Орал қаласында белгілі қаламгер Дариға Мұштанованың «Аңыз болған абысындар» атты жаңа кітабы оқырман қауымға таныстырылды. Бір қызығы, оқиғасы өмірден алынған бұл шығарманың кейіпкерлері, олардың ұрпақтары да осы салтанатты жиынға қатысып, естеліктерімен бөлісті.
Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында өткен әдебиет кешіне халық көп жиналды. Кітапқа арқау болған Сақыпжамал, Сақып, Ділдә есімді үш абысынның талайлы тағдыры, басынан кешкен шым-шытырық оқиғалар ХХ ғасырдағы қазақ халқының ажырамас бір тарихы десе де болғандай. Айрандай ұйыған қазақы ауылдың берекесін кетірген Кеңес өкіметі, байларды тәркілеу, аштық, ұрыс даласын ғана емес, қазақ сахарасын да өртеп өткен соғыс, ең соңында 1952 жылы Капустин Яр полигоны ашылғанда атамекен – Құм Нарыннан күшпен көшіріліп, босқын болған бөкейліктер... – осының бәрі жаңа шығармада көрініс тапқан.
– Хайролла қарттың отбасы, аңыз болған үш абысын туралы әңгімені осы әулеттің келіні Рыстыдан жиі еститінмін. Өз анасы емес, қайын жұртын, енелерін осыншалық дәріптеп, құлай сүйген келіннің қылығына сүйсінсем, тарихына қанық болған соң қиын кезде қасиетін жоғалтпаған қазақ әйелдерінің мінезіне тәнті болдым. Ұрпақтары тарапынан осы бір шерлі шежірені, ұлағатты үйлесімді қағаз бетіне түсіруге ұсыныс түскенде, қуана келістім. Көркем дүние болғасын, әрине, кейбір жерін әрлеуге тура келді, бірақ негізгі желіден ұзаған жоқпын, – дейді кітап авторы.
Дариға Мұштанова – айтыс өнерін жаңғыртуға атсалысқан ақын, «Адамның жаны – бір жұмбақ», «Өмір-арна», «Қос қанат» жыр жинақтарының авторы. Біраз жыл ұстаздықпен айналысып, Қазақстан білім беру саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері атанған. Әріптесінің жаңа шығармасының бағасын беруге осы кешке ақын Шолпан Қыдырниязова, өлкетанушы, ардагер журналист Тихон Әліпқали, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Амангелді Шахин мен Ғайса Ғали Сейтақ бұл еңбектің құндылығы мен қызықты тұстарын жарыса әңгімеледі.
– Кітаптың оқиға желісі, сюжеттердің шымырлығы, әсерлі сәттердің молдығы бұл шығарманы экранға немесе театр сахнасына шақырып тұрғандай, – дейді Тихон Әліпқали.
Шығармада көтерілген адамгершілік құндылықтар жас ұрпақ тәрбиесіне оң әсер етіп, рухани жаңғыруға да сеп болатынын Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев те баса айтты. Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актрисасы, Мәдениет саласының үздігі Нұргүл Жұбатованың кештің шырайын кіргізе жүргізуі өте әсерлі болды.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Орал