Махамбет атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті қолданбалы өнер және дизайн кафедрасының аға оқытушысы, зергерлік өнер шеберханасының меңгерушісі Төлепберген Сарманбеков Алматы облысы, Жамбыл ауданында туған. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі.
Әр күнгі жұмысын көрік үйдің, ұсталықтың пірі Дәуіт пайғамбарға сыйынып бастау – ұста-зергерлердің жаңылмас дағдысы. Шынында да көрік тұрған үйдің қасиеттілігін халық бағзыдан білген. Бұл отты қастерлейтін шамандықтың ғана қалдығы емес. Көрші орыс халқында жын қағып, есі ауысып ауырған адамды көрік үйге түнеткізіп емдейтін дәстүр бар екен. Мұндай салт, яғни ұсталықты ерекше қадірлеу, оның атадан балаға мирас болар ерекше өнер екеніне сену бізде де бар.
– Әкем Рахимның ағасы Нұртай ұсталық құрған өнерлі адам болған екен, – дейді Төкең, – Мүмкін бұл кәсіп бізге сол кісіден келіп дарыған болар...
Төкең осы әңгімесін өз сөзіне өзі сенбейтіндей қалыпта, біртүрлі қызық айтады. Дәстүрлі, арқалы тірі ұстаны өзі көріп, тікелей тәлім алмағасын ба екен?! Зергерліктің, металмен жұмыс істеудің әліппесін сонау алыс Украина жерінде үйренгені де қызық. Бірақ, Жұматай ақын айтпақшы, «Қасоққа әкеліп береді балық пен суын, Іле өзені Қытайда басталғанымен...». Құдай берген қасиет пен өнерін шебер бәрібір өз жұртына тарту етті.
Жастайынан қылқалам ұстап, сурет салуға құмар болған Төкең де мектептен соң изостудияда оқып, болашағын көркемөнерге арнауға бел буған еді. Бірақ Алматы көркемсурет училищесінің қабылдау емтиханын «беске» тапсырған мұны және екі жігітті оқу орнының директоры Ақырап Жұбанов шақырып алып: «1975 жылы халықтың ұлттық қолөнерін дамыту жөнінде партияның қаулысы шықты. Қазақстанда металды көркемдеп өңдеудің қыр-сырын үйрететін білім ошағы әзірге жоқ. Сондықтан сендерді Батыс Украинаның Косов қолөнер техникумына жібермекпіз. Қарсы болмаңдар, балалар, бұл ұлтымыз үшін керек!».
Шет жерде бес жыл жүріп оқығанда Төкең осы өнердің әліппесіне, шикізатпен және құрал-жабдықпен қалай жұмыс істеуге машықтанған шығар. Бірақ ұсталық, зергерлік атты өнер әлеміне апарар жол өз халқының сан ғасырлық тарихы, салт-дәстүрі мен шежіресі арқылы өтеді екен. Соны сезгесін халық ауыз әдебиетіне, ескі әңгімелерге, бағзы тарихқа аңсары ауды. Жыр жаттады, ертегі оқыды. Қарттардың аузын бақты. Көнерген сөздердің «шаңын» сүртті. Мың жыл бұрынғы «әріптесінің» қолынан шыққан, археологтар қазып алған бұйымның ғажайыбына таңдай қақты. Тіпті солармен іштей жарысқа түсті ме екен?!
Қазір Төкең асыл тас, інжу-маржанның қазақша атауын кез келген тілші, әдебиетшіден артық біледі. Ал зергерлік бұйымдардың ішінде, мысалы, «құдағи жүзіктің» қандай жағдайда, кімге, қалай сыйланатыны да бүгінде көп адамға беймағлұм екені рас қой.
– «Құдағи жүзік» екі саусаққа киіледі, бірақ «көзі», яғни беті біреу ғана. Бұл екі үйдің баласының бірігіп, бір шаңырақ көтергенін тұспалдап та тұр. Ол түрлі асыл таспен, көбіне қызыл ақықпен көмкеріледі. Ал осы жүзікті қыздың шешесі келінін өз баласындай көріп қадірлеген, елге сыйлы құдағайына, ел анасына сыйлайтын болған. Мұндай құдағайлар бірен-саран болса да қазір де бар екен. Мұны маған осы жүзікті жасауға тапсырыс берген жандардың әңгімесінен байқадым, – дейді Төкең.
– Қазір технология әбден жетілді. Компьютер бәріне араласты. «Солақайдың» бүргені тағалағаны қазір ойыншық секілді. Бүгінде бір тал шаштың көлденең қимасына күрделі циклды сурет салу түк емес. Бірақ бағзы заманның шеберлері қалдырған стилизация әлі күнге таңдай қақтырады. Не деген өнер, неткен еңбек! Олардың нақышы бөлек. Егер қазіргі технология, жетілген құрал-жабдық олардың қолына тисе не болар еді?! Сақ-сармат қорғандарынан археологтар тапқан бұйымдардағы жан-жануар бейнелеріне қараймын да басымды шайқаймын...
Жан-жануар демекші, төрт түлік мал мен хайуанат бейнесі Ұлы Даланы мекендеген барлық қолөнершінің ортақ тақырыбы болыпты. Қазақ баласы одан қалай қалсын?! Сарманбековтің қиялынан туған соңғы жұмыстың бірі – «Тұяқ» деп аталады.
Тұяқ – малдың символы. Бірақ бұл жылқының тұяғы емес. Қамбар атаның қатты тұяғы агрессияның, батырлықтың, күштің белгісі сияқ- ты ғой. Сондықтан бұл бейбіт, жайбарақат, бақуатты елдің белгісіндей аша тұяқ. Қой мен ешкінің, яки Зеңгі бабаның өкілі. Төкеңнің арманы – осы тұяқ бейнесі қаланың көрнекі жеріне орнатылса. Бізге қазақы менталитетті көрсететін, ымбалдық-ишаралық мәнге ие ескерткіштер жетіспейді...
– Көктемнің керемет мерекесі келіп қалды. Аруларға арналған тапсырыстардан қолыңыз тимей жатқан болар, Төлепберген аға! – деймін алтын-күмістен түйін түйіп, қамшы өріп жүрген зергерге.
– Тапсырыс кейде көп, кейде жоқ қой. Өз басым таза шығармашылық адамы болған соң ба, кейде бір істің соңына түсіп алып, «тапсырыс болмаса екен» деп тілеп жүретін кезім көп, дейді ағамыз ағынан жарылып.
Өмірде не болмайды? Өнерді жалғастырушы табылмай, иесіз қалған көрік үйлер де көп. Белгілі ұста дүниеден өткесін де одан қалған көрік кейде күрілдеп дыбыс шығарып, балғаның соққысы, төстің шыңылы естілгені жайлы аңыздар жиі айтылады ғой. Бірақ біздің кейіпкеріміз ондай қауіптен аулақ. Төкең қазір алпыстың асқарында. Қасында қаумалап шәкірттері жүр. Бірнеше жылдан бері өзі баулып, зергерліктің қыр-сырын үйретіп жүрген шәкірттері Қуаныш Зайнушев пен өз ұлы Самат Сарманбеков жақында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі атанды. Ендеше көрік үй иесіз қалмайды.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
ОРАЛ