• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Наурыз, 2018

Суын

3929 рет
көрсетілді

Аты айтып тұрғандай судан шығатын суын жылқы – мифтік бейне. Су болғанда да теңізбен, оның ішінде Хазар-Каспий теңізімен байланыстырылатын суын туралы аңыздар ғасырлар бойы өз тыңдарманын тамсантпай қоймайтын қасиетке ие. 

Түп-тамыры орталық еу­разия­лық елдер мифінде де бар, түрік-моңғол және Кавказ халықтарының ескілікті аңыз-әңгімелерінде де кездесетін жылқы бейнесі «Ат – ер қа­наты» деп, осы түлік түрін же­ті қазынаның бірі санаған қазақ үшін қастерлі. Қазақ мифологиясының негізін салу­шы ғалым Серікбол Қонды­байдың Маңғыстаудың басты белгілерінің бірі ретінде түйені емес, суын жылқыны тану қажет деп білуі де тегін емес. Осы пікірден-ақ теңіз тұл­парының тектіліктің, асылдық пен сұлулықтың символы саналғандығын аңғарамыз.

С.Қондыбай суын жылқы туралы терең тоқталып, оның түп бастауына қатысты соны ойлар айтады. Байырғы «су жыланы» ұғымы жылқы тұқымы қолға үйретіліп, мінсе көлік, жесе ас болып, адамзаттың жан серігіне айналған кезде «су жылқысы» деген ұғымға ай­налды дегенге меңзейді.

«Жылқы атасы – Қамбар» деп сөз саптайтын қазаққа ғалымдар Қамбардың – асыл Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.а.с)-ның күйеу баласы Әзірет Әлінің атбегісі Ганбар екендігін айтса, С.Қон­ды­бай одан таралатын Көкше батыр мен Маңғыстау байланысы туралы айта келіп, Мұрын жырау Сеңгірбекұлы жырлаған «Қарасай-Қази» жырынан

Сексендегі Көкше бар

Көкшенің мінген Тарлан

ат –

Анасы еді Сүйін бие,

Атасы еді Қарақұс,

деген әдемі жолдарды мысалға келтіреді.

Бұл жолдардың әдемілігі мағынасында, Серікболша айт­сақ, «Суын» сөзінің бұрмалан­ған түрі «Сүйін бие» – су жыл­қысы кейпіндегі мифтік кейіп­кер, яғни Тарланның анасы ретінде сулық-теңіздік, мифологияда – төменгі дүниелік тудырғыш күш болып Сүйін биенің және әкесі ретінде ас­пан, жоғарғы дүниенің тұл­ғасы Қарақұстың болуы – ай­қын мифологиялық ғалам мо­делі мен космогониялық дәу­рен­ді көрсетеді» және ғалым атал­мыш жылқының қазақ тари­хында, жер-су мен адам атау­ларында қолданылуы, та­рихи жырларда көрініс табуы туралы жан-жақты тоқ­тала келе, суын айғырдың су­дан шығар мезгілін жыл мезгілдері, жұлдыздардың көріну уақытымен байланыс­тыра отырып нақтылау тәсілін ұсынады. Әрине Серікбол әлемі – тұтас ғылым, оны те­реңдей зерттеп, талдау ға­лым­­дар­дың еншісінде. Бірақ, ға­лымның қызығушылығын тудырып, қаламына іліккен суын жылқылары жалпы ха­лық арасында да айрықша ықы­ласпен айтылатын аңыз, тіпті Серікболдың да суын жылқы – суын айғыр мен суын бие туралы әңгімелерді ел арасынан естіп, аңсары ауғаны анық.

...Сонымен, суын – теңізден шығатын жылқы және ол көбіне еркек жылқы – айғыр бейнесінде айтылады. Оның теңізден шығу мезгілі де бір деректерде жыл маусымының белгілі бір кезеңі деп берілсе, кей деректе ғасырда бір рет деп айтылады. Суын айғыр­дың теңізден сілкіне шығып, жағалауда жусаған көп жылқы­ның арасынан бір биеге шабуы – жыл­қы баққан жұрттың асыл арманы. Ол арман теңіз жаға­лауындағы қазақ пен түрікмен жылқышылары үшін дау-дамайдың өзегіне айналған тұстарды жеткізеді көне жаң­ғы­рықтар. Өйткені, суын ай­ғыр­дан туған құлын сымбатына сөз сай келмейтін сұлу, тұла бойынан небір сыншының өзі мін таба алмайтын ерекше мүсінді, шапса бәйге бер­мей­тін жұмыр тұяқтының жүй­рігі, бабын тауып ұстай алса соңынан өзі секілді асыл тұ­қымды ұрпақ ертетін құт саналатын оны халық дүлдүлге теңейді. Дүлдүлге теңеудің мә­ні неде? Жауап иірімдері тағы да көне сүрлеуге бастайды – ол Әзірет Әлі бабамыздың тұл­парының атауы. Бізге есте жоқ ертегідей естіліп, шешуін бермес жұмбақтай көрінген көне заманның иірімдері осылайша бірімен-бірі астасып, өзара тұтасып жатқан дүние секілді...

Жұлдызға қарап жора­мал жасай білген халық суын айғыр шығар мезгілде жылқышыларға үйір-үйір жылқыны, әсіресе биелерді теңіз жағасына ұстау­ды қатаң тапсырады екен. Маң­ғыстау өңірінде айтылатын әңгімелердің бірінде бел­гілі Саназар бай Темір баба жақтағы теңізге сұғына кір­ген тұсқа өңкей биелерін иі­ріп қойып, судан шығар суын­ды кірпік ілмей күтуді әдет­ке айналдырады. Тіпті оның суын айғырдан жараған бір ғана құлыннан тараған тұқымнан немесе тек тікелей суын айғырдың буданынан болған бірнеше тұлпарлардан құралған өз алдына бір үйірі болғандығы айтылады. Егер осы деректі назарға алып, Са­назардың бір үйірі таза суын айғырдан тікелей туған сәйгүліктерден құралған деп есептер болсақ, онда суын­ның жүз жылда бір рет шы­ғатындығы туралы аңыздың ауылы алыстай түседі.

Сондай-ақ суын айғырдың теңіз бетін тұңғиық меңіреу басып, айдың сәулесі айдынмен астасып, маңай нұрға шо­­мыл­ғандай әсерлі түнде шы­ғатыны және көп жағдайда күн мен түнді ұйқысыз өткізіп, суын айғырдың шығар мезгілін қы­рағылықпен күзеткен, тіп­ті бірі көз шырымын алса, екін­шісі қалт етпей кезекте­се қадағалаған сандаған жыл­қы­шының көзіне түспей қа­латыны бар. Бұл да – аңыз­дың өзіне тән ерекшелігі.

Маңғыстауда суын айғырға қатысты айтылып жүрген деректердің бірі – түрікменнің Жәуміт руы мен қазақтың Адай руынан Бекет атаның ара­ласып, қазылық етуімен Қараман ата басында анттасуы. Оқиға үш түрлі сипатта баяндалады. Бірінде – жұлдызға қарап суын айғырдың шығар мезгілін есептеп, теңіз жаға­сын торуылдаған қазақ пен түрікменнің жылқылы байларынан маза кетеді. Білектің күші араласып, найзаның ұшы шешетін жайт емес, судан шыққан жануардың кімді, кімнің үйіріндегі ұрғашы кін­дікті таңдауы, кімнің бағын жағары өз еркінде. Теңізге қарап телмірген қанша күндер мен түндердің алмасқанын кім білген, бір сәтті түні теңізден оқыс шыға келген суын айғыр көп жылқының ішінен боз биені таңдайды. Бұл боз биенің қай байдың жылқысы екендігі де ешкімге мәлім емес, себебі күзеттегі жылқышылардың көзі ілініп кетіп, судан суырыла шыққан суынның сұлу бейнесі ай нұрына шомған ға­жайыпты көру бақыты оларға да бұйырмаған еді.

Ара-тұра сыншыны ертіп келіп, үйірді қарап кететін Жәуміттің байы да жетеді сол күні. Әр биені көзімен ішіп-жеп, тұрысы мен жусауына мән бере қараған сыншы боз биенің маңына келгенде тұра қалып, алдына бір, артына бір шығып қарап, оны көзден таса қылмауды, ерекше күтімге алуды тапсырады. Байдың күткені де осы, сыншының сөзін екі етпей, жылқышыларды боз биені балаша баптауға жұдырықтай жұмылдырады. Күткен күн жетіп, бай мен сыншы келгенде боз бие көзі шоқтай жанып, тұла бойынан тұлпарға тән тек­тіліктің лебі ескен мөлдір қара құлынды бауырына алып еміреніп тұрған еді.

– Құдай берген екен, байеке! Бұл кішкентай сүлік қа­ра ертеңгі сенің ғана емес, күл­лі түрікмен халқының бағы! Тіфә-тіфә! Ахалтекенің тұқы­мын тағы бір жаңартатын жарықтық, елдің абыройын асырып, алдына қара салмайтын қанатты жануар осы болады!-дейді сыншы әрі қуа­на, әрі сеніммен сөйлеп.

Бай құлынды биенің қа­рауы­лын күшейтіп, жағда­йын күйттей түседі. Алайда... ке­зекті рет құлынды қарауға келген сыншы өз көзіне өзі сенбейді! Кешегі бар арманы мен үмітін арқалап, қараса көз тоймаған сұлу құлынның орнында дәл сондай сүлік қара ойнақшып тұрғанмен, бойынан тектілікті байқай алмай абдырайды. «Мүмкін емес» деген сыншы, мән-жайды байға жеткізеді де, екеулеп көрші қазақ байының үйіріне қарай жеделдете ат басын бұрады. Алғашында жоқ іздегендерін білдірмей үйірді аралаған екеу көп ұзамай-ақ жоқтарын жо­лықтырады – кеше ғана өз үйір­лерінен көрген текті қара құлын жанары оттай жайнап боз биенің қасында тұр! Бай мен сыншының қандары басына шауып, «суын айғырдан туған қара құлынды ұрлап алдыңдар!» деп қазақтарға дау сала жөнеледі. Дес бермеген қазақтар құлынның өз­дерінікі екендігін айтып, ашулы қос түрікменді жолға салады. Іс мұнымен бітпейді, «қазақтар құлынымызды ұр­лады» деп үзілді-кесілді пікір айтқан түрікмендер жағы қа­зақтарды айтулы әулиенің басында анттасуға шақырады және қылдай қиянат жасалмауы үшін антқа Пір Бекеттің өзі қазылық етуін сұрайды. Мұнымен қоймай, антқа тұра­тын адамды да қазақтың жанына батар жерден ұстайды, таңдау – Қожаназар байдың жет­піс бес жасқа келгенде он бес жасар Ақшолпаннан көр­ген көз қуанышы – Қошан бала. Ал анттасу болатын жер де оңай емес – ақ пен қараны айырған, кінәліні қалтқысыз танып, қиянатшылды қақырата құлататын Қараман ата басы.

Ақиқат Аллаға ғана аян, Қо­шанымның халі не болып кетеді деп уайымдап, бірнеше күн бойы еңіреген Қожаназар бай әуелі Алладан жәрдем тілеп, істің насырға шаппауын жата-жастана жалбарынады, екінші кім білген, Бекет замандасына Қошанның тағдырын қолына табыстағанын, қанша жерден тегі асыл тұлпар болса да зады мал, «сырты түк, іші боқ» жануар үшін бұл іске еш қатысы жоқ Қошанды қарғыс атпауын тілек етеді. Бірнеше күн бойы Қараман ата мешітіне кіріп намаз оқып, іштей егілген Бекет атаның мақсаты – екі елдің арасына алауыздық түс­пеу, қазақ қолы қара болған жағ­дайда қаршадай Қошанның қарғысқа ұшырамауы, дүниеге бола дауласқан ересектердің бейкүнә баланың обалына қалмауы.

Қандарын ішіне жұтқан екі жақ ұйғарымды күні Ата ба­сында жолығады. Қазақтар ері­нің басына біз шаншылған меңсіз қара атқа мінген қап-қара киімді Қошанды алып келеді. Ортаға шыққан Бекет атаның

– Иә, Алла! Қара десең, қара ат­ты, біз болсақ – бізді ат! – дей бергені сол екен, шаншылған біз ердің басын қақ жарып, қара ат омақаса құлайды. Аңдып тұрған жігіттердің бірі шалт қимылдап Қошанды жерге түсірмей қағып алса, екін­шісі қанжарымен қара аттың тамағын орып жібереді. Кенет түрікмендер «Бұрып кеттің, Бекет!» деп даурыға жөнеледі. Антқа риза еместігін білдірген Жәуміттер Шейх-Күбіра басында қайта ант­та­суға шақырады. «Ертең таң намазында түгелдей сол жерде кездесейік» деп аққу болып ұша жөнелген Бекет атаның кереметін көрген және ертең таң намазында межелі жерге жете алмасын, өздерінің Бекетпен бірге ұша алмасын білген түрікмендер еріксіз сабасына түсіп, сабырға ке­леді. Көз алдарында өткен ант нәтижесімен келісулеріне мәж­бүр болады.

Оқиғаның екінші нұсқа­сында суын айғырдың судан шығып боз биеге шап­қаны туралы дерек айтылмайды, бірақ көрші екі ел ара­сындағы аламанда түрік­мен аттарына шаң қаптырып, бәй­ге бермеген, аты алыс-жа­қын аймаққа аңыз болған қазақ сәйгүлігіне, оның шық­­қан тегіне дау салған түрік­меннің Дүрдімұрат бегі бас­та­ған Жаратқаннан басқа ешкімге бас имеймін дейтін нар тұлғалы, атан жілікті аза­мат­тары, көзімнің тірісінде өзім түгіл тұтас түрікменнің кеу­десін бөтенге бастырмаймын, намысын жатқа таптаттырмаймын деген арыстары қазақтардан сәйгүлікті қайтаруға тырысады. Бекет атаның қазылығымен екі жақ Қараман ата басында анттасып, түрікмендер антқа ұсталған қара ат үстіндегі Қошанға қа­рай үш рет садақтан жебе суыл­датады. Жан шүберекке түйілген қиын шақта бірінші оқ далаға маңып кетсе, екінші оқ ер басындағы бізді ұшырады, ал үшінші оқ қара атты жайратып түсіреді. Осылайша, кінәсіз Қошанның қарғыс ар­қалауынан қорыққан Бекет ата біз бен қара атты антқа қояды.

Риза болмаған түрікмендер­дің сөзін ұстаған Бектұрлы ишан Бекет атаға өз бауырларының өкпе-назын және Шейх-Кү­біра басында қайта анттасу туралы талап-тілектерін жет­кізеді. Екі елдің арасының тату­лығын, Қошанның аман­дығын көксеген Бекет ата дүр сілкініп аққу болып, Қо­шанды үстіне мінгізіп алады да, қазақ-түрікмені аралас жиналғандарды таң намазында аталмыш жерде кездесуге шақырады. Көз алдарындағы ғаламатқа аң-таң болған және уәделі уақытта Шейх-Күбіра басына жете алмасын білген түрікмендер Құран ұстап, тәу­баға келеді. Осы сәтте қай­тадан адам бейнесіне енген Бекет атаның арқасынан түс­кен Қошан балақай әкесі Қо­жаназарға қарай жүгіре жө­неледі.

Үшінші нұсқа негізінен түрікмен елінің арасында тарап, кейін аралас-құралас көршілік себебінен Маңғыстауға жеткен секілді. Түрікменнің мерейін үстем ететін бұл желіде теңіз­ден шыққан «Қарасуыл» ат­ты айғырмен жанасып, күні жеткен күні құлындаған түрік­мен үйіріндегі биенің көрік­ті құлынын көрші қазақ ауы­лының жылқы құмар жігіттері ептілікпен ешкімге білдірмей өзінен аумайтын құлынға ауыс­тырып кетеді. Түрікмен де алдындағы малын түгінен танитын малсақ емес пе, сезіктеніп сөз салғанмен, қазақ жігіттері сыр білдіргісі келмей сырторай кейіп танытады. Оқиға екі жақтың дауласуына және Қараман ата басында анттасуына әкеліп соғады.

...Арада уақыт өтіп, қазақтар қолындағы құлынның бәйгеге шабар кезі келгенін білген түрікмендер ауылдарында аламан бәйге ұйымдастырып, қазақтарды бәйгеге қатысуға шақырады. Қарасуылдың, яғ­ни, суын айғырдың даулы құлынын – алдына қара сал­майтын тұлпарды баптап қазақтар да жетеді. Осы ара­да ойлағандары болған түрік­мендер тұлпарға қатысты дауды қайта өршітіп, ескі жараның аузын тырнайды.

–Тұлпардың туған енесі осы үйір ішінде жүр. Қазір қылбұрау салып немесе құла­ғын батырыңқырап бұрап тұл­пардың құлындаған дауысын шығартып кісінетеміз, сол кезде туған енесінің әре­­ке­тінен мәселенің мән-жа­йы аңғарылатын болады, – дейді түрікмендер. Туғалы алақанға салғандай әлпештеген айрықша бап көріп қалған бұла тұлпар жанын көзіне көрсеткен қинауды ауырсынып жапанды жаңғырта кісінейді, аузынан ақ көбік атып, жанары аңғалағынан шыға адырайып, тулап әлек-шәлегі шығады. Осы кезде үйір ішінде жа­йылып жүрген енесі құлағын қайшылай осқырынып жерден басын жұлып алады да, дауыс шыққан жаққа құйғыта жөнеледі. Келе қаумалаған көпшілікке қарамай, қорлық­тағы құлынының қасынан бір-ақ шығып, жер тарпып, кеу­десімен киіп-жара айбат шегіп, арашалауға тырысады. Осы оқиғадан соң «айтқанымыз келді» деген түрікмендер жағы арқаланып шығады.

Суын текті құлынға қа­тыс­ты аңыз осылай дейді. Аңыз­дың ақиқаты мен астары адам санасынан тыс жатқаны анық және қалай болғаны еш­кімге мәлім емес. Бірақ үшін­ші нұсқаға қатысты айтарымыз – бұл нұсқада Бекет ата аты аталмайды, ал аталған жағдайда да «атымды алдымен атағанға көмектесемін» дейтін Бекет атаның екі ел арасында бітпейтін жер дауы, жесір дауы, мал дауы сынды фәнидің күйкісіне тән пендәуи кикілжіңде пірәдарлық пә­туа жасай алғаны, оның «қар­тайғанда көрген ақтығым» деп сақалын жас жуып селкіл­дей жылаған сексендегі Қо­жа­назардың періште ұлы Қо­шанның өмірін сақтауды басты мақсат еткені, әрі бауыр, әрі көрші қазақ пен түрікменнің ара жігін ашқысы келмей дау­лы істе көрегендік жасағаны көрініп тұр. Үйінде төр алдында жатып «қаш, түрікмен!» деп қазақтың малын ұрлап алып қашқан түрікменді құтқарып жіберетіні бар. «Түрікмені түскірді қайтесің, қазаққа болыс!» деген кемпіріне «алдымен менің атымды атап, көмекке түрікмен шақырды» деп қысылтаяң шақта түрік­менге жәрдем беруімен екі елді бөле-жармай, көрші елдер­дің бірлікте өмір сүргенін қа­лай­тындығын байқатады бір әңгіме.

Иә, жылдар өтсе де көмес­кі­ленбей, керісінше ұрпақтан ұрпаққа жаңғыра жеткен аңыздың ауызекі түрде насихатталып қана қоймай, тәр­бие құралына, мәдени маңызды нысанға, тағылымды ша­раға айналғаны дұрыс. Мар­құм С.Қондыбай да суын жыл­қы туралы зерделі зерттеу нәтиже­сінде туған сүбелі ой, пайымды пікірлерін жет­­кізе отырып, аталмыш жыл­қыны Маң­ғыстаудың бас­ты символ­да­рының бірі ретінде қарау қа­жеттігін, өйткені «теңіз жыл­қы­сының бейнесін мифтік, тарихи, аңыздық, географиялық тұр­ғыдан да Маңғыстаудың теңіздік жағалауымен бай­ланыс­тыруға толық негіз бар екендігін» айтады. Ғалым суын жылқыға қатысты ұш­қыр ойларымен бірге, аза­маттық армандарын да жасырмайды. «Осы бейненің бүгінгі өмірге қайтып оралып, поэзияда, қара сөзде, бейнелеу мен мүсінде, музыкада, т.б салаларда кеңінен пайдаланыла бастағанын дұрыс көрер едік. Ақтау қаласында, теңіз жағасында қоладан құйыл­ған суын айғырдың не суын биенің ескерткішінің орна­тылғанын көре аламыз ба? Күн­дердің күні солай болар деп үміттенгіміз келеді» деген еді ол. Бүгінгі ұрпаққа теңіз жа­ғасынан «қола суынды» көру сол баяғы баба­ларымызға теңізден суын­ның өзін күт­кендей күттіріп келеді. Фә­ниде жүріп тыл­сымның сырына сүңгіп, есте жоқ ескі заман­ның қойын-қо­нышын қаз­балаған ғалым Серікболдың ба­қида жатып жарық әлемнің күбір-сыбырын естіп, аяқалысын бағамдап жатпасына кім кепіл?! Теңіз жағасынан суынды көргісі келіп жатқан болар...

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы