік тілді білу, оны үйрену – бәрімізге ортақ іс.
Айдынғали Сағитов, зейнеткер:
– Жаңа шалғайдағы Жәнібек ауданынан шаруа қожалығының жетекшісі сөйледі. Ол біздерде мынандай бар, мынандай бар деп біраз жәйттерді тізбелеп шықты. Сонда ол ауданда ұсыныс, пікір, проблема ретінде көтеретін бірде-бір мәселе болмағаны ма? Одан кейін сөз алған “Жайықмұнай” серіктестігінің басшысы Дружинин де әкім баяндамасында айтылған деректерді қайталудан әрі аса алмады. Екеуі де қағаздан бас алмай оқып шықты. Мұндай бос сөздердің пайдасы шамалы. Ашық айтылған сындарлы пікірге не жетсін.
Бақтығұл Тасмағамбетов, Тасқала ауданындағы “Сәулет” мектеп-гимназиясының директоры:
– Мен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовті айтқан сөзінде тұратын басшы деп есептеймін. Мұның өзі кез келген басшының мерейін өсіретін, елдің алдындағы абыройын көтеретін биік адамгершілік қасиет. Осы пікіріме бір мысал келтіре кеткім келеді. Тасқала ауданына сапарында Бақтықожа Салахатдинұлы біздің мектеп-гимназияға да келіп, мұндағы оқу-тәрбие ісінің жай-күйімен танысты. Жасыратыны жоқ, гимназия ғимараты өте тар еді. Оны кеңейту жөніндегі ұсынысымызды облыс басшысына айтпақ болып оқталып тұрғанбыз. Осы ойымызды оқып қойғандай ол жаңа ғимарат салу қажеттігі жөнінде ұсыныс жасады. Біз аяқ астынан айтылғандай болған осынау сөзге қапелімде сеніңкіремей: шын ба деп қалыппыз. Қысқасы, Бақтықожа Салахатдинұлы өз сөзінде тұрды. Қазір 300 орындық мектеп-гимназия ғимараты мен 100 орындық жатақхана құрылысы басталып кетті.
Батыс Қазақстан облысының әкімі өз есебі кезінде оған қатысушылардың санаулан сұрақтарына егжей-тегжейлі жауаптар қайтарды. Соның ішінде кейбір маңызды сұрақтар мен жауаптардың жөн-жобасы төмендегідей:
– Бақтықожа Салахатдинұлы, облыс орталығындағы онкология диспансерінің құрылысы қашан аяқталады?
– Биыл.
– Облыстағы ауыл әкімдеріне қызмет көлігі берілмегеніне тоғыз жыл өтіпті.
Бұл техникалар ескірген. Олардың көпшілігі істен шыққан. Осы мәселеге байланысты не айтар едіңіз?
– Орынды сұрақ. Елбасы саясатын ауылдарда іске асыратын – ауыл әкімдері. Олар сол ауылдағы Елбасының өкілдері іспеттес. Біз бұл мәселені шешу жолдарын ойластырып отырмыз. Өткен жылы оны шешіп тастайтындай да ыңғайымыз болған еді. Алайда, бұған әлемдік дағдарыс өз әсерін тигізбей қалмады. Дегенмен, осы жылдың бірінші жартыжылдығында бұл мәселені шешеміз, ауыл әкімдеріне қызмет көлігін беруде бір ұйғарымға келеміз ғой деп ойлаймын. Қазір бұл мәселені облыстық мәслихат депутаттарының назарына беру жолдары қарастырылуда.
– Облыс аумағында қызмет жасайтын шетелдік компанияларға жергілікті кадрлардың көбірек тартылуы үшін облыс басшысы ретінде қандай шаралар белгілеп отырсыз?
–Қарашығанақ кенішіндегі шетелдік альянс жетекшілері мен облыстағы тұрғындарды әлеуметтік тұрғыдан қамту департаменті және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті ұжымы меморандумдар мен келісімдер жасады. Соған сәйкес жоғары оқу орындарының студенттері шетелдік компанияларда тәжірибеден өтуге жіберілді. Тиісті келісімдерге сәйкес шетелдік компанияларда 2008 жылы 16821 қазақстандық азамат қызметке орналасты. Ал 2009 жылы аталмыш компанияларда қызмет жасайтын шетелдік жұмысшылар саны 2 пайызға азайып, оның есесіне қазақстандық жұмысшылар саны 16 пайызға көтерілді.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бұдан басқа да залдан қойылған көптеген сұрақтарға толымды жауаптар қайтарды. Кездесуге қатысушылар облыс басшысының бір жыл ішінде атқарған қызметіне оң баға берді.
Темір ҚҰСАЙЫН, Орал.
ДАҒДАРЫСТЫ ЕҢСЕРУ ЖЫЛЫ
Өткен сиыр жылы Қостанайға ауырлап кірген болатын. Дүние жүзін қусыра келген қаржы дағдарысы Қостанай өңіріне де оңай жүк артпайтынын әп дегеннен-ақ меңзеген еді. Оған мысал. Облыс экономикасының негізгі діңгегі өндіріс өнеркәсібінің өткен жылдың қаңтар айындағы көрсеткіші республиканың өзге өңірлері арасында он бесінші орынға сырғып бір-ақ түскен еді. Алдыңғы жылғы қаңтар айымен салыстырғанда өнеркәсіп өнімінің көлемі 70 пайызды ғана құраған болатын. Ал жыл соңындағы көрсеткішке назар салыңыз: 2009 жылғы өнеркәсіп кәсіпорындарының өнімі көлемінің индексі 101,8 пайызды құрады. Бұл – республикадағы алтыншы орын!
Облыс әкімі есебін тыңдауға келген жұртшылыққа Сергей Кулагиннің өзі “Жылды жақсы аяқтадық. Мұндай нәтижені менің өзім күтпеп едім. Өйткені, жыл өте ауыр басталды”, деді. Алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен республика Үкіметінің дағдарысқа қарсы қабылдаған шараларының кемесі қайырлаған кен алыбының қозғалуына шапағаты тиді. Кен шикізаты Ресей мен Қытайға артыла бастағаннан-ақ өндіріс арбасының жүрісі дұрысталды. Оның сыртында облыста қаулай бас көтеріп, дағдарыс кейпін ертегідегі дәудей зорайта түскен, түйінін шиелей байлаған өткір мәселелер қатары да баршылық еді.
Әлбетте, дағдарыс ширығудан шегінеді екен. Еліміздегі сияқты облыста да экономикалық және әлеуметтік саланы көтеруге арналған егжей-тегжейлі жоспарлар пысықталды. Алдымен қай салада болсын өндірілген өнім азайған жоқ. Былтыр республикалық көлемдегі темір рудасының 83 пайызын, темір жентегі мен бокситтің 100 пайызын, кондитер тағамдарының – 30, ұнның төрттен бірін, астықтың 24 пайызын, еттің – 14, сүттің – 12, жұмыртқаның 13,4 пайызын Қостанай облысы өндіріпті. Бірақ бұл қанағат деген сөз емес, облыс экономикасы дамуының басты бағыты және бюджет құраудың негізгі көзі болып табылатын өнеркәсіп кәсіпорындарының қатарын көбейтпесе, шабандықтан арылу неғайбыл еді. Сондықтан инвестициялық серпінді жобаларға көп мән беріліп, олардың саны 56-ға жеткізілді. Оларды жүзеге асыру облыс экономикасына 500 миллиард теңгеден астам қаржы тартып, 9 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұлардың 22 жобасы индустрия саласына, 34 жобасы агроөнеркәсіп кешеніне тиесілі. Нақ өткен жылы өнеркәсіпте – 5, ауыл шаруашылығында 8 инвестициялық жоба жүзеге асты.
Облыс экономикасының нығаюына сан бұлақтардай шапқылап келіп үлес қосатын шағын және орта бизнестің даму қадамы жылдамдай түсті. Бүгінге дейін өңірде кәсіпкерлік кәсіпорындардың саны 45 мыңға жетіп жығылады. Мұның өзі бұрнағы жылмен салыстырғанда 5,2 пайызға көп. Ал олар жыл бойы 191 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, қазынаға 12 миллиард теңгеден астам түсім түсірді. Орта және шағын бизнес кәсіпорындарының ашылуы діттеген жерден шығып жатты. Бір жылда облыста үш май сығу зауытының іске қосылуы соның айғағы. Олар жылына 40 мың тонна майлы дақылды өңдеп, 14 мың тонна өсімдік майын өндіреді. Бұл осы саладағы көп істің, көп мысалдың бірі ғана.
Өңірдің серпінді дамуында ауыл шаруашылығының үлесі мол десек, оның табыстарында өткен жылдың да еншісі қомақты. Былтыр осы салада өндірілген өнім көлемі 241,6 миллиард теңгені құрады. Егіс көлемі тағы да ұлғайтылып, ол 4,5 миллион гектарға жеткізілген болатын. Күзде гектар айналымы 12,2 центнерден келді, барлығы 5,4 миллион тонна алтын дән жиналды. Бұл үлкен көлемдегі астықты өңірдің бірінші жылғы табысы емес, диқандар қатарынан төрт жыл бес миллиондық көкжиектен көрінді. Соңғы кездері Қостанай-Торғай өңірінде ауа райы аса жаңбырлы бола қойған жоқ. Бұрын құрғақшылық жылдары бес миллион тонна астық жинау диқандардың түсіне де кірмес еді. Облыстағы егін алқаптарында ылғал сақтау интенсивті технологиясын енгізудің арқасында егін шаруашылығында осындай толағай табысқа жету мүмкін болды. Мемлекет тарапынан бөлінген қаржыға облыста техника паркін жаңалау жалғасуда. Қамысты ауданындағы Алтынсарин атындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Борис Князев: “Біздің механизаторлар “Енисей” комбайнын ұмытты”, деді облыс әкімі баяндамасынан кейін сөз алғанда.
Еліміз бойынша астық экспорттаудың көш басында Қостанай облысы келеді. Қазақстаннан cыртқа сатылған астықтың 39 пайызы, ұнның 32 пайызы Тобыл өңірінде өндірілген. Сырт жерлерге ұн сату алдыңғы жылмен салыстырғанда 20 пайыз өсті. Мал шаруашылығының дамуы да аз да болса алға жылжыды. Ауыл шаруашылығында табыс өнім көлемімен ғана емес, ашылған жұмыс орнымен де өлшенгені абзал. Өткен жылы облыс агроөнеркәсібінде жүзеге асқан 8 жоба ауылдағыларды 200-ден артық жұмыс орнымен қамтамасыз етті.
Облыстағы әлеуметтік саладағы жұмыстар “дәудің”–дағдарыстың өзін дағдартқандай еді. Қалалар мен аудандарда 4 орта мектеп пайдалануға берілді. Құрылыс мамандарының айтуынша, Рудный қаласындағы мерзімінен ерте салынып біткен 900 орындық қазақ орта мектебіндей білім ғимараты республиканың өзінде некен-саяқ. Оның сыртында 88 мектеп жөндеуден өткізілді. Мектеп жасына дейінгі балалардың балабақшалар мен шағын орталықтарға қамтылуы 90 пайызды құрап отыр. Былтыр ғана тағы да бес балабақша, үш шағын орталық балақайларға есігін айқара ашты. Облыстағы мектеп оқушыларының 83 пайызы ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Өткен жылы облыста “Қамқор” бағдарламасы мәреге жетті, яғни төрт жылдың ішінде өңірдегі барлық жетім балалар үйлері түгел жөндеуден өткізілді. Былтыр бірыңғай ұлттық тест қорытындысы бойынша мектеп түлектері ең жоғары балл жинап, Қостанай облысы республикада бірінші орынды иеленді.
– Мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлықтың, біз жүргізген жұмыстардың нәтижесі деп осыны айтады. Білім жарысында тамаша жетістікке жеткені үшін біздің ұстаздар мен оқушыларға рахмет айтамын,–деді облыс әкімі Сергей Кулагин жұртшылық алдында.
Қостанай облысында ана мен бала өлімі республикадағы ең төмен көрсеткішке ие. Мұның өзін осы саладағы жан-жақты жұмыстардың нәтижесі деген орынды болар. Облыстағы аудандық ауруханалардың барлығы түгелдей жөнделіп болды. Өткен жылы Қостанай қаласындағы перзентхана, наркологиялық диспансер, Лисаков қалалық ауруханасы сияқты ірі нысандар қайта жөнделді. Ауруханаларға заманауи медициналық жабдықтар алынды, аудандық ауруханаларға жас мамандар тарту ісі үздіксіз жалғасып келеді.
Облыста жыл ауырлығын білдірмеген және игілікті істерге мұрындық болған шараның бастысы – “Жол картасы” бағдарламасы үдесінен шықты. Осы бағдарлама үшін республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 6 миллиард 452 миллион теңге жөніне жарады. Облыста инвестициялық жобалар жүзеге асты. Мәдениет мекемелері қайта жөнделді. Қолға алынған жұмыстың барлығы да жұмыссыздыққа қарсы бағытталды. Облыс кәсіпорындары басшыларымен 783 меморандумға қол қойылды. Дағдардық деген жылдың өзінде айлық жалақы 11,6 пайызға өсті.
Өткен жылы тұрғын үй құрылысы бәсеңдемеді. 1524 қостанайлық қоныс тойын тойлады. Облыс орталығында 245 пәтерлік арендалық бір үй және 145 пәтерлік екі тұрғын үй пайдалануға берілді. Қостанайда тоғыз қабатты екі тұрғын үйдің қабырғасы биіктеп барады. Әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу мен қайта жаңғыртуға бөлінген 15 миллиард теңге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы, сумен және газ, жылумен жабдықтау, білім салаларындағы нысандармен қатар, арендалық-коммуналдық, ипотекалық тұрғын үй салуға игерілді.
Сергей Кулагин өткен жылы атқарылған жұмыстардың барлығын тәптіштеп баяндап өтті. Әкімнің айтуынша, облыс дағдарысқа қарсы тұра білді. Экономикалық және әлеуметтік деңгейіміз бұрнағы жылдардан аспаса, төмендеген жоқ. Ал биыл атқарылар жұмыстар былтырдан да ерек болар түрі бар. Тек ауыл шаруашылығының өзінде 11 жоба жүзеге асып, 551 жұмыс орны ашылмақ. Жобалар шеңберінде 3 сауын фермасы, 2 бордақылау алаңы, 4 құс фабрикасы, көкөніс сақтау қоймасы, өңдеу цехтары салынады. Жалғасатын “Жол картасы” бағдарламасы жақсы істердің сүрлеуін ұзартатын болады. Сонымен қатар, әкім облыс орталығынан бой көтеретін қазақ драма театрының жаңа ғимараты, мешіт, орыс драма театрының үйін қайта жаңғырту құрылыстарын осы жыл еншілейтінін ескертті. Өндіріс, шаруашылық пен әлеуметтік саланың барлығында да маңызды жобалар басталмақ.
– Өткен жылы өте көп шаруа тындырылды. Бірақ босаңсуға негіз жоқ, өйткені, шешімін күткен істер де жетерлік, – деді Сергей Кулагин.
Бұрнағы жылдары облыс әкімі есебінен кейін оны сұрақтың астына алатындар қатары көп болушы еді. Сұрақтардың мазмұны көбіне қадасы қисайған қорадай әлеуметтік мәселелерді қозғайтын. Бұл жолы залдан сауал көп түскен жоқ, тек Сергей Кулагин сауал бергеннің тілегіне орай ауылдарды газдандыру жұмыстары барысының егжей-тегжейін айтып берді. Ауылдарды газдандыру мәселесінің өзі дағдарысқа қарсы жасалған доқ емес пе?..
Облыс әкімі есеп берген мәжіліске Қазақстан Президенті Әкімшілігінің Қостанай облысы бойынша мемлекеттік инспекторы А.Мұсаханов қатысты.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.
КЕҢЕСКЕН ЕЛ КЕМ БОЛМАС
Талдықорған қаласының 2009 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен 2010 жылға арналған міндеттері жайлы қала әкімі Сәкен Жылқайдаров ел алдында есеп берді. Ол есепті сөзін қазақстандықтар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауымен жігерленген сәтте бас қосып отырғандарынан бастады.
Шаһар Астанаға қарап бой түзеп, жыл өткен сайын сәнді құрылыстар мен ғимараттар, көп қабатты тұрғын үйлермен толығуда. Бұл экономиканың өсуімен өлшенетінін ескерсек, өткен жылы қала бюджеті 6,9 млрд. теңгеге жетіп, экономиканың айнасы болған өнеркәсіп саласында 6 есе артық өнім шығарылды. Бұл – қаланың қарқынды дамуына негіз қалаған “Қазақстан-2030” ұзақ мерзімді Стратегиялық бағдарламаның өміршеңдігінің айғағы. Шаһардың экономикалық-әлеуметтік, мәдени дамуы мен көрікті сәулеті облыс әкімі Серік Үмбетовтің қамқорлығы, қалаға қатысты мәселелерді байыпты шешуі, оң ықпалы екеніне де қала басшысы екпін түсірді.
“Кеңескен ел кем болмас” демекші, жиында барды бағалап, жоққа қол жеткізуге ұмтылыс байқалды. Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту нәтижесінде өткен жылы 14,5 мың адам жұмыспен қамтылыпты. Халық тұтынатын тауарлар мен көрсетілген қызметтен 12,8 млрд. теңге түссе, қала бюджеті 1,2 млрд. теңгемен толыққан. Еліміздегі бағдарлама бойынша шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына екінші дәрежелі банктердің қатысуымен 18 жоба қаржыландырылып, 958,1 млн. теңге тартылған. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі өткен жылы 10,2 млрд. теңгені құрап, қалалықтардың өмір сүру деңгейі жаңа сатыға көтерілген. Осылайша қаржы дағдарысының алдын алуға мүмкіндік жасалып, қаладағы 9 шағын базарда халық тұтынатын азық-түлік түрлерінің бағасын тұрақтандыру сапасына қол жеткізу мақсатындағы жұмыс жандана түскен.
“Жол картасын” жүзеге асыру барысында 4460 адам жұмыспен қамтылса, 1785 адам 29 мамандық бойынша қайта даярланып, 1144 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген. Сондай-ақ, 372 жас маман тәжірибеден өткен. Былтыр аталған бағдарламамен сегіз мыңға жуық қала тұрғыны еңбекпен қамтылғанын да баяндамашы нақты деректермен дәйектеді. Өткен мерзімде белгіленген санаттар бойынша 22,1 млн. теңге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек, 31 млн. теңге тұрғын үй көмегі, 35,4 млн. теңге балалардың жәрдемақысы төленіп, тұрмысы төмен отбасыларының жағдайын көтеру мәселелері оң шешілген.
Елбасы қай кезде де жастар тәрбиесіне жан-жақты көңіл бөлуді тапсырып келеді. Осы орайда мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру саласына инвестиция салу арқылы оның деңгейін көтеруге назар аударылғаны қуанышты. Дегенмен, балабақша кезегінде тұрған сәбилер бес мыңнан асады. Кезінде жеке меншікке өтіп кеткен бала бақшаларды қайтару, бұл іске кәсіпкерлерді тарту, шағын орталық жұмыстарын жетілдіру бағытында ауқымды шаралар атқарылуы тиіс.
2009 жылы 3002 бала өмірге келген және олардың шетінеуі төмендесе, қалалықтарға 79,7 млн. теңгенің дәрі-дәрмектері тегін беріліпті. “Жол картасы” аясында тері-венерология және жүйке-неврология диспансерлеріне күрделі жөндеу жүргізілген. Халықтың саламатты өмір салтын қалыптастыруы мақсатында өткен мерзімде 165 іс-шара ұйымдастырылып, бұқаралық спортты дамытуға айрықша мән беріліпті.
Мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасын іске асыруда ауқымды істер ұйымдастырылып, жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу, туған өлкенің тарихы мен мәдениетін зерттеп, салт-дәстүрді насихаттау жұмыстары жүйелі жүргізілсе, қалада тұрғызылған бірнеше тарихи ескерткіштер осы мақсатты көздеген деуге болады.
– Облыс әкімі бастап, жұрт қоштап, құрылыстары жүргізілген мешіт пен шіркеудің бірегей сәулеттік шешімін айтпағанның өзінде, олардың ел бірлігіне, жоғары имандылық деңгейіне қызмет ететіндері анық. “Тамшыдан – теңіз” дегендей, бұған қала халқының үлесі, қолғабысы бар – деді қала әкімі. – Бүгінде қала аумағында 7 қоғамдық құрылым жұмыс істейді. Әсіресе, Жетісу мемлекеттік университеті студенттерінен жасақталған “Жас қыран” ерікті жасағы, күзет агенттіктері қызметкерлерінен жасақталған қоғамдық көмекшілер жұмысы криминогендік жағдайды жақсартуға ықпал етіп отыр.
Қала басшылары мың жарымға жуық адамды жеке қабылдап, 440 өтініш оң шешілсе, басқа мәселелер бойынша егжей-тегжейлі түсініктеме беріліп, азаматтардың құқықтарының қорғалуына назар аударылған.
Қоғамдық оң пікір қалыптастыру мақсатында қала әкімдігі жанындағы 10 ақпараттық-насихат тобының Елбасының “Қазақстан-2030” ұзақ мерзімді Стратегиясын, биылғы халыққа Жолдауын түсіндіріп, насихаттау бағытындағы жұмыстары басталып, Ұлы Жеңістің 65 жылдығын лайықты қарсы алуға дайындық, әрбір ардагерге ерекше құрмет, ілтипат көрсету мәселелері бойынша да дәйекті істер жалғасатыны жеткізілді.
Әкімнің есебінен кейін жарыссөзге шыққан “Жас Отан” жастар қанатының мүшесі, Жетісу мемлекеттік университетінде облыс әкімінің грантымен білім алып жүрген Әсем Өскенбаеваның сөзі жиналғандарға ой салғандай болды.
– Ұлы істер бірден істелінбейді, адамның қызметі биік идеямен рухтанбаса жемісті болмайды, – деді ол. – “Пейіліне қарай – пейіші” демекші, жанды басшылықпен қаламыз пейішке айналды. Жастар қаладағы қоғамдық көлікте тегін жүрсе, 276 студент облыс әкімінің грантымен дәрігер, ұстаз, заңгер, энергетик, экономист, тағы басқа мамандықтарда білім алуда. Мұндай қамқорлық қанаттандырып, өңірдегі белсенді жастар “Ауыл шаруашылығы жастар отрядын” құру жөнінде бастама көтердік. Жастарды жұмыспен қамту үшін өндірістік кооперативтер мен шаруа қожалықтарына көктемгі, күзгі науқан кезінде алтын дәнді егіп, өсіріп, жинауға қолұшын беру арқылы ауылшаруашылық жұмыстарына белсене қатысу, бейімделу міндетіміз.
Бастама “Нұр Отан” ХДП-ның республикалық, облыстық филиалдарынан қолдау тапса, осы көктемнен бастап жастардың қажыр-қайраты мен ерік-жігері дала жұмыстарына бағытталмақ. Баяндаманы талқылаған №2 орта мектеп директоры Ләззат Есботанова, “Механомонтаж” серіктестігінің директоры Леонид Михайловский, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрсынбай Тынысбаев, қалалық футбол федерациясының вице-президенті Александр Никулин, “Ажар ТФ” директоры Лилия Тигай және басқалары ұсыныс-тілектерін айтты. Қала әкімінің жыл ішіндегі атқарған жұмысына оң бағаларын берді.
Есеп беру жиынына облыс әкімі Серік Үмбетов қатысып, Жетісу жұртшылығының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартудағы шешімін тапқан мәселелерге тоқталды. Елбасының биылғы Жолдауының маңызына назар аударды. Алдағы уақытта қала әкімдігіне өнеркәсіп саласын дамыту мен инвестиция тартудағы белсенділіктерін арттыруды міндеттеді. Есепті кезеңдегі қала әкімінің жұмысын бағалаумен қатар, әлі де атқарылуға тиісті міндеттерді алға қойды.
Күмісжан БАЙЖАН, Талдықорған.