• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Президент 15 Наурыз, 2018

Қазақстан-Тәжікстан: Сенімге негізделген серіктестік

981 рет
көрсетілді

Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге ресми сапармен келген Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонмен кездесті. Екіжақты келіссөздер барысында қос мемлекет арасындағы жан-жақты байланыстардың даму ахуалы, өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың перспективалары мен халықаралық және өңірлік мәселелер талқыланды.

Алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Рес­публи­касының Президенті Эмома­ли Рахмонмен шағын құрам­да кездесіп, одан кейін кеңей­тілген құрамда келіссөздер жүргізді.

Бұл сапардың Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы дип­ло­матиялық қатынастардың 25 жылдығына тұспа-тұс келуінің сим­волдық мәні бар екенін атап өткен Қазақстан Президенті осы жылдар ішінде бұрыннан бауыр­лас елдердің арасында сенімді серіктестік, тату көрші­лік байланыстың орныққанын, ширек ғасыр ішіндегі қарым-қатынастың биік деңгейге көтеріліп, Қазақстан мен Тәжікстан халықтарының достығын нығайту жолында Эмомали Рахмонның айрықша рөл атқарғанын атап өтті.

– Сіз басшылық еткен жылдар ішінде біз зор сенімге, ынтымақтастыққа және достыққа негізделген қарым-қатынас орнаттық. Ешқашан арамызда ше­ші­мін таппаған мәселе бол­ған емес. Біз әрдайым, әсіресе халық­аралық деңгейде бір-бірімізді қол­дап келеміз, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастық жаңа кезеңге аяқ басқанын айтып, мемлекетаралық қарым-қаты­нас­тың өзекті мәселелерін тал­қы­лау­ға ықыласты екенімізді жеткізді.

– Екі ел арасында ежелден қалыптасқан жарасымды байланыс бар. Түсінігі мен ұстанымы ұқсас мемлекеттердің өзара ын­ты­мақтастығы жылдар жылжыған сайын артпаса, кеміген жоқ. Қазіргі таңда Тәжікстан –  Қазақстанның маңызды одақтасы әрі серіктесі. Мұн­дай сенім мен достыққа негіз­делген қарым-қатынас елдерімізді жақындастыра түседі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті екі ел арасындағы байланыстар да­муд­ың жаңа кезеңіне қадам бас­қанына тоқталып, бүгінде екі елдің арасында 80 шарт пен келісімнің барын атап өтті. Ал осы жолғы кездесу барысында жасалған келіссөздер мен бір­лес­кен мәлімдеме екіжақты қарым-қа­­тынасты тереңдетуге бағыт­талып, келешектегі басымдық­тарды айқындады.

– Біз сіздермен кез келген мә­селені бірлесе талқылауға да­йынбыз. Биыл сіздерде су ресурс­тарын басқару жөніндегі конференция өтетінінен хабардармыз. Қазақстан бұл бастаманы да қолдайды, – деді Мемлекет бас­шысы.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Респуб­­ли­касының Президентін «Парасат» орденімен марапаттады.

Өз кезегінде Тәжікстан Рес­пуб­ликасының Президенті Эмо­ма­ли Рахмон жылы шырай­мен қарсы алып, қонақжай­лы­лық таныт­қан қазақ халқына риза­шы­лы­ғын білдірді. «Қазақстан – біз­дің елдің сенімді серіктесті әрі не­гізгі одақтасы. Қандай күрде­лі кезеңдерде де екі елдің достас­ты­ғына сызат түскен емес. Сіз бар­лық уақытта да бізге қолдау көрсетіп, Тәжікстанның бейбіт про­цесіне көмек көрсетіп, эконо­микалық қолдау білдіріп келесіз. Дипломатиялық байланыс орныққан  25 жылдың ішінде ынтымақтастығымыз нығая түсіп, бүгінде стратегиялық серіктес деңгейіне жеттік», деді ол. Э.Рахмон екі ел арасындағы жан-жақты байланыс қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, оны одан әрі ілгерілетуге ниетті екенін жеткізді. Соңында Э.Рах­мон сенімді саяси платфор­ма мен мықты құқықтық база­ға негізделген екіжақты ынты­мақ­тас­тықтың табысты дамып келе жатқанын атап өтті.

– Тауар айналымының көлемі жөнінен Қазақстан Тәжікстанның жетекші экономикалық әріп­тес­тері арасында екінші орынға ие. Біз елдеріміздің кешенді әрі стра­тегиялық қарым-қатынастарын нығайтуға ниеттіміз, – деді Тә­жікстан Президенті.

Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республи­касының Президенті Эмомали Рахмонның елімізге жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді. Бірлескен мәлімдеме жасау барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты кездесуде мемлекетаралық қарым-қатынас, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыс­тар, өңірлік және жаһандық күн тәртібіне қатысты мәселелер жан-жақты талқыланғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, бүгінде Қазақстан – Тәжікстаннның негізгі сауда серіктесі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша,  өзара тауар айналымының көлемі шамамен 800 млн долларға жетіп, бір жылда 30 пайызға өскен. Әлі де екі елдің арасындағы сау­да-экономикалық байланыстар­ды нығайтуға мүмкіндік бар. Сон­дықтан таяу жылдары  екіжақты тауар айналымын 2 млрд долларға жеткізу көзделіп отыр.

Жалпы Қазақстан Тәжікстанға бидай, ұн, өсімдік майын және құрылыс материалдарын, мұ­най өнімдерін тасымалдаса, Тәжік­станнан бізге көбіне жеміс-жидек, көкөністер әкелінеді. «Бүгін­де Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғыз­стан және Түрікменстан елдері­мен жүргізілген байыпты келіс­сөздердің арқасында кезінде жабық болған темір жол, авто­көлік жолдары ашылып, бұл сау­да айналымын одан әрі үдете түсті. Қазір Тәжікстанда жаңғақ, қара өрік, анар секілді жемістер пісті. Мұндай таза экологиялық өнімдер біздің елдің сөрелерінде де молынан болса дейміз. Сон­дықтан келіссөздер барысында жол картасын жасауға да уағ­даластық», деді Қазақстан Пре­зиденті. Сондай-ақ екі ел ара­сын­дағы көлік-логистикалық бай­ла­нысқа тоқталған Елбасы ал­да­ғы уақытта Астана-Душанбе ба­ғы­тында тікелей әуе рейісін ашу қарастырылып отырғанын жеткізді.

Брифингте екіжақты су-энер­гетика саласындағы мәселе­лер бойынша өткен келіссөз­дер­дің нәтижелері де баяндалды. «Біз Орталық Азиядағы транс­шекаралық өзендердің су ресурс­тарын пайдалану жөніндегі ұстанымдарымыздың ұқсас еке­нін тағы да растадық. Өзара тиім­ді шешімдер табу қажеттігін айт­тық. Бұл мәселе бойынша халық­аралық Аралды құтқару қорының қызметіне ерекше мән беріледі»,  деді Қазақстан Президенті.

Кездесу барысында ха­лық­аралық ұйымдар аясындағы, әсі­­ресе Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігіне бай­­ланысты өзара іс-қимыл мәсе­лелері де талқыланып, Ауған­стандағы ахуалға қатысты өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жайына айрықша мән берілген.

Қос мемлекет арасында мә­дени байланыстар да нығайып, елорда көшелерінің біріне тәжік ақыны, философ Рудакидің есімі берілетіні белгілі болды. Бұл да екі елді жақындастырып, бауыр­лас­тығын арттыра түсетін басты естелік болмақ.

Мемлекет басшыларының бір­лескен мәлімдемесіне қол қойыл­ғаннан кейін Ішкі істер ми­нистрі Қалмұханбет Қасымов пен Тәжікстан Ішкі істер министрі Рамазон Рахимзода Қазақстан мен Тәжікстан Үкіметтері  ара­сын­дағы реадмиссия мен оны іске асыру тәртібі, екі ел азамат­тарының Қазақстан мен Тәжік­стан аумақтарында болу тәр­тібі және көші-қон саласын­дағы ынтымақтастық туралы келі­сімдерді; Сыртқы істер минис­тр­л­ері Қайрат Әбдірахманов пен Сероджидин Аслов екі ел ве­домстволары арасындағы ынты­мақтастық бағдарламасын; Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі Мәдина Әбіл­қасымова мен Тәжікстанның Ден­саулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрі На­сим Олимзода әлеуметтік сала­дағы ынтымақтастық ниеті туралы меморандумды; Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова мен Тәжікстанның Еңбек, көші-қон және халықты жұмыспен қамту министрі Сумангуль Тагойзода еңбек және халықты жұмыспен қамту саласындағы ынтымақтастық ниеті туралы меморандумды рәсімдеді.

Кездесулерден кейін Нұр­сұлтан Назарбаев пен Эмо­мали Рахмон Қазақстан Респуб­ли­касының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасын аралады. Мемлекеттер басшыларына Қазақстан Президенті музейі мен экспозициялық-көрме ор­та­лы­ғының экспонаттары көрсетілді.

Соңында екі ел басшылары орталықтың интерактивті білім беру технологиясының заманауи мүмкіндіктерімен танысты.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»

Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды