Кезінде Әулиеата атанып, кейіннен даңқты жырау Жамбыл есімі берілген облысқа келесі жылы сексен жыл толады. Жырау бабамыздың «Атыңнан айналайын, Әулиеата, атыңды мен алды деп болма қапа» деген бір кездегі тебіренісі кейін тасқа басылып, тарихқа айналды. Тарих тұңғиығына үңілсек, ежелгі шығыс шайырлары ғазалдарына арқау еткен Тараз, қазақтың қилы тарихында аты жиі аталатын Әулиеата жері байтақ даланың ұлы мұратына болысқан байырғы мекеннің бірі.
Жамбыл облысы ақын атында болғандықтан, бірінші кезекте бұл жерде рухани игіліктің, мәдени болмыстың салтанат құру керек екені хақ. Дегенмен тұтас өңірді айтпағанда, Тараз қаласының өзінде Жамбыл Жабаевқа қатысты рухани дүние қат болатын. Ақын атындағы мектепте кабинет бар, кітапханаларда арнайы бұрыштар бар. Әйтеуір халық Төле би көшесінің бойындағы ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, жыл сайын ақпан айының соңында баба рухына тағзым етіп келеді. Жас ақындар өлең оқып, өнерпаздар ән салады.
Енді тарихи тұлға атын иеленген облысқа зиялы қауым бас қосатын, пікір бөлісетін, жастар өзара шығармашылықтарын талқылап, бір-біріне бағыт беретін орталық керек еді. Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойына орай Тараз қаласынан Жамбыл атындағы «Руханият» орталығы да ашылды. Бұл жерде бүгінде Әулиеата өңірінен шыққан танымал тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына арналған кабинеттер мен кітапхана жұмыс істейді. Жамбыл Жабаевтың мұрасына арналған арнайы бұрыш та ұйымдастырылған. Өңір тарихымен, мәдениеті, әдебиетімен танысуға да мүмкіндік жетеді. Тіпті кеңесе отырып келелі әңгіме тиегін ағытуға қолайлы мәжіліс залы да бар. Жамбыл атындағы орталыққа облысқа іссапары кезінде елімізге елеулі біраз қайраткерлер келіп, тыныс-тіршілігімен де танысқан.
Бүгінде сол орталық Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты облыстық халық шығармашылығы орталығының бір бөлімі ретінде жұмыс істеп келеді. Өз алдына мекеме емес. Бірақ өзінің екі қабатты жап-жақсы ғимараты бар. Сырт көзге сүйсінетіндей-ақ етіп жасалған орталық енді өңірдің тарихына, мәдениеті мен әдебиетіне қатысты деректерді жинастырып, кітап етіп шығару, оны халыққа насихаттау жолында жұмыс жасаса дұрыс-ақ болар еді. Бүгінде орталықтың халық шығармашылығы орталығына қарайтын үш-төрт қызметкері сонда отырады. Бірақ айлықты халық шығармашылығы орталығынан алады.
Бөлек ғимараты бола тұра, бір орталық екінші бір орталықтың бөлімі есебінде болуы орынсыз сияқты. Ендеше Жамбыл атындағы «Руханият» орталығының өз алдына дербес мекеме болатын кезі келгендей. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты мекеме ретінде дербестік алса, оған қаражат пен қосымша жұмыс орындары бөлінсе, жарасып-ақ кетер еді. Мәселен, Қызылорда облысында өңірдің рухани жауһарларын қамтыған «Сырдария кітапханасы», Шығыс Қазақстан облысында «Алтай-Ертіс» кітапханасы» серияларымен жүздеген том кітаптар жарық көрді. Сол сияқты мұндай жобалар көрші Оңтүстік Қазақстан облысында да жүзеге асты. Қазақтың қай қиыры да ескілікті аңыз-әңгімелерге, шежіреге, нақыл сөздерге бай. Әрі сол өңірлерден түлеп ұшқан тұғырлы тұлғалар қазақ руханиятының қалыптасуына, алға озуына еңбек те сіңірген. Енді Әулиеата өңірінің бай қазынасын жинастырып, оқырмандарға жеткізу міндеті тұр. Осындай жұмыстарды аталған орталық атқаратын болса, ол жерге ғалымдар мен ақын-жазушылар топтасып пікірлерін айтып, көзқарастарын білдірсе, ол да жақсы болар еді. Жалпы, бұл жерде Жамбыл атындағы «Руханият» орталығы өлкеміздің негізгі рухани темірқазығы бола алуы керек.
Орал қаласында Қадыр Мырза әлі атындағы орталық жұмыс істейді. Сол секілді Тараз қаласындағы Жамбыл атындағы «Руханият» орталығы да Ж.Жабаев мұраларынан бөлек, бүгінде ұмытылып бара жатқан талант иелерін еске салатын, олардың рухын халықпен қайта қауыштыратын кештерді, сұхбаттарды ұйымдастырып тұрса, оларды көпшілікке насихаттаса қандай жақсы. Бүгінде орталықтың қызметкерлері халық арасынан төте, араб жазуларымен жазылған талай дүниелерді жинау үстінде. Оның ішінде Сауытбек ақынның, Қылышбай шешеннің әлі халыққа жетпеген мұралары да бар екен. Ұлт тарихында айрықша көзқарасқа ие Қазақ хандығының Шу өлкесінде құрылғаны белгілі. Сол дәуірде жыраулар поэзиясының да қазақ топырағында кең қанат жайғанын білеміз. Бәлкім, келешекте де халық арасынан ескі айтыстар, бәлкім жер-су аттарына қатысты тың деректер табылып қалуы бек мүмкін. Әсіресе орталықтың өзінің аты айтып тұрғанындай, рухани дүниемізді байытуға белсене араласатын мекеме болса тіпті ғажап. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында да ұлттың рухани дүниесін кемелдендіруді, жалпы рухани жаңғыру арқылы тарих пен әдебиетті тануды көрсетті. Енді Елбасы мақаласынан туындайтын міндеттері жүзеге асыруда Жамбыл атындағы «Руханият» орталығы дербес мекеме ретінде жұмыс атқарса, Әулиеатаның рухын көтеріп, атын асқақтатпай ма?!
Тараз қаласында Александр Пушкиннің, Сергей Есениннің ескерткіштері бар. Екеуі де сол «Руханият» үйінің маңайында. Ал сол орталықтың дәл алдында шағын гүлзар бар. Соны келешекте «Ақындар аллеясы» атап, әсіресе жас ақындар жиналып, өлең оқитын, пікір алмасатын жерге айналдырсақ та ұтылмайтын едік. Себебі ақын атындағы облыстан руханияттың жарқын лебі есіп тұрса, бұл бәріміздің де ортақ игілігіміз болар еді деп ойлаймын.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы