Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданы Тұрбат ауылында мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында «Меруерт ана» балабақшасы пайдалануға берілді. Кәсіпкер Есімхан Ешенқұлұлы 50 млн теңге қаржысына 100 балаға арналған балабақша салып, ауылдастарын қуантып отыр.
Бүгінде ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, шағын бизнесті дамыту мақсатында жүзеге асырылып жатқан игі істер көп. Күні кеше ауқымды әлеуметтік жобаларға жол ашатын «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» шағын несие беруді көбейту, әсіресе, ауыл-аймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін айрықша маңызды екені айтылды. Ауылдастарының алаңсыз жұмыс істеуіне септігін тигізу қазығұрттық кәсіпкердің демеушілік жасауына негіз болған.
Сондай-ақ кәсіпкер бұл қадамын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында таяу жылдардағы міндеттер ретінде айқындалған «Туған жер» бағдарламасымен байланыстырады. Бұл орайда жергілікті қоғамның мәселелерін шешуде азаматтардың, үкіметтік емес ұйымдар, меценаттар, бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдар күшін біріктіруге бағытталған «Атамекен» кіші бағдарламасы іске асырылып жатқаны мәлім. Негізгі мақсаты әрбір азамат өзінің туып-өскен жеріне, ауылына көмек көрсету, ал негізгі бағыты аудандардағы өзекті мәселелерді анықтау, халықтық бастамаларды көтеру, соны бірлесіп шешу болып табылатын бағдарлама қазығұрттық кәсіпкерлер тарапынан қолдау табуда. «Меруерт ана» балабақшасының ашылуы соның бір көрінісі.
Жалпы, Қазығұрт ауданында 68 балабақша жұмыс істейді. Оның 13-і мемлекеттік болса, 55-і мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында салынған. Балабақшаның ашылу салтанатында аудан әкімі Төлеген Телғараев бүгінде балаларды балабақшамен қамту деңгейі 87,5 пайызға жеткенін атап өтті. «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде экономикалық қиындықтың салдарынан көптеген балабақшалар өз жұмыстарын тоқтатып, жекешеленіп басқа мақсаттарға пайдаланған болатын. Сол өтпелі кезеңде елімізде бүлдіршіндерге арналған мекемелерге тапшылық байқалатын. Осы орайда Елбасы тапсырмасы негізінде «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы іске асты. Мәселен, былтыр мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында «Балапан» бағдарламасымен 33 балабақша пайдалануға берілді. Сондай-ақ «Туған жер», «Атамекен» бағдарламаларының арқасында ауданымызда жаңа балабақшалар саны өсіп жатыр. Нәтижесінде балаларды балабақшамен қамту деңгейін биыл 90 пайыздан асыруды көздеп отырмыз. Сонымен қатар біздің ауданда үш ауысымды мектептер мәселесі де шешілген. Ал апатты жағдайда тұрған мектептердің мәселесі биыл толығымен шешілетін болады. Келесі кезекте ыңғайластырылған мектептерді типтік мектепке ауыстыратын боламыз», деді аудан әкімі.
«Меруерт ана» балабақшасында бүлдіршіндер үшін барлық жағдай жасалған. Нысанның жалпы аумағы 0,45 гектарды құрайды. Жергілікті 30 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. Балабақша меңгерушісі Адас Исақұлованың айтуынша, қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 40-60 мың теңге. Мекеме бөбекжайға арналған барлық құрал-жабдықтармен қамтылған. Сондай-ақ балаларды тасымалдауға арналған жайлы автокөлік те бар. Балабақша қызметкерлері балаларға сапалы білім, саналы тәрбие беруді басты міндеті санайды.
Ғалымжан Елшібай,
«Егемен Қазақстан»