Ауылшаруашылық жерлерін ұтымды пайдалануға бақылауды күшейту мақсатында енді жалға алынған жерлерге үздіксіз мониторинг жүргізілмек.
Жуырда Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа жөнелтті. Бұл құжат Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысының нәтижесінде әзірленген болатын. Комиссияның барлық ұсынысы заң жобасына енді.
Аталған заңды талқылау барысында жер шетелдіктерге жалға беріле ме, жоқ па деген мәселе көпшілік көңілін алаңдатқаны рас. Ал Мәжілісте мақұлданып, Сенатқа жол тартқан заң жобасының мазмұнына сүйенсек, «бұл тақырыптағы» баптар алдағы үш жылға тағы бұғауланған, бұған дейінгі мораторийдің қолданылуы кеңейтілген. Яғни, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін шетелдіктерге жалға берілмейді, барлық жеке және заңды тұлғалардың жекеменшігіне өтпейді. Республикамыздың азаматтарына және шетелдіктер қатыспайтын заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер уақытша пайдалану құқығымен ғана ұсынылады.
Әрине, заң жобасының негізінде жерді шетелдіктерге жалға беру, не бермеу мәселесінен басқа да маңызды нормалар қамтылған. Айталық, онда ауылшаруашылық жерлерін ұтымды пайдалануға бақылауды күшейту ерекше мәнге ие. Мәселен, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді конкурстық негізде жалға беру тәртібін егжей-тегжейлі реттейтін нормалар енгізілген. Конкурстардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін жер комиссияларының құрамына мемлекеттік органдардың қызметкерлерінен бөлек қоғам өкілдері де кіретін болады. Сондай-ақ заң жобасының ережелеріне тұрақты мониторинг енгізу арқылы ауылшаруашылық жерлерінің ұтымды пайдаланылуына бақылауды күшейту көзделген. Бұл шаралар жерді тиімді әрі ұтымды пайдалануға, пайдаланылмай жатқан жерлерді уақтылы анықтауға және оларды шаруашылық айналымға тартуға, сондай-ақ қоғамдық бақылауды арттыруға мүмкіндік бермек.
Осы ретте Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жерге орналастыру жөніндегі комитетінің жерді пайдалану және қорғау, геодезиялық қызметті мемлекеттік бақылау бөлімінің бастығы Марат Қаженовпен сұхбаттасып, тұрақты мониторинг енгізудің тиімділігі туралы сұраған едік. Ол тұрақты мониторинг енгізу ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді әрі ұтымды пайдалануға, бос жатқан жерлерді уақтылы анықтауға және оларды шаруашылыққа тартуға, оны реттеуде қоғамдық бақылау рөлін арттыруға мүмкіндік жасайтынын айтты. Сонымен қатар тұрақты мониторинг жүргізу жауаптылық деңгейін де арттырады деген пікірде.
Біз жердің өзіне тән ерекшелігін, маңызы мен мәртебесін үнемі есте ұстауымыз қажет. Жерді сақтау, қорғау және ұтымды пайдалану негізінде ауыл шаруашылығы мен айналысып отырған кәсіпкерлердің жерді нысаналы мақсатына сәйкес пайдалану, топырақ құнарлылығының нашарлауын және жердің тозуын болдыртпау мақсатында іс-шаралар жүргізулері керек, – деді М.Қаженов.
Оның мәлімдеуінше, мониторинг ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің тиімді, ұтымды пайдалануын анықтау мақсатында жүргізілетін болады. Мониторинг жалдау мерзімінің алғашқы бес жылында – жыл сайын, одан кейін суармалы егістікте – 3 жыл сайын, тәлімді егістікте 5 жыл сайын жүргізілмек. Мониторинг көрсеткіштері учаскенің нысаналы мақсаты, шығымдылық деңгейінің, егістік айналымдардың сақталуы, жерді арамшөптердің басып кетуін болдырмау және т.б. жерлерді қорғау бойынша шаралар жүргізу, жалдау шартының талаптарын орындауды қадағалау болып табылады.
Мониторингтің оң нәтижелері бұрын берілген жерлердің жалдау мерзімін ұзартуға, ал оның шарттары орындалмаған жағдайда жер учаскесіне жалдау шартын бұзуға негіз болады.
М.Қаженовтің айтуынша, қазіргі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігі жердің тиімді пайдалануына қатысты тексерудің жаңа бағытын қарастыруда. Соның негізгісі ғарыштан мониторинг жүргізу арқыла космостық фототүсірілім арқылы жер учаскелерін өз еркімен басып алу фактілерін, ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланбай жатқан немесе заңнаманы бұза пайдаланып жатқан жерлерді анықтауға, мониторинг жүргізуге егістік жерлердің пайдаланып жатқанын анықтауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, анықталған пайдаланылмай жатқан егістік жерлердің меншік иелері мен жер пайдаланушыларына 10 есе ұлғайтылған салық мөлшері қолданылады.
2003 жылғы 20 маусымдағы «Қазақстан Республикасы Жер кодексінің» 4-бабында, жер заңдарының принциптері «жерді қорғау және ұтымды пайдалану» деп көрсетіледі. Бұл талаптар сақталмаған жағдайда осы кодекске сәйкес, тұлғаларға қатысты жауапкершілік және жер учаскелерін мәжбүрлеп мемлекетке сот арқылы қайтару қарастырылған, – дейді М.Қаженов.
Динара БІТІК, «Егемен Қазақстан»